Әлеуметтік өзара әрекеттердің түрлері. Біз қоғамның бір сәтте және кездейсоқ қалыптасуы мүмкін емес күрделі, көпфункциялы жүйе болып табылатынын атап өткен болатынбыз. Қоғам мен табиғаттың әлеуметтік-мәдени бөлінуі және социумның өз құрылымының барған сайын күрделенуі жағдайында қоғамды дербес құндылық деп тану үшін мыңдаған жылдар қажет болды.

Қоғамның пайда болуының аспаптық түғырнамасына сәйкес еңбек құралдарын ойлап табу мен өндіру аңшылықтың, егіншіліктің, қорғаныстың тиімділігін арттырды және тайпалардың өмірге бейімділігін күшейтуге жағдай жасады. Біртіндеп жинақталған тәжірибені беру, еңбек пен міндеттерді бөлу практикасы қалыптаса бастады. Теңсіздіктің экономикалық, әскери және басқа да түрлері пайда болды. Бұл адам өмірі мен өзара қатынастары құрылысының күрделі жүйесіннің, яғни қоғамның дамуына жағдай жасады.

«Жүйе» («система») сөзі грек тілінен шыққан және аударғанда «бүтіндер» мен «бөлшектерден құралған» дегенді білдіреді.

Жүйені анықтаудың екі жолы бар. Оның біреуінде жүйе көптеген элементтердің тұтастығы мен реттелгендігі ретінде қарастырылады. Жалпы жүйелер теориясының («өзара әрекетте болатын элементтер кешені») негізін қалаушылардың бірі австриялық биолог-теорияшы Л.Берталанфи жүйеге осылай анықтама берген. Бұл жағдайда өзара әрекет сын есімге айналады, ал зат есім ретінде көптеген элементтер алынады, яғни жүйе өзара әрекеттесуші элементтер ретінде түсіндіріледі.

Алайда өзара әрекеттің өзі негіз етіп қойылған кезде басқа жолды да қолдану мүмкіндігі пайда болады. Ол қандай тәсілді таңдау керектігі анықталатын жүйе ерекшелігіне байланысты.

Әлеуметтік жүйелерді алатын болсақ, онда оларда қоғамдық қатынастардың, яғни әлеуметтік шындық мәселелерінің өзара тәуелділігі мен әрекетінің рөлі аса зор.

Сондықтан әлеуметтік жүйенің жұмыстық анықтамасы мынадай болып көрінуі мүмкін. Әлеуметтік жүйе сан алуан қоғамдық қатынастардың реттелген өзін-өзі басқаратын біртұтастығы, олардың тасымалдауыштары индивид пен оны өзінде тұтынатын әлеуметтік топтар болып табылады.

Екінші тәсіл жүйелік объектілерді жүйелік емес құбылыстардан ажыратуға мүмкіндік беретіндігімен ыңғайлы. Кейде, мысалы, «қосынды жүйелер» (тақтайлардың қат-қабаты, тастар үйіндісі) деп аталатындар туралы айтылады. Алайда жүйенің бәрінен бұрын өзара әрекет (біртұтас және реттелеген) екендігін еске алсақ, әлгіндей жүйелердің өмір сүруі бірден күмән келтіруі тиіс.

Әлеуметтік өзара әрекет сұлбасы мынадай болып шықпақ:

Өзара әрекет – объектілердің бірін-бірі белсенді өзгертуін, байланысын, өзара тәуелділігін білдіретін диалектика принципі екендігін есепке алған жөн, бұл олардың зат, энергия, ақпарат, сондай-ақ (қоғамда) қызмет пен оның өнімдері алмасуынан көрінеді.

Өзара әрекет тікелей немесе жанама, сыртқы немесе ішкі қатынастың, байланыстың түрі болып табылады. Өзара әрекет оның көмегімен бөліктер біртұтастықтығының белгілі бір типке бірігетін кіріктіруші фактор рөлін атқарады.

Өзара әрекеттің себеп-салдарлық, генетикалық, жүйелік-құрылымдық түрлері бар.

Қоғам оміріне өзара әрекеттің күрделі формасы тән. Бұдан әрі әлеуметтік өзара әрекеттің түрлеріне тоқталамыз.

Әлеуметтік топтар және олардың жіктемесі

Әлеуметтік топтар дегеніміз – ортақ мақсаттармен, мүдделермен, мінез-құлық нормаларымен, әлеуметтік-психологиялық нұсқамалармен біріккен адамдардың салыстырмалы түрде орнықты қауымдастықтары.

Олар үлкен, орташа және кіші әлеуметтік топтарға бөлінеді.

Үлкен әлеуметтік топтар – бұл, тұтастай алғанда, белгілі бір қоғамды құрайтын адамдар бірлестіктері:

  • таптар;
  • этникалық және тарихи қауымдастықтар (ұлт, ұлыс, тайпа);
  • жыныс және жас шамасы бойынша топтар (ерлер, әйелдер, жастар, зейнеткерлер және т.б.);
  • әлеуметтік қабаттар (касталар, сословиелер);
  • кәсіби топтар және басқалар.

Орташа әлеуметтік топтарды нақты кәсіпорынның қызметкерлері мен аумақтық қауымдастықтар (бір ауылдың, қаланың, ауданның тұрғындары) құрайды. Біріншілері белгілі бір мақсаттар үшін құрылады, ал екіншілері кездейсоқ қалыптасады.

Кіші әлеуметтік топтар арасында тікелей байланыстар мен орнықты эмоциялық қатынастар орныққан адамдардың шағын санынан құралады. Кіші әлеуметтік топ адамдарына өзара әрекет, мүшелік пен топтық сәйкестік сияқты белгілер тән. 

Әлеуметтік институттар, олардың түрлері мен негізгі функциялары

Әлеуметтік институт – адамдардың әлеуметтік әркеттерін ұйымдастыратын, бағыттайтын және оларды басқаратын қоғамдық құрылым (ұйым, норма). Бұл мемлекет, саяси партиялар, мектеп, сот, армия, құқық, шіркеу, бюрократия, мораль және басқалар болуы мүмкін.

Әлеуметтік қызметтің саяси, экономикалық, басқарушылық қызметке бөлініуіне қарай әлеуметтік институттар да тиісінше сараланады. Мысалы: нарық, биржа, кәсіпорын, банктер, зейнетақылық қорлар және т.б. экономикалық институттар болып табылады.

Ұйымдасу сипатына қарай формалды және формалды емес әлеуметтік институттар ажыратылады.

Біріншілерінің қызметі қатаң регламенттелеген  ұйғарымдарға (жарғылар, заңдар, нұсқаулықтар) негізделеді. Мұндай институттарға мемлекет, армия, сот, түрме, мектеп, т.б. жатқызылады.

Формалды емес институттар әлеуметтік-мәдени сәйкестендіру мен ынтымақтастық дәстүрлеріне, ортақ мүдделеріне, қажеттіктеріне негізделген. Мұндай институттардың мысалдары мораль, салт, қоғамдық пікір, азаматтық қоғам және басқалар болып табылады.

Белгілі бір әлеуметтік құрылымға кіретін әрбір әлеуметтік институт қандай да бір қоғами мәнді (амандық, материалдық әл-ауқат, әлеуметтік тұрақтылық)  мақсаттар мен функцияларды орындау үшін ұйымдастырылады.

Әлеуметтік институттар мынадай функцияларды атқарады:

  • қоғам мүшелерін қайта тәрбиелеу;
  • әлеуметтендіру (индивидке әлеуметтік маңызды нормалар мен құндылықтарды берудің әртүрлі формалары);
  • өндіріс және бөлу;
  • тәртіп сақтау және моральдық ахуалды қолдау.

Әлеуметтік тәртіп және жанжал (конфликт)

Жүйеге иерархиялық сипат тән: онда әртүрлі қосымша жүйелер мен оларға қосымша жүйелерді және т.б. түріндегі деңгейлерді бөліп көрсетуге болады. Олар, тұтастай алғанда, жүйеден шығатын импульстер мен сигналдарға әрқайсысының бағынатындығын айтпағанның өзінде, өзара бағыныштылық желілермен байланысқан.

Бұл ретте жүйешілік иерархия абсолютті емес, салыстырмалы. Жүйенің әрбір қосымша жүйесі, әрбір деңгейі бір мезгілде иерархиялы емес, яғни белгілі бір дәрежеде автономиялы. Бұл, тұтастай алғанда, жүйені әлсіретпейді, керісінше оны күшейтеді. Ол сырттан келіп түскен сигналдарға неғұрлым икемді және жедел жауап беруге, жүйенің жоғарғы «эшелондарын» біртұтастықтың төмен жатқан деңгейлеріне толық шамасы келетін функциялармен және реакциялармен жуктемелеуге мүмкіндік тудырады.

Жоғары ұйымдастырылған біртұтас жүйелерге бәрінен бұрын – әлеуметтік жүйелер тән. Олар өздігінен реттеледі (басқарылады). Олардың өздігінен реттелуі мен өздігінен дамуға қабілеттілігінің өзі осыған ұқсас жүйелердің әрқайсысында басқарудың белгілі бір тетіктері, органдары, институттары түріндегі арнаулы қосымша жүйелерінің болуын ұйғарады.

Бұл қосымша жүйенің рөлі ерекше маңызды – ол жүйенің барлық құрамдастарының интеграциясын, олардың келісілген іс-әрекетін қамтамасыз етеді. Ал егер де біз индивид, әлеуметтік топ, тұтастай алғанда, қоғамның әрқашанда мақсатты бағытталған әрекет жасайтынын еске алсақ, онда басқару қосымша жүесінің мәнділігі бұрынғыдан да айқын бола түседі.

Біз: «Жүйе қиналып жұмыс істеп жатыр» деген пікірді жиі естиміз, яғни ол – өзінен-өзі қирап жатыр деген сөз. Мұндай жайт қашан, қай кезде мүмкін болмақ? Ол басқарудың қосымша жүйесінде іркілістер орын теуіп тіпті істен шыққан кезінде басталатыны айқын, осының салдарынан жүйе құрамдастарының іс-әрекеттерінде келіспеушілік басталады.

Кез келген нәрсеге немесе үдеріске, ал одан да әрі жүйеге толып жатқан ішкі қайшылықтар тән. Қайшылық – заттың қарама-қарсы жақтарының өзара әрекеті. Бұл толып жатқан қайшылықтар қайдағы бір хаос емес. Ол –әрбір жолы біздің алдымызда өзінің координациясымен және субординациясымен сипатталатын қайшылықтар жүйесі.

Жүйеге енгізілен жекелеген құбылыс дамуының басты көзі ретінде, әдетте, оның тек қана ішкі қайшылығы емес, тұтастай алғанда, жүйемен элемент қосымша жүйе ретіндегі құбылыстың арасындағы қайшылық әрекет етеді.

Егер қайшылық шешілмесе, онда ол өсіп, жанжалға (конфликтке), яғни қайшылық шиеленісуінің шектік жағдайына апаруы мүмкін.

Қазіргі заманғы ағылшын әлеуметтанушысы К.Брайант әлеуметтік дүниені позитивті, ғылыми игеруге үмітті әлеуметтанулық доктриналардың көпшілігіне тән он екі идеяны бөліп көрсетеді.

Мұндай әлеуметтанушылық идеялардың бірі төменднгідей: «Әлеуметтік тәртіп қоғамның табиғи жай-күйі болып табылады. Барлық тектегі жанжалдар – қоғам дамуының өткінші сатылары ғана, ал қоғам өз деңгейіне сәйкес келетін әлеуетін орнықты жай-күйінде толықтай іске асырады». 

Девиантты (ауытқушы) мінез-құлық және әлеуметтік бақылау

Адамдардың әлеуметтік өзара әрекеті үдерісінде моральдық нормалар тосыннан пайда болып, дамиды. Олар мінез-құлыққа өз ықпалын тұлғаның ішкі реттегіштерін, құндылықтық ниеттерін, тіленетін (қалыпты) мінез-құлық нұсқаларын қалыптастыру жолымен тигізеді.

Алайда өмірде жалпы қабылданған мінез-құлықтық нормалардан ауытқулар болуы мүмкін. Мінез-құлықтың моральдық нормалардан осы тектес шегінулері девианттық (ауытқушы) мінез-құлық деп аталады. «Девиация» ұғымы әлеуметтануда кең және тар мағынасында қолданылады.

Бұл ұғым кең мағынасында жазылған немесе жазылмаған нормаларға сәйкес келмейтін кез келен қылықтар немесе іс-әрекеттер ретінде түсіндіріледі. Мораль мен құқық принциптерінен, нормаларынан шегініс жасау мораль мен құқық нормалрынан (жағымсыз) ауытқушылықтарға жағдай жасайды.

Тар мағынасында – девиантты мінез-құлық ретінде жазылмаған мәдени нормалардан (салттардан, дәстүрлерден) ауытқушы мінез-құлық аталады.

Ауытқущы мінез-құлықтың қандай да бір қоғамда қабылданған мәдениет тұрғысынан бағаланатынын ескеру қажет. Бұл бағалау оңды (таланттар, данышпандық), сондай-ақ жағымсыз (маскүнемдік, қылмыстық) болуы мүмкін.

Әлеуметтанулық зерттеулер әлеуметтік үдерістерге, оның ішінде, кейбір тұлғалардың мінез-құлқындағы жағымсыз девианттық ауытқушылықтар саласына пәрменді бақылауды жүзеге асыру үшін нақты ақпарат береді.

Билік органдары әлеуметтануға қатысты мәліметтердің негізінде қоғамдық өмірдің барлық саларында мақсатты түрде бағытталған саясат жүргізе алады.

Әлеуметтанудың әлеуметтік бақылау функциясы осыдан көрінеді.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *