Ресейдің XVIII білім беру жүйесінің дамуын төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады. Бірінші кезең, практикалық білім беруде алғашқы зайырлы мектептердің құрылуының бастапқы кезі. Екінші кезең, 1730-1756 жылдары — жабық дворяндық оқу орындарының пайда болуы, дворяндық білім беру жүйесінің қалыптасуы, Ломоносовтың жалпыға білім беру және университеттер құру үшін күресімен сипатталады. Үшінші кезең, 1766-1782 жылдардағы ағартушылық педагогикалық идеялардың дамуы, университеттердің рөлінің артуымен ерекшеленеді. Төртінші кезең, 1782-1786 жылдар аралығын қамтиды. Бұл кезеңде мектеп реформалары, халықтық білім берудің мемлекеттік жүйесін құруға алғы шарт жасалады.

Білім беру жүйесі өзара байланысты үш түрлі бағытта жүзеге асырылады:

— жалпы және кәсіби білім беру оқу орындары: математикалық және навигациялық ғылымдар мектебі (1701): математика, астрономия, география, геодезия, теңізге жүзу; Теңіз академиясы (1715); Цифрлық училище (1714 ж. мүнда шаруалардың балалары оқытылмады) оқу, жазу, арифметика оқытылды; арнайы оқу орындары: Таукензавод мектебі (горнозаводская), инженерлік мектеп, артиллерия мектебі; қарапайым халыққа арналған халық училищелері: алдыңғы училище (2-курс), негізгі училище (4-курс); Петербург халықтық училище (мұғалімдер семинариясы);

— жабық таптық (сословиелік) оқу орындары: шетелдік пансионаттар (жеке оқу орны); Теңіз кадет корпусы (1752 жылдан бастап); Солдаттар отбасының балаларына арналған гарнизондық мектептер; Жаяу шляхеттік корпус (1731 жылдан бастап), онда ауызша баяндау, математика, тарих, география, арнайы пәндер жүргізілді; Инженерлік дворяндық корпус; дворяндық артиллерия корпусы; діни семинария және діни академия; смольный институты (1764 ж. ақсүйектердің қыздарына арналған);

— ғылыми академия (1725): Мәскеу университеті (1755), онда заң, философия факультеттері болды; дворяндарға арналған гимназиялар мен әртүрлі шен иелеріне арналған гимназиялар (шаруалардың балалары оқытылмады), онда орыс тілі, латын тілі, шет тілі және сөйлеу (ауызша баяндау), математика, тарих оқытылды.

Ресейдің білім беру жүйесінің XIX ғасырдың бірінші жартысында дамуы

Бұл кезеңде Ресейдің білім беру жүйесі төменгі деңгейдегі, орта, жоғары және арнайы оқу орындары болып бөлінді. Төменгі деңгейдегі оқу орындарына төменгі тап өкілдерінің балалары оқытылды. Ол бір жылдық Приходтық училище деп аталды. Орта оқу орындарында дворян емес таптың балалары оқыды, ол екі жылдық уездік училище болды. Сонымен қатар дворяндар оқитын төрт жылдық гимназия болды. Арнайы оқу орындарына солдаттық мектептер, коммерциялық училищелер, Құрылыс және архитектура училищелері, Жерөңдеу мектептері, техникалық училищелер, кадеттік және шляхеттік корпустар, діни училищелер (архиериялық мектептер, семинариялар), Таукензавод мектептері (жекеше) енеді, Строгановтық училищелер (декоративті қолданбалы өнер суретшілері). Жоғары оқу орындарына Мәскеу, Петербор, Қазан, Харьков, Вильно, Дерпт университеттері енді және олар төрт бөлімнен тұрды: адамгершілік және саяси ғылымдар (заңгер, саяси экономия, философия, құдайтану); екінші, сөздік немесе ауызша баяндау (филология, тарих, статистика, география); үшінші, физика-математикалық; төртінші, медициналық. Сонымен қатар Црскосельский лицейлер, Академиялар (артиллериялық, императорлық әскери академия, инженерлік, практикалық, коммерциялық академиялар), Жоғары техникалық оқу орындары (инженерлер инститиуты (жол хабаршысы), орман институты, практикалық политехникалық институт, азаматтық инженерлер институты, Тау институты) және университеттердің жанында педагогикалық институттар болды.

XX ғасырдағы Ресейдегі педагогикалық ағымдар

Синтетикалық-антропологиялық ағым. Бұл ағым — философия, өнер, ғылым және діндегі адам туралы мазмұндалатын білімдер жиынтығы. Адам табиғаты: жеке тұрғыдан дамудың козғаушы күші және оның туындау мәселесіндегі көп факторлы шарттардан тұрады. Бұл ағымның өкілдеріне: М. Мак-Милан, М. Монтессори, О. Декроли, Я. Корчак, П.Ф. Лесгафт, А.Ф. Лазурский, С.Л. Рубинштейн және т.б. жатады.

Аталмыш ағым Кеңестік дәуірде педалогия ретінде дамыған. Педалогияның әлемге танымал көрнекті өкілдері: Л.С. Выготский, П.П. Блонский, М.Я. Басов және т.б.

Жаратылыстану ғылымдар ағымы. Педагогика өзінің негізгі теориялық базасы ретінде қоғамдық ғылымдарды басшылыққа алмай, биология, психофизиология және медицина ғылымдарына бағытталады. Себебі адам биологиялық феномен ретінде қарастырылады. Ресейде педагогиканы биологияландырумен В.М. Бехтерев, ал психологияландырумен А.П. Нечаев, Н.Е. Румянцев және т.б. айналысқан. Бұл ағымның көрнекті өкілдері (А. Бине, Т. Симон, В. Анри, В. Штерн, Л. Термен, С.С. Корсаков және т.б.) тәжірибелік педагогиканың дамуына аса мән берген. Педагогиканың ғылым ретіндегі тәжірибелік базасын құрудағы, жаратылыстану ғылымдарының ағымы педагогикалық білімдерді кіріктіру мен саралауда қомақты үлес қосқан.

Әлеуметтік ағым. Бұл ағымды жақтаушылар әлеуметтік-тарихи білімге ғана бағытталып, педагогиканың теориялық фундаментіне ауқымды мән бермеді. Олар адамды тек қоршаған ортаның өнімі ретінде қарастырды. Өкілдері: Э. Дюркгейм, Г. Спенсер, М. Вебер, П.А. Кропоткин, Н.В. Чехов және т.б. Әлеуметтік ағым өкілдері жеке тұлға табиғаты қоғамдық табиғат пен «ұжымдық санадан» тыс деп қарастырған. Ағымды ұстанушылар жалпы және арнайы білім теория мазмұнын дамытуға зор үлес қосқан. Бұл бағыт педагогика пәнінің ауқымдануы мен жаңа салаларының қалыптасуына мүмкіндік туғызды. Атап айтканда, білім беруді әлеуметтендіру, салыстырмалы педагогика және т.б. (К. Манхейм, Р. Беллино, Э. Гемахер және т.б.). Кеңес дәуірінде бұл ағымның дамуына мүмкіндік болмаған.

Философиялық ағым. Адам, ең алдымен, ой-санасы арқылы іс-әрекет жасау барысында нақтыланған. Яғни адамның «адамдығы» оның не және қалай ойлауында. Адам табиғаты өмір сүру процесінде өзіндік тұрғыдан ашылады. Өкілдері: П. Наторп, А. Уайхед, Б. Рассел, У. Джеймс, Дж. Дьюи, С.Т. Шацкий, Г.И. Фаддеев, И.И. Горбунов-Посадов және т.б.

Діни ағым. Бұл ағым өкілдері педагогикалық ойларды діни тұрғыдан түсіндіреді. Дін мекемелері педагогикадан діни догманы қатаң сақтауды талап етеді. Олар адамды Құдай сөзін орындаушы ретінде санайды. Оның өкілдері: Р. Штейнер, Н. Абердяев, И.А. Ильин, Е.Н. Трубецкой, В.В. Зенковский, В.С. Соловьев және т.б. Олар адамның әлеммен қарым-қатынасындағы діни мәнін ашты. Сонымен қатар жеке тұлғаны тәрбиелеу мен дамытуда өзіндік «Мен» ұғымын жоғары қойды.

Тоталитарлық ағым. Олардың негізгі идеясы — адамзат игілігі мен бақытын шектеуді мақсат ете отырып, әлемді құлдырату. Адамды жалпы идеологиялық ықпал мен тәрбиенің өнімі ретінде қарастырды. Бұл ағымның өкілдері: Дж. Джентиле, Ф. Ницше, Ж. Сорель, К. Цеткин, В.И. Ленин, Н.К. Крупская, А.В. Луначарский және т.б. Ағым өкілдері өз мүддесінен мемлекет мүддесін жоғары қойды және адам санасы еріксіз тұтастай идеологияға бағындырылды.

Пайдаланылған әдебиеттер: Педагогика, әлеуметтік педагогика, өзін-өзі тану тарихы: оқу құралы. Ж.Р. Баширова, Р.К. Бекмағамбетова, Н.С. Әлқожаева, Н.С. Жұбаназарова, Ұ.Б. Төлешова. – Алматы: Қазақ университеті, 2012. – 248 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *