Қазақтарға тән киім үлгілері орта ғасырдан бастап қалыптасса, оған дейінгі кезеңдерде өмір сүрген сақ (скиф), түркі киім үлгілерінің нұсқасы туралы деректер аз. Сақтардың (скиф) б.з.б. VIII — I ғ.ғ. киген киімдерін кілем, түскиіздерден және көне ескерткіштерден көруге болады. Сақ (скиф) тайпа көсемдерінің туыстары мен қарапайым скифтердің киім үлгісінде дәстүрлік жергілікті ерекшеліктер сақталған. Ондай аймақтық ерекшеліктер орта ғасырдағы қазақтардың киім үлгісінде де кездеседі. Көсемдер мен ауқатты скифтер киімдерін бағалы аң терісі мен жоғары сапалы маталардан көркемдеп, әшекейлеп соңғы үлгіде тіккен. Ал, қарапайым сақтар бастарына киізден конус тәрізді бас киім, денесіне шақтап пішілген тізесіне дейін жететін бешпент киген. Сақтардың (скиф) көпшілігінің шалбарлары да денесіне шақтап тігілгенін көне ескерткіштерде бейнеленген. Сақ кезеңінде қоғамда иерархиялық жүйенің қалыптасқаны олардың киім үлгілері мен жерлеу рәсімінен көреміз. Сақ көсемдеріне жерлеу рәсімі кезінде киетін арнайы салтанатты киімдер дайындалған.

Сақ тайпаларының киім үлгілері. Пазырық шапаны

Археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған жәдігерлерде сақ киім нұсқалары көбінесе біркелкі әшекейленбеген қарапайым үлгіде берілген. Сақтардың (скиф) барлығына ортақ киім үлгісінде көркемделіп салынған ою — өрнектер немесе алтын безендіргіш заттар мен түймелер кездеспейді. Сондай-ақ антикалық авторлар және парсылықтар өз жазба деректерінде сақтардың (скиф) конус тәрізді құлақпен желкені жауып тұратын бас киіміне көп тоқталған. Бұл сақ киім үлгісіндегі өзіне тән басты ерекшелігі болу керек.

В.В.Радлов, М.П.Грязнов, С.И.Руденко Таулы Алтай қорғандарынан археологиялық жұмыстары кезінде сақтардың киім үлгілерін тапты. Батыстағы сақтар (скиф) азиялық сақ массагет тайпасының киімдері ұқсас болды. Ал, Таулы Алтай обаларынан табылған киім үлгілерінен олардың әр түрлі болғаныны көреміз. Алтайлықтар алдыңғы Азияляқтардан қымбат бағалы маталар, қытайдан жібек маталар, ал үнді мүхитынан моншақтар, бисер мен бирюзаларды сатып алып отырған. Киім — кешектің тігілу жағынан сан түрлі болғанымен, оларға бейнеленген ою-өрнек мәнері сақ (скиф) тайпаларына ортақ болған. Сақтардың б.з.б. VIII — I ғ.ғ. кейбір киім нұсқалары Сібір, түркі типтес халықтарында қазірде кездеседі. Сол киім үлгілері сақ (скиф) мәнерінің негізін сақтап қалды. Ал, Таулы Алтай киім үлгісін Шығыстан Батысқа қарай тараған деп ғалымдар тұжырымдайды.

Сібір, Орта Азиядан бастап Қара теңізге дейінгі сақтардың киімдері өмір сүрген ортасына байланысты тігілді. Олар жыртқыш аңдар мен құндыз, тиіннің терілерінен тондар тікті. Ал, аяқ киімдерінің өкшесі мен тұмсығы былғарыдан жасалып, қонышы бұғы не аң терісінен жасалған. Бұл аяқ киім қазірде Сібір азшылық халықтарында кездеседі. Ежелгі тайпалардың негізгі кәсібі мал бағу, аң аулау болғандықтан, олардың терісі мен жүндерінен қажетті материалдар жасалды. Обаларда табылған киімдердің маталарының түрлерін анықтау үшін археологтар көптеген зерттеулер жүргізіп, олар ежелгі киім үлгілерін қайтадан қалпына келтірді. Жартасқа салынған бедерсуреттен, құмыра (алтын, қола) мен пластинаға (алтын, сүйек) бейнеленген сақтарға (скиф) қарап, олардың киім түрлерін анықтадық. Көсемдерге арнайы тігілген тонның астарына аң терілері салынып, сыртын жібек матамен тыстап, оның тігістерін жөргемдеп тіккен. Ол шапанға сән беру үшін оған аң стиліндегі алтын қаңылтыр әшекей мен түймелер қадаған. Сондай-ақ көзелмен (жұқа былғары) тысталған шапандар да көп табылды. Ол киімдер әдемі болу үшін «аң стилінде» және стилизацияланған күрделі ою-өрнектер бастырма (апликация) тәсілімен салынған. Ауқатты сақтардың (скиф) киім үлгісі қарапайым, жауынгер сақтардың киімдеріне қарағанда ұзын болып тігілді. Тондар мен шапандарды көркемдейтін тотемдер әшекей ретінде салынды. Карл Вэле: «Ұзын шапан беделді адамдарға ғана арнайы тігілген. Ондай киім киген адам өзін сабырлы ұстап, жүгіріп, секіре алмайды. Мұндай ұзын шапан беделді деген рәміздік ұғымды білдіреді» -дейді. Сондықтан әшекейлі ұзын шапандарды тайпа көсемдері мен елге танымал сыйлы адамдар киген.

Чертомылық және Солохо, Күл — Оба қорғандарында сақтар (скиф) өмірінен түрлі көріністер бейнеленген амфоралар табылды. Құмыраға бейнеленген киім нұсқасы Орта Азия сақтарына (скиф) тән мәнер. Қатардағы сақтар жұқалап иленген киіз бен былғарыдан киім тігіп киген. Олардың киіміне әшекейленген элементтер салынбаған. Сақтар бешпент пен шалбарды денесіне шақтап тігіп, аяғына былғарыдан қонышы қысқа, ал басына желкесі мен құлағын жауып тұратын төбесі үшкір қалпақ киген. Ежелгі киімдердің нұсқасы ғасырлар бойы өзгеріске ұшырағанымен негізгі сақ мәнері қазірде сақталып қалды.

Ресей ғалымдары Таулы Алтай қорғандарынан табылған тайпа көсемдерінің және олардың жан ұяларының киім-кешектерін көшпелілерге тән киімдер емес деген тұжырымдамалар жазды. Ал, сол қорғандарда табылған жоғары сапалы маталарды Ассирия, Мидия, Вавилон, яғни ахемедтерден келген деп жобалаған. Ғалымдардың зерттеулерін сараптай келе бұл тұжырымның негізсіз екеніне көз жеткізуге болады. С.И.Руденко басында жергілікті жерде жоғарғы деңгейде дайындалған маталар Ассирия мен Вавилонда, Халдееде жасалған десе, кейінгі зерттеулерінде С.И.Руденко «Таулы Алтай өңірінде жоғарғы сапалы маталардың түрлері тоқылған» — дейді. Сондай-ақ ғалым жоғарғы сапалы маталардың Алдыңғы Азияда да тоқылатынын айта кетеді. Бұл жерде жергілікті байлардың киім үлгілеріне көп көңіл бөлгенін және Халдее мен Ассирияда мата тоқу технологиясы өте жоғары екенін жазады. Сонымен қатар, сапалы мата тоқып, оның өрнегін көркемдейтін кесте шеберлерін өте жоғары бағалаған римдік кезеңімен салыстырады «антикалық кезеңдегі шеберлердің қолөнер жұмыстары алтынмен бағалантын. Ондай вавилон немесе парсы маталарының біріде — бірі қазір сақталмаған. Ондай маталар тек Таулы Алтай өңірінен табылып отыр» — дейді. С.И.Руденко:» Алдыңғы Азия маталары еш жерде бүгінгі күнге дейін табылмаған. Таулы Алтайда табылған маталар б.з.б. I ғ.ғ. белгілеп, бұл біз үшін үлкен ғылыми жаңалық» — дейді.

Алтайлықтардың киізден жасалған бұйымдары, кілемдері және жоғарғы сапалы матадан тігілген киімдері жергілікті жерде дайындалғаны зерттеушілермен дөлелденген. Табылған бас киімдер мен шапандардың маталары мен тігу әдіс-тәсілдері бір. Киімдерді әшекейлеуге қолданған ою-өрнек мәнері мен былғарыдан ойылып, алтынмен қаптап жасаған түймелерді қолдану сақтарға (скиф) ғана тән мәнер. Ассирия, Вавилон, Мидия елдерінің жоғары сапалы маталары мен кестелеу мәнері археология қазба жұмыстары кезінде табылмаған. Сақ (скиф) киім үлгілері мен қолөнерінде қолданған ою-өрнек элементтері мен түрлі сападағы маталар жергілікті жерде дайындалған. Таулы Алтай обаларынан табылған киім нұсқалары мен қолөнер туралы С.И.Руденко, өз ғылыми зерттеулерінде жергілікті сақ шеберлердің мәнері деп жазады.

Пайдаланылған әдебиеттер: М.Ш. Өмірбекова. Сақ (скиф) тарихы мен мәдениеті. Оқу құралы, -Алматы: «Зият Пресс», 2004 ж. -112 бет.

Comments

  1. Reply
    Ардана

    Өте керемет мағлұматтар!!!Тамаша !!! Пайдаы тиді !!!! Рахмет!!! Алдағы уақытта тағы басқаларға да пайдасы тиеді деген үміттемін!!!!

  2. Reply
    Ардана

    Спс!!! спс спс спс спс спс спс спс спс спс !!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *