Ежелден-ақ Монғолияның табиғат жағдайы көшпелі мал шаруашылығымен айналысуға қолайлы еді. Елдің бүкіл аймағы құрғақ дала мен таулы жайылымдардан тұрды. Монғол тайпалары Х-ХІІ ғасырларда Ұлы Қытай қорғанынан Селенга өзенінің жоғарғы ағысына дейінгі жерлерді мекендеген. XII ғасырдан бастап монғол тайпалары Орталық Азиядан Байкал көліне, Енисей өзенінен Гоби құмына дейін созылып жатты. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысып: қой, ешкі, ірі қара және жылқы өсірген. Малдың сүті мен етін негізгі тамақ етіп, жүні мен терісін киім-кешекке, тұрмысқа қажетті заттарға пайдаланған.

Шыңғысханның дүниеге келуі
Шыңғысханның дүниеге келуі

Біртұтас монғол мемлекетінің құрылуы Темужіннің (Темучин) (1162-1227) атымен байланысты. Темужін атақты бай рудан шыққан. Әкесі Есугей батыр 1155 жылы татар тайпасына шабуыл жасап, Темужін атты батырын қолына түсіреді. Сол жылы дүниеге келген баласының есімін Темужін деп қояды. Жастайынан Темужін өте қайратты және өжет болып өседі. Әкесі Есугей батыр қайтыс болғаннан кейін, Темужін анасы және бауырларымен бірге көп қиындық көрді. Әкесінің нөкерлері мен руластары бұлардан бөлініп кетті. Темужін бала күнінен әуелі отбасын асырау үшін, кейін нөкерлер мен туыстарын қайтару үшін көп күш жұмсады. 1190-1206 жылдардың аралығында Темужін көптеген түркі-монғол тайпаларын, атап айтсақ: татарларды, керейттерді, меркіттерді, наймандарды т.б. өзіне бағындырды.

1206 жылы Онон өзенінің бойында өткен Құрылтайда монғол нояндары Темужінді «Шыңсысхан» деген атпен ұлы хан етіп көтерді. Шыңғысхан бүкіл монғол тайпаларының басшысы болады. XIII ғасырдың басында Шыңғысхан Сібір халықтарының жері мен Қытай елін жаулап алып, Ұлы Монғол империясын құрды.

Шыңғысхан бүкіл Монғол жерін сол қанат және оң қанат деп бөлді. Бұлай бөлу ғұндар дәуірінен қалған дәстүр еді. Әрбір қанат түмендіктерге, ал олар мыңдықтарға, жүздіктерге, ондықтарға бөлінді. Осылайша, әскери-әкімшілік жүйенің төменгісі он жауынгер жасақтай алатын отбасылар болды, ең жоғарғысы -қағанның он мың әскер жасақтай алуына мүмкіндік беретін иеліктер еді. Шыңғысханға өзіне шын берілген он мың таңдаулы жауынгерден тұратын «кешігі» — жеке ұланы қызмет етті. Өте қатал тәртібі, берік құрылымы бар әскерді монғолдардың феодалдық жоғарғы тобының өкілдері — нояндар, баһадүрлер, мергендер басқарды.

Шыңғысхан жорықтары

Шыңғысханның Қытайға жорығында Жалайыр тайпасынан шыққан ұлы қолбасшы Мұқали (1170-1223) ерен ерлігімен көзге түсті. Шыңғысхан батысқа аттанғанда Мұқалиды өзінің орнына Солтүстік Қытайдың билеушісі етіп қалдырған. Оған Го Уаң деген ең жоғарғы атақ берген. «Го Уаң» — ұлы князь» дегенді білдіреді.

Шыңғысхан құрған Ұлы монғол мемлекетінің аумағы оңтүстігінде Ұлы Қытай қабырғасынан, солтүстігінде Селенга өзеніне дейін, шығысында Хинган қыратынан, батысында Алтай тауына дейін созылды.

Шыңғысханның жаулап алушылық жорықтары. Монғол тайпаларын біріктіргеннен кейін, Шыңғысхан танғұттардың Батыс Ся мемлекетіне шабуыл жасайды. 1207 жылы Енисей жағалауындағы ойраттар т.б. тайпалар бағындырылды. 1211 жылы монғолдар Солтүстік Қытайдағы Цзинь мемлекетіне шабуыл жасады. 1215 жылы ұзақ соғыстан кейін Шыңғысхан әскерлері Пекинді алды. Солтүстік Қытайда әскербасы Мұқалиды (Мүқылай) 23 мың әскермен қалдырды. Шыңғысхан Монғолияға қайтып келіп, 1218 жылы Жетісуда бекіген наймандарды бағындырды. 1219 жылы монғолдар Қазақстан мен Орта Азияны жаулауды бастайды.

1219 жылдың күзінде монғол әскері Отырар қаласына келеді. Отырар әмірі Ғайыр хан 20 мың әскерімен қаланы қорғауға дайындалды. Отырарды қоршап алған монғол әскерлері бірнеше ай қаланы ала алмайды. Алты айға созылған соғыстан кейін Отырар қаласы құлайды. Монғолдар халықты қырып, қаланы жермен-жексен етеді.

1220 жылы Хорезм мемлекетінің астанасы Бұхараны, одан кейін Самарқанды қоршап, оны да басып алды. 1221 жылы Орта Азияның соңғы қаласы Мерв монғолдарға қатты қарсылық көрсеткенмен, ол да жеңіліс тапты. Сөйтіп, Орта Азияны жаулау аяқталады. Жебе мен Сүбедей қолбасшылар басқарған монғолдар Әзірбайжан мен Грузияны талқандап, Қырымға жетті. 1223 жылы Қалқа өзенінде қыпшақтар мен орыстар да жеңіліс тапты. 1226 жылы Шыңғысхан Батыс Ся мемлекетіне тағы да жорық жасап, 1227 жылы бұл елді де біржолата бағындырды. Шыңғысхан сол жылы 72 жасында қайтыс болды.

Монғол мемлекетінің саяси құрылымы

Монғол империясын Шыңғысхан ұрпақтары биледі. Хан ордасы — империя орталығы Қарақорымда орналасты. Ең жоғарғы әміршісі ұлы хан саналды. Ұлы хан мемлекет басшысы ретінде әскери заң шығаруға және әкімшілік билік жүргізуге құқылы болды. Монғол империясының саяси өмірінде Шыңғысхан ұрпақтарының жалпы империялық жиналысы — Құрылтай зор рөл атқарды.

Құрылтай ресми түрде өкімет билігінің жоғарғы органы болды. Құрылтайда ірі әскери мәселелер, ішкі саясат, Шыңғысхан ұрпақтары арасында өлкелерді бөлу мәселелері шешіліп отырды. Құрылтайда ханды салтанатты түрде таққа отырғызу рәсімдері жасалды. Құрылтайды шақыру мерзімі күні бұрын белгіленіп, ұлыстарға хабаршы жіберу арқылы жария етілді. Құрылтай көктемде шақырылды.

Құрылтай іс жүзінде Шыңғысхан ұрпақтары әскербасыларының және азаматтық әкімшілік басшыларының қабылдаған шешімдерін бекітті. Империя әміршісінің билігін шектемеді. 1259 жылы Мөңке қаған өлгеннен кейін жалпымонғолдық құрылтайына шақыру тоқтатылды. Монғол империясында құрылтайдың орнына ақсүйектер кеңесі шақырылып тұрған. «Кеңес» сөзінің екінші мағынасы «той» дегенді білдірген. «Тойға» Шыңғысханның ұрпақтары, әскербасылар, билеушілер мен есімі елге белгілі әйелдер де қатысты. Тойдың негізгі мақсаты өзара қырқыстарға жол бермеу болды. 1269 жылы осындай басқосу Талас өңірінде өтті.

«Яса» («Жасақ»). XIII ғасырдағы әдебиеттерде «Ұлы Яса» деп аталатын Шыңғысханның әртүрлі мәселелерге байланысты айтылған заңдары қалыптасты. «Яса» (монғолша — «жасақ», «құқық», «салық») деген мағына береді. Алғаш рет монғолдардың құрылтайында (1206 жылы) оқылған. Ясаның 36 үзіндісі күні бүгінге дейін жеткен. Бұл заңды зерттеуші ғалымдар, оны 5 бөлімнен тұрған деп болжайды: 1) қылмыс, оған берілетін жаза; 2) соғыс, әскери жасақ; 3) отбасы және неке; 4) мақтау; 5) салт-дәстүр, ырым.

Яса заңы бойынша соғыстан түскен байлық былай бөлінген: 3/5 -әскерге; 1/5 — қағанға; 1/5 — әскербасына. Ясаның талабын орындамаған хан тұқымының мүшелері қатаң жазаланатын болды. Монғол хандары «Ясаны» ел басқаруда ұзақ жылдар бойы басшылыққа алып отырды. «Яса» («Жасақ) Монғол мемлекетінің әскери-феодалдық сипатын көрсетеді. «Қаған тәңірдің өкілі, аспандағы Құдай, жерде қаған бір», — делінген. «Ясада» хан, қағандарды мұрагерлік жолмен сайлау тәртібі бекітілді. 1. «15-тен 60 жасқа дейінгі әрбір адам әскери борышын өтеуге міндетті. 2. Әрбір жауынгер ер-азамат мыңдық, жүздік, ондығынан басқаға ауысуға тыйым салынады. Бұл талапты бұзғандардың басы алынады. 3. Соғыс алаңын тастап кеткен, соғыс жиынына келмей қалған және соғыстан түскен олжаны жасырғандар немесе иемденіп кеткендердің басы алынсын» делінген.

Орданың жанында төтенше сот жұмыс істеді. Әрбір мыңбасы азаматтық сот рөлін атқарды. Жүзбасылардың өзіндік айыппұл салу құқығы болды. «Яса» («Жасақ») бойынша дінбасылары мен діни қауым өкілдері салық төлемдерінен босатылды. Жасы үлкендерді сыйлап, әлсіздерге қол ұшын беру, оқымыстыларға ерекше құрмет көрсету баптары белгіленді.

«Ясада» тәрбиелік мәні бар нақыл сөздер мен өсиеттер де айтылды. Мысалы, «Ой тазалығы үшін ақыл, мәдениет тазалығы үшін білім қажет», «Өз ошағын (бесігін) түзей алмаған адам елін де түзей алмайды», «Өліммен бетпе-бет келсең де, еліңді сатпа» т.б. Монғол империясы тұсында «Яса» («Жасақ») заңы монғолдар билік жүргізген барлық өлкеде қолданылды.

Жаңа жерлерді бағындыру. 1229 жылы құрылтай өткізіліп, Шыңғысханның үшінші ұлы Үгедей ұлы хан болып сайланды. 1236 жылдың соңында монғолдардың батысқа жорығы басталды. Ол жорықты Жошының баласы Бату басқарды. Бату әскерлері Еділ өзенінің жағасындағы Бұлғар елін жаулап алды.

1237 жылы Еділ мен Дон өзендерінің аралығындағы қыпшақтарды тізе бүктіріп, 120-140 мың әскермен орыс жеріне шабуылға дайындалады. Монғол-татар шапқыншылығы қарсаңында орыс жері бытыраңқы болатын. Бытыраңқы князьдіктер Бату әскерлеріне қарсы тұра алмады. Әскери күші жағынан да монғол-татарлар орыстарға қарағанда анағұрлым алға кеткен болатын. Әсіресе монғол-татарлардың атты әскері өте қуатты күш еді. Бату әскерлері соғыс жүргізудің сол заманғы неше түрлі айла-тәсілдерін меңгерді. Батудың соғыс жүргізу өнерінде бұрыннан қолданып келе жатқан, қала бекіністерін бұзатын жеңіл құралдары болды. Орыс қалалары ағаштан салынғандықтан бұзу қиынға түспеген еді.

1237 жылдың қысында Бату көп әскерімен Еділ өзенінен өтіп, Рязань қаласына келіп жетті. Рязань және Мәскеу қалаларын алды. 1238   жылы ақпанда Бату Владимир қаласын қоршап, үш күннен кейін қаланы алды. Осы қарқынмен монғол-татар әскерлері орыстардың 14 қаласын — Ростов, Суздаль, Ярославль, Кострома, Углич, Тверь т.б. қалаларды бағындырып, Владимир князьдігінен Новгородқа қарай беттейді. Көктемнің ерте шығуы, орманды және батпақты Новгород жері алға қарай жүруге қиындық тудырады. Сондықтан Бату әскерін оңтүстікке қарай бұрады.

Бату жолында кездескен қалалар мен елді мекендерді жаулап алып, 1240 жылы Киев қаласына келіп жетеді. Даниил және Дмитрий князьдер Киев қаласын қорғауды өз қолдарына алады. Қала халқы қаласын сегіз күн ерлікпен қорғайды. Дегенмен монғол-татар әскері күшінің басымдылығы, орыс князьдіктерінің дер кезінде күш біріктіре алмауы Киев князьдігінің жеңілуіне әкеп соқтырады.

Батудың Еуропаға жорығы. Киев қаласын алғаннан кейін Бату әскерлері Галич-Волынь князьдігіне аттанады. Батыс орыс жерін жаулап алған соң Полыпаға, Чехия мен Венгрия жеріне баса-көктеп кіреді. 1241 жылы Бату мен Сүбедей бастаған монғол әскері Венгрияға, екінші тобы Польшаға келеді. Монғолдар Польша мен Силезияны бағындырып, Лигнецы маңында поляк және неміс князьдерінің жасақтарын талқандады. Польшаның біраз бөлігі бұл шапқыншылықтан зардап шекті.

1241-1242 жылдары Венгрия да монғол-татарлардың шапқыншылығына тап болды. Венгр королі IV Белла Бату ханның берілу туралы талабын орындамағаннан кейін, монғолдар үш топпен Венгрияға басып кірді. Венгр королінің Батыстан, яғни Пападан көмек сұрауынан еш нәтиже шықпаған соң, барлық ауыртпалықты өздері көрді. Венгр әскерлері Сайо өзенінде талқандалды. Король өз сарайымен Далмацияға қашты. Монғолдар корольдіктің астанасы Пешт және басқа қалаларды жаулап алып талқандады. Елдің солтүстігінен оңтүстігіне қарай заулап өтіп, монғолдар кейін шығысқа қайтады.

Моңғолдардың әскери өнері

Монғолдардың шығысқа жорығы. 1241 жылы ұлы хан Үгедей қайтыс болды. 1246 жылы Үгедейдің баласы Күйік ұлы хан сайланды. Ол 1248 жылға дейін билік құрды. 1251 жылы Төленің баласы Мөңке ұлы хан жарияланды. Мөңке інісі Хулагуді Иранды бағындыруға жіберді. Ол 1256 жылы Иранды, 1258 жылы Бағдадты басып алды. Сөйтіп, Аббас халифаты құлатылды. Халиф Мустасим өлтірілді. Иранда Ильхандар билігі орнады. 1260 жылы Хулагу мысырлық мәмлүктерден жеңілді.

Құбылайдың әскерлері Оңтүстік Қытайға басып кіреді. Осы кезде ұлы хан Мөңке 1259 жылы қайтыс болып, Құбылай кейін қайтты. 1260 жылы Құбылай ұлы хан сайланды. Ол 1279 жылы Қытайды біржолата бағындырды. Қытайдағы Юанъ әулетіңің негізін қалады.

Монғолдардың ұлан-байтақ жерді жаулап алу себебі — әскери өнерінің өте озық болуында. Шыңғысхан өз әскерін көшпелілердің рулық-қауымдық құрылымы негізінде құрды. Ондықтар мен жүздіктердегі жауынгерлер бір рудан немесе бірнеше рулардан тұрды. Ал мыңдықтарға көптеген рулар мен тайпалардың өкілдері алынған. Мұндағы мақсат бытыраңқылықты жойып, біріктіру және туысқандық қатынастардың беріктігін дұрыс пайдалана алу еді.

Монғол әскерінің негізгі түрі атты әскер болатын. Ол ауыр және жеңіл деп екіге бөлінді. О бастан монғолдар көшпелі малшылар болған. Сондықтан олар балаларын үш жастан бастап атқа отырғызған. Бала 4-5 жасқа толғанда қолына алғашқы садағын ұстаған. Сол кезден бала көп уақытын ат үстінде, аңшылықта өткізуге дағдыланған. Жорықтарда монғолдар ұзақ уақыт бойы ердің үстінде ұйықтауға машықтанып, өз әскерінің тез қозғалуына жағдай жасаған. Монғол жауынгерлері өте төзімді еді.

Ауыр атты әскер қарсыластардың басты күштерімен ұрыс жүргізген. Ал жеңіл атты әскер қарауылдық және барлау қызметтерін атқарған. Әскердің бұл түрі кенеттен ұрыс бастап, садақтан оқ жаудырған. Жеңіл атты әскер қарсыластарының соңына түсіп отырған. Атты әскердің жетегінде қосымша бос аттар көп болған, соның арқасында монғолдар алыс қашықтыққа тез жеткен.

Монғолдардың негізгі қаруы садақ еді. Әрбір жауынгер бірнеше садақ пен жебе толы қорамсақ, ат үстіндегі жауды іліп түсіру үшін темір қармақты басы бар найза, қайқы қылыш алып жүрген. Жауынгерлерді өздерімен бірге ат үстінде екі торсық ұстауға міндеттеген. Олардың біреуінің ішінде су, екіншісінде құрт болған.

Ең таңдаулы жауынгерлерден құрылған Шыңғысханның «кешігі» -жеке ұланы басқалардан артықшылық жағдайға ие еді. Кез келген ұланның дәрежесі қатардағы жауынгер немесе әскербасынан жоғары тұрды. Сонымен бірге олар түменбасы болып тағайындала алатын. Шыңғысхан ірі әскер бөлімдерінің басшылығына қабілетті адамдарды қойды. Мұның өзі монғол әскерінің жеңіске жетуіне зор үлес қосты.

Шыңғысхан өз әскерінде барлау жүргізетін, көшіп-қону бағытын және тұрақтайтын мекенжайды белгілейтін бөлімдер құрды. Бұл бөлімдердің әскербасылары тікелей ханға бағынды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *