Адамдар барлық кезде әділ қоғамдық жүйені орнатуға ұмтылып келді. Осы ретте, халық атынан басқарылатын идеяның өміршеңдігін мейлінше толықтай көрсете алған демократия осы қатардағы сәтті нысанның бірі болды. Әрине, тарихи тұрғыдан алғанда демократияның жекелеген елдерде қысқа уақыт өмір сүргендігі де мәлім. Демократия ғаламдық құбылысқа тек XX ғасырда ғана айнала алды, ал оған дейін әлемде демократиялық емес саяси режимдер үстемдік қүрып келді. Әлем тарихында бір адамның немесе адамдар топтарының шектеусіз билігін білдіретін көптеген диктатуралардың болғандығы жақсы таныс. Ежелгі дәуірлерде патшалар өз бодандарының өмірлері мен мүліктеріне өз қалауымен иелік етіп, оларға қатынаста кез келген әрекетті іске асыра алатын деспотиялар мен тираниялар өмір сүрді.

Шығыс деспотиялары (Ежелгі Египет, Вавилон, Парсы, Үндістан, Қытай және т.б.) ел экономикасының патша мүдделеріне бағындырылуымен ерекшеленді. Елдегі барлық дерлік меншік мемлекетке немесе патшаға тиесілі болды, өйткені екеуінің мағынасы бір еді. Елді басқару мақсатында шенеуніктер армиясы қүрылды. Бұл, бір жағынан, ауыл шаруашылығын жүргізу ерекшелігінен туындады: ыстық елдерде жерді игеру үлкен су бөгенд ерін салуды және каналдар қазуды талап ететінд іктен, бұл жұмыстарға адамдардың үлкен топтары жұмылдырылды. Одан бөлек, қалаларда зәулім сарайлар, пирамидалар, діни ғимараттар салуға да көп адамдар жұмылдырылатын. Жекелеген меншік иелері, тіпті ең дәулетті адамдардың өздері мүндай міндеттерді атқара алмайтындықтан, қоғамда мемлекеттің ауқымды билігіне қажеттілік пайда болды. Қарапайым тұрғындар өз борыштарын орындауға экономикалық әдістермен емес, негізінен мәжбүр ету жолымен тартылды.

Тарихта шектеусіз биліктің басқа да мысалдары бар. Мәселен, революциялық якобиндік диктатура таптық принципке негізделген алғашқы диктатура болды. Қаланың төменгі әлеуметтік таптарына арқа сүйеген Робеспьер мен оның жақтаушыларының тарихта алғашқы рет дәулетті азаматтарға қарсы қолданған жаппай террорының нәтижесінде жоғары тап өкілдері мен дінбасылардың көпшілігінің көзі жойылды. Террор ақыр аяғында жаңа тәртіпке көңіл толмаушылық білдірген шаруаларды да жалмап, нәтижесінде мыңдаған кінәсіз адамдар қырылып қалды.

Террор, ең соңында, оны бастаған адамдардың өздерінің де бастарын жұтып тынды.

Демократия идеалдары барлық құрлықтағы адамдардың ақылойларын баурап ала бастағанымен, жүз мыңдаған, тіпті миллиондаған адамдарды өлтіруден бас тартпаған ең қатал диктатуралар XX ғасырда дүниеге келді.

XX ғасырдың 50 жылдарынан бастап саясаттанушылар демократиялық емес режимдердің заманауи нысандарын талдау мен жүйелеуге бірқатар талпыныстар жасады. Осы бағыттағы классикалық туындыларды берген ғалымдардың қатарында Х.Арендт, Ф.Хайек, К.Фридрих, З.Бжезинский және тағы басқаларын атауға болады.

Саяси ғылым XX ғасырда кең тараған демократиялық емес басқарудың екі негізгі нысанын бөліп көрсетеді:

  • авторитаризм;
  • тоталитаризм.

Тоталитаризм. «Классикалық» түрдегі тоталитарлық режим Кеңестер Одағында, гитлерлік Германияда және Муссолини билігі тұсында Италияда өмір сүрді (бірқатар зерттеушілер Италиядағы фашистік режимді авторитарлық, немесе тоталитаризм мен авторитаризм арасындағы өтпелі режим ретінде санайды). Жоғарыда атап өткен елдердегі ерекшеліктерге қарамастан, тоталитаризмнің бәріне тән ортақ түсын көрсете кетуге болады: ол мемлекеттің қоғамның және әр түлғаның жоғарысынан толық бақылау жүргізу. Тоталитаризмнің ерекшеліктері:

  1. Мемлекеттің қоғамның барлық саласында тым көп араласуы.
  2. Монополиялық сипаттағы билік партиясының жетекші рөлі.
  3. Азаматтық бостандықтардың аяққа тапталуы.
  4. Биліктің күш қолдануға сүйенуі.
  5. Мемлекеттің идеологиялық догмаларды басшылыққа алуы.
  6. Тәуелсіз бүқаралық ақпарат қүралдарының жоқтығы. Енді тоталитаризмнің осы белгілеріне кішкене тоқтала кетейік. Мемлекеттің қағамның барлық саласына тым көп араласуы.

Тоталитарлық мемлекет қоғамдық институттардың қызметтерін, тіпті азаматтардың жеке өмірлерін бағыттауға ұмтылады. Мұнда биліктің кез келген саладағы, яғни экономика, саясат, өнер, этика, білім беру және басқа да салалардағы орыны анық сезіледі. Мысал ретінде экономика саласын қарастыралық.

Социалистік елдердің экономикасы келесідей сипаттарымен ерекшеленді:

Мемлекет меншігінің үстем жағдайы. Оның үлесі белгілі бір елде өндірілетін ұлттық пайданың 70-90%-ға дейін құрайтын. Меншіктің басқа түрлері (кооперативтер мен жеке шағын бизнес) орталықтандырылған жоспарлау, мемлекеттік бағалар, өндіріске қажетті шикізат пен құралдарды регламентпен қамтамасыз ету арқылы мемлекет ықпалына бағындырылды. Тіпті жеке өндірушілер толығынан мемлекетке тәуелді болды.

Экономиканың ірі монополияға ие кәсіпорындарға сүйенуі. Экономиканы толықтай регламенттеу өз өнімімен бүкіл елді қамтамасыз етіп отырған үлкен өндіріс ошақтарын құруды талап етті. Бұл, өз кезегінде, экономиканы басқаруды жеңілдетті. Мемлекет монополияларды шектеуге ұмтылмады, өйткені бағаны билік реттеп отыратын. Баға белгілеуді айқындаудың негізіне экономикалық есеп емес, керісінше жасанды факторлар қойылды. Сондықтан КСРО мен басқа да социалистік елдердің экономикасында монополия үстемдік құрып келді.

Экономиканың жабық сипаты. Социалистік жүйедегі елдер барынша өз-өзін қамтамасыз етуді басшылыққа алғандықтан, олардың сыртқы әлеммен байланыстары тым шектеулі болды. Социалистік елдердің сыртқы саудаларының ең көп ауқымы өзара саудаға тиесілі болды. Әлемдік экономикада орын алып отыратын өзгерістер бұл жабық жүйелерге мүлдем ықпал етпейтін еді. Одақтастар арасындағы саудада экономикалық пәрменділік қағидаты идеология үшін құрбандыққа шалынуы үйреншікті жайт болатын. Мәселен, Кеңестер Одағы Куба және тағы басқа да сол қатардағы елдерге өз тауарларын төмен бағаға беріп, несиелер тарататын, ал олардан жоғары бағамен өнімдер сатып алатын. Бүгінгі күнде экономиканың жабық түрі Солтүстік Кореяға тән.

Инфрақұрылымның әлсіз дамуы. Социалистік елдердің қаржы-несие жүйесі мемлекеттік органдардың қолжаулығына айналған еді. Ақша жүйесі, банктер реттеуші қүрылым емес еді, олар тек мемлекеттік саясаттың соңынан ерушілер ретінде ғана қызмет ететін.

Жалпы, мұндай белгілер тек социалистік бағыттағы елдерге ғана тән емес еді. Нацистік Германияда да мемлекеттің экономикаға араласуы жоғары болды. Үкімет көптеген азық-түлік түрлеріне баға белгілейтін, ал ол сол тауарларды өндіруге жүмсалған шығындардың орнын толтырмайтын. Билік режимге қарсы шығушылардың мүліктерін конфискациялау және түрмеде отырғандар мен тұтқындардың тегін еңбегін пайдалану шараларын көп қолданатын. Германияда жеке меншік мойындалғанымен, оларды мемлекет тарапынан басқару әдістері кеңестік жүйеге ұқсас болатын. Осы ретте, бірқатар ғалымдар Германияда тоталитарлық режим сақталып қалған жағдайда өнеркәсіп нысандарын национализациялау міндетті түрде жүргізілетің еді деп санайды.

Мемлекеттік мүдде құқық қорғау институттары қызметінің негізіне айнала бастады. Құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің барлығы билік мүддесін барынша қорғау мақсатында ұйымдастырылды. Орын алуы мүмкін көңіл толмаушылықтарды басып тастайтын жазалаушы органдар құрылды және оның қатарында саяси полиция (гестапо) болды.

Монополиялық сипаттағы билеуші партияның жетекші рөлі. Тоталитарлық мемлекеттегі жетекші партия оның құрылымының ядросы болып табылады. Шынына келгенде, тоталитарлық мемлекетте партия функциясы қай жерде аяқталып, қай жерден билік органдарының функ-циялары басталатынын айыру қйын. Мұндай жағдай сол елдердің заңдары мен конституцияларында да бекітіледі. Мәселен, бұрынғы социалистік елдерде қоғамдағы коммунистік партияның жетекші орны мемлекетпен бекітілген болатын. Өз кезінде Германиядағы нацистер партиясы мен Италиядағы фашистер партиясы да сондай орын алған болатын.

Осы елдердегі партиялар өзінің шығу тегі мен табиғаты тұрғысынан қоғамдық ұйым болып табылғанымен, олар өз мәнін өзгерте отырып мемлекеттік органға айналды. Мәселен, Кеңестер Одағында «Халық пен партия біртұтас», «Кезекті съезд шешімдерін орындаймыз!», «Партия -біздің дәуіріміздің ақыл-ойы мен ар ожданы» тәрізді ұрандарды кез келген жерден кездестіруге болатын. Осы жерде, ол кезде «партия» сөзі жекеше түрде айтылып, батыс елдері туралы айтылатын жағдайларда ғана «партиялар» сөзі көпше түрде қолданылғанына назар аудара кету керек. Кеңестер Одағының Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің (ЦК КПСС) шешімдері үкімет пен Жоғарғы Кеңес үшін міндетті болатын. Алайда, партия бір мезгілде өзінің маңызды функциясынан — яғни белгілі бір әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіруден айырылып, өзіне бүкіл халықтың мүддесін білдіретін рөлді алды. Мұндай партиялардың әдеттегі парламенттік партиялардан айырмашылығы — олар авангардттық түрдегі партиялар деп аталады.

Азаматтық бостандықтың аяққа тапталуы. Тоталитарлық қоғам тұлға құқығы мен бостандықтарын мойындауға ұмтылмайды. Мұндай мемлекетте жеке адам партия мақсаттарына қол жеткізу құралына айналады. Мемлекеттік машина жүйесінде индивидуум тұтастыққа бағынатын тетікке айналады. Кез келген тоталитарлық идеология өзінің өмір сүру негізіне адамның мүдделерін емес, керісінше одан гөрі «ауқымды» міндетті — партияның мақсаттары мен бағдарламаларын орындауды қояды. Сондықтан мұндай мемлекетте әдетте қарапайым адамның талаптары ескерілмейді. Бұл жерде саяси құқықтар мен бостандықтарды айтпағанның өзінде, адамдардың кәдімгі қарапайым материалдық қажеттіліктері өтелмейді. Мәселен, Кеңестер Одағында көп өнімдер шығарылғанымен, адамдар сапалы киімдер мен аяқ киімдер таба алмайтын. Егер нарықтық экономика өзінің соңғы мақсаты ретінде адамның әртүрлі сұраныстарын қанағаттандыруға ұмтылатын болса, социалистік экономикада сандық көрсеткіш басты өлшем болып табылатын. Дүкен сөрелерінде тауарлардың көптеген түрлері самсап тұрғанымен, олардың сапасы тұрғындарды қанағаттандырмайтын. Дәл осылай, саяси жүйе өзінің мақсаты ретінде сайлаушылардың еріктері мен қалауларын ұстануды емес, билік басындағы партияның идеяларын өмірге ендіруді басты орынға қоятын. Мемлекет ресми мүддеден өзге басқа мүдде болуы мүмкін екендігін ойына да алмайтындықтан, сөз бостандығы, ереуілдер мен шерулерге шығу құқығы туралы ешқандай сөз болмайтын. Ал үкіметтің бағытын сынға алу қылмыстық және әкімшілік жазалауларға дейін алып баратын.

Биліктің мәжбүрлеуге сүйенуі. Мемлекет өмірінде күш қолдану мен мәжбүрлеу аппаратының тым үлкен орын алуы тоталитарлық режимдердің ортақ белгісі болып табылады. Азаматтар мемлекеттік қауіпсіздік органдары мен ішкі істер органдарының үнемі назарында болды. Мұндай мемлекетте билікке жақпайтын адамдардың өмірін бақылайтын саяси полиция құрылып, Басқа ой-пікірлерді ұстанатын кез келген адам диссидентке айналатын. Сталин кезеңінде Кеңестер Одағында ең үлкен күшке мемлекеттік қауіпсіздік органы ие болды және осы орган жұмысының нәтижесінде миллиондаған адамдар түрмелерде отыруды бастарынан өткерді. Олардың көпшілігі билікке қарсы жаман ойда болмаса да, олар сырттарынан жамылған өсектердің қүрбандарына айналды. Ал көсемдер туралы жай сыни сөздің өзі бас бостандығынан айыру туралы үкім үшін жеткілікті болатын.

Диктатуралардың күш қолдану әдістеріне көп жүгінуінің себебі неде? Мұндағы басты себеп — адамдардың санасы мен әрекеттерін үкімет шешімдеріне бағындыру тілегінен туындайтын тәрізді. Кез келген тоталитарлық мемлекет азаматтарды ішкі және сыртқы жауларды табуға жұмылдырады. Өткен ғасырдың 30 жылдарында кеңестік газет беттерінде «Сатқындарды соттау», «Зиянкестерді тұтқындау» тәрізді атаулар толып жүретін. Билік осындай әдістермен, бір жағынан, жау іздеудегі орын алуы мүмкін сәтсіздіктердің себептерін түсіндіретін болса, екінші жағынан, жаппай үрей мен сенімсіздік атмосферасын қалыптастырады. Тоталитаризм еркін ойшылдық пен дербестікке ие азаматтық қоғамның қалыптасуына жол бермейді, оның идеалы — басқарушының (Бас хатшының) беделі мен адалдығына соқыр сеніммен қарайтын адам болатын. Сондықтан тоталитарлық қоғамда өмір сүріп отырған адамдар өздерін үстемдік құрып отырған идеология орнатқан қатаң шеңберден тыс сезіне алмайтын.

Мемлекеттің идеологиялық догмаларды басшылыққа алуы. Билеуші партия өзінің қызметінде өз идеологиясының ережелерін тәжірибеде іске асыруға ұмтылады. Кеңестік коммунистік идеология өзінің өмір сүруін жұмысшы таптың мүдделерін қорғаумен түсіндіретін. Мемлекет осы мүдделер үшін қоғамның басқа таптары мен топтарын жоюдан немесе олардың құқықтарын шектеуден бас тартпады. Ал неміс фашизмі идеологиясының басты ережесі — ариилік тұрғындардың құқықтарын қорғауға тұғырланды және осы мақсатта тұрғындардың барлық басқа топтары өздерінің азаматтық құқықтарынан айырылды. Тоталитарлық режим, ең біріншіден, өзінің өмір сүруін басты орынға қояды. Билеуші партияның айналасында қалыптасқан және билікті кез келген жолмен сақтап қалуға ұмтылатын бюрократиялық аппарат — барлық диктатуралардың тұғыры және оның қозғаушы күші болып табылады. Бюрократия қарапайым адам бірнеше сатылардан тұратын дайындықтан және сенім білдіру бақылауынан өткеннен кейін ғана ене алатын жабық кастаға айналады.

Идеологиялық догмалар адамдардың мыйларына мүмкін болатын барлық әдістермен — яғни мектептер мен жоғары оқу орындарында, жұмыс орнында, кинолар мен телеарналардан, газеттер мен кітап беттерінен құйылатын. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл ел үлкен насихат клубына айналып кетеді.

Тоталитарлық режимдегі билеуші партия идеясының негізіне жарқын болашақ туралы (коммунистік) немесе өткен тарихтағы ұлы кезеңдер туралы (ортағасырлық Герман империясы) утопиялық идеялар алынады. Идеология үшін өткен кезеңдердегі нақты тарихи жолдар мен оқиғалар жоққа шығарылады. Сондықтан билік қала аттарын өзгертуді, архитектуралық ескерткіштерді қиратуды, өзіне ұнамайтын кітаптарға тыйым салуды кең қолданады. Яғни, тоталитаризм идеологтарының көзқарастарына қайшы келетін барлық нәрселер не жойылуға не ұмытылуға жатады. Социалистік мемлекеттерде әсіресе дінмен күресу белсенді жүргізілетін, өйткені дін адамдарға әлем туралы мүлдем басқа түсінікті беретін. Нацистік режим шіркеумен бұлай белсенді күреспесе де, билік басындағы көсемдер дінге қауіппен қарайтын және олардың өздері көпқұдайлық культтерді қайта түлетуге тырысты.

Тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының жоқтығы. Тоталитарлық режимде елде таралатын ақпараттардың барлығы қатаң бақылаудан өтеді. Мемлекет газеттерде, радиоларда, кітаптар мен басқа да баспа өнімдерін басып шығаруға цензура енгізеді. Мәселен, Кеңестер Одағы шетелдік радиостанциялардың хабарларының таралуына техникалық және басқа да тетіктерді қолдану арқылы кедергі келтіретін, өйткені кез келген басқа идеологияның ықпалына жол берілмеуі керек деп санайтын. Германия мен Италияда жеке газеттердің шығуы мен таралуына мүмкіндік берілгенімен, олардың мазмүны ресми талаптардан алшақ болмауы қажет болатын.

Мемлекет жастарды тәрбиелеу, ғылымды дамыту, құқық институттарын қалыптастыру үдерістеріне де өз ықпалын таратуға ұмтылады. Яғни, ол қоғамның барлық салаларына толық саяси бақылау орнатады және басқарады.

Авторитаризм. XX ғасырдағы диктатуралар тек тоталитаризм нысанында ғана емес, сонымен қатар одан жұмсақ нұсқаларда да өмір сүрді. Әртүрлі тарихи жағдайларда билікті бір қолға шоғырландырған режимдердің көптеген түрлері қалыптасты. Авторитаризм — қазіргі күндегі демократиялық емес режимдердің кең тараған нысаны болып табылады. Мұндай режим Еуропаның, Азияның, Латын Америкасы мен Африканың көптеген елдерінде өмір сүрді. Осы қатардағы танымал режимдерді айтар болсақ, оған өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы генерал Пиночеттің басқаруы тұсындағы Чили, Аргентина, Индонезия, Оңтүстік Корея, Грекия тәрізді елдерді мысал ретінде көрсете кетуге болады.

Авторитаризмнің тоталитаризмнен негізгі айырмашылығы:

  • Тоталитарлық режимдер өмірге белгілі бір нақты идеологияны ендіруді басшылыққа алатын болса (әдетте утопиялық сипаттағы), авторитарлық режимдер дүниетанымды емес, керісінше билікті өз қолдарында сақтап қалуды және оны күшейте түсуді басшылыққа алады. Сондықтан, авторитарлық режимдер әдетте қоғамды түбегейлі өзгерту идеясын ұстанбайды, керісінше олар дәстүрлі нормалар мен құндылықтарға жүгінеді.
  • Авторитаризм қоғам өмірінің барлық тұсын мейлінше бақылауға алуға ұмтылмайды. Егер тоталитаризм алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін әрбір азаматты жүмылдыруға үмтылатын болса, авторитаризм бұқара халықты саяси қызметтен алшақтатуды және ақпараттардың таралуын шектеуді жөн санайды. Халық, әдетте, билікке ықпал ету мүмкіндігінен айырылады.
  • Авторитарлық басқарушылар демократияның ресми атрибуттарының өмір сүруіне жол береді. Яғни бұл режимде саяси пртиялардың қызметіне, баспасөз бостандығына рұқсат беріледі. Алайда, демократиялық бостандықтар биліктің монополиялық жағдайына ықпал ете алмайтын шеңберде шектеледі.
  • Авторитаризм қоғамның экономикалық және мәдени салаларының үстінен бақылау жүргізбейді. Тіпті айтар болсақ, авторитарлық режим жағдайында бірқатар елдер дамыған нарықтық экономиканы қалыптастыруға аяқ басады. Осындай мысалдарды Оңтүстік Корея, Тайланд, Тайвань, Сингапур және Латын Америкасының бірқатар елдерінің даму тәжірибесінен көруге болады. Алайда бұл экономиканың қарқынды дамуын тек авторитаризм қамтамасыз ете алады дегенді білдірмесе керек. Мәселен, Филиппин, Гаити, Сальводор, Гватемале және басқа көптеген елдерде авторитарлық режимдер сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батып, экономика терең дағдарысты жағдайда қалды. Гаити Республикасы авторитарлық режим құлағаннан кейін әлемдегі ең кедей елдердің біріне айналды.
  • Авторитарлық режимдерде репрессиялар мен террорлық әрекеттер тоталитарлық режимнен қарағанда айтарлықтай аз қолданылады. Егер тоталитаризм тұтастай этникалық және әлеуметтік топтарды жоюға ұмтылатын болса, авторитарлық билеушілер өз қарсыластарына қатынаста күш қолдануға сүйенеді. Авторитарлық диктаторлар оппозиция лидерлеріне заңды әдістермен қысым көрсетумен қатар, саяси функция атқаратын құпия полицияның қызметін кеңінен пайдаланады.

Осы бөлімдегі ойларды тұжырымдай отырып, демократиялық емес режимдердің нысандары тым әртүрлі сипатқа ие екендігін айта кету керек. Мәселен, көптеген зерттеушілер авторитарлық басқару жүйесінің тоталитаризмнен демократияға өту кезінде міндетті түрде орын алатын саты ретінде санайды. Көп жағдайда авторитарлық билік көптеген жылдарға созылған отарлық езгіден кейін тәуелсіздік алған елдерде орнығады. Мұндай жағдайда көсемнің күшті тұлғасы мемлекет институттарын қалыптастыруға мүмкіндік беріп, біршама саяси түрақтылықты қамтамасыз ете алады. Өйткені авторитарлық билеушілер әдетте саяси партиялар мен әртүрлі күштердің бәсекелестігінен жоғары түрады.

Жекелеген саясаткерлер авторитарлық режимдер көп жағдайда экономикада айтарлықтай дамуға қол жеткізетіндігін, елдің азаматтық соғыстар мен басқа да келеңсіздіктерге ұрынбауының алдын алады деген ойларды көрсетуге тырысады. Алайда мұндай түжырымдар көп жағдайда дұрыс бола бермейді. Көптеген жағдайда экономикалық дамудың себебі сол елдегі саяси режимнің сақталып қалуына мүдделі дамыған елдердің көмегіне негізделеді. Мұндай режимде азаматтық соғыс қаупі қатаң әдістермен тоқтатылады. Мәселен, Пиночет билігі кезінде Чилиде тек ресми деректер бойнша төрт мыңнан астам адамдар өлген немесе іс-түссіз жоғалып кеткен.

Авторитаризмнің экономикалық табыстары әлемдік нарықтағы тұрақтылық кездерінде ғана анық көрінеді. Ал дағдарыстар мен толқулар кезеңінде экономиканы мемлекеттік реттеу нарықтық тетіктермен салыстырғанда өзінің әлсіздігін көрсете бастайды. Бұған 1998 жылы Индонезияда орын алған оқиға жақсы мысал бола алады. Сол уақытта орын алған экономикалық дағдарыстың нағыз қызған кезінде осы елді бірнеше ондаған жылдар бойы басқарған президент Сухарто лауазымнан кетуге мәжбүр болды. Демек, авторитаризмді елдің тоталитаризмнен демократияға өтуі барысындағы қажетті саты ретінде көрсеткісі келетін талпыныстарға сыни қарау қажет.

Негізгі ұғымдар: саяси режим, тоталитаризм, авторитаризм, диктатура, деспотия, тирания, идеология.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *