Ұлы географиялық ашылулар және олардың нәтижелері

Христофор Колумбтың Американы ашуы. XV ғасырда португалдық теңізшілер алтын іздеп Африкаға аттанды. Олар Африканың солтүстік жағалауындағы маңызды сауда жолын басып алды. Бұл жолмен алтын тасылатын еді. Бұл Португалияның отарлық экспедициясының бастамасы болатын. Португалдықтар 30 жыл ішінде Африканың батыс жағалауына дейін жетті.

XV ғасырда ежелгі ғалымдардың Жер шар тәрізді деген болжамдары теңіз саяхатшыларының назарын аударды. Кейбір ғалымдар батысқа қарай жүзу арқылы Жерді айналып өтіп, Үндістанға жетуге болады деген пікір айтты. Бұл жолды, Африканы айналып өтуге қарағанда, қысқа жол деп қате есептеді. Үндістанға батыс жолмен жетуге әрекет жасаған еуропалық тұңғыш теңіз саяхатшысы Христофор Колумб (1451-1506) болды. Колумб Генуя қаласына жақын жердегі тоқыма өнеркәсібінде істейтін Доминико Колумб отбасында дүниеге келген.

Жас кезінде Колумб Жерорта теңізінде, Еуропа жағалауларына саяхат жасаған сауда кемелерінде болып, теңіз жағдайларын жақсы біліп алады. Колумб Генуяда тұрғанда географиялық карта сызумен шұғылданады. Ол бұл мамандықты меңгеріп алған соң, інісі Бартоломей Колумбпен бірге Лиссабонға келеді.

Біраз ізденістерінің нәтижесінде Христофор Колумб өзінің Үндістан мен Қытайға апаратын теңіз жолын іздеу сапарын Африканы айналып жүретін шығыстан емес, әлі зерттелмеген, Атлант мұхитын басып өтетін батыстан бастау керек деп шешті. Ол Жердің шар іспетті екенін білетін-ді. Егер олай болса Батысты бетке алып жүзе берсе, қайткен күнде де Үндістаннан барып шығатынын жорамалдады. Оның бұл жоспары ол кезде «ақымақтың ісі» саналатын. Әлі ешкім сырын білмейтін мұхит арқылы кіп-кішкентай кемесымақпен жүзіп өтемін деу шынында көзсіз ерлік еді. Ұзақ жылға созылған қиындықтардан кейін, ақыры Колумб алтын мен жаңа жер байлығына құштар испан корольдерінің назарын аударды.

Христофор Колубтың теңіз саяхаты

Христофор Колубтың теңіз саяхаты

Сонымен, Колумб жол бастаушы «Санта Мария» және «Нинья», «Пинта» деп аталатын үш кемемен 1492 жылы Испания жағалауындағы Палос қаласынан сапарға шығады. Бұлар аттанғанда ауа райы ашық болды. Пассат желі бірқалыпты соғып, кемелер батысқа қарай еркін сырғи жөнелді. Бұрын мұндай ашық теңізге шығып көрмеген теңізшілер алғашқыда үрейлене бастады. Кенет көкжиектен жасыл белдеу көрінгенде олар қатты қуанып қалады. Алайда ол жер емес, бетін балдыр басқан Сорогос теңізі болып шығады. Бұл Колумбтың Атлантикадан ашқан бірінші жаңалығы еді. Күн артынан күн жылжып өтіп жатады. Көкжиекке ұласқан көк теңізден басқа көзге ілінер ештеме көрінбейді. Теңізшілердің ішінде торығу байқалды. Дегенмен олар Колумбтың есебі бойынша осы кезде Үндістанға жетуге тиіс екендерінен мүлде бейхабар болатын. Алайда жуық маңда көрінетін жер жоқ еді. Колумб ғажайып ұстамдылық танытып, тұнжыраған теңізшілердің көңілін көтеріп, оларға алтын мен дәмді тағам бергізеді. Ақыры одан да ештеңе шықпай, теңізшілер мұны тыңдауын қойып, «егер енді үш күннен кейін жер көрінбейтін болса, кеменің бетін кері бұрамыз» деген шарт қояды. Колумб амалсыз көнеді.

Айтылған мерзім бітер күннің түнінде сағат екіде, кеме вахтасында тұрған теңізшінің «Жер! Жер көрінді!» деген айғайы естілді. Бұл бір шағын арал еді. Оны Колумб Сан-Сальвадор деп атады. Одан кейін бұлар Кариб теңізіндегі жұпар Куба, ғажайып Гаити аралы, тағы-тағы толып жатқан аралдарды басып өтті. Теңізшілер бұл өңірден алғаш рет жүгері, картоп, темекі сияқты Еуропада жоқ өсімдіктерді кездестірді. Бұларды қай жерде болсын тобылғы өңді, сұлу келген бойшаң адамдар қарсы алды. Дегені қабыл болып тұрған, өзін Үндістандамын деп ұйғарған Колумбтың айтуынша, бұларды саяхатшылар үндістер деп атап кетті. Колумб ешкім білмейтін жаңа құрлық емес, Үндістанға баратын батыс жолын таптым деп топшылайды.

Ақыры үшінші, одан кейінгі төртінші сапарында — өмірінің соңғы жылдарында өзінің «бөтен бір дүние бөлігін» ашқандығы жайында ойланатын болды. Колумб Американы ашқаннан кейін испандықтар жаңа жерді жаулап ала бастайды, онда өз қоныстарын салып, жергілікті халқын құл етеді, қырып-жояды. Колумбтың өзі көп кешікпей король сарайында жүріп жазаға тартылады да, оның қалай өлгенін ешкім білмей қалады. Ал тарихтың әр нәрсені өз орнына қоятыны белгілі. Біз қазір Колумб есімін құрмет тұтып, оны жаңа жер ашқан қаһарман теңізші деп білеміз.

Мұхиттың арғы жағындағы қазынасы мол, жаңа жерлер испандарды қызықтырды. Сол жерге барып орнығам деушілерге король 1497 жылдан бастап рұқсат берді. Бұл байлығы мол жерге көпестер, кедейленген дворяндар, үкіметке наразылар, айыптылар көшіп кетпекші болды. Король үш экспедиция ұйымдастырып, көп адам жіберді. Солардың ішінде Колумб ашқан жерді көруге 1499 жылы Америго Веспуччи де аттанды.

Америго Веспуччи 1501 жылы Португалия королінің келісімімен «жаңа жерге» екінші рет барды. Веспуччи Пинсон, одан кейін Кобрал кашқан Бразилия жағалауын зерттеп қайтады. 1503 жылы Веспуччи үшінші рет «жаңа жерге» саяхатқа шығады. Ол енді Бразилия жағалауымен Үндістанға өтпек болады да, 20° оңтүстік ендікке дейін жүзіп барып Колумб ашқан, одан кейін көптеген Испания саяхатшылары зерттеген «жаңа жер», «бұл Азия аралдарының тізбегі емес, осы күнге дейін белгісіз материк» деген дұрыс қорытындыға келеді. 1507 жылы лотарингиялың картограф М. Вальдземюллер жержүзін Еуропа, Азия, Африка материктеріне бөліп, жаңадан Америго ашқан жерді оның басқа материктермен ұқсастығына қарай «Америка деп атау керек» дейді. Ол кезде Американы «Тоты құстар жері» дейтін. Сөйтіп, жаңа құрлықтың жартысы Америго Веспуччи есімімен аталып кетті.

Осыдан кейін еуропалықтар Американың жаңа материк екеніне сенді. Енді отаршылар Америка байлығын иемденуге жанталасып, жергілікті халықты қырғынға ұшыратты, бірсыпырасын Еуропаға апарып құлдыққа сатты. Аралдардың кейбір байырғы халықтарын еуропалықтар осылайша құртып жіберді. 1500 жылы португалдық теңізші Педру Кабрал Бразилияны ашты. Бұдан кейін еуропалықтар Мексиканы, Перуді, Оңтүстік және Солтүстік Американың басқа жерлерін өздеріне қаратып, бейбіт халықтарын тонап, олардың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетін, салт-сана, әдет-ғұрпын аяққа басты. Сөйтіп, Колумб, Васко да Гама, тағы басқалардың белгісіз жерлерді ашуы география ғылымы үшін үлкен жаңалық болса, ал еуропалықтардың одан кейінгі саяхаты басып-жаншуды, отарлау саясатын көздеді.

Колумб батыс теңіз жолымен Үндістан, Қытай, Жапон аралдарын ашамын деп барып, жаңа жерді — Американы ашып жүргенде, Васко да Гама Африканы айнала жүзіп, Үндістанды ашты, содан бастап Португалияның Азияны отарлауы басталды.

Васко да Гама. Васко да Гаманың нақты қай жылы туғаны белгісіз, дегенмен кейбір деректерге қарағанда 1469 жылы туған. 1492 жылы Васко да Гама корольдің тапсырмасын орындап, оның Францияда қалған алтын тиеген кемесін Португалияға алып келеді, содан оның аты әйгілі болады. 1497 жылы 8 маусымда Васко да Гаманың төрт кемелі экспедициясы Лиссабон портынан шығады.

Бір апта жүзген Васко да Гама эскадрасы Канар аралдарына келеді. Содан кейінгі сапары сәтті болып, қарашада Африка жағалауына жетті. Бұл жерді адмирал «Әулие Елена» қойнауы деп атайды. Мұнда саяхатшылар сегіз күн аялдап, айналаға географиялық зерттеулер жүргізеді. Адмирал өз күнделігінде «Африка жағалауындағы тұрғындар құлаққа тағатын мыстан басқаны бағаламайды және өздері шетінен батыл келеді» деп жазады. Бұдан әрі Африка материгінің оңтүстік нүктесі «Қайырлы Үміт» мүйісін айналып өтіп, белгісіз теңізбен жүзе береді. 1498 жылы қаңтарда эскадра Замбези өзені сағасына жетіп, мұнда бір ай бөгеледі. Үнді мұхитынан жүзіп өтуге дайындық жасайды. 1498 жылғы мамырда оның кемелері Үндістанға келіп жетті.

Васко да Гама Үндістаннан Португалияға келген соң, король оны Үндістанды жаулап алуға 20 соғыс кемесін беріп аттандырды. 1502 жылы ақпанда Лиссабоннан шыққан бұл әскери экспедиция күзге қарай Каликутке жетеді. Каликут раджасы мұндай жауға қарсылық көрсетпей, олардың айтқанын істеп, сауда жасауға келісім береді. Васко да Гама төрт сағат ішінде қала маған бағынсын деп раджаға елші жібереді. Ол бұған жауап қайтармайды, өйткені бейбіт жатқан елге сауда жасау үшін келген еуропалықтар соғыс ашады деп ойламаған-ды. Айтулы төрт сағат өткен соң Васко да Гама оның айлақтарындағы бүкіл кемелерді басып алып, қалаға зеңбіректен оқ жаудырады. Ғасырлар бойы тұрған сәулетті күмбезді үйлердің күлін көкке ұшырып, қырғынға ұшыратады. Мұндай озбырлық, елді қанға бояу отаршылардың ежелгі әдеті болатын. Васко да Гама бұдан әрі Цейлон, Суматра, Ява аралдарына дейін барып бейбіт елді қырғынға ұшыратты. Мұны көрген қытай халқы өзіне қарайтын аралдардан португал басқыншыларын қуып шығады.

Португалияның географиялық зерттеулері Васко да Гаманың осы екінші экспедициясымен аяқталды. Енді олар біржола отарлау саясатына көшті. 1519-1522 жылдары Азияға батыс жолмен жету мақсатымен Испания ірі теңіз саяхатын ұйымдастырды. Экспедицияны ержүрек, тәжірибелі теңізші Фернан Магеллан басқарды. Бес кемеден құралған экспедиция Оңтүстік Америка жағалауына жетіп, материк пен Отты жер аралы арасындағы бұғаз (қазіргі Магеллан бұғазы) арқылы Оңтүстік Американы айналып өтеді. Одан әрі Тынық мұхитты кесіп өтіп, Филиппин аралдарына жетеді. Осында жергілікті тұрғындармен қақтығыс кезінде Магеллан қаза табады. Оның серіктері Тынық мұхитпен жүзіп, Оңтүстік Африканы айналып, Испанияға жалғыз ғана кемемен қайтып оралады. Дүниежүзін айналып өткен тұңғыш саяхат Жердің шар тәрізді екенін, мұхиттың біртұтастығын және жер бетінің басым бөлігін су басып жатқанын біржолата дәлелдеді.

Географиялық ашылудың нәтижелері

Географиялық ашылулар сауданың бұрын болып көрмеген дәрежеде ұлғаюына себепкер болды. Жеке материктер арасында байланыс орнап, дүниежүзілік сауда өріс алды. Еуропа елдері Америка құрлығын отарлай бастады. Отар елдерден еуропалықтар көптеген өнеркәсіп тауарын, қару-жарақ, мата және басқа да бұйымдар алып тұрды. Еуропаға енді Америкадан темекі мен какао, Азиядан шай мен кофе жеткізіле бастады. Отарлардан Еуропаға көптеген алтын мен күміс әкелінді. Осы бағалы заттардың көбі Испания мен Португалия корольдері мен феодалдарына тиді, Бірақ бұл елдер мешеу болатын, олардың өз өнеркәсібі жоқтың қасы еді. Сондықтан алтын феодалдардың басқа елдерден сатып алған бұйымдарының төлеміне жұмсалып жатты. Отарлардан тоналып алынған бағалы заттар көпестердің, банкирлердің, аса дамыған Еуропа елдерінің ірі кәсіпорын иелерінің қалталарына түсті. Географиялық ашылулар және отарлық басқыншылық Еуропада тауар өндіруді жеделдетуге біршама ықпал етті. Алайда Американың, Азия мен Африканың халықтары үшін бұл отарлық езгіге түсудің бастамасы еді.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Айтбай Р.Т., т.б. — Дүниежүзі тарихы: Жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған оқулық. — Алматы: Атамұра, 2017. — 144 бет.
  2. Электронды қор: wikipedia.org

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *