XIX ғасырдағы экономикалық және саяси жағдай

Крепостнойлық құқық жойылғаннан кейін Ресейде дами бастаған капитализм қазақ шаруашылығын жалпыресейлік тауар айналымына тарта бастады. Мұның өзі оның патриархалдық-феодалдық тұйық шеңберінен шығуына мүмкіндік берді. Сондықтан да өткендегі тыныс-тіршіліктің формаларына қарағанда бұл процестің терең прогрессивті мәні болды.

XIX ғасырдың бірінші жартысында Қазақстан жалпыресейлік қоғамдық еңбек бөлінісіне тартылып, біртіндеп бүкілресейлік рынокқа қосылды. Ауыл шаруашылығының тауарлылығы өсіп, шет аймақтарды орталықпен жақындастырды, олардың сауда-экономикалық байланыстары жандана түсті.

Сауда көшпелі-айырбас, мерзімдік жәрмеңкелік және бір жерде жүргізілетін тұрақты сауда түрінде қалыптасты. Тауар-ақша қатынастарының дамуына жәрмеңке саудасы ерекше жәрдемдесті. Петропавл, Семей, Ақмола, Атбасар, Орал, Атырау, Ресейдің көршілес губернияларындағы Омбы, Қорған, Тумен, Орынбор, Нижний Новгород қалалары ірі сауда орталықтары еді.

Қазақтардың Ресеймен сауда-саттығы тұрақты сипат алып, жыл өткен сайын өсе түсті. Егер 1820 жылы Сібір, Орынбор, Орал шептерін қоса алғанда күміс ақшаға шаққанда не бары 115 мың сомның орыс тауарлары сатылса, 1852 жылы күміспен 554,8 мың сомның тауарлары әкелініп, 4,4 млн. күміс ақша тауары әкетілді. Қазақтардың айырбас пункттеріне ірі қара малын айдап әкелуі көбейді. 1820 жылы Петропавл айырбас сарайына 70 мыңдай ірі қара, миллиондай қой айдап әкелінді.

Сауданың дамуымен аң аулау тауарлық мәнге ие болды. Саудагерлер мал терісін көптеп сатып алып, оларды жәрменкелерге өткізді. Үй кәсіпшілігінің маңызы артты, онда жасалған бұйымдардың бір бөлігі шаруашылықта пайдаланылса, басқа бөлігі сатуға арналды. Қазақтың көшпелі шаруашылығының дәстүрлі түрлерінде серпінді өзгерістер байқалды — мал шаруашылығының мәні артты. Қазақстан керуендер үшін түйелер мен жылқы беріп отырды, транзиттік сауда да ерекше рөл атқарды.

Алайда Қазақстанның экономикалық және саяси жағдайының біркелкі еместігі байқалды, өте-мөте егіншілік баяу дамыды. XIX ғасырдың бірінші жартысында өлкеде небары 29 мың десятинаға жуық жер жыртылып, күздік және жаздық бидай, сұлы, арпа, бұршақ, қарақұмық егілді. Тәлімі егіншілік Жайық, Ертіс, Сыр, Тобыл және басқа өзендерінің өңірлерінде кеңінен тарады. Суармалы егіншілік Сырдария, Жаңадария, Қуандария өзендері бойында қалыптасты. Қоныс аударған орыс шаруаларының ықпалымен қазақтар еңбек құралдарын жетілдірді. Орыс шаруалары, өз кезегінде, жергілікті халықтан егістікті суару тәжірибесін үйренді.

Қазақ даласына темірдің, мыс және жез қаңылтырының көптеп әкелінуімен байланысты ұста кәсіпшілігі кеңінен тарады. Қазақ жұмысшыларының саны арта түсті. Мәселен өлкенің кен өндіру өнеркәсібінде орыстармен бірге қазақтар да жұмыс істеді, тұз кәсіпшіліктерінде 3 мындай қазақ болды.

XIX ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанда жергілікті өнеркәсіп пен кәсіпшілік орныға бастады. Елек және өлкенің басқа тұзды көлдерінде тұз өндіру кәсіпшілігі дамыды, рынокқа ас тұзы шығарылды, 2 мың пұтқа дейін сатылды.

Өлке экономикасының бұдан былай дамуында Ресейдің капиталистік өнеркәсібі мен жергілікті жердегі ауыл шаруашылық өндірісі арасында делдал әрекет жасаған сауда және өсімқорлық капиталдың рөлі арта түсті, ол Ресейдің орталық губерниялары мен Қазақстан арасындағы емес, сонымен бірге өлкенің ішінде де тауар айналымының өсу қарқынын шапшаңдатты. Мұндағы натуралды шаруашылық біртіндеп ыдырай бастады.

Қазақ шаруашылығының рынокпен байланысының ұлғаюына патша өкіметінің салық саясаты ықпал жасады. Қазақтарға ақшалай көптеген салықтардың салынуы оларды өнімдерінің бір бөлігін рыноктарда өткізуге мәжбүр етті. Мал мен астық барған сайын тауарға айнала берді.

Ресей мен Орта Азияның егіншілікпен айналысатын отырықшы халқымен шаруашылық байланыстарын жасай отырып, қазақтар Ресейлік фабриктер мен ортаазиялық қолөнер бұйымдарын сатып ала бастады. XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстан экономикасында натуралды шаруашылықтың көлемі қысқарды, өлке өнеркәсіп тауарларын өткізу рыногы және бағалы ауыл шаруашылығы шикізатының қайнар бұлағы жағдайында капиталистік Ресейге барынша байлаулы болып шыға келді.

Қазақстанның Ресеймен тауар айналымының құрылымы мешеу аграрлы шет аймақтық өнеркәсіп жағынан дамыған орталықпен өзара қарым-қатынасының мәнін бейнеледі. Қазақтар осында әкелінген ресейлік маталарды, металл заттарды, ортаазиялық қолөнер бұйымдарын мал және мал шикізатына айырбастап алып отырды, сондай-ақ тірі мал, әсіресе уақ және ірі қара малдарын сатты. Қырдың жылқысы егін шаруашылығына бейім болмағандықтан олар Ресейге аз жеткізіліп келді. Тері, жүн, жылқының жал-құйрығы, түбіт көп мөлшерде тасылып әкетілді, өйткені Ресей мен Еуропа өнеркәсібінің бұларға деген сұранысы барған сайын арта түскен еді.

Сібір темір жолының қатарға қосылуынан кейін Петропавл мен Омбы станциялары арқылы сары май мен ет көптеп тасыла бастады. Мәселен, 1900 жылы Петербург пен Мәскеуге 38,4 мың пұт май және 104 мың пұт сойылған ет әкетілді. Мал өсіру өлкенің барлық жерінде, әлеуметтік топтардың бәрінде де шаруашылықтың маңызды саласы еді.

XIX ғасырдың аяғында барған сайын көп мөлшерде астық (дәндей және үндай) тасылып әкетіле бастады. Мұның өзі қоныс аударушылар шаруашылықтарында да, қазақтардың шаруашылықтарында да тауарлы астық өндірісінің дамуымен байланысты болды. Тауарлы егіншіліктің шапшаң өсуі, өнім өткізуге қолайлы рыноктар Семейде үн тартатын ірі өндірістің құрылуына себепші болды, қуатты су диірмендері салынды. Бұл жерден жыл сайын 1 млн. пұттан астам жоғары сортты ұн әкетіліп тұрды.

Қазақстанда тасымал сауда неғұрлым кең тарады. Ел аралаған сан мың алъшсатар ірі сауда капиталы мен ұсақ өндіруші шаруалар бұқарасы арасында делдал қызметін атқарып, қырдағы бүкіл рынокты иеленіп алды. Малшы көшпелілер сауда капиталының өктемділігі алдында қорғаныссыз қалды. Тасымал саудасы, әсіресе алыстағы ауылдарда көпе-көрінеу тонау сипатында болды. Қазақтардың ол кезде өздерінің өнімдерінің, сондай-ақ әкелінген тауарлардың бағасы жөнінде де түсінігі болмады. Көпестері өздерінің тауарларына жоғары, ал қазақ шаруашылығының өнімдеріне мейлінше төмен бағалар белгіледі. Мысалы, жарты қадақ шай (150 гр. — К.Р.) мен бір қадақ қантқа қой талап етті; Ресейде 6-7 сомға сатып алынған самаурынға қырдағылар 20-25 қойын берді (бір қой 3 сом тұратын).

XIX ғасырдың екінші жартысында ресейлік көпестер Қазақстанда сауданың жаңа түрі — жәрмеңкені пайдалана бастады. Халқы сирек ұланғайыр жері бар, қатынас жолдары дамымаған, халқының дені көшпелі өмір салтында болған өлкеде жәрмеңкелер ірі сауданың қолайлы түрі болды. Тұңғыш жәрмеңке 1832 жылы Бөкей ордасында Хан сарайының жанынан ашылды. Өлке өмірінде жәрмеңкелер XIX ғасырдың 70-90 жылдарында үлкен рөл атқарды.

Қазақстанда сауда капиталының пәрмеңді түрде өсуімен сауданың тұрақты формалары: дүкендер, көтерме сауда қоймалары орнықты, олардың бәрі негізінен шеткері аудандарда шоғырланды, ал Орталық Қазақстанның орасан көп кең аумағында түрақты сауда пункттері мен жәрмеңкелер болмады. Бұл жерлерде тасымал сауда жасайтын көпестер қожалық етті.

XIX ғасырдың 80-90-жылдары өсімқорлық жаппай тараған кез еді. Момын қазақ шаруалары өсімқор капиталға түгелдей дерлік кіріптар болды, өсімқорлар көшпелілердің мал-мүлкін сатты. Ауылда өсімқорлық қызметін байлар мен жергілікті қазақ әкімшілігінің өкілдері де бар ықыласымен пайдаланды. Олар өздерінде ақша болмағандықтан орыс және ортаазиялық көпестерден көптеп қарыз алып, бұл сомаларды ауылда өсімқорлық қаракеттер жасауға жұмсады.

Өлкеде тауар айналымы өскен сайын өсімқорлықпен қатар XIX ғасырдың аяғында банктер мен басқа да несие беретін мекемелердің капиталистік формалары пайда болып, тарай бастады. Қазақ сауда буржуазиясының қалыптасуы мейлінше баяу жүрді. Бұған натуралдық шаруашылықтың үстемдігі, тауарлы өндіріс пен айырбастың дамымауы, ресейлік және ортаазиялық көпестердің бәсекесі ықпал жасады. Ұлттық сауда капиталының құрылуын отарлық жағдай да тежеді. Ресей буржуазиясы қазақ көпестерінің негізгі тауарлары — мал мен мал шаруашылығының шикізатын төмен бағалады. Сондықтан да саудагер қазақтар айналым мөлшері жөнінен орыс, ортаазиялық және басқа да көпестерден әлдеқайда артта қалып отырды.

XIX ғасырдың аяғында Ресей капиталистері Қазақстанда өнеркәсіп өндірісін ұйымдастырып, мұнда өздерінің капиталдарын әкеле бастады. Бұл үшін өлкеде қолайлы жағдайлар бар еді: а) жер мен шикізат арзан; ә) жұмысшылардың жалақысы төмен; б) басы артық жұмысшы күші мол. Осы кезде өлкеде едәуір көмір қоры бар екені белгілі болған-ды. Тас көмір өнеркәсібінің дамуы мемлекеттік, қоғамдық сұраныстың артуына, өнеркәсіптің өрге басуына, темір жолдар мен кеме қатынастарының ашылуына себепші болды. Қазақ даласында алғаш рет 1885 жылы «Ст. Ал. Поповтың және К° далалық тас көмір» қоғамы құрылды. Ол Сарыарқадағы Кеңгір өзенінің бойында алғашқы металлургия зауытын салды. Болашақтағы атақты күйші Тәттімбет осы зауытты салуға қатысты. Оның негізгі кариталы 125 мың сом еді. Кен өнеркәсіпшілеріне жер сату арқылы ірі бай-феодалдар олжаға батты.

Феодалдық қатынастардың қайсыбір нышандары сақталған өндірістің капиталистік сипатының барлық белгілері Қазақстанның ірі тұз өнеркәсібінде, әсіресе Эльтон, Басқұншақ, Елек және Коряковск тұз кәсіпшіліктерінде болған еді.

Балық өнеркәсібі де едәуір дамыды. Балық аулау кәсібі казак әскерінің қарауында болды да одан алынған салықтар солардың қалтасына түсіп жатты. Кәсіпшілік көбінесе Жайық өзені мен Каспий теңізінің жағалауында шоғырланған еді. XIX ғасырдың аяғында Каспийдегі балық аулау кәсіпшіліктері капиталистік кәсіпорындарға айналды. Балқаш көлінде балық аулайтын тұрақты кәсішпілік 1880 жылы басталды.

Реформадан кейінгі дәуірде Қазақстанда май айыратын, тері илейтін, сыра, арақ-шарап жасайтын, ұн тартатын, тоң май шыжғыратын өнеркәсіп сияқты өндіріс салалары пайда бола бастады. Бұлар өндірістің майдагерлік-кәсіпшілік, мануфактуралық және фабриктік түріндегі кәсіпорындар еді.

Көлік қатынастарының жоқтығы шикізатты жаппай алып кетуге қолбайлау болды. Орыс капиталистері қаржыларын Ішкі Ресейден Қазақстанға қарай темір жол салуға жұмсады. Бұл жұмыстың алғашқы қадамдары XIX ғасырдың 70-жылдарында жасалынды: 1874-1876 жылдары салынған Самара-Орынбор темір жолы Торғай облысы мен Орынборды Орталық Ресеймен жалғастырды; 1880-1890 жылдары Каспий теңізінің шығыс жағалауынан Ташкентке дейінгі темір жол құрылысы одан әрі жүргізілді.

Қазақстанның аудандарын басып өтетін, Саратовтан Оралға дейінгі жол 90-жылдарда аяқталды. Салынып жатқан Транссібір магистралінің Батыс Сібір учаскесі Петропавл және Омбы ояздарының 178 шақырым жерін басып өтгі.

Ғасырдың аяғына қарай темір жол, су және пошта-телеграф қатынастары Қазақстанды Мәскеумен, Орталық Ресейді, Сібірдің, Алтай мен Орта Азияның көптеген қалаларымен тікелей жалғастыры. Қатынас құралдарының дамуы халықтың жүріп-түруының көбеюіне септігін тигізіп, тауар айналымының өріс алуындағы алғы шарт болды.

Капиталистік қатынастардың қазақ даласына енуі ауылдағы көшпелі және жартылай көшпелі мал өсірушілік пен патриархалдық-феодалдық қатьшастардың ыдырауы процесін жеделдетті, өлкеде өнеркәсіптің жаңа салаларын туғызып, қоғамдық еңбек бөлісіне және жұмысшы кадрларын өмірге әкелді.

Кедей шаруалардың өнеркәсіп кәсіпорындарына кетуі әсіресе, солтүстік және шығыс ояздарда көбірек болды. XIX ғасырдың аяғына қарай осында табыс іздеп келушілер ауылдың байырғы халқы жалпы санының 30-дан 60 пайызына дейін жетті. Табыс іздеушілер армиясы өз шаруашылығынан барған сайын қол үзіп, байларға, қоныс аударьш келген ауқаттыларға, кәсіпорындарының иелеріне жалданбақ боп өлкені кезді. Өнеркәсіп одан әрі дамып, ауыл мен село кедейлері көбейген сайын табыс іздеуші жұмыскерлердің ауылмен байланысы бірте-бірте азая берді.

Кәсіпорындар үшін жұмысшы күшін жалдау арнаулы адамдар арқылы жүргізілді. Жалданғандар өнеркәсіпшіге, зауыт әкімшілігіне түгелдей тәуелді болып қожайындарының зорлық-зомбылығына ұшырады, бірақ жұмысшы әйтеуір бір жұмыс алып, аштан өлуден құтылуы үшін қандай жағдайға болсын көнетін еді.

Қазақстанның жұмысшы табы алғашқы қалыптасуынанақ көп ұлтты болды. XIX ғасырдың аяғында, мысалы, Екібастұзда Орталық Ресейдің 23-тен астам губерниясынан келгендер істеді. Жұмысшылардың жалпы санының 50-60 пайызы қазақтар еді. Бірақ олардың арасында өндіріс машықтарын жетік меңгерген манмандар өте аз еді. Ондайлар Ресей қалаларынан келіп жатты.

Жұмысшьшардың, әсіресе қазақ жұмысшыларының жағдайы өте ауыр еді, олар жалақыны басқалардан аз алатын. Орталық Ресейдегі нақ осындай кәсіпорындарға қарағанда Қазақстандағы өнеркәсіп орындары жұмысшыларының алатын орташа жалақысы тұтас алғанда 2-3 есе кем болды. Жұмысшылар әсіресе сан алуан айып төлеуден азап шекті. Бұл жөнінде Ресейде бай «тәжірибе» жинақталған.

Кен кәсіпорындары жұмысшыларының еңбек жағдайы өте-мөте ауыр болды, олардың еңбек құралдары сүймен, қайла және күрек-кетпен ғана. Өндірісте техникалық қауіпсіздікті сақтау үшін ешқандай шаралар қолданылмады, сондықтан да апатты оқиғалар жиі болып тұратын. Кәсіпорындардың көпшілігінде жұмыс күні 14-16 сағатқа созылды. Жұмысшылардың үй-тұрмысы төзгісіз болуы, тамағының жетіспеуі, үйлердің тар әрі лас болуы жаппай ауруға шалдығуға әкеліп соқты. Жалақы аз төленетін әйелдер мен балалардың еңбегі кеңінен пайдаланылды.

Жұмысшыларды қанау қазақ еңбеккерлерін алалап кемітуімен күшейе түсті. Бұлардың барлығы жұмысшылардың қарсылығын туғызды. Олардың күресі әуелде стихиялы, ұйымдаспаған сипатта болды, олар әр түрлі шағым-арыздарында ауыр езгі мен құқықсыздыққа қарсылығын білдірді. ХIХ ғасырдың екінші жартысында жұмысшылардың қанауға қарсы күресінің кең тараған түрлерінің бірі — өндірісті тастап кету және жұмысқа жаппай шықпау. 1880 жылы Семей облысының кәсіпшіліктерінен жұмысшылардың жалпы санының 2,7 пайызы, ал 1896 жылы 6,4 пайызы кетіп қалды.

Жұмысшылардың кәсіпорындардан кетіп қалуы және жұмысқа шықпауы — күрестің бәсең түрі еді. Күрестің неғұрлым ұйымдасқан және нысаналы амал-құралдары — стачкалар, ереуілдер болды.

Бас көтерулер жайында алғашқы мәліметтер XIX ғасырдың 40-жылдарына жатады. 1849 жылы қазанда Көкшетау кен округінің Мариинск алтын кендерінде ереуіл болды. 150-ден астам қазақ жұмыскерлері қайлалармен, күректермен және балталармен қаруланады да жұмыстарын тастап басқарушы Зубачевтің үйіне келіп, одан есеп айырысуды талап етеді.

1879 жылы Басқұншақ тұз кәсіпшілігінде болған ереуілге қазақ жұмысшыларының қатысуы баскөтерулер ішіндегі ең ірісі еді. Қазақстанда жұмысшылардың бас көтеруі жалпыресейлік революциялық процестің бір бөлігі болып, 80-жылдың екінші жартысы — 90 жылдың бірінші жартысында кеңінен өрістеді.

Жұмысшылардың саналылығы мен топтасқандығы арта түсті. 1891 жылы маусымда Өскемен оязында Владимирск алтын кеніндегі жұмысшылардың ереуілі оған айқын дәлел бола алады: екі жүздей қазақ қатысқан ереуіл екі күнге созылды. 1898 жылы 5 наурызда Зырьянов мыс рудниктерінде ереуілге қатысқандар жұмыстан шығарылғандарды пештерде қалдыруға және жалақыны күніне 50 тиыннан 70 тиынға көтеруді, ал мереке күндеріндегі жұмысы үшін 1 сом 20 тиын төлеуді талап етті, яғни тек экономикалық талаптар ғана қойды. Әдетте әкімшілік көтерілісшілерді тез жазалайтын, кейде оларды ауыздықтау үшін өкімет орындарын көмекке шақыратын. 1887 жылы Зайсан алтын кеніндегі қазақ жұмысшыларының ереуілін басу үшін «басқарушы Зайсаннан әскери күш шақырды», — деп жазды «Сибирский Вестник» газеті 1889 жылғы 5-санында.

Тұтас алғанда Қазақстандағы XIX ғасырдың екінші жартысындағы жұмысшы қозғалысының алғашқы қадамдарының, әсіресе ереуілшілердің — кешегі шаруалардың таптық сана-сезімінің артуы үшін зор маңызы болды.

Пайдаланылған әдебиеттер: Рысбай К., Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 2005. – 368 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *