Құқыққа сай мінез-құлық. Құқықтық нормалардың талаптарын әр адам сақтауға және орындауға тиіс. Сонымен қатар өз құқығын іске асыру үшін әр адамда құқықтық нормаларды пайдалануға мүмкіндік бар. Ондай іс-әрекет құқықтық мінез-құлық деп аталады. Ол заңға сай болады, мемлекетпен қорғалады және мадақталады. Құқыққа сай мінез-құлық дегеніміз – құқықтық норма нұсқамаларына сай келетін заңдық іс-әрекет. Құқыққа сай мінез-құлық, негізінде, қоғамға пайдалы және әлеуметке маңызды болып келеді.

Құқыққа сай мінез-құлықтың бірнеше жіктеулері бар. Құқықтық сананың деңгейіне балансты  заңды мінез-құлық төмендегідей түрлерге жіктеледі: маргиналды, конформистік, жағымды және әлеуметтік-белсенді. Іс-әрекеттің ниеті – тұлғаның қандай да бір іс-әрекетін жасауға алып барған іштегі түрткі, себеп. Құқыққа сай мінез-құлық белсенді және бейтарапты болады. Біріншісі – тұлға құқықты қолданып міндеттерді орындайды, екіншісі – тыйым салынған іс-әрекеттерден тартынады. Сонымен қатар құқыққа сай мінез-құлықты; қажетті; қалаулы (салық төлеу) және әлеуметтік ұйғарымды, бірақ қалаулы емес (ажырасу) деп бөлуге болады.

Құқықбұзушылықтың ұғымы мен құрамы. Субъектілердің құқық нормасының нұсқамаларын орындамайтын жағдайлар кездеседі. Ондай жағдайлар құқыққа қарсы немесе құқықбұзушылық деп саналады.

Құқықбұзушылық – заңды жауапкершілікке алып келетін құқыққа қарсы әрекет. Құқықбұзушылықтың себептері қоғамның ауытқуында және адамның жетілмегендігінде. Құқық бұзушының психо-физикалық және биологиялық ерекшеліктері бар деп айтуға болады. Егер себептерін қоғамнан іздесе, онда олар экономикалық, саяси, әлеуметтік және имандылық шарттарға бөлінетіндігін айтып өту керек.

Құқықбұзушылықтың түрлері. Әлеуметтік зиян мен қаупіне қарай құқықбұзушылық қылмыс және теріс қылық болып екіге бөлінеді. Қылмыс қоғамға қауіптілігі (зияндылығы) жағынан барынша жоғары дәрежеде болатындығымен ерекшеленеді. Қылмыс қоғамның ең маңызды, байыпты, қылмыстық заңнамасымен қорғалатын мүдделеріне қол сұғады. Қылмыстар ҚР Қылмыстық кодексінде көрсетілген. Қылмыстар төрт топқа бөлінеді: жеңіл қылмыстар, ауырлығы орташа қылмыстар, ауыр қылмыстар, және ерекше ауыр қылмыстар. Жазаның мөлшеріне қылмыстың дәрежесі әсер етеді. Сонымен қатар мерзімнің өтуіне байланысты жазадан босатылуынан мерзімінен бұрын шартты босатуына, сотталғандығын алып тастауына да әсер етеді.

2015 жылы жаңа Қылмыстық кодекс қабылданды. Осы кодекс негізінде жаңа ұғым пайда болды – қылмыстық теріс қылық деп қылмыстық нормаларды бұзған іс-әрекеттерді айтуға болады. Бірақ осы іс-әрекеттер аса жоғары қауіп төндірмейді, аса ауыр зиян келтірмейді және бас бостандығынан айырылуы жазамен жазаланбайды. Қылмыстық теріс қылық үшін айып, қамау, қоғамдық жұмыстар және т.б. жеңіл жазалар қолданады.

Теріс қылық – қоғамға тиетін зиянның деңгейі төменірек болып келетін құқықбұзушылық, қоғам тіршілігінің түрлі салаларында орын алады, сонымен қатар түрлі заңдық салдарға ұшырайды. Қоғамға тиетін зиянның деңгейін анықтау үшін келесі белгілерді қолданады: қол сұғылған объектінің қоғам үшін маңыздылығы, келтірілген зақымның өлшемі, құқыққа қарсы істелген әрекеттің тәсілі, уақыты және орны.

Теріс қылықтың келесі түрлері бар:

  • Азаматтық-құқықбұзушылық немесе деликт. Өз әрекетімен кез келген азаматтың мүлкіне немесе тұлғаға және қандай да бір ұйымға келтірген зиянды іс-әрекет. Басқа сөзбен айтқанда, мүліктік немесе жеке мүліктік емес құқықбұзушылық, келісімшарт міндеттерінің орындалмауы.
  • Әкімшілік құқықбұзушылық. Мемлекеттік немесе қоғамдық тәртіпке, азаматтардың жекеменшігіне, құқықтары мен бостандықтарына, белгіленген басқару тәртібіне нұқсан келтіретін кінәлі әрекет немесе әрекетсіздік.
  • Тәртіптік құқықбұзушылық дегеніміз – еңбек заңын, әскери, оқу үдерісі және қызметтік тәртіпті бұзушылық. Ол кәсіпорынның, мекеменің және ұйымның ішкі тәртібіне залал келтіреді.

Қылмыстық теріс-қылық – қылмыстық кодексті бұзған іс-әрекет. Осы іс-әрекет үшін айып, қамау және т.б. жеңіл жазалар қолданады. Қылмыстық теріс қылық сотталған деген белгіні туындатпайды.

Құқықбұзушылықтың заңды құрамы. Құқықбұзушылықтың заңды құрамы дегеніміз – заңды түрде жауапкершілікке тарту үшін қолданылатын құқықбұзушылықтың белгілерінің жүйесі (33-сызба).

Ежелде құқықбұзушының кінәсін дәлелдеу үшін халықтық амалдар қолданылған. Сонымен бірге құқықбұзушыны әшкерелеу алдында қорқынышы мен санасына сүйенген. «Көкек өз атын өзі шақырады» деген мақалды еске түсірейік. Бір шаруаның ақшасын ұрлап кетіпті. Ауылдық жиналыс «Кім кінәлі?» деп сұрапты. Ешкім мойындамайды. Қатысушылардың бірі «Ұрлықшының баскиімі жанып жатыр!» деп айқай салады. Ұрлықшы қорқып бскиімін ұстап қалады. Сөйтіп, өзінің айыбын ашып қояды.

Африка елінде осыған ұқсас танымал аңыз бар. Бір шалды тонап кетіпті. Өз найзасын қолына алып, осы жағдайды талқылап отырған руластарына барыпты. Екі-үш қадам жетпей: «Найза, ұрлықшыны өлтір!» — деп айқай салыпты. Кінәлі адам қашып кетіпті. Ұрлықшыны қорқыныш ұстап береді.

Заңды жауапкершілік. Құқықбұзушылық орын алған жағдайда мемлекет пен құқық бұзушының арасындағы ерекше байланыс сипатында пайда болатын заңды жауапкершілік. Нәтижесінде құқық бұзушыға арнайы жазалау шаралары қолданылады.

Заңды жауапкершілктің мақсаты – адамның құқығы мен бостандығын қорғау, заңдылық пен құқықтың тәртіптің орнауын қамтамасыз ету.

Мақсат – осы құқықтық амалдарды қодана отырып қол жететін нәтиже. Мақсат келесі заңды амалдарды қолдана отырып іске асады.

Заңды жауапкершіліктің түрлері. Жасалған құқықбұзушылықтың сипатына және құқықтың салаларына қарай заңды жауапкершілікті келесі түрлерге бөлед: әкімшілік, азаматтық-құқықтық, материалдық, тәртіптік және қылмыстық:

  • әкімшілік. 16 жастан бастап қолданылады. Негізі – әкімшілік тәртіпті бұзу. Жазалау түрлері – арнайы құқықтан айыру (жүргізушінің, аңшының және т.б.), айыппұл, әкімшілік қамау және т.б.;
  • азаматтық. 14 жастан бастап қолдналылады. Негізі – келісімшарт тәртібін бұзу, келтірілген шығынды өтеу және мүліктік сипат. Жазалау түрі – айыппұл, келтірілген шығынды өтеу және т.б.;
  • қылмыстық. 14 жастан бастап қолданылады. Тек Қылмыстық кодексті бұзғаны үшін қолданады. Жазалау түрлері – бостандығын шектеу, бостандықтан айыру, айыппұл, өлім жазасы және т.б.;
  • материалдық. 16 жастан бастап қолданылады. Мекемелерге, ұйымдарға немесе кәсіпорындарға келген шығындардың нәтижесінде пайда болады. Жазалау түрлері – келтірілген материалдық шығынды толық өтеу.
  • тәртіптік. 16 жастан бастап қолданылады. Әскери, еңбек немесе оқу тәртібін бұзған жағдайда қолданылады. Жазалау түрлері – ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, жұмыстан босату.

Заңды жауапкершілік – құқық бұзған тұлғаға мәжбүрлеу шарасын қолдану. Ол шаралар арнайы талаптарға, яғни заңды жауапкершіліктің қағидаттарына сай болуы тиіс. Ықтимал құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында мемлекеттік мәжбүрлеуді қолданатын жағдайлар болып тұрады. Мысалы, әуежайларда арнайы бақылау шаралары, пойызда, ерекше күзеттегі орындарда, көліктің және жолаушының жүгін тексеру шаралары; тәрбиелік әсерлердегі мәжбүрлеу шаралары, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары және т.б.

Ондай шаралар алдын кесу, қорғаныс және құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары деп аталады. Бұл әрекеттердің барлығы міндетті түрде заң жүзініде іске асырылуы тиіс. Қорғаныс шараларының мақсаты – заң бұзушыны жауапкершілікке тартпай бұзылған құқықты қайта қалпына келтіру (мысалы, бала-шағаға арналған алиментті төлеткізу).

Алдын кесу шарасының мақсаты – қылмыстық, әкімшілік немесе азаматтық тірліктерде қалыпты өндірісті қамтамасыз ету (мысалы, ешқайда кетпеу туралы тілхат, ұстау).

Басқа процессуалды шаралардың мақсаты – құқықбұзушылықтың алдын алу (мысалы, жеке тексермелеу, куәландыру, мәжбүрленген тексерулер, карантин болған жағдайда қимылдарға шектеу қою), сонымен қатар есі ауысқан ауруларға қолданатын медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары.

Қоғамға, жеке тұлғаға және мемлекетке кесірі тигенімен, жеке тұлғаны заңды жауапкершілікке тартпайтын жағдайлар болады. Ондай жағдайлар заңда көрсетілген, заңды жауапкершілікке тартылмайтын жағдайлар деп аталады. Ондай жағдай орын алған кезде тұлға заңды жауапкершілікке тартылмайды.

Оларға:

  • ессіздік. Тұлға өз әрекетіне жауап бере алмайды;
  • қажетті қорғаныс. Тұлға өзін, өзінің құқығын немесе басқа тұлғалардың мүддесін қоғамдық қатерден сақтап қалу мақсаты. Дегенмен бұл жағдайда қажетті қорғаныс шектеулерінің шегінен шықпауы тиіс;
  • қылмыс жасаған тұлғаны ұстау әрекеті;
  • аса қажеттілік;
  • құқықбұзушылықты психикалық немесе физикалық мәжбүрлеумен жасату;
  • бұйрықты орындау – яғни, кесірін тигізіп отырған тұлға өзінің заңды міндеттемесін орындап отырған тұлға болса, мысалы, әскери бұйрық орындау;
  • азмәнділік – яғни, жасалған құқықбұзушылық қоғамға ешқандай қауіп төндірмейді.

Осылайша құқыққа сай мінез-құлық – мемлекеттің кепілдігімен жасалған құқық нормаларындағы нұсқамаларға сай адамдар мен ұйымдардың тұрмыс-тіршілігі. Құқыққа сай мінез-құлықтың мәні – қоғамға қажеттілігі мен маңыздылығы.

Құқыққа сай әрекеттің әлеуметтік және заңды антиподы болып құқықбұзушылық саналады. Ол – құқыққа қарсы, қоғамға зиян келтіретін кінәлі әрекет. Құқықбұзушылықтың салдары заңды жауапкершілік болып табылады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *