Гестоз — жүктіліктің ең жиі кездесетін асқынуларының бірі. Гестоз немесе токсикоз деп — тек жүктілік кезінде пайда болатын патологиялық кұбылыстар мен аурулар тобын айтады. Гестозда барлық жүйелер, мүшелер, әсіресе жүрек-кантамырлар,жүйке, бүйрек, бауыр, плацента, зат алмасу жүйелері патологиялық өзгерістерге ұшырайды. Бұл патологиялық өзгерістерден әйел тек босанғаннан кейін, немесе түсік тастағаннан кейін ғана айығады.

Гестоз екі үлкен жікке бөлінеді:

  1. I. ерте гестоздар жүктіліктің І-ші жартысында (1-3 ай аралығында) пайда болады.
  2. II. кеш гестоздар — жүктіліктің екінші жартысында дамиды. Ерте гестоздар (токсикоздар): құсу, сілекей ағу, жүктілік дерматозы, сары ауру, остеомаляция, бауырдың жедел сарғайып солуы.

Кеш гестоздар: жүктілік шемені, нефропатия, преэклампсия, эклампсия. Шет елде гестоздың екі клиникалық түрін ажыратады: преэклампсия және эклампсия. Преэклампсияға — жүктілік шеменін, нефропатияны және преэклампсияны жатқызады. Қазақстанда 1998 жылы акушер-гинекологтардың республикалық ғылыми-практикалық конференциясында гестоздың даму дәрежесіне қарай оның жіктелуі және дәрігерлік тактикасы анықталды (11-кесте). Жүктіліктің екінші жартысындағы гестоздың жиілігі 7-16 % аралығында, шет ел авторларының зерттеулері бойынша 23 %-ке дейін.

Республикада жоғары дәрежедегі «қауіп-қатер» тобындағы әйелдерді ерекше есепке алып бақылау жүргізгенде жүкті әйелдер арасында гестоздың жиілігі жыл сайын артуы анықталған. Мысалы бұдан 10 жыл бұрын гестоздың жиілігі 6-10 % болса, қазіргі кезде 16 %-23 % дейін артгы, әсіресе оның ауыр қатерлі түрлері акушерия тәжірибесінде жиі кездеседі. Эклампсия — 50%, преэклампсия — 27,3%, нефропатияның ауыр дәрежесі — 22,7% (1997ж).

Гестоздың себептері мен даму жолдары:

Гестоздың себептері мен даму жолдары толық анықталмаған, ғылыми тұрғыда 30-ға жуық теориялар бар. Көптеген авторлар гестоздың дамуын тек жүктіліктің пайда болуымен байланыстырады. Мысалы тоқтаусыз құсумен ауырған әйелдің жүктілігін үзсе, әйел жағдайы бірден жақсарады, сол сияқты гестоз белгілері босанған әйелдерде бірден кетеді.

Қазіргі кездегі көп теориялардың ішіндегі негізгілері:

  1. Нейрогенді теориясы
  2. Иммуно-генетикалық теориясы
  3. Адаптация (бейімделу) теориясы

Нейроген теориясы бойынша: жүктілік кезіңде жатырдан орталық жүйкеге патологиялық толқындар келіп түседі, соның әсерінен жатыр мен орталық жүйкенің қарым-қатынасы бұзылып, мүшелер мен жүйелердің қызметтері қалыптан тыс ауытқиды. Бұл патологиялық құбылыстардың дамуында негізгі өзгеріс орталық жүйке жүйесінде (о.ж.ж.) байқалады, осыған орай қан-тамыр жүйесінің реттелу қызметі бұзылып, жүктілік гестозында мүшелермен ұлпаларда қанайналымы бұзылады. Осының салдарынан ішкі сөлденіс бездерінің, мидың, бауыр, бүйрек т.б. мүшелердің қызметі патологиялық өзгерістерге ұшырайды, зат алмасудың барлық түрлері бұзылып, организмде дистрофиялық процестер дамиды.

Иммуно-генетикалық теория бойынша: жүктілік кезінде ана-бала жолдасы — ұрық өзара қалыпты иммунологиялық қарым-қатынаста болады. Жүктіліктің даму барысында осы қалыпты жағдай көптеген сыртқы және ішкі факторлардың (әйел организміндегі) әсерінен плацента жүйесі, ұрық патологиялық өзгерістерге ұшырайды. Сөйтіп ана мен ұрықтың арасында иммуно-генетикалық сыйыспаушылық байқалады, яғни ана мен ұрықтың антигендік құрылыстары әртүрлі болады. Жүктілік гестозында плацента жүйесінде патологиялық өзгерістер болады, ұрық антигені ана қанына өтіп, антиденелердің пайда болуына душар етеді. Осы жағдайда пайда болған иммунологиялық өзгерістер жүйке, қан-тамыр т.б. жүйелердің өзгеруіне әсер етеді.

Адаптация (бейімделу) теориясы: жүктілік кезеңі әйел организміне елеулі өзгерістер енгізеді, осыған байланысты бұл кезең организмге ең жоғарғы талаптар қояды. Осы жаңа талаптарға сәйкес әйел организмінің бейімделуі физиологиялық немесе патологиялық салада болуы мүмкін.

Жүктіліктің екінші жартысындағы гестоз кезінде ана организмі жаңа талаптарға бейімделу саласында үлкен патологиялық өзгеріске ұшырайды. Бұл өзгеріске бірден-бір әсер ететін ана-ұрық және плацента жүйесіндегі иммунологиялық қозғалыстар. Бұл патологиялық өзгерістер мен нейро-гуморалдық қарым-қатынастың бұзылуы салдарынан, жүктілік гестозы кезінде бүкіл организмде қан тамырларының түйілуі (тамыр спазмы) пайда болады. Бүкіл әйел организміндегі қан тамырларының түйілуіне байланысты, қан тамырлардың барлық физиологиялық қасиеттері бұзылып, қан айналымы патологиялық өзгерістерге ұшырайды. Аталған жоғарыдағы өзгерістер бүкіл организмдегі оттегінің азаюына себеп болып, осының салдарынан мүшелерде, клеткаларда оттегі жетіспейді. Осындай патологиялық құбылыстар, жүктіліктің екінші жартысында әйелдің токсикозға шалдығуына душар етеді. Кеш гестоздың ауырлық дәрежесін бағалауда және нәрестеге оның әсерін анықтау үшін Виттлингер шкаласын қолданады.

Ерте гестоздар. Клиникасы, емдеу жолдары

Ерте гестоздар жүктіліктің тұңғыш айларында пайда болады. Жүкті әйелдің құсуы. Ерте гестоздар арасында ең жиі кездесетін науқас, әдетте әйелдердің 80-85 проценті жүктіліктің алғашқы айларында таңертең жүректері айнып, анда-санда құсады, бірақ жалпы күй-жағдайлары өзгермейді, бұл құбылыс гестозға жатпайды, тек жүктіліктің бір белгісі болып есептеледі. Ал гестоз кезінде әйел тек таңертең ғана емес, тәулігіне бірнеше рет жүрегі айнып, лоқсып, құсып, тәбеті төмендеп, жалпы күй-жағдайы нашарлайды. Аурудың асқыну дәрежесіне қарай оның үш түрін ажыратады: жеңіл, орташа, ауыр түрі.

Жеңіл түрінде құсық күніне 3-4 рет ғана болады, көбіне тамақ ішкеннен кейін, тамақ ішу қабілеті сақталады, кейде ащы-тұщы тағамдарды сүйсініп жейді, жалпы жағдайы өзгермейді. Жеңіл түрінде жүйке жүйесі тек функционалдық өзгерістерге ұшырайды. Орташа түрінде әйелдің құсуы жиілене бастайды, тәулігіне 10-нан да астам болады, жүрегі айнып, тамақ ішуі нашарлайды, ал ішсе жедел құсып тастайды, әлсіреп жүдей бастайды. Сонымен бірге жүйке жүйесінде вегетативтік бұзылыстар байқалады. Зат алмасуында, көміртегінің алмасуында өзгеріс болып, кетоацидоз пайда болады. Дене қызуы көтеріледі, жүрек пен тамыр соғуы жиілейді. Тілі құрғайды, тәуліктік зәр мөлшері төмендейді. Қан құрамында гемоглобин, қызыл түйіршіктер азаяды. Уақытында емделмесе, келесі ең ауыр түріне көшеді.

Құсықтың ауыр түрін тоқтаусыз құсық деп атайды. Бұл науқастың ең ауыр түрі — негізгі жүйелер мен мүшелердің қызметі бұзылады, құсықтың саны 20-дан да асады, жүрегі айниды, бұған сілекей ағу қосылады. Ішкен тағаммен бірге сұйық затты да құсып тастайды, организм сусызданып, әлсізденіп, жүдейді. Кейде салмағы 8-10 кг-ға дейін кемиді. Организмде зат алмасуының ақырына дейін тотықтырылмаған қалдықтары көбейіп, қанның мочевинасы, калдық азот және креатининнің мөлшері молаяды, зәрде ацетон пайда болады, дене қызуы көтеріледі, тамыр соғысы жиілейді, (100-120-ға дейін жетеді). Дем алғанда аузынан ацетонның иісі келіп тұрады. Бүйрек, бауырда дистрофиялық өзгерістер пайда болады, кейде әйелдің терісі сарғайып кетеді. Сонымен организм катты уланып, әйел есінен танып — кома болуы мүмкін. Ауруды анықтау жолдары жоғарыдағы белгілерге байланысты.

Емдеу жолдары. Құсу науқасының орташа, ауыр түрлерімен ауырған әйелдер, тек емханада емделулері қажет. Ем жан-жақты, комплексті болуы керек. Жүйке жүйесінің жұмысын қалыпқа келтіру: ол үшін бром, кофеин дәрілерін, электро-анальгезия, электро-ұйқы, психотерапияны пайдаланады.

Кеш гестоздар

Жүктіліктің екінші жартысында гестоздың таза және аралас түрін ажыратады. Гестоздың таза түрі — дені сау (ешқандай соматикалық ауруы жоқ) жүкті әйелдің жүктілік гестозына шалдығуы. Аралас түрі — сырқат жүкті (жүрек, өкпе, бауыр, бүйрек т.б. аурулармен ауыратын) әйелдің жүктілік гестозына шалдығуы. Бүгінгі күні гестоздың белгілі және белгісіз түрлері жиі кездеседі. Мысалы: жүктілік нефропатиясына тән бірнеше белгілері бар: әйелдің қан қысымының көтерілуі, аяқ — қолының ісінуі, зәрінде белоктың пайда болуы. Белгісіз түрінде зәрде тек қана белок пайда болып, шамалы аяқ-қолы ісінуі мүмкін. Жүктілік гестозын ең бастапқы басталған мерзімінен анықтаудың маңызы зор, себебі гестоз мерзімі екі жұмадан асып кетсе, (жеңіл дәрежесінің өзі) оны ұзаққа созылған гестоз дейді, ананы тез арады босандыру қажет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *