Крест жорықтары деп Еуропа феодалдарының XI ғасырдың аяғынан XIII ғасырдың соңына дейін Таяу Шығысқа — Сирия, Палестина, Мысыр, Балқан түбегі, Кипр аралы, Кіші Азияға жасаған әскери жаулаушылық жорықтарын айтамыз. Бұл жорықтар 1096-1270 жылдар аралығын қамтыды.

Крест жорықтарының басталуына Таяу Шығыстағы шаруашылықтың өрлеуі мен Батыс Еуропадағы экономикалық тоқыраудың нәтижесінде өрістеген әлеуметтік шиеленістер себеп болды. Қуатты Бағдад халифаты 1055 жылы түпкілікті ыдырауға ұшырады. Салжұқтар 1071 жылы Манцикерт түбінде Византияны жеңіп, Сирия мен Палестинаны басып алды. Византия басынан ауыр кезеңді өткізіп жатты. Император Алексей Комнин папа II Урбанға елші жіберіп, көмектесуін сұрады.

Бірінші крест жорықтары

Шіркеу — шығысқа жорықты ұйымдастырушы. Католиктік шіркеудің өз мақсаты болды. Шығысқа жорық арқылы ол бытыраңқы Еуропадағы саяси билікті өз қолына алғысы келді. Өзінен бөлінген шығыс шіркеуін қайтаруды ойлады.

Ислам әлеміне қарсы жорыққа аттануды 77 Урбан папа бастады. Ол 1095 жылы Клермон қаласында (Франция) шіркеу жиынында мыңдаған дінбасылар мен халықтың алдында сөз сөйледі. Халықты Византияның түрік-салжұқтарына қарсы күресіне көмектесуге, Иса пайғамбар жерленген Иерусалимді мұсылмандардан азат етуге шақырды. Папа бұл жорыққа қатысқандардың барлық күнәсі кешіріледі, шайқаста қаза тапқандар о дүниеде пейішке барып, рақатқа бөленеді деп жариялады. Папа киелі жердің байлығы мен құнарлығы туралы да айтты.

Кресшілер
Кресшілер

II Урбанның жалынды сөзі жиынға қатысушыларға ерекше әсер етті. Олар тізерлеп отырып, Иса пайғамбардың табытын азат ету үшін өмірлерін аямайтыны туралы ант берді. «Құдай осыны қалайды» деп айқайлап жүріп, сол жерде маталардан крест қиып алып, оны киімдеріне тіге бастады. Сондықтан бұл Крест жорықтары деп аталды.

Кедейлердің Шығысқа жорығы. Шіркеу крест жорықшыларына көптеген жеңілдік жасады. Олар қарыздарын төлеуден босатылды, олардың дүние-мүліктері мен отбасылары шіркеу қамқорлығына алынды. Папаның Шығыс елдерінің шұрайлы жері туралы, онда кедейлердің тез байып кететіні туралы үндеуі кедейлер арасында рақат өмірге бөлену үмітін туғызды. Осындай уағыздың нәтижесінде, 1096 жылдың көктемінде Франция мен Германияның ондаған мың кедей шаруалары тәу етуге «жорыққа» аттанды. Аш-жалаңаш кедейлер жолдарындағы венгрлердің, болгарлар мен гректердің жерлерінен өтіп бара жатып, жергілікті халықтардың азық-түлік, мал-мүліктерін тартып алды, тонаушылыққа ұшыратты, қарсыласқандарын өлтіріп, зорлық-зомбылық жасады.

1096 жылы қазан айында түрік-салжұқтарының әскері Кіші Азияға басып кірген кресшілерді толық дерлік қырып жіберді. Діни ерлік жасап, байлыққа батуды аңсаған батыстың кедей шаруалары мен рыцарьлары осылай сәтсіздікке ұшырады.

Осы бірінші крест жорығы кезінде Батыс Еуропа елдерінің феодалдары бастаған, жақсы қаруланған әскері Шығыста қырылып жатқан кедейлерге көмекке аттанды. 1097 жылдың басында Константинопольге келіп жеткен кресшілер өздерін дөрекі ұстады: жергілікті халықты тонап, ұлттық дәстүрлерін мазақ етті. Шығыс Рим императоры әртүрлі айла-тәсілдермен кресшілер жасақтарын Кіші Азияға бет бұрғызды.

Рыцарьлардың бірінші крест жорығы. Ұзақ қанды шайқастан кейін кресшілер Антиохияны басып алды. Ол жерде кресшілердің бір көсемі өз князьдігін құрды да, Иерусалимге бармай, сонда қалды. Тағы бір көсем армяндардың Эдесса деген бай қаласын басып алды. Осы арада кресшілердің тағы бір мемлекеті — Эдесса графтығының негізі қаланды.

1099 жылдың шілде айында кескілескен шабуылдан кейін кресшілер Иерусалимді алды. Кресшілер қалада шектен тыс қатыгездік әрекеттер жасады. Олар әйел-еркек, бала-шаға, кемпір-шал демей, қала халқын шетінен қыра бастады. Тіпті жас балалардың басын тасқа соғып өлтірді. Қала халқының үйлерін мүліктерімен қоса кресшілер иемденіп алды. Кресшілер Жерорта теңізінің шығыс жағалауындағы шағын жерде өз мемлекеттерін құрды. Олардың ішіндегі ең бастысы Иерусалим королъдігі болды. Батыс Еуропа феодалдары жаулап алынған елдердің халқын қанды қырғынға ұшыратты, зорлық-зомбылық жасап, құлдық езгіге түсірді.

Жаулаушылық жорықтардың нәтижесінде кресшілер Жерорта теңізінің шығыс бөлігін басып алды. Финикия, Сирия, Палестина жерлері, Иерусалим, Антиохия, Триполи, Эдесса, Сидон, Акра қалалары бағындырылып, солтүстіктен оңтүстікке созылған жерді қолға қаратты.

Кейінгі крест жорықтары. Палестина мен Сирия халықтары басқыншы кресшілерді жек көрді, оларға қарсы күресті тоқтатпады. Сөйтіп, басқыншылар өздеріне жау елде үнемі қауіп-қатерде өмір сүрді. Франциядағы Клерво монастырының аббаты Бернар христиандарды қолына қару алып, қайтадан Палестинаға аттаиуға шақырды. Бұл шақыруды француз королі VII Людовик пен неміс императоры III Конрад қабыл алып, 1147 жылы екінші крест жорығын жасады. Олар Кіші Азияда салжұқтардан жеңіліп қайтты.

1187 жылы Мысыр сұлтаны Салах ад-Дин кресшілерді Палестина мен Сириядан қуып шықты. Иерусалим қайтадан мұсылмандар қол астына көшті. Енді оны қайтарып алу үшін Германия, Англия, Франция корольдері 1189-1192 жылдары үшінші крест жорығын жасады. Ол жорық та нәтижесіз аяқталды. Христиандар теңіз жағалауындағы енсіз жерді ғана иемденді. Иерусалим мұсылмандардың қолында қалды.

1202 жылғы төртінші крест жорығын III Иннокентий папа ұйымдастырды. Кресшілер қасиетті жерге теңіз арқылы бармақ болып, Венецияның кемелерін жалдады. Ақысын төлеуге ақшалары жетпей қалған соң, Венецияның әміршісі кресшілерді өздерімен бәсекелес Шығыс Рим империясының астанасына басып кіруге көндіреді. Сөйтіп, кресшілер христиандар қаласы Константинопольді басып алып, оны талантаражға салды. Еуропаның ең бай қаласын иемденген кресшілер Византияда өз мемлекетін құрып, Палестинаға бармай қалды. Олардың мемлекеті Латын империясы деп аталып, 1261 жылға дейін өмір сүрді.

Осы төртінші жорық кресшілердің Иса пайғамбардың табытын азат ету үшін күресушілер емес, өздерінің баюын ғана ойлайтын тонаушы басқыншылар екенін анық көрсетті. Қасиетті жерді азат етеміз деген кресшілер алғаш басып алған жерлерінен айырыла берді. Папалар мен корольдер 1217-1221 жылдары бесінші, 1228-1229 жылдары алтыншы, 1248-1254 жылдары жетінші жорықты ұйымдастырды. Француз королі IX Людовик 1270 жылғы сегізінші крест жорығы кезінде қайтыс болды. Барған сайын ол жорықтарға қатысуға тілек білдірушілер қатары азая берді. Кресшілер арасында алауыздық, өзара қырқысулар орын алды.

Крест жорықтарының салдары. Крест жорықтары Батыс Еуропа елдері тарапынан жүргізілген әділетсіз, басқыншылық соғыстар болды. Бұл соғыстар дүниежүзілік өркениеттің дамуына едәуір кедергі келтірді. Жорықтар Еуропа елдерінің ғана емес, Шығыстағы мұсылман елдерінің де шаруашылығына, мәдениетіне орны толмас зиян әкелді. Көптеген өнер туындылары қирады, кітаптар мен құнды деректер жойылып кетті.

Дегенмен бұл жорықтардың Батыс Еуропа елдері үшін біраз пайдалы жақтары да болды. Біріншіден, Жерорта теңізіндегі сауданың қыза түсуіне ықпал етті. Бұл саудада Солтүстік Италия қалалары үстемдікке ие болды. Екіншіден, Батыс Еуропа халықтары Шығыстан жоғары дәрежеде дамыған мәдениеттің үлгісін игерді. Кресшілер мұсылман халықтарынан тамақ ішер алдында қолдарын жууды, ауық-ауық ыстық моншаға түсіп, ішкиімдерін, төсек-орындарын ауыстырып түруды, әдемі киінуді, ас ішкенде шанышқыны пайдалануды үйренді. Үшіншіден, еуропалықтар Шығыстан жаңа егіс дақылдарын көріп, Еуропада күріш, лимон, өрік, қарбыз өсіре бастады. Еуропалықтар Шығыс халықтарынан жібек мата тоқуды, айна жасауды, металды сапалы өңдеуді үйренді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *