Федеративтік мемлекетте билік біртұтас мемлекетті құрайтын орталық үкімет пен аймақ басшыларының арасында бөлінеді. Мұнда жекелеген аумақтар конституция мен заңдарда бекітілген ережелерге сай айтарлықтай кең өкілеттіліктерді иеленеді. Осы орайда, федерацияда іс жүзінде екі заң шығару, сот, саяси, кейде кедендік жүйе қатар әрекет етеді. Жекелеген аймақтар (Ресейдегі республикалар, Германиядағы жерлер және т.б.) өз конституцияларын қабылдап, өз азаматтықтарын енгізе алады. Біртұтас мемлекетте, өзіміз білетіндей, суверениеттілікке тек орталық билік иелік етеді. Ал федерацияда біртұтас мемлекетке қарағанда суверенитет орталық және жергілікті органдар арасында бөлініске түседі. Аймақтар, өз кезегінде, суверенитеттілік пен дербес мемлекеттің бірқатар белгілері ие болады.

Федерациялардың конституциялық құрылысы билік өкілеттіліктерінің бөлінісін талап етеді: олардың бір бөлігі орталықтың құзыретінде қалады, келесі бір бөлігі аймақтарға беріледі, ал тағы бір бөлігін олар бірлесіп жүргізеді.

Мәселен, Канада парламентінің ел конституциясына енгізетін өзгерістері провинциялардың парламенттерімен мақұлдануы тиіс. Осы ретте, елдің жекелеген бөліктері біртұтас мемлекет құрамынан дербес шыға алмайды. Әрине, тарихта федерациялардың тарап кетуінің бірнеше мысалдары бар екенін де айта кету-керек. Мәселен, 1965 жылы Малайзия федеративті мемлекеті құрамынан жеке штат — Сингапур бөлініп шықты. Бұл шешімді ел үкіметі қолдады, өйткені Сингапурде саны көп қытай қауымының малайлар еліндегі орны мен рөлі күн санап үстем бола бастаған еді.

Конфедерация — ортақ саяси, әскери немесе басқа да мақсаттарға қол жеткізу үшін құрылған бірнеше мемлекеттердің уақытша одағы болып табылады. Осындай одақ құрамына енетін мемлекеттер ұлттық басқару органдарын өз қолында ұстап қалады. Жалпы басшылықты конфедерацияның әрбір бөлігінің ішкі саясатына тікелей ықпал ете алмайтын бірлескен құрылымдар іске асырады. Мұндай одақтарда біртұтас экономикалық, қаржы, салық жүйелері құрылмайды. Конфедерацияның бірлескен органдарының басты міндеті — басқару емес, керісінше одақтағы мемлекеттердің қызметтерін үйлестіру. Әдетте, конфедерациялар уақыттың белгілі бір тарихи кезеңінде өмір сүреді және ол аяқталғаннан кейін федерацияларға айналады. Бүған бастапқыда конфедерация ретінде қүрылған Швейцария, Германия мен АҚІП елдерінің тарихи жолдары мысал бола алады. Кейбір жағдайларда одақтас мемлекеттер жеке бөліктерге ыдырап кетеді. Мәселен, 1982-1989 жылдары аралығында Сенегал мен Гамбия одағы болып табылған Сенегімбия бірнеше жыл өмір сүрді. Сондықтан, конфедерацияны өтпелі ныбан деп санауға болады, оның үстіне мұндай одақтар тым сирек пайда болады.

Федеративтік құрылыстың ерекшеліктері. Әлемде федеративтік негізде құрылған мемлекеттер аз емес. Олардың қатарында Ресей, Германия, АҚШ, Үндістан, Нигерия, Канада, Бразилия, Швейцария, Австрия, Бельгия, Мексика, Австралия және тағы басқа да мемлекеттерді айта кетуге болады. Олардың ішінде кейбіреулері ұлттық белгілері бойынша құрылған, яғни оларды жеке аумақтар ретінде бөлуде этникалық фактор басшылыққа алынған. Бұған мысал ретінде Ресей мен Бельгияны айтуға болады. Үндістан да көпұлтты мемлекет болғанымен, оның федеративтік құрылысы елдің этникалық құрамымен байланысты емес. Әрине, Үндістан үкіметі әртүрлі тілдерде сөйлейтін этникалық топтардың барлығы біртұтас үнді ұлтын құрайтындығы туралы идеяны ресми басшылыққа алатынын айта кету керек.

Басқа федерацияларда жекелеген провинциялардың құрылуы тарихи және аумақтық себептерден туындады. Германия, АҚШ, Швейцария, Австрия, Бразилия осындай негізде қалыптасты. Жалпы, аталған фактор мемлекеттің өміршеңдігіне едәуір ықпал ете алады.

Федерализм қағидаты бойынша құрылған, алайда этникалық ерекшеліктерді ескермейтін мемлекет айтарлықтай күрделі мәселелермен ұшырасуы мүмкін. Мәселен, демократияның дамуы және халықтардың сана-сезімдерінің өсуі КСРО, Чехословакия және Югославия тәрізді мемлекеттердің ыдырып кетуіне алып келді. Аталған федерациялар құрамындағы республикалардың өз егемендігін талап етуі және орталық биліктің көптүрлі мүдделерді еңсеруге қабілетсіздігі сол мемлекеттердің ыдырау себебіне айналды.

КСРО ұзақ жылдар бойы қуатты және ықпалы күшті держава болғанымен, бұл мемлекеттің айбынын тоталитарлық режим мен әскери күш біріктіріп келді. Кеңестер Одағында нысаны тұрғысынан біртұтас, алайда қарама-қайшылықты сипаттағы мемлекеттік құрылыс қалыптасты. Бұл мемлекетте одақтас республикалар, автономиялық республикалар, автономиялық облыстар мен автономиялық округтер, сонымен қатар әдеттегі облыстар мен аймақтар қатар өмір сүрді. Мәселен, одақтас және автономиялық республикалар мәртебесінде.гі айырмашылықтарды түсіндіру қиын болды… Осыған қарамастан бұл мемлекеттегі билік жүйесі қатаң орталықтандырылған сипатқа ие болды. Елдегі барлық маңызды шешімдер орталықпен қабылданатын. Дегенмен, уақыт өте келе басшылық жасаудың тоталитарлық әдістерінен бас тартудың және қоғам өмірінің демократиялануының тереңдеуі нәтижесінде нысаны тұрғысынан федеративтік, ал мәні тұрғысынан біртұтас кеңестік мемлекеттің өмір сүре алмайтындығы белгілі болды.

КСРО-ның ыдырауымен Ресей белгілі бір түрде федерализмнің кеңестік қағидатының мұрагері болып қалды. Сондықтан, Ресей басшылығының алдынан жекелеген республикалардың егемендігі мен мемлекеттің ортақ мүдделерін үйлестіру мәселесі үнемі өзекті мәселе ретінде қалып отыр.

Орталық билік өткен ғасырдың 90 жылдарының басында автономиялармен келісімшарттар бекіту жолымен бүл мәселенің өткірлігін күн тәртібінен алып тастауға қол жеткізгенімен, бұл мәселе әлі күнге дейін түпкілікті түрде шешімін таба алмай отыр. Бұған осы елде әлсін-әлсін туындап отыратын және қарулы қақтығыстарға дейін ұласатын оқиғалар дәлел бола алады (Шешенстан, Дағыстан т.б.) Осы қайшылықтарды әскери жолмен шешуге талпыну 90 жылдардың ішінде Шешен Республикасында ашық соғысқа ұласқаны мәлім және ол қазіргі күнге дейін шиеленісті жағдайда қалып отыр.

Ресей Федерациясында мемлекеттің бұдан кейінгі дамуы туралы пікірталастар жиі туындап отырады. Осы жерде әртүрлі саяси күштер тарапынан айтылатын екі негізгі ұстанымда бөліп көрсетуге болады. Азаматтардың бір бөлігі ұлттық-мемлекеттік құрылысты әкімшілік-мемлекеттік құрылысқа айналдыруды қолдайды, және бұл жағдайда барлық автономиялық республикалар облыстардың (губерниялардың) мәртебесімен теңдей мәртебені иеленеді. Керісінше, азаматтардың екінші бір бөлігі елді «республикаландыруды», яғни барлық облыстарды республикаларға айналдыру қажет деп есептейді.

Мәселен, 2000 жылдары Ресейде бірқатар аймақтар ірілендірілді. Осының нәтижесінде Коми-Пермь, Таймыр, Эвенкі, Коряк, Бурят Усть-Орда және Бурят Агин автономиялық округтері ел картасынан жойылып, олардың барлығын көрші аймақтарға қосып жіберді.

Аумақтық қағидат бойынша құрылған федерация құрылымы анағүрлым берік болады. Мұндай мемлекеттердің жекелеген бөліктері бір-бірімен арасында айтарлықтай қайшылықтар болмайды, олар тіл, мәдениет, салт-дәстүрлердің ортақтығымен біріккен.

Бірқатар зерттеушілер қазіргі күндегі федерацияларды симметриялық және асимметриялық деп бөліп қарастырады. Симметриялық құрылыста федерацияның барлық субъектілері бірдей көлемдегі құқықтарды иеленсе, асимметриялық құрылыста әр аймақтар әртүрлі көлемдегі құзыретті иеленеді. Бұл жағдайда федерация бөліктерінің әртүрлі мәртебелерін заңнамалар немесе дәстүрлер дәйектейді. Мәселен, Ресейде Татарстан Республикасы Рязань облысымен салыстырғанда айтарлықтай үлкен өкілеттіліктерді иеленеді, және бұл осы республиканың конституциясында және орталықпен бекітілген келісімшартта көрініс тапқан. Керісінше, симметриялық федерация орталықтың мықты басымдығына сүйенеді. Осы ретте, симметриялық федерацияның дәстүрлі мысалына Германияны жатқызуға болады. Неміс жерлері (федерация субъектілері) өз құзыреттеріне жататын салалар бойынша бірдей (унификацияланған) заңнамалар қабылдайды. Бұл Германияда федерация құрылымдары берік орын алғанын және қоғамда келісімнің бар екеніне дәлел бола алады. Аталған құрылым жерлердің саяси дербестігін төмендетуге алып келеді, және бір мезгілде аймақтардың орталық саясатына ұжымдық ықпал етуін күшейтеді.

Федеративтік құрылыстың пайда болуы тарихпен байланыста көрініс табады. Мәселен, өткен ғасырға дейін немістер шекаралармен және кедендермен бөлінген ондаған князьдықтар мен корольдіктерде өмір сүріп келді. Мәдени, өндірістік-шаруашылық және байланыстардың дамуы, өз кезегінде, біртүтас мемлекетті құруды талап етті. Ең бастысы, ел тұрғындарының ұлттық бірлік сезімі мықты болатын.

Енді, заманауи тарихтағы алғашқы федеративтік мемлекет болып табылатын Америка Құрама Штаттары құрылысының қалыптасу тарихына назар аударып көрелік.

Федерализмнің американдық жолы

1776  жылғы 4 шілдеде Америка Құрама Штаттары өз тәуелсіздігін жариялады. Американ халқы осыдан кейін тәуелсіздіктерінің мойындалуына және қуатты мемлекетті орнатуға дейінгі күрделі де азапты жолдарды басынан өткерді. Ағылшындардың әскери қарсылығы Америка тарихындағы ең үлкен тосқауыл емес еді. Жаңа мемлекеттің ішкі құрылысы одан да көп егестер мен қайшылықтардың туындауына алып келді. Конгресс пен осыған дейін жекелеген ағылшын колониялары болып келген штаттар арасындағы билікті бөлу — ел конституциясын қабылдау үдерісіндегі басты мәселе болды. Орталықтың күшті билігі штаттар өкілдеріне патшалық әлімжеттікті елестетті, сондықтан бастапқы кезеңде өкімет өкілеттілігін аз мөлшердегі қажетті функциялармен шектеу үрдісі басым болды.

1777  жылы соғыс жүріп жатқан кезде Конгресс депутаттары Құрама Штаттардың I Конституциясын қабылдады. Бұл құжатқа сәйкес, парламент өкілеттілігі алым-салықтарды дербес жинай алатын, ақша басып шығара алатын, сауда келісімдерін бекіте алатын жекелеген штаттардың әрекеттерін үйлестіріп отырумен шектелді. Конгресте әр штаттан бір депутат отырды. Орталықтың билігі штаттар арасындағы қақтығыстарды шешіп отырумен, әскерді басқарумен және халықаралық қатынастарда өкілдік етумен шектелді. Осылай, конфедеративтік мемлекет құрылды.

Дегенмен, көп уақыт өтпей елде айтарлықтай қиын экономикалық дағдарыс басталды. Одақтық органдар мен штаттардың әрекеттерінде біртұтастықтың жоқ болуы нәтижесінде елдің қаржы жүйесі бүзылды. Нәтижесінде, ақшалардың тез қүнсыздануы басталып, бұл ұзақ уақытқа созылған соғыстардан кейін ақшаларын ала алмаған жауынгерлер мен офицерлердің көңіл толмаушылықтарын тудыра бастады. Бұл, сонымен қатар, штаттар арасындағы қайшылықтардың тез ушыға бастауы өмір сүріп отырған конституциялық құрылыс жағдайында қалыптасқан күрделі ахуалдан шыға алмайтынын көрсетіп берді.

Осындай күрделі жағдайда елді бітімгерлікке алып келе алатын жаңа Конституцияны әзірлеу керек деген шешім қабылданды. Штаттар өкілдері, бір жағынан, штаттардың мүдделерін ескеретін, екінші жағынан, бүкіл мемлекеттегі заңдылық пен тәуелсіздікті қамтамасыз ете алатын күшті орталық билікті қүруға мүмкіндік беретін мемлекеттік құрылыс нысанын табуы керек болатын. 1787 жылы заң шығарушы, атқарушы және сот биліктері тармақтарының бөлінісіне негізделген II Конституция қабылданды. Заңды қабылдау барысында парламент туралы мәселе талқыланған кезде штаттардың заң шығарушы органда өкілдік етуіне қатысты мәселеде штаттар арасында егестер туындады. Ірі штаттар пропорционалдық өкілдік қажет деп санаса, шағын штаттар, керісінше, теңдей өкілдіктің қажеттілігін қорғады. Пропорционалдық өкілдік тұрғындарының саны көп штаттардың депутаттарының басымдығын қамтамасыз ететін еді. Бұл мәселе төңірегіндегі егестер бітімгершілік жолмен екі палатадан түратын парламент құру шешімімен аяқталды: Сенатта штаттардың тең өкілдері отыратын болады деп қабылданса, депутаттар палатасы керісінше штаттардың тұрғындар санына байланысты пропорционалды түрде сайланатын болып шешімін тапты.

Жаңа Конституцияға атқарушы билікті басқаратын президент лауазымы енгізілді. Орталық пен штаттар өз қүзыреттерін жаңа түрде бөлуге келісім берді. Конституция Қүрама Штаттардың барлық аумағында жоғары күшке ие болып, штаттар Конституцияға қайшы келетін заңдарды қабылдай алмайтын болды, олар сыртқы саясатты жүргізу мүмкіндіктерінен және сыртқы сауда келісімдерін бекітуден айырылды. Біртүтас қаржы жүйесі қалыптасты. Штаттардың билігінде жергілікті өзін басқару, білім беру, полиция, сот, көлік, байланыс және тағы басқа мәселелер қалды. Адамның жеке қүқықтары мен бостандықтарының сақталуы жергілікті биліктің қарауына берілді. 1791 жылы Конституцияға ар-ождан, сөз, жиналыстар өткізу, баспана және тағы басқа да негізгі азаматтық бостандықтардың басшылыққа алынатыны туралы өзгерістер енгізілді. Осы он өзгеріс «Құқық туралы билль» атауына ие болды. Америка Конституциясы — адамзат тарихындағы осындай алғашқы құжаттардың бірі.

Конституцияның қабылдануы Америка Құрама Штаттарының тарихи дамуындағы маңызды құжатқа айналды. Оның келіссөздер үдерісінде және әртүрлі пікірлерді ескеру мен бітімгершілік жолымен қабылдануы әртүрлі пікір қайшылықтарының бейбіт жолмен шешіле алатындығының жарқын мысалына айналды. Әртүрлі көзқарастар мен пікірлерді ұстанушы тараптар өздерін толық қанағаттандыратын құжат нұсқасы өз қарсыластарының мүдделерін қанағаттандырмайтынын түсіне отырып, өз ұстанымдарынан шегініс жасауға келісіп отырды. Федерациялардың даму перспективалары.

Федеративтік құрылыс екі үрдіс тепе-теңдік табатын нысан ретінде көрініс табады:

А) жекелеген бөліктердің дербестік пен тәуелсіздікке ұмтылысы;

Б) экономикалық және саяси интеграциялануды тереңдетуге мүдделік.

Орталықтан қашу үрдісінің (бөлінуге ұмтылушылық) әдетте бірнеше себептері бар:

  1. Экономикалық дамудың әртүрлі деңгейі. Әдетте, елдің орталық аймақтары елдің шетте орналасқан аймақтарына қарағанда өнеркәсіптің өсу қарқыны, тұрғындарының дәулетті тұруы және жалақыларының көптігі, көлік және байланыс салаларының даму дәрежесі тұрғысынан айтарлықтай озық тұрады. Федеративтік мемлекеттердегі кенже дамыған жекелеген аймақтар елдің «индустриалдық жағынан дамыған аймақтарының шикізат көзіне айналады.
  2. Этникалық және діни мәселелердің шешімін таппауы. Мәселен, көпүлтты федерацияларда жекелеген этникалық топтардың тілдік, мәдени, ұлттық мектептер, телеарналардағы ұлт тіліндегі бағдарламалар және тағы басқа да осы қатардағы мәселелерде өздерін теперіш көруші тарап деп санайтын жағдайлар ұшырасып отырады.
  3. Жекелеген аумақтардың, және жалпы алғанда елдің саяси дамуы бойынша туындайтын пікір қайшылығы. Федеративтік мемлекеттердің жекелеген субьектілері салықтар мен төлемдердің сүбелі үлесін орталықтың бюджетіне емес, өз бюджеттеріне алып қалуға мүдделі болуы мүмкін.

Әдетте, федерация қүрамына енетін аумақтардың өздерінің тарихи тағдырларында, салт-дәстүрлерінде, тілдері мен діндерінде айтарлықтай айырмашылықтары болады. Осы факторлардың барлығы бөлінуге ұмтылуды күшейте түсері анық.

КСРО, Югославия және Чехословакия тәрізді федерациялардың ыдырауы жоғарыда айтып өткен факторлардың, сонымен қатар басқа да көптеген тарихи және саяси себептердің салдарынан орын алды.

Орталыққа ұмтылушылық үрдісінің (біртұтас немесе орталықтандырылған мемлекет құруға ұмтылу) де бірнеше себептері бар:

  1. Орталық биліктің және оның іргетасы болып саналатын бюрократияның өздерінің билік функцияларын күшейтуге ұмтылысы. Бұл фактор аймақтардың саяси және мәдени интеграциялануына және осының арқасында мемлекеттің күшеюіне көмектеседі.
  2. Мемлекеттің әскери күші мен халықаралық беделін күшейту қажеттілігі. Айтарлықтай күшті үкімет өзінің сыртқы экономикалық және сыртқы саяси мүдделерін сенімді түрде қорғай алады.
  3. Экономикалық жүйені дамыту қажеттілігі. Тауарлар мен қызмет көрсету, ақпараттық ағындар жолында қандай түрдегі болмасын тосқауылдар мен бөгеттердің жоқтығы бар кезде экономиканың дамуына қолғабыс етеді.

Әрбір халық өз мемлекетінің құрылыс нысанын өзі таңдайды. Көптеген империялардың тарихы орталықтың жекелеген бөліктерге қысым жасауы бәсеңдегенде күштеп біріктірудің ыдырап кететінін көрсетіп берді. Тарих, керісінше, өзара келісім мен заңдарға құрмет көрсету негізінде құрылған мемлекеттер мен саяси жүйелердің тұрақтылығын және олардың экономикалық дамуға қабілеттілігін көрсетіп отыр.

Қазіргі күнде бүкіл әлемде қуатты интеграциялық жобалар әрекет етуде. Мәселен, оның шеңберінде конфедеративтік, тіпті федеративтік құрылысқа жақын принциптер қызмет атқаратын Еуропа Одағы осындай жолмен құрылды. Заманауи Еуропа елдері кедендік, валюталық, экономикалық одақтармен біріккен. Бірлестік ішінде полиция, әскери, шекара қызметі және басқа органдар өз қызметтерін үйлестіріп отырады. Қазіргі күнде Одақ азаматтығы енгізіліп, оған қатысушы елдердің тұрғындарымен тікелей сайланатын Еуропалық парламент құрылды.

Дәл осындай үрдіс ТМД шеңберінде де байқалуда. Қазақстан басшылығы бұрынғы КСРО халықтарының ынтымақтастығын жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретін Еуразиялық Одақты құруға шақырып отыр. Дегенмен, Еуразиялық Одақты құру мәселесінде әлі де болса ойланатын мәселелер бар. Бұл мәселеде Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі ең басты орында тұруы тиістігі анық.

Негізгі үғымдар: аумақтық-мемлекеттік құрылыс нысаны, федерация, конфедерация, орталықтан қашу және орталыққа ұмтылу үрдістері.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *