«Мектептің өмірмен байланысын нығайту және халыққа білім беру жүйесін одан әрі қарай өркендету туралы» Заңның (1958 ж.) іс жүзіне асыра отырып, Қазақстанның мұғалімдері жаңа адамды қалыптастырудың шешуші жағдайына байланысты еңбек процесінде оқушыларды тәрбиелеуге бағытталған нақты шараларды жүзеге асырды. Негізгі шаралардың қатарында әртүрлі үйірмелер ұйымдастыру, байқау, олимпиада, слет, т.б. өткізу, өндіріспен жақын қатынас орнату болды. Орта мектептің көптеген түлектері патриоттық сезімнің күшімен ұжымшарларға, кеңшарларға, құрылысқа, өнеркәсіп кәсіпорындарына жұмысқа барды.

50-інші жылдардың аяғында басталған жалпыға міндетті сегіз жылдық білімге көшу 1962-1963 жылдары аяқталды. Ал ендігі кезекте жаңа үлкен және маңызды міндет — алдағы онжылдықта мектеп жасындағы барлық балаларға жалпы орта және политехникалық білім беруді жүзеге асыру, халық шаруашылығында еңбек ететін, тиісті білімі жоқ жастардың бір бөлігі үшін 8-інші сынып көлемінде білім беру еді.

Қазақстанның еңбекшілері осы уақытқа дейін сегізжылдық жалпыға міндетті оқу туралы занды жүзеге асыруда белгілі деңгейде табыстарға жетті. 1960-1961 оқу жылының басында республиканың түгел аумағында барлық типтегі жалпы мөлшері 1814279 адам көлемінде 10363 мектеп жұмыс істеді. Оның ішінде Ағарту министрлігі мектептерінің саны — 9017. Олардың санатында бастауыш — 4823, жетіжылдық — 2693, сегізжылдық -284, орта онжылдық — 715, І-ІХ сынып құрамында орта өндірістік оқу — 413 мектепті қамтыды.

1960-1970 жылдары халыққа білім беру саласындағы аса маңызды міндеттер республикада жалпыға міндетті орта білімді жүзеге асыру, мектепте білімнің жаңа мазмұнға көшуі оқу процесін және оқушылардың тәрбиесін жетілдіру деп танылды.

Жалпыға бірдей міндетті орта білімге кірісу процесі бірнеше кезеңде жүзеге асырылды. Мысалы, 1966 жылы 10 қарашада үкімет «Орта жалпы білім беретін мектептерді одан әрі қарай жақсарту шаралары туралы» қаулы қабылдады. Онда жалпы білім беретін мектептердің материалдық-техникалық базасын жақсарту бойынша ғимарат құрылысы, жаңа оқулықтарды өңдеу және шығару, мектеп кабинеттері мен шеберханалары үшін құрал-жабдықтар, қажетті спорт жабдықтары және т.б. жоғары жастағы оқушыларды орта біліммен қамтамасыз етіп мектеп жүйесін енгізу бойынша шаралар айқындалды.

Сондай-ақ сегізжылдық міндетті мектепті бітірушілер өз тілегімен білімін кәсіби-техникалық және орта арнаулы білім жүйесінде жалғастыруы назарға алынып, толық орта арнаулы білім беретін оқу орындары нақтыланды. Кейбір мектептердің жоғарғы сыныптарында дифференциалды оқыту енгізілді. Мектептің сәйкестендірілген бөлімдерінде кейбір физика, математика (кейінірек химия), биология, гуманитарлық пәндерді тереңдетіп оқыту жүзеге асырылды.

Жалпыға бірдей сегізжылдық, ал кейінірек онжылдық білім беруді жер-жерде жүзеге асыра отырып, республикада оқуға ауыл жастарын кеңірек тартудың қажеттілігіне ерекше назар аударылды. Осы мақсатпен жаңа кешкі мектептер ашылды, ауылдық жерлердегі аяқталған сегізжылдық білімі жоқ 16 мен 30 жас аралығындағы жастарға тиянақты сабақ жүргізілді. Көптеген ұжымшарлар мен кеңшарларда кеңес беретін пунктер мен сырттай оқитын мектептер ашылды.

1963 жылы тамызда Қазақстан комсомолы халыққа білім беру органдарымен бірігіп рейд жүргізді. Онда мектеп жасындағы балалардың жалпыға бірдей міндетті білім алуға қамтылудың барысы, жалпыға міндетті білім қоры жүмсаған шығынының дұрыстығы, мектептер мен интернаттарда балаларды қабылдауға әзірліктің барысы тексерілді. Жергілікті жерлерде ұйымның дер кезінде жеткізілуіне шаралар қабылданды. Рейд кезінде барлық балаларды білім берумен қамтамасыз ету бойынша үлкен жұмыстар жүргізілді. Рейдттің жүргізілуіне орай көптеген балалар оқуларын жалғастыру үшін мектептерге қайта оралды.

1964 жылы республика мектептерінде оқушылардың саны өсті, бұрынғысынша оқушыларға білім беру мен еңбек тәрбиесін жақсарту бойынша қыруар жұмыс жүргізілді, оқушылардың саяси-идеялық, құлықтық дене тәрбиесіне көңіл бөліне бастады.

1960 жылы Қазақстанда мектеп-интернаттардың кеңінен дамуы өріс алды. Қалада 86, ауылдық жерлерде 65 мектеп-интернат орналасты. Оларда 23875 қазақ балалары, оның ішінде 10234 қыз білім алды. Мектеп жұмысындағы өзгертулерге байланысты 1970 жылы орта жалпы білім беретін мектептердің жаңа Жарғысы қабылданды. Бұл мемлекеттік құжаттық негізінде сегізжылдық мектепті бітірушілер білім алуды, жалпы білім беретін толық орта (онжылдық мектептің ІХ-Х сыныптары), орта арнаулы оқу орындары — техникумдарда (3-4 жылдық оқу), орта кәсіби-техникалық училищелерде ПТУ (3-4жыл), сондай-ақ жұмысшы және ауыл жастары мектептерінде (ІХ-ХІ сыныптар) жалғастыра алатын болды. Бұл оқу орындарының барлығы толық, орта білім мен кәмелеттік аттестатты береді.

1971 жылы мектептің алдына жастарға жалпыға бірдей орта білім беруге көшу туралы, жалпыға білім беретін мектептің материалдық базасын одан әрі қарай нығайтуға шаралар қолдану, оқушыларды оқытудың сапасын көтеру, оларды қоғамдық пайдалы еңбекке белсенді және мақсатты түрде дайындау міндеті қойылды. 1972 жылы маусымда Одақ үкіметі «Жастардың жалпыға бірдей міндетті орта біліміне көшуді аяқтау және жалпы білім беретін мектептерді әрі қарай дамыту туралы» қаулы қабылдады. Бұл қаулы халыққа білім беру органдары мен жергілікті органдар, мектеп қызметкерлеріне ұзақ қызу жұмыстың нәтижесін шығарды және жалпы орта білім беретін барлық түрдегі оқу орындарында оқу-тәрбие процесінің сапасын жақсарту мен жетілдірудің жолдарын көрсетіп берді.

1975 жылы міндетті сегізжылдық мектептің бітірушілері Одақ бойынша толық білім беретін оқу орындарында оқуды жалғастырды. Толық орта білімі бар адамдардың санын аз да болса ұлғайтты. Одан әрі қарай мектеп өмірінде жаңа міндеттерді шешу, тәрбие ісіндегі барлығын қолданудың кешенді тәсілі, саяси-идеялық еңбектің, құлықтың, тәрбиенің тығыз бірлігін қамтамасыз ету керек болды. Жас адамның жан-жақты дамуының қорытындысы оны мектепте оқыту мен тәрбиелеу процесінде диалектикалық-материалистік дүниетанымын, патриотизм, интернационализмін, белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастыру болып табылады.

1974 жылы 24 желтоқсанда Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесінің сегізінші сессиясы халыққа білім беру туралы Қазақ КСР-нің заңын бекітті. Онда мектепке дейінгі мекемелерден бастап жоғары мектепке дейін ағарту ісінің өркендеуінде республика еңбекшілерінің үлкен міндеттері бекітілген.

Сондай-ақ жалпы білім беретін мектеп оқушыларын оқытуды, тәрбиелеуді әрі қарай жетілдіру және оларды «Еңбекке дайындау туралы» (1977 жыл 27 желтоқсан) үкіметтің қаулысы да үлкен маңызға ие болды.

1960-1970 жылдары оқытудың әдістемесі мен мазмұнына ерекше ден қойылды. Бұрынғыдан гөрі ғылыми-техникалық прогресс міндеттеріне жоғары деңгейдегі сәйкестігіне, сондай-ақ жан-жақты мүдделер мен оқушылардың тілегін ескерген оқу-тәрбие процесіне, сыныптан тыс және мектептен тыс жұмыстарды жетілдіруге назар аударылды.

Жастар, оның ішінде оқушылар арасында тәрбие жұмысының түбегейлі бағыттары белгіленді: ғылыми дүниетанымды қалыптастыру еңбексүйгіштікті, саяси білімге қызығушылықты сіңіру, халық дәстүрінде қоғамдық белсенділікті жан-жақты дамытуға тәрбиелеу, оқу және тәрбиелік процестің органикалық бірлігіне қол жеткізу.

Халық үшін 70-інші жылдары үлкен оқиға — жалпыға бірдей міндетті орта білім берудің енгізілуі еді. Дамыған мемлекеттердегіден бір ерекшелігі, біздің елімізде ол Конституция тарапынан кепілдік беріліп бекітілген болатын (1977 жыл). Бұл жылғы Конституцияда жалпыға бірдей және толық орта білімге деген міндетті сипат қарастырылды. Бүл құқық жастардың кәсіби-техникалық, орта арнаулы және жоғары білім берудің өмірмен, өндіріспен байланыс негізінде кеңінен дамытуға, сырттай және кешкі білім берудің өмірмен, өндіріспен байланыс негізінде кеңінен дамытуға, сырттай және кешкі білім беруді өркендетуге білім берудің барлық түрін тегін қамтамасыз етеді.

Алдыңғы кезеңмен, яғни 1959 жылғы сегізжылдық оқытуды енгізуге байланысты сегізжылдық мектептер санының өсімімен салыстырғанда, мектеп тармағында толық орта мектептердің үлес салмағы ерекше өсті. Сегізжылдық мектепте балалардың жан-жақты дамуы, олардың ғылыми білімі, оқушылардың кәсіби бағдарлануы, еңбек және эстетикалық тәрбиесі бойынша күрделі міндеттерді орындады.

Сондай-ақ 70-інші жылдардағы халыққа білім беру үшін үкіметтің «Селолық жалпы білім беретін мектептердің жұмысын әрі қарай жақсарту жөніндегі шаралар туралы» арнайы қаулысы (1973 жыл, шілде) маңызды құжат болып табылады. Аталған құжатта мектептерде ауыл халқының сұранысын толық қанағаттандыру үшін және жалпыға міндетті оқуды жүзеге асыру бойынша қажетті жағдайлар жасау, әрбір кеңшарда және ірі ұжымшарда орта жалпы білім беретін мектептің болуы қарастырылды.

Оқушыларды тәрбиелеу — бұл үздіксіз процесс. Оны сабақ шеңберімен шектеуге болмайды. Сондықтан оқушылардың оқудан тыс уақытын ұйымдастыру мәселелері педагогтік жұртшылықтың ең үлкен аумағын барған сайын өзіне тарта түседі. 1960-1970 жылдары Қазақстанда жер-жерде құрылған сыныптан тыс бірлестіктерде оқушылар ерекше қызығушылықпен айналысты. Сабақтан тыс уақытта ұйымдастырылған оқушылардың қоғамдық пайдалы қызметімен зерттеуші педагогтар да айналысты. Олар сыныптан тыс жақсы жұмыстардың, оқушылардың оқудан тыс бірлестіктерінің тәжірибелерін насихаттады.

Мектептер, сыныптар, отрядтар және т.б. жылнамалары жасалды. Қалалардың, ауылдардың немесе өнеркәсіп кәсіпорындарының тарихын оқып-үйренудің үлкен тәрбиелік маңызы бар. Мысалы, балалар тарих сабағында, география сабағында және басқа да еңбектер арқылы біздің мемлекетіміз, өнеркәсіпте, ауыл шаруашылығында, мәдениетте қандай жетістіктерге жетті, содан хабардар болады. Міне, осы жылдары көптеген мектептерде қала, мекеме, ауыл және т.б. құрылуына қатысты тарихы бойынша материалдар іздеу басталды. Осындай жұмыстар жасөспірімдердің бойында өзіндік ойды оятады, тереңнен ойлау ықыласын тудырады, қоғамдық өмір құбылыстарын түсінуге жетелейді.

Өлкетану жұмыстары оқу және сыныптан тыс жұмыста оқушыларды тәрбиелеу ісіне көмектеседі. Оқушылар өздері жорықтарда және экскурсияларда жинаған материалдар өте қажетті және пайдалы екендігін көреді. Жинақталған материалдар негізінде мектеп музейлері құрылды, стендтер жасалды.

Шығыс Қазақстан облысының өзінде 205 өлкетану музейі құрылды.   Олардың   ішінде   Өскемен   қаласының   №4,8,12,35 мектептерінің музейлері халықтық атқа ие болған Лениногор ауданы, Бутаково селосының этнографиялық музейі ең жақсысы болып табылады. Өскемендегі №35 мектептің өлкетану музейі де тамаша. Онда өте қызықты және тәлім аларлық дүниелер жеткілікті. Ережеге сай музейге оқушылардың біреуі меңгерушілік жасайды, оған музей кеңесі көмектеседі. Музей Кеңесі мұғалімдермен бірге жорықтардың бағыттарын қарастырады және ізденістің мақсатын анықтайды. Жазғы демалыс күндерінде балалар өз өлкесінің көптеген жерлерінде болады. Олар орманды алқаптарды суреттейді. Және өз карталарына түсіреді, музейді жаңа экспонаттармен, коллекциялармен, ертедегі қызықты нәрселермен толықтырады. Музейдің көрмесі ежелгі қола, мыс, күміс монеталардың, әртүрлі шынылардың, көбелектердің, өсімдіктер мен гүлдердің коллекциясымен бай. Бұл жерден күміс, алтын, мыс, титан, магний кенді Алтай байлықтарының асыл түрлерін көруге болады.

Жоғарыдағы Қазақстан мектептерінің өмірінен келтірілген мысалдар 1960-1970 жылдары мұғалімдер, тәрбиешілер, халыққа білім беру органдары мен республика комсомолы өскелең ұрпақты тәрбиелеу жайында үлкен және қызу жұмыс атқарғандығын көрсетеді. Өлкетану жұмыстарын жүргізе отырып, олар ғылыми дүниетанымның қалыптасуына ықпал етті, оқушыларды қоршаған ортаға жаратушы адамның көзімен қарауға үйретті. Тарихи мазмұндағы жұмыстар оқушылардың патриоттық сезімдерінің өсуіне көмектеседі, жеке жауапкершілікке, білуге, құштарлыққа тәрбиелейді. Өлкетану жұмыстары кезінде оқушылардың өзіндік білім алуға талпынысы артады, өзін-өзі жетілдіруге деген бейімділігі туындайды. Жорықтар оқушылар ұжымын жұмылдырады, тәртіпті нығайтады. 1960-1970 жылдары оқушылардың оқудан тыс кәсіби бағдарлау бірлестіктерін құруға ерекше назар аударылды. Оқушыларды еңбекке дайындау, әсіресе, ауыл мектептерінде, одан әрі қарай оқушылардың өндірістік бригадаларының дамуымен қамтамасыз етілді. Оқушылар өндірістік бригадалары бұрынғы одақта 1955 жылдың өзінде Ставрополь өлкесінде жұмыс істей бастады. Кейіннен ол Қазақстан мектептерінде кеңінен таратылып, оқушыларды еңбекке тәрбиелеу мен жан-жақты дамытудың негізгі түрлерінің бірі болды. Оқушылардың өндірістік бригадаларының басты маңызы, ол мінездің ерекшеліктерін қалыптастыруға көмектеседі, еңбекке деген шынайы дұрыс қатынасқа тәрбиелейді.

Республикада басқа да кәсіби бағдарлану бағытындағы бірлестіктер қанат жая бастады. Жас теңізшілер, авиаторлар, ракеташылар клубтары, милицияның, армияның, өрт дружинасының, теміржолшылардың, өзеншілердің және т.б. жас қозғаушы отрядтары құрыла бастады. Мысалы, Қазақстанда осындай қозғалыстың бастаушысы, тіпті одақта бірінші рет 1961 жылы Теміртау қаласы өнеркәсіп қозғалысының электригі 3. Закиров болды. Ол қоғамдық негізде жас теңізшілер клубын ұйымдастырды. Оның клубына 374 жасөспірім келді. Олардың арасында үлгерімі нашар балалар да, тәртіпті балалар да болды. Олардың көпшілігі ұсынылған іспен тек белгілі ережелерге бағынатын, қызықтыратын ойын тұрғысында айналысты. Ал байсалдырақ балалар болашағы бар кәсіби дайындықпен шұғылданды. Клуб жұмысын басқару үшін төрағасымен бірге 30 адамнан тұратын кеңесті сайлады. Жұмыс қызықты және тартымды жүрді. Балалар клубта сигнализация, радио, телеграф ісі бойынша кейбір мәліметтер алды, су асты қызметімен және т.б. танысты. Сабақ ДОСААФ ОК жіберген және қалалық халыққа білім беру бөлімі бекіткен бағдарлама бойынша жүргізілді.

1960-1970 жылдары жас шекарашыларды тәрбиелеу жөнінде үлкен жұмыс жүргізілді. 1971-1975 жылдары республика бойынша жоғары білім беруді одан әрі өркендету, болашақ мамандардың тәрбие жұмысын жақсарту және дайындау сапасын көтеру міндеті қойылды. Бұл үшін жоғары мектептегі ғылыми зерттеу жұмысын дамыту, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының өндіріспен байланысын нығайту ұсынылды. Осы жылдары Республикада қыздарға білім беруге ерекше назар аударылды. Егер 1960 жылы маман қазақ қыздарының саны 24,1 мыңды құраса, 1973 жылы бұл цифр 127,6 мыңға өсті. 1973 жылы маман қазақтардың ішінде қыздардың пайыздық салмағы 47,8-ді қүрады. Әйелдер игерген мамандық қызметі түрлерінің ауқымы ұлғайды. 1973 жылғы деректер бойынша республикадағы барлық инженерлердің құрамында олардың 47,2 пайыз болғанын айтсақ та жеткілікті.

1969 жылғы наурыздың өзінде Қазақ КСР Министрлер Кеңесі республиканың жоғары және орта арнаулы білім министрлігі туралы ережені бекітті. Министрлік республиканың мемжоспарлау комитетімен бірге жоғары оқу орындары мен техникумдарда мамандар дайындаудың перспективалық және ағымдағы жоспарларының нүсқаларын жасау керек болды. Солар арқылы оқу орындарының жарғылары бекітілді. Жоғары және орта оқу орындары үшін оқу құралдары мен әдістемелік әдебиеттерді, оқулықтарды дайындау және бастыруды үйымдастырды, олардың қызметіне бақылау жүргізуді жүзеге асырды. Қазақстанның жоғары оқу орындарына одақтас республикалардың барлық жоғары оқу орындары, әсіресе Мәскеу мен Ленинградтың жоғары оқу орындары барлық уақыттағыдай үлкен көмек көрсетті.

Облыстық жоғары оқу орындарына практикалық көмек көрсету үшін 1960-1970 оқу жылында республиканың Ғылым академиясы мен жоғары оқу орындарынан 494 ғалым мен жоғары білікті мамандар жіберілді. Олар институт кафедраларында дәріс оқыды.

Оқу мен өскелең ұрпақты құлықтық тәрбиелеудің маңызды мәселелерін шешумен қатар, республикада қыздардан маман дайындау жоғары қарқында жүргізілді. 1970 жылғы Бүкілодақтық санақтың қорытындысы әйелдер еркектермен қатар білім алуда белгілі бір деңгейге жеткендігін көрсетті. Мысалы, қоғамдық пайдалы еңбекпен айналысатын мың әйелдің РСФСР-да 667-сінде жоғары, орта (толық және орталау) білімі Украинада 652, Белоруссияда 575, Өзбекстанда 625, Тәжікстанда 566, Түрікменстанда 651 болды. Қоғамдық өндіріспен айналысатын әйелдердің үлесі 1970 жылы Қазақстанда 58 пайыз болды. 1959 бен 1970 жылдар аралығында ой еңбегімен айналысатын әйелдердің саны ерекше өсті. Қазақстанда бұл көрсеткіш еркектермен салыстырғанда екі есе жылдам өсті.

Пайдаланылған әдебиеттер: Педагогика, әлеуметтік педагогика, өзін-өзі тану тарихы: оқу құралы. Ж.Р. Баширова, Р.К. Бекмағамбетова, Н.С. Әлқожаева, Н.С. Жұбаназарова, Ұ.Б. Төлешова. – Алматы: Қазақ университеті, 2012. – 248 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *