Адам мен табиғаттың өзара қарым-қатынасы — қазіргі қоғамды толғандыратын ең өзекті мәселе. Табиғат — адамның мекен ету ортасы. Адам жер қойнауынан мұнай, газ, кен және құрылыс материалдарын алып, оны тұрмыста пайдаланады. Адам өмір сүру үшін өсімдік және жануар тектес азық-түліктер қажет. Осылайша адам табиғаттың тұтынушысы болып табылады.

Адамзат қоғамының ерте кезеңінде адамдар табиғат күштерімен күресті — егістіктерге арналған жерлерді қиындықпен тазартты, жыртқыш аңдардан қорғанды. Еңбек құралдарының және қарудың қарапайымдылығына байланысты, сонымен қатар адам санының аздығынан оның табиғатқа тигізген әсері айтарлықтай болмады әрі бірлестіктерде ірі өзгерістер тудырмады. Бірақ уақыт өте келе бұл әсерлер күшейе түсті.. Ауылшаруашылығын механикаландыру, химияландыру басталды, қалалар мен өндірістік мекемелер арта түсті, гидротехникалық қондырғылар бой көтерді, жолдар салынды. Адам тылсым табиғат тыныштығын бұзды, қол тимеген табиғи бірлестіктерді қалдырмады.

Адамның экожүйеге қатысты іс-әрекеттері екі жақты көрініс береді. Бір жағынан, біз табиғаттың тозуын, тіршілікке қажетті ресурстар: таза ауаның, судың, құнарлы топырақтың, отынның азаюын көреміз. Екінші жағынан, адам қоршаған ортаны қорғауға ұмтыла бастады. Ол неден көрінеді? Адам табиғаттың заңдарын бұзбай, оның тұрақты дамуы үшін не істеуі керек?

Зауыттар мен фабрикаларға қойылатын экологиялық талаптарға тазарту қондырғыларының міндетті түрде болуы, зиянды газдарды ұстауға арналған құбырлардағы сүзгілер, ағын суларды көпсатылы тазарту, қалдықсыз технологияларды пайдалану жатады. Автокөліктерге отынның «тазартылған» көздерін: сұйытылған газ, этил спиртін пайдалану керек. Отынның мұндай түрлеріне ауысу әлемде, соның ішінде Қазақстанда да бар. Пайдалы қазбаларды шығарған кезде мүмкіндігінше шикізат құрамындағы құрамбөліктерді толық әрі кешенді бөліп алу қажет.

Шикізат өндіретін жерлерді — карьерлерді көміп, сосын үстінен құнарлы топырақ қабатын салып, артынан өсімдіктер отырғызу керек. Ауылшаруашылығы зиянкестерімен немесе жұқпалы аурулардың тасымалдаушылары — жәндіктермен күрес барысында адам көп мөлшердегі химиялық заттар — инсектицидтерді шашады. Ол заттар табиғатта биологиялық ыдырауға түспейді. Олар қоректік тізбекпен бірге бір организмнен екінші организмге көшіп, қайғылы жағдайларға душар етуі мүмкін. Сондықтан көптеген елдер зиянкестермен күресудің биологиялық тәсілдерін пайдаланып, түрлі ауруларға төзімді мәдени жаңа сорттарды (сұрыптарды) шығаруда.

Сонымен қатар адамдар табиғатта басқа организмдердің әсерінен ыдырамайтын өнімдер өндіреді. Мысалы, пластмасса өнімдері. Адам мен табиғаттың өзара қарым-қатынасы табиғатты ақылмен пайдалану әрі табиғи ортаны жақсарту қағидасы тұрғысында құрылуы керек. Табиғи ресурстарды тиімді пайдалану қажет, адам мен табиғаттың өзара қарым-қатынасы қауіпті жағдайға алып келмейтін, қатаң бақыланатын процеске айналуы керек. Адам табиғи ортаны қорғауға, ондағы өзгерістердің мақсатқа сай іске асуына жауапты.

Адам қоршаған ортаны толық ақпарат жинамай, мұқият ойланбай өзгерткенде алдын ала білуге болмайтын әрі қиын бақыланатын, ұзаққа созылатын зардаптармен бетпе-бет келеді. Біздің индустриалды ғасырымыздың маңызды міндеті — адамда табиғат алдындағы жауапкершілік сезімін тәрбиелеу. Осылайша тәрбиеленген бала бұтақты сындырмайтын, құсты өлтірмейтін, шөпті таптамайтын, сондай-ақ есейгенде қалдықтарды көлдерге ағызбайтын, көлікпен ақбөкендерді ауламайтын болады. Қазіргі заманда әрбір адам биологиялық сауатты болуы тиіс, яғни табиғат адамға қажетті күрделі жүйе екендігін, оны бұзу оңай, бірақ қайта қалпына келтіру қиынырақ әрі қымбатқа түсетіндігін санасынан шығармауы тиіс.

Табиғатқа, барлық тіршілік иелеріне деген құрмет, табиғат құрам-бөліктерінің арасындағы барлық байланыстардың маңыздылығын түсіну, қарапайым сауаттылық — осылардың барлығы адам мәдениетінің бөлінбес бөлігі болуы керек.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *