Қазақстанның алғашқы ортағасырлардағы (VІ-ІХ) көшпелі халқының, сондай-ақ қалалары мен қоныстары тұрғындарының наным-сенімдері мен діні әрқилы еді. Ежелгі түріктер дінінің негізі Көкке (Тәңір) және Жерге (Жерге-Суға, Иер-Суб) сыйыну болатын. Құдірет деп есептелген бұл қос күштің негізгісі көк аспан. Бұлар нақ осы Көктің еркімен билік құрып отыр деп санаған түріктер қағандарды Көк тектестер және Көкте туғандар деп атады.

Өзінің мәні жөнінен мұнай кейінгі тұрған әйел тәңірісі Ұмай — от басы мен бала-шағаны қорғаушы саналған. Сонымен бірге Ұмай түріктер сыйынған құдіретті үш күштің бірі еді. Ұмайға сыйынушылық Алтайдың кейбір түркі тілдес тайпаларының наным-сенімінде XIX ғасырдың аяғына дейін сақталған.

Қасиетті тауларға (Ыдұқ баш) табынушылық түркі тайпаларының наным-сенімдерінде ерекше орын алды, Алтайда өткен ғасырдың өзінде осылай болды. Ежелгі түріктер «қасиетті Өтукен қара күшін» (Хангай таулары) ерекше қастерлеген, олардың рухы қаған тегінің қамқоршысы деп есептелген. Қаған жылына бір рет осы жерде құрбан шалып отырған.

Түріктердің ұғымы бойынша өлген адамдардың жаны жер асты дүниесінің әміршісі Ерікліг басқарады деп саналған. осы наным-сенімдердің барлығы ежелгі түрік тайпаларына, солардың ішінде оғыздарға, қимақтарға, қыпшақтарға ортақ еді. Қайтыс болған адам ертедегі шаман ғұрпымен жерленетін: мәйітті биіктеу жерге тігілетін киіз үйге қойған. Оның жанына туыстары құрбандыққа әкелген қойлары мен жылқыларын байлап, киіз үйді жеті рет айналып өтетін. Есік алдынан өткен сайын беттерін тілгілеп, жылайтын. Содан кейін өлген адамның атын, киімдері мен заттарын мәйітпен бірге өртейтін, сөйтіп жерлейтін: тастарды үйіп, оның үстіне құлпы тас орнататын. Алайда,бермен келе жерлеу ғұрпы өзгереді, өлген адамды шұңқыр қазып, жерге көметін болған, топырақтан немесе тастан оба үйген.

VІ-ІХ ғасырларда Орта Азиядағы, Қазақстандағы түркі тілдес халықтар арасында өз наным-сенімдерімен бірге басқа өркениеттер тудырған-буддизм, манихейлік, христиандық дін жүйелері тарала бастайды. IX ғасырдың аяғында — X ғасырдың бас кезінде Орта Азия мен Шығыс Түркістандағы түркі тілдес халықтарды ислам дініне күштеп енгізеді. Бұл Қарахан және Селжұқ мемлекеттерінің пайда болуымен байланысты оқиға. Барлық ұлы діндердің ішінде буддизм алғашқы Түрік қағандығындағы ақсүйектер ортасында неғұрлым ертерек тарады. Қағандықтың шығысы мен батысында буддизм секта ретінде ұзақ уақытқа дейін сақталып келді, ол енисейлік қырғыздар мен қимақтардың арасында да бірсыдырғы таралды.

VI-ІХ ғасырларда «Ұлы жібек жолы» бойындағы қалаларда манихейлік және христиандық (несториандық) қауымдар болған. Таразда, Миркиде шіркеулер жұмыс істеп, Сырдарияның төменгі бойында христиандар тұрған.

Түрік қағандығының құрамына кірген Орталық Азияның, сондай-ақ Төменгі Поволжьенің, Дон мен Солтүстік Кавказдың Хазар мемлекетін орнатқан түркі тілдес тайпаларының өз жазуы болды. Ол «скиф жазуы» деп аталды. Сірә, жазу қажеттілігі, әкімшілік және дипломатиялық практика талабынан, мемлекеттік актілер мен мемлекеттік дәстүрлерді түпкілікті ету мұқтаждығынан туған болса керек, мұнда діни себептер де елеулі рөл атқаруы да мүмкін еді.

Түрік қоғамының білімді басшылары соғды жазуын пайдаланды. Бұл түсінікті еді, өйткені дипломаттар мен сарайлық шенеуніктер, сауат ашудың ұстаздары соғдылар болғаны шетелдік материалдарда баяндалады. Солар арқылы түріктер Орта және Алдыңғы Азияның көне өркениеттерінің жетістіктерімен таныс болған.

VІ-VІІ ғасырларда Орталық және Орта Азияның Түрік қағандығының құрамына енген түркі тілдес тайпалардың құрамына енген түркі тілдес тайпалардың соғды жазуымен бірге өз жазуы болғаны ақиқат. Беделді ғалымдардың пікірінше, көне түрік жазбасы VI ғасырдың екінші жартысында Естими қағанның тұсында жасалған. Түрік қағандығының алғашқы кезеңінде, кеш денгенде VII ғасырдың бірінші жартысында соғды жазуы негізінде көне түріктік тамғаларға (рулық рәміздер) ұқсас бірнеше белгі қосылған жаңа жазу пайда болды, ол бір-бірімен қосылмайтын геометриялық пішіндегі 38 таңбадан тұрды және оның соғды әріптерінен ерекшелігі ағашқа немесе тасқа (сызғылап, ойып) жазуға ыңғайлы келеді. Жаңа жазу түрік тілінің фонетикалық ерекшеліктерін өте дәл береді деп жоғары бағалады В. В. Бартольд. 1857 жылы орыс зерттеушісі Г. Спасский бұл жазуды славяндардікі деп болжам жасады. Француз оқымыстысы Абель Ремюзе (1788-1882) түркілердікі деді. Дания лингвисі В. Томсен Орхон өзені бойындағы табылған үлкен тастағы жазудың ішінен түрік тәңірі деген сөздерді оқыды. Сөйтіп 1893 жылы қараша айының 25 күні айқындалды.

VІІ-Х ғасырларда руналық жазуды түрлі түркі тайпалары — оғыздар, ұйғырлар, қырғыздар, қыпшақтар (қыпшақтар өз тілдері мен диалектілерінде сөйлеген) пайдаланған. Бәлкім VIII ғасырдан бастап Шығыс Түркістан қалаларында көне ұйғыр жазуы дамыған болар. Авторлар өздері қолданған жазуды «түрік тілі» деп атаған. Дегенмен, Орта Азия мен Қазақстан аумағында көне ұйғыр жазуы Шығыс Түркістандағыдай кең таралмады.

Түрік (манихейлік жөне христиандық) ортасында соғды жазуының таралғанына Жамбыл мұражайына қойылған IX-X ғасырлардың қыш құмырасындағы жазу куә бола алады. Сөйтіп, әуелгі ортағасырлардағы түрік мемлекеттерінде екі жазу — руналық және ұйғыр жазуы болған. В. В. Бартольдтің айтуынша, Орхон алфавитінің ұйғырдікімен алмастырылуы түріктердің өздері үшін артқа қарай жасалған бір қадам шегінісі болған.

Жазба материалдар анықтағандай, VI-VII ғасырларда түрік тайпалары ішінде ауызша ақындық дәстүр — фальклор орын алған, оларда еңбек адамдарының еркіндікті аңсаған асқақ армандары, жауға деген өшпенділігі жырланған.

Әуелгі ортағасырлар заманы ойшылдарының бірі — Қорқыт (Қорқыт ата). VIII ғасырда ол атақты ақын, асқан күйші ретінде тек Сырдария аңғарын жайлаған оғыздар мен қыпшақтар арасында ғана емес, сонымен бірге Жетісу мен Қаратауда, Алтай мен Ертіс бойында, Орталық Қазақстанда да мәлім болған адам. Ол әкім де болған. Сол кезде әлеуметтік жора (заң) негізін жасап, оны: ата-баба жасаған мекенді ұйық деп білу, оны сыртқы жау шабуылынан қорғау, жер-суды белгілі тәртіппен пайдалану, дау-жанжалды ақылмен шешу, кінәлі болған адамды жазалау сияқты салаларға бөлді. Қорқыт өз халқына ешқашан өшпейтін мұра қалдырды. «Қорқыт күйі», «Қорқыт сарыны» атты музыкалық шығармалар оның күйші-композитор болғанын дәлелдейді. Сондықтан да оның атын халқы ғасырлар бойы жадында қастерлеп сақтап келеді. Қорқыттың әдеби-музыкалық мұрасы қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі тектес халықтарға ортақ асыл қазына. Оның мазары соңғы кезге дейін, Сырдарияның жағасында сақталып келді (Қызылорда облысы, Қорқыт темір жол стансасынан 3 шақырым жерде).

Материалдық мәдениеттің дамуы ең алдымен еңбек құралдарының жетілдірілуінен айқын көрініс тапқан. VІ-VІІІ ғасырларда олардың негізгі түрлері көбінесе темірден жасалына бастаған. Металлургияның дамуы ұсталық істің (теміршілік) өсуіне маңызды ынталандырушылық әсер етті. Бұл кезде металдан еңбек құралдарын, ыдыс-аяқ пен әше-кей бұйымдарын жасау қолөнерлік сипат алған еді. Астықты, әсіресе тарыны ұнтақтау үшін қазақтар ағаштан жасалған келі-келсапты пайдаланды. XI ғасырдан дөннен ұн жасау үшін қол диірменді қолданып қана қоймай, судың қатты ағысымен айналатын одан гөрі көлемді диірмендер де кәдеге жаратылды.

Кетпен, қайла, күрек, айыр сияқты еңбек құралдарының жаңа түрлерін жасау егіншілік пен құрылыстағы серпінділікке жеткізді. Қылыш, қанжар, сүңгі, күрделі жебелер мен олардың ұштары сияқты қарудың жаңа түрлері де темірден жасалынатын болды.

Обалар, жеке адамдардың молалары, құлпы тастар ежелгі түріктердің материалдық мәдениетін көрсетеді. Олардағы заттар сол замандағы қару-жарақтың, ат әбзелдері мен әшекейлік бұйымдардың қандай болғаны жайында мағлұмат береді. Олар түрік шеберлерінің қола мен темірден тағалар мен жапсырмалар, қоладан, күміс пен алтыннан түрлі әшекей заттар жасап, оларды өсімдіктер мен жануарларды бейнелейтін оюлармен өрнектеуде асқан шеберлік дәрежесіне жеткендіктерін дәлелдейді.

Кейбір молалардан табылған киімдердің қалдықтары түріктердің жеңіл киімді жүн және жібек маталардан, сырт киімдерін әр түрлі аңдардың қымбат терісінен тігіп кигенін көрсетеді. Балшықтан отқа шала күйдірген әр түрлі пішіндегі ыдыс-аяқ жасалатын. Яғни керамика дамыған еді.

Қазақстан — құлпы тастар кең тараған аймақ болып саналады. Олар өздерінің айқындығы, көркемдік құндылығы жағынан бір-біріне ұқсамайды. Мұнда тас мүсіндер тас қашайтын шеберханаларда жасалынатын.

Материалдық мәдениеттің дамуы үй мен үй ішіндегі бұйымдарда да өріс алды. Жазғы баспана екі түрлі болды: киіз үй және доңғалақ үстіне орнатылған жылжымалы баспана. Құрылысы жағынан екеуі біріне-бірі ұқсамайтын. Киіз үй дөңгелек болып келеді, оның қабырғалары — керегелер, оларға бекітілген уықтар төбедегі шаңырақты ұстап тұрады. Доңғалақты жылжымалы баспананың жасаулары өте бай келеді: іші жібекпен және өрнектелген түскиізбен қапталады. Мұндай баспанада шонжарлар тұратын. Қысқы баспана балшықтан, шымнан, қамыстан, ал орманды аймақта кесілген ағаштан тұрғызылатын. Қысқы үйлердің еденіне қамыстан, шиден жасалған бойра салынады да үстіне текемет төселеді. Көне замандағы Қазақстанды мекендеген тайпалардың үй жиһаздары мынандай еді: ағаштан жасалған төсек (төсағаш), құнды бұйымдар, түрлі-түсті текемет, үлкен дөңгелек стол, бесік. Етті тамақ ретінде пайдалануға байланысты шойыннан қазан жасалынатын болды. Ол тұрғындардың қолөнеріндегі негізгілерінің біріне айналды. Осы кезеңде Қазақставда көбіне оның оңтүстігі мен Жетісу қалаларында тоқымашылық дамыды.

Қалаларда сырт киім тігу өндірісі дами бастайды, олар жасыл, көк, сары және қызғылт түсті болып шығарылатын. Зергерлік ісі асқан шеберлік деңгейге көтерілді. Археологиялық қазбалардың арасынан шыныдан жасалған өте құнды моншақтарды, жартылай құнды тастарды, шолпыларды, сырғаларды, қоладан, күміс пен алтыннан жасалған жапсырмалар кездеседі. Жамбыл облысы Шу ауданы Баласағұн атындағы шаруа бірлестігі маңындағы әуелгі феодалдық дәуірлік Ақтөбе қалашығын қазғанда осындай аса бағалы бұйымдар табылды.

Әшекейлік бұйымдар үшін сүйек пен мүйіз кеңінен пайдаланылған. Сүйектен тұмарлар, пышақ сабы, ойыншықтар, түйреуіштер, түймелер жасалынған. Көркемдігі жоғары керамика, әсем металл бұйымдар, құнды тастардан, меруерттен, маржан мен лазуриттен жасалған алқалар, нефолит бұйымдар мен лазуриттен жасалған алқалар, нефолит бұйымдар мен шарайналар шектес елдер арасындағы дәстүрлі сауданың бағалы тауарлары болған.

Пайдаланылған әдебиеттер: Рысбай К., Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 2005. -368 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *