Ортағасырлық Еуропа елдеріне, соның ішінде әсіресе шығыс славян (орыс, украин, поляк) халықтарының тағдырына мықты әсер еткен ел — ол Еуразия түркі-монғол көшпелілері құрған Алтын Орда болатын. Не ба ры 20-30 жылдың ішінде Көрөлең өзені бойынан шыққан Шыңғыс ханның әскерлері Азия түгіл, Еуропа елдерінің біразын басып алып, халықтарын өзіне қаратып, олардан салық жинап, үстемдігін орнатты.

Алтын Орда хандары бытыраңқы орыс князьдықтарын түгел өзіне бағындырып, емін-еркін билеп-төстеп отырды. Осындай көлемді де мықты мемлекетті құрған Шыңғыс хан қайтыс болғаннан кейін — Алтын Ордада бар билік оның ұлдарының қолына көшті.

Шәкәрім Құдайбердіұлы «Түрік, қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресінде» былай деп айтып кетеді: Шыңғыстың үлкен баласы Жошы хан өлген соң, оның орнына Бату (Жошы баласы) хан болды. Оны орыстар Батый дейді. Лақап аты Сайын хан еді. Ол 1242 жылы орыс жұртын өзіне қаратып алды. Батудан кейін інісі Бүрге хан болды. Жошыдан бұрын сол Еділ мен Жайықта қыпшақ атанып түрған түріктер бар еді. Сол себептен Дешті-Қыпшақ хандығы деп аталушы еді. Бүрге хан кезінде үш ордаға бөлінді: Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда. Бәрінің үстінен Алтын Ордадағы Бүрге хан билеуші болды. Ақ Ордаға Жошының Шайбан деген баласы хан болып, бер жақтағы тамам көшпелі ел Көк Орда атанып, оған Жошының Тоқайтемір деген баласы хан еді. Біздің Әбілмансұр Абылай хан — сол Тоқайтемір нәсілі».

Алтын Орданы мекендеген түркі-монғол тайпаларының, әсіресе әскери мәдениеті, ептілігі өте жоғары болған. Жеңіл атты әскерді мықты пайдалана білген көшпелілер онға, жүзге, мыңға бөлініп отырған. Қатаң тәртіпке бағынған Алтын Орда аламандары қысқа мерзім ішінде ұлан-ғайыр шексіз жолды тез арада жүріп өтіп, алдына қойған мақсатына жете білген. Осы Орданы құраған қыпшақ, қоңырат, алшын, арғын, қалмақ тайпалары қазақ халқының да негізі болып табылады.

1300 жылдары Өзбек хан тұсында ісләм діні Алтын Ордада мемлекеттік дін болып танылды. Сонымен бірге кейбір төрелер, мысалы Сартақ христиан дінін қабылдаумен тынды. Алтын Ордадағы бұл кезеңді аласапыран заман деуге болады. Ордадағы ішкі қайшылықтар шиеленісе түсіп, мемлекет ыдырай бастады. Ұлы қаған тұратын Алтын Орданың орны осы күнгі Еділ суының бойында Астрахан (Қажы Тархан) мен Саратов (Сарытау) арасындағы Сарай деген қала болды. Кейінірек орыстар оны Царев деп атай бастады. Сол заманнан ескерткіш ретінде осы күнге дейін Ресей мен Украина мемлекетінің оңтүстік аймақтарында түркі тілдес жер аттары молынан кездеседі. Айталық, Ақсай, Қарасу, Сулы өзеңдері, Алтын тауы, Таман түбегі, Рамадан қаласы және т.б.

XIV ғасырдың екінші жартысында, хан Бердібектің қазасынан кейін, Алтын Орда сұлтандары арасындағы алауыздық тіптен шиеленісіп кетті. Мысалы, 1360 жылдан 1380 жылдар ішінде, Алтын Орда тағынан 25 хан ауысты. Орда өмірінде хандар мен ханзадаларды өлтіру, бір-бірімен жақ болып, жауласу мен соғысу тоқталмай қойды. Бірақ Алтын Орданың негізгі жауы Орталық Азиядан шықты. Ол атақты Ақсақ Темір болатын.

Ақсақ Темірді Тоқтамыс сұлтан қостайды. 1379 жылдың қараша айында Тоқтамыс Ақ Орданың қалың қолымен және Ақсақ Темір берген қосымша аламандарымен Алтын Ордаға қарай аттанды. Алтын Орданың әйгілі бектерінің біразы Тоқтамысқа келіп қосылды. Қоңыраттан шыққан әйгілі Едіге де Тоқтамыс жағында болып шықты. Сонымен Алтын Орданы өзіне оңай бағындырған Тоқтамыс Мамайды шапты.

Мамай Ордасы Тоқтамыс әскерлерінен қатты жеңілді. Осы жеңістен кейін Тоқтамыс Алтын Орданы өзіне қаратып, кушейген соң, енді Ақсақ Темірдің өзіне қарсы шықты. Алтын Орданың шаңырағын шайқалтқан соғыс 1380 — 1395 жылдары Ақсақ Темір мен Алтын Орданың ханы Тоқтамыстың арасында болды, 1391 жылы Темір Самарқан қаласынан шығып, қазақ даласы арқылы Еділ өзенінен өтіп, шілденің 18-інде Тоқтамыстың негізгі күшімен кездесті. Бұл қақтығысу қазіргі Самара қаласының маңында болды және Тоқтамыс онда жеңілді.

Тоқтамыс Сарай-Беркеге таяу келіп, Алтын Орда ханы саналғанымен, Ақсақ Темірден жеңілген алғашқы соғысынан бастап Мәскеу князы онымен көп санаспайтын болды. Сондықтан, Тоқтамыс Литва князы Витовпен одақ құрып, одан қару алып тұрды.

Тоқтамыстың Мәскеуді талқандауы. 1382 жылы Рязань князы Олег Ивановичтің көрсетуімен Тоқтамыс Мәскеуге күтпеген жерден шабуыл жасады. Тоқтамыстың тірегі негізінен қыпшақ тайпалары еді. Дмитрий Донской бұл кезде Мәскеуден кетіп қалған болатын. Қара басының қамын ойлаған бай адамдар қаланы тастап, қаша бастады. Қарапайым мәскеуліктер ордалықтармен өршелене соғысты, тіпті олардың екі шабуылына тойтарыс берді. Қаланы тікелей шабуылмен ала алмайтынын сезген Тоқтамыс мәскеуліктерге: «Мен сендермен соғысу үшін келгенім жоқ, князь Дмитриймен соғысу үшін келгенмін, сондықтан халықты тонамаймын» деп мәлімдеді. Бірақ мәскеуліктер қақпасын ашпады. Қаланы басып кірген Тоқтамыс оны аяусыз талан-таражға салды. Мәскеу қайтадан Орда хандарына алым-салық төлеуге тиісті болды.

Тоқтамыс пен Темір арасындағы соғыс 1395 жылы Солтүстік Кавказ өңірінде, Терек маңайыңда қайтадан басталды, Тоқтамыстың әскерін ойсырата жеңген Әмір Темір Алтын Орданың астанасын — Сарай-Беркені басып алды. Қала өртеніп, тұрғындарының көпшілігі құлдыққа сатылды. Шабуылды үдете отырып, Әмір Темір қажы Тархан, Қырым және Ресей қалаларын басып алып, оларды отқа тұншықтырды. Темірдің ойы қалай да болса Алтын Орда мемлекетін әлсірету еді. Ақсақ Темір ол мақсатына жетті. Халқы бауырлас екі мемлекет бір-бірін осылай құртып тынды. Алтын Орданың ыдырауы, оның беделін жоғалтуы орыс мемлекетінің көтерілуіне жол ашты.

Әйгілі Едіге батырдың Ақсақ Темірді қолдауы Тоқтамыстың тағдырын біржолата шешті. Күш айқын Ақсақ Темірдің жағына ауысып, 1401 жылы Тоқтамыс Сібір жеріне қашты. Сол жерде жау қолынан қаза тапты.

Тарихта Тоқтамыс қайтыс болар алдында айтқан екен деген мынадай сөздер қалған: «Ай байтағым, байтағым, бастатып сені алдырдым, ал аман бол менен соң… Байтағымның ішіңде он сан менің ноғайым, сені тағы алдырттым. Он сан ноғай ішінде, үш жүз алпыс отау қазағым, сені тағы алдырттым, ал аман бол, менен соң… маралы бар киіктей, балдырғаны білектей, алмасы бар жүректей, Еділ менен Жайығым, сені тағы алдырттым, ал аман бол менен соң… Тілеуімді тілеп тұрғайсың, аллам аяр іс болса, он үш жылға айналғанда, қайтып келермін…».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *