Түрік империясында мұсылман дінінің ғылымға, әдебиетке және мәдениетке үлкен ықпалы болды. Ірі мешіт жанынан ашылған түрік мектептері — медреселер -оқушыларға құдайға құлшылық етуді және құдай сөздерін жаттатып үйретті. Әрине, бұл медреселер өз заманына сай білімді адамдар дайындап шығарды.

Олардың арасынан түрік сұлтандарына арнап мадақ өлеңдер шығарушы ақындар мен жыршылар да, сондай-ақ әйгілі ғалымдар шықты. Ақындардың бәрі бірдей тек сұлтандарды мадақтаушылар болған жоқ, олардың арасынан XV ғасырдың аяғы — XVI ғасырда парсы әдебиеті әсерімен түрік классикалық поэзиясының «алтын ғасырын» тудырған дарындар шықты.

Поэтикалық жанрдың касыда (мадақтау), газель сияқты, бұлбұл, раушан гүл, шарапты, махаббат пен көктемді жырлаған тақырыптағы түрлері дүниеге келді. Бұл кезеңнің атақты ақындары — Хамди Челеби (1448 — 1509), Ахмедпаша (1497 ж. қайтыс болған), Неджати (1460 — 1509), ақын әйел Михри Хатун (1514 ж. қайтыс болған), Месихи (1512 ж. қайтыс болған), Ревана (1524 ж. қайтыс болған), Исках Челеби (1537 ж, қайтыс болған), Бақы (1526 — 1599), негізінен, лирикалық өлеңдер жазды.

Ал XVII ғасыр түрік әдебиетінің «Сатира ғасыры» деп аталады. Ақьш Вейси (1628 ж. қайтыс болған) «Ыстамбұлға өсиет», «Түс көру» деген өлеңдерінде әдет-ғұрып, өнегенің құлдырап бара жатқанын жазса, Нефи «Тағдыр жебелері» деген сықақ өлеңдерінің топтамасы, үшін байлар мен сұлтанның қаһарына ұшырап, басын өлімге тікті.

Бұл кезде Осман империясы құлдырай бастаған еді. Ақындар қазынаны тонаушылар мен парақорларды сынап-мінеді, әрине, бұл билеушілерге ұнаған жоқ, ақындарды қудалады, кейбіреулерін өлтіріп те жіберіп отырды. Мысалы, сықақшы Омер Нефиді (1572 — 1635) тұншықтырып өлтірді. Юсуф Наби (1642 — 1712) «Хайрие» деген өлең шумақтарында діндарлардың екі жүзділігін, соттар мен патшалардың қылмысты қылықтарын, Сарайда сұлтанды төңіректегендердің, маскүнемдіктері мен зинақорлықтарын өлтіре сықақ етті. Аллаэдин Сабит (1650 — 1712) қарапайым халықтың көңіліне жақын баршаға түсінікті мазмұнда өлеңдер қалдырды. Ол өзінің әзіл-әжуа аралас «Мадақтау» атты поэмасына мұсылман әдебиетінде бірінші болып Мұхаммед пайғамбардың жеті қат аспанға ұшуын тақырып етіп алды. Осылайша әдебиет ескі сүрлеуден шығып, жаңа жол салды. Бұл жолды қолдаушылар көбейді.

Осман империясында болған оқиғалар жылнамасын жасаған Хожа Сәдэддин (1599 ж. қайтыс болған) еңбегі өте маңызды тарихи дерек. Мұндай деректерді Мұстафа Аали (1599 ж. қайтыс болған), Ибрагим Печеви (1650 ж. қайтыс болған), тағы басқа XVI ғасыр мен XVII ғасырдың бірінші жартысында өмір сүрген ғалымдардың еңбектерінен көптеп табуға болады.

Тамаша саяхатшы Эвлии Челеби империяның әскери-саяси және экономикалық құрылымы және жағдайы туралы он томдық еңбек қалдырды. Оның бұл еңбегінде Осман империясы, Ресейдің оңтүстігі, Батыс Еуропаға жасаған саяхаты кезінде көрген-білгендері әдемі баяндалған.

Тарих, география, библиография, философиялық еңбектерімен Катиб Челебидің (1609 — 1657) аты шықты, Оның «Дүниені баяндау» («Джихан-нама»), «Оқиғалар жылнамасы» («Фезлеке») сияқты кітаптары мен араб, түрік, парсы және Орта Азияның 9512 авторы туралы мағлұмат беретін билиографиялық жинақтары бүгінгі күнге дейін мәнін жоймаған аса құнды еңбектер болып табылады.

Құрылыс саласында әрбір сұлтан мен бай адамдардың өз аттарын тарихта қалдыруға тырысқаны байқалады. Сол мақсатпен олар сәулетті мешіттер мен сарайлар салдырды.

Түрік сәулет өнерінде XVI ғасырдың атақты сәулетшісі Хожа Синанньщ (1489 — 1573) орны ерекше. Ол Ыстамбұлда Сүлейманның әмірімен көптеген құрылыстар салды. Синан салған бірнеше жүздеген әсем құрылыстардың тізімі сақталған. Олардың ішінде мешіттер, медреселер, ауруханалар, керуен сарайлар мен сарайлар, моншалар, су жүйелері бар. Синан салған мешіттердің өзі ғана сексеннен асады. Синан қиялынан шыққан ең үздік, әлі күнге дейін көргендердің көзін қуантып, таңдайын қақтыратыны — Ыстамбұлдағы «Сулеймание», Шах-заде мешіттері, Эдирнедегі Селим мешіті.

Сәулетші Синан «Сулеймание» мешітін 6 жыл бойы салды. Биіктігі 71 метр (София соборынан 6 метр биік), ал диаметрі — 26 метр. Мешіт құрылысына түрлі мәрмәр мен алтынды аяған жоқ. Құраннан үзінділер жазылды.

1606 — 1609 жылдары сәулетші Мехмед Аға бұрынғы Византия императоры сарайының орнына София соборына жақын жерде, Ыстамбұлдағы ең үлкен алты

мұнаралы Ахмедие мешітін салды. Бұл құрылыстың бір ғажабы оның ерекше әсемдігіне қоса, бүкіл бес қабаттық терезелерінен күн сәулесінің нұры төгіліп тұрады.

Түрік сәулет өнерінде жаулап алған елдер сәулетшілігінің де әсері байқалады. Ісләм діні бойынша жанды заттарды салуға тыйым салынады. Сондықтан бейнелеу өнерінде қабырғаларды өсімдік суреттерімен және геометриялық өрнектермен безендіру, ағашқа, металға, тасқа оюлар салу, ғанышқа, мәрмәрға түрлі өрнектер, тастан, шыныдан түрлі мозаикалық әшекейлер салу дәстүрі дамыды.

Осы жоғырыда айтқан өнер саласында түрік шеберлері үлкен табыстарға жетгі. Сондай-ақ олардың қару-жарақтарды әсемдеуі, алтын, күміс, піл сүйектеріне жүргізген керту оюлар шеберліктің шыңына жеткендігінің кепілі.

Түркияда каллиграфия өнері өте зор шеберлікке жетті, Сарайлар мен мешіттердің қабырғаларын әшекейлеу үшін құраннан үзінділер жазу әдеттегі іске айналды.

XV ғасырдың екінші жартысы мен XVII ғасыр арасында Түркияда араб, грек, парсы тілдерінен медицина, география, тағы басқа табиғаттану салаларынан көптеген ғылыми еңбектер түрік тіліне аударылды. Бұл салада үлкен еңбек сіңірген, математикадан бірқатар зерттеулер жазған, ғылымдарды талдап топтаған адам — Люфти Такади болды. XV ғасырдың аяғында (1494 ж.) ол күпір ретінде жазаға тартылды.

XV ғасырдың екінші жартысы мен XVI ғасыр суда жүзу (навигация) мен географияға үлкен назар аударған кезең еді. Түркияға XVI ғасырдың басында жаулап алынған Сирия мен Египеттен географиялық сипаттамалар жазылған қыруар деректер әкелінді. Түрік адмиралы Пири Рейс осы португалдық және венециялық деректерді сын көзбен талдап, 1513 жылы дүние жүзінің картасын, ал 1523 жылы бүкіл желкенді кеме дәуірінде пайдаланылған „Бахрие» деп аталған теңіз атласын жасады. Екінші бір ғұлама — Сиди Али Реис „Мұхит» деп аталатын еңбек жазып, онда Үнді мұхитына сипаттама берді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *