Қазақстанды отарлау, осы мақсатта оны тану І Петрдің кезінде патшалық Ресейдің өзін Азияға шығаратын жол ретінде қарау кезеңінен бастау алып, екі ғасырға созылды. Ресей ғалымдарының Қазақстанды жан-жақты зерттеуінің түпкі мақсаты отарлау саясатын жүзеге асыру болғанымен, осы кезеңдерде жүргізілген археологиялық, этнографиялық, географиялық, тарихи зерттеулердің қорытындысында Қазақстанның тарихы туралы көптеген еңбектер жарияланды. Сол замандағы ғалымдар арасында орыстың белгілі ғалымы В.В.Бартольдтің орны ерекше. Ол Санкт-Петербург Ғылым академиясының академигі, шығыстанушы, арабтанушы, филолог ретінде тарихымызда қалды. Оның алуан түрлі тақырыптарға арналған 400-ден астам ғылыми еңбектері мен «Ислам» энциклопедиясына енген 246 мақаласы – әлемдік тарих ғылымындағы және Шығыс тарихын зерттеудегі баға жетпес қазына. Ол түркі халықтарының ежелгі тарихын зерттеушілер қатарынан алдыңғы орынды иеленіп, осы салаға көптеген зерттеулерін және арнайы дәрістерін арнады. В.В.Бартольдтің еңбектері араб, парсы, қытай, т.б. тілдердегі ерте және ортағасырлық кезең тарихшыларының, саяхатшыларының түпнұсқа еңбектерін пайдалануымен құнды. Сондықтан қазақ халқының тарихын зерттеуде біз оның еңбектерін негізгі дереккөздердің бірі ретінде пайдаланамыз. Оның шығыс елдері тарихына арналған еңбектерінен қазақ халқының ерте және орта ғасырлық тарихы, археологиясы мен этнографиясы туралы және тілдік ерекшеліктері жайында жан-жақты мағлұмат алуға болады.

В.В.Бартольд 1869 жылы 3 қарашада Ресейдің Петербург қаласында туылған. Оның әкесі Ригадан шыққан биржалық маклер, анасы (Ресейге Гамбургтен қоныс аударған, лютерандық пастордың шөбересі) — Санкт-Петербургтің банкілік кеңсе иесінің қызы болатын. Отбасының материалдық жағдайы оған жан- жақты гуманитарлық білім алуға, көне классикалық және негізгі батыс еуропалық тілдерді оқып-үйренуге мүмкіндік берді. Шығыс елдерінің тарихына деген құмарлығы мектепте оқыған жылдары басталып, оның болашақтағы таңдауына ықпал етті. 1887 жылы ол сегізінші Петербург гимназиясын алтын медаль­­мен тәмамдап, осы жылы Санкт-Петербург университетінің араб-парсы, түркі-татар тобының шығыс тілдері факультетіне оқуға түседі [1,70-б.]. В.В.Бартольд студент кезінен-ақ грек, латын, француз, парсы, түрік және тағы басқа тілдерді меңгеріп, Асцелиннің, Сократтың, Страбонның еңбектерімен танысады, Сю­ань Цзянның, Плано Карпинидің, Марко Полоның сая­­­­­­хаттарын, сасанидтердің, моңғолдардың тарихын, шығыс діндерін, соның ішінде ислам дінін зерттей­­­­­ді, батыс және шығыс билеушілерінің тарихи хроно­­­­­логиясының, генеалогиясының анықтамалығын құрас­­­­­тырады. Осы кездері ол оғыздардың әйгілі батырлық эпосы – «Китаб дәдәм Коркуд» шығармасын оқып, болашақ ғалымның Таяу және Орта Шығыс елде­рінің ортағасырлық тарихына қызығушылығы оянады. Университет қабырғасында оқыған кезінде оған Н.И.Веселовский, В.А.Жуковский, В.Р.Розен, К.П.Пат­канов, В.Д.Смирнов сынды шығыстанушылар дәріс береді. Осы орайда, В.В.Бартольдтің ғылыми же­текшісі В.Р.Розен: «Ғылымға ерекше ынта қойып, айналысқан студенттердің ішінен бірінші курста-ақ өз қабілеттерімен П.М.Мелиоранский мен В.В.Бар­ тольд ерекшеленіп, көзге түсті. Олар барлық мін­ детті факультеттік пәндерді табанды оқи жүріп, әрқайсысы өз бойындағы ерекше қабілеттілікке сай болашақ мамандығына деген қызығушылығын ер­ те тапты және екінші курста-ақ олардың бірінің – түркітанушы, ал екіншісінің – шығыстанушы бо­ латыны анық байқалды», – деп атап көрсеткен-ді [2,12-б.]. В.Р.Розеннің айтуынша, В.В.Бартольдтің уни­­­­­верситет қабырғасында оқыған кезінен-ақ оның бойында шығыстанушыға тән қызығушылық пен қабілет қалыптасқандығын көреміз.

1891 жылы университетті бірінші дәрежедегі дипломмен аяқтаған В.В.Бартольдтің ұстаздық еңбек жолы басталды. Университетте ұстаздық қызметті атқара жүріп, шығыс тілдеріндегі түпнұсқалық деректемелерді зерттеумен айналысты. Оның алғашқы еңбектері 1892 жылы жарияланды, сол кезде ғалымның жасы небары 23-те болатын. Петербург университетінде ұстаздық қызмет атқара жүріп, В.В.Бартольд қарапайым оқытушыдан 1896 жылы доцент, 1906 жылы профессор, 1913 жылы академик ғылыми атақтарына дейін көтерілді. 1898 – 1900 жылдары көп жылғы зерттеулерінің нәтижесінде «Моңғол шапқыншылығы дәуі­ ріндегі Түркістан» еңбегін жазды. 1900 жылы Орта Азия тарихын зерттеуінің негізін қалаған осы еңбегін магистр ғылыми дәрежесін алу үшін ғылыми кеңестің назарына ұсынады. Алайда ғылыми кеңес оның еңбегін жоғары бағалап, оған бірден Шығыс тарихының докторы ғылыми дәрежесін береді [3, 4-б.].

1903 жылы Орталық және Шығыс Азия тарихын зерттеу жөніндегі Орыс комитеті құрылып, В.В.Бартольд оның хатшысы болып тағайындалады. Ғылыми іссапарлармен Кавказға, Франция, Англия, АҚШ, Германия, Австрия, Швейцария, Сербия, Болгария, Түркия, т.б. шет елдеріне барып қайтады [3,7-б.]. Ғалым Санкт-Петербург университетінде Шығыс елдері тарихынан дәріс оқи жүріп, Орта Азия елдерінде ғылыми экспедицияларда болып, ғылыми қоғамдарға мүше болған. Мәселен, 1893 – 1894 жылдары Санкт-Петербург университеті мен Ғылым академиясының жолдамасымен Орталық Азияға, 1902 – 1904 жылдары және 1916 жылы Орыс комитетінің тапсырмасымен Самарқанға барады. Бұл жайында ол өзінің өмірбаянында: «Шығыс тарихын зерттеу барысында ескі қалалар орнына жасал­ ған қазба жұмыстары кезінде әлі күнге дейін ешкім қолданбаған мәліметтер мен қолжазбаларды тауып, оқыған кезде жаңа әлемді ашқан дәл бір пионер­ дей бақытқа бөлендім», – деп жазған-ды [4,14-б.]. Осындай іссапарларының бірінде В.В.Бартольд Түркістан өлкесіне келеді. Ол іссапары барысында Шу және Талас алқабының, Ыстықкөл ойпаты мен Іле өзені алқабының ескерткіштерін аралап, танысады. Оның осы іссапары туралы жазған «Ғылыми мақсатпен Орта Азияға сапар туралы есеп» атты еңбегінде мол археологиялық мәліметтер жарияланады. 1895 жылы Ташкентте жергілікті зиялылардың өлкенің өткеніне, оның тарихына, сәулет және өнер ескерткіштеріне ден қоятын өкілдерін, әскери адамдарды, шенеуніктерді біріктірген археология әуесқойларынан құралған Түркістан үйірмесінің ұйымдастырылуы тікелей В.В.Бартольдтің есімімен байланысты.

Тарихтың беймәлім сырларынан хабардар еткен археологиялық зерттеулер нәтижесінде бірқатар жетістіктерге қол жеткізілді. Оның ең маңызды жетістіктерінің арасында Қазақстан аумағында осыдан миллион жылдай бұрын адам мекендегенін дәлелдеген ежелгі палеолиттік тұрақтардың ашылуы болды. Қазақстан мен Еуразияның төменгі палеолитінде бірқатар ортақ бел­гілердің болуы, Қазақстанның төменгі палеолиттік мәдениеті адамзат мәдениетінің жалпы тізбегіндегі буын­дардың бірі екенін дәлелдейді. Евразияның қола дәуірі тайпаларының палеоэкономикасын дамытудағы Қазақстан металлургиялық орталығының атқарған рөлі анықталды. Қазақстан археологиясы дамуының бас­­­­­тауында шығыстанушы ғалымдар – В.В.Бартольд, В.В.Радлов, П.И.Лерх, Ш.Ш.Уәлиханов, т.б. тұрды. Осы тұрғыда, археологияда ашылған үздік жаңалықтар ерте және орта ғасырлық Қазақстандағы қоғам дамуының негізгі кезеңдерін анықтауға мүмкіндік туғызды [5, 83-86-б.].

В.В.Бартольд 1904 жылдан бастап Орынбор Ғылыми мұрағаттық комиссиясына мүше болған [6, 257-б.]. Комиссияның тарихын зерттеген ғалым Ұ.Т.Ахметова: «Халқымыздың жүріп өткен жолын танып, оны терең сезінуде Орынбор Ғылыми мұрағаттық комиссиясы тарихымызда айтарлықтай істер тындырды. Оның сіңірген еңбегінің өзі тек қана мұрағат ісін ұйым­ дастырып, жинақтап қалыптастыруда ғана емес, сонымен бірге тікелей Қазақстанға, қазақ халқына қатысты мыңдаған құжаттарды реттеп, бізге жеткізуімен айқын көрінеді. Сондықтан да Комиссия мұрасы өзі құрылған күннен бастап зерттеліп, ғылыми айналысқа енді», – деп, оң баға бере келіп [6, 25-б.], В.В.Бартольдтің аталмыш комиссияның белді мүшелерінің бірі ретінде атқарған қызметін жоғары бағалады. Ұ.Т.Ахметова: «Орынбор Ғылыми мұра­ ғаттық комиссиясының жинақтаған материалда­ ры комиссияның құрметті мүшелері В.В.Бартольд, В.В.Радловтың ерекше қызығушылығын туғызды. Әсі­ ресе, В.В.Бартольд Орынбор өлкесінде жүргізілген ар­ хеологиялық зерттеулерге, оның қорытындыларына назар аударды. Ғалым Орынбор Ғылыми мұрағаттық комиссиясына мүше бола жүріп, Орынбор өлкесіне байланысты зерттеулер бағытын айқындауда сүбелі еңбектерімен көпшіліктің алдында болды», – деген қорытындыға келеді [6, 29-б.].

1904 жылдың 1 қыркүйегінде Орынбор Ғылыми мұрағаттық комиссиясының кезекті мәжілісі өткен. Оған төраға А.В.Попов, П.А.Незнамов, А.В.Васильев, Н.Лобов, М.Я.Божуков, Д.Н.Соколов, А.К.Носков, И.С.Шук­шинцев және Санкт-Петербург университетінің про­­­фессоры В.В.Бартольд қатысқан. В.В.Бартольдтің комиссияға мүше болуы мекеменің жұмысына көп көмегін тигізген. Ғалымның осы жылдарда көптеген қазақ тарихына қатысты еңбектері жарық көрген. Ол мұрағат ісі мен кітапхананың Ресейде даму жағдайы сөз болғанда «Шығыста мұрағат ісі мен кі­ тапхананың мемлекеттіліктің дамуымен қатар пайда болғандығын баяндайды. Шығыстанушы мұ­ рағат ісі мен кітапхана ісінің пайда болуын тал­ дап, көне Шығыс халықтарының вавилондықтар мен египеттіктердің, одан соң парсылар мен араб­ тардың, қытай елінің, моңғол, түріктердің және Орта Азия елдерінің тәжірибелеріне тоқталады», – деп баяндайды [6, 122-б.]. В.В.Бартольд орыс әскерилерінің Түркістан аймағын жаулау кезеңінде хан­­дардың мұрағат ісі мен кітапханасын сақтауға ешқандай шара қабылдамағандарын өкінішпен айтады. Себебі, бұл хандықтардың құжаттары мен жарлықтары қазірде тек жеке адамдардың қолынан ғана кездеседі дейді. Түркістан тарихының орыстар жаулағанға дейінгі құжаттары орыс мұрағатшыларының, әсіресе жер­­гілікті мұрағаттық комиссиялардың орыстық билеп-төстеушілердің дәуірінің құжаты ретінде комиссия қорына жинап, қарауға толық құқы бар еді деген назын білдіреді [6, 122-б.]. Яғни, ғалымның пікіріне сүйенсек, патшалы Ресей отарлағанға дейін де Орта Азия халықтарында іргелі қалыптасқан мұрағат ісі мен кітапхана ісінің дамығандығы байқалады.

Тарихта мұрағат деректерінен В.В.Бартольдтің Комиссия мүшесі И.А.Кастаньемен ғылыми айтысы белгілі. Кейін И.А.Кастанье Ташкентке жұмысқа ауысқан тұста В.В.Бартольдқа ғылымда бірнеше пікір болатындығын, оның ақиқаты айтыста дәлелденетінін айтып жазған хаттары мұрағат деректерінде сақталған [7]. В.В.Бартольд 1905 – 1913 жылдары Орыс археология қоғамының Шығыс бөлімшесінің хатшысы, «Мир ислама» (1912 – 1913 жж.), кейін «Мусульманский мир» (1917 ж.) журналдарын шығарушы әрі редакторы болды. 1918 жылы Орыс археология қоғамының шығыс бөлімінің меңгерушісі, Ресей Ғaлымының Антропология және этнография музейі жанындағы Радлов үйірмесінің төрағасы болды. 1921 жылы Азия музейінің жанынан құрылған Шығыс зерттеушілері алқасын және оның «Записки коллегии востоковедов» атты баспасөз органын басқарды. КСРО-дағы мұсылман халықтарының әліпбиін араб әрпінен латын әрпіне көшіру жөніндегі комиссияның жұмысына, Орта Азия университетін құруға, шығыстану кітапханаларын ұйымдастыруға, шығыс қолжазбаларын жинауға атсалысты [8, 157-б.].

Шығыстанушы В.В.Бартольдтың Орта Азия және қазақ өлкесін мекендеген тайпалардыңтарихы жөніндегі еңбектерінің ғылыми мәні зор. В.В.Бартольд еңбектері арқылы Орта Азия мен Қазақстан халықтарының көне дәуірден бастап-ақ өзінің тарихы, мәдениеті болғанын ғылыми түрде негіздеді. Ғалымның қазақ тарихындағы баға жетпес қазынаға айналған негізгі еңбектерінің ішінде «Моңғол кезеңіне дейінгі Түркістандағы хрис­ тиандық туралы» (1894), «1893 – 1894 жылдары ғы­ лыми мақсатпен Орта Азияға жасалған саяхат тура­ лы есеп» (1897), «Жетісу тарихының очерктері» (1898), «Монғол шапқыншылығы дәуіріндегі Түркіс­ тан» (1900), «Ежелгі заманнан 17 ғасырға дейінгі Арал теңізі мен Әмударияның төменгі бойы ту­ ралы деректер» (1902), «Еуропа мен Ресейде шы­ ғысты зерттеу тарихы» (1911), «Түркістанды суландыру тарихынан» (1914), «Ислам» (1918), «Мұ­ сылман қауымы мәдениеті» (1918), «Ұлықбек және оның заманы» (1918), «Мұсылман дүниесі» (1922), «Түркістанның мәдени өмірінің тарихы» (1922), «Қырғыздар. Тарихи очерк» (1927), «Түркі-моңғол ха­ лықтарының тарихы» (1928), «Түрікмен тарихы­ ның очерктері» (1929), «Орта Азиядағы түркі ха­ лықтарының тарихы туралы он екі дәріс» (1935) секілді еңбектерін ерекше атап көрсетуге болады.

В.В.Бартольдтің ортағасырлық Қазақстанның тарихы жөніндегі зерттеулері біз үшін ерекше маңызды. Шығыстанушының «1893 – 1894 жылдары ғылыми мақ­ сатпен Орта Азияға жасалған саяхат туралы есеп» атты еңбегінде археологиялық экспедиция нәтижесінде қол жеткізілген мәліметтер шебер пайдаланылды. Көптеген жазбаша деректемелерге сүйене келіп, В.В.Бартольд зерттеген ауданының топографиялық көрінісін суреттеп, археологиялық жағынан маңызы зор ескерткіштерді анықтады және оларды орта ғасырдағы белгілі қалалармен салыстырады. Атап айтқанда, ол Таразды Әулиеата (Жамбыл) орнында деп белгілейді. В.В.Бартольдтің материалдары Қазақстанның оңтүстігі мен Қырғызстан халықтарының өткен тарихының сырларын ашып береді [9, 17-б.].

Ғалымның «Ежелгі заманнан 17 ғасырға дейінгі Арал теңізі мен Әмударияның төменгі бойы туралы деректер» және «Түркістанды суландыру тарихына» деген еңбектерінде Орталық Азияның тарихи географиясына толық, әрі нақты сипаттама берілді. Оның 1898 жылы Верныйда (қазіргі Алматы) бірінші рет жарияланған «Жетісу тарихының очерктері» деген кітабы Қазақстан тарихын зерттеуге қосылған бағалы ғылыми үлес болды. Бұл еңбек б.з.б. ІІ ғасырдан б.з. ХVІІІ ғасырына дейінгі Жетісудың саяси тарихын жан-жақты қамтиды. Осы еңбегін В.В.Бартольдтің өзі де сәтті шығармаларының бірі деп есептеді. Оның екі бөлімнен тұратын, авторға лайықты дүниежүзілік даңқ әперген «Түркістан моңғол шапқыншылығы дәуірінде» деген іргелі еңбегі «Жетісу тарихының очерктерімен» тығыз байланысты. Шығыстанушының «Түркістан моң­ ғол шапқыншылығы дәуірінде» атты еңбегімен қатар әлемдік және орыс шығыстану ғылымының алтын қорына енген «Очеркі» бүгінгі таңда да өзінің ғылыми мәнін жоғалтқан жоқ.

«Түркістан моңғол шапқыншылығы дәуірінде» атты В.В.Бартольдтің классикалық еңбегі Орталық Азияның б.з.VII ғасырынан XII ғасырына дейінгі тарихынан толық мәлімет береді. Бұл шығармада ғалымның тарапынан жасалған бағалы зерттеулер мен әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы қорытындыларды байқауға болады. Мәселен, арабтардың басып алуы нәтижесінде Орталық Азияда қоғамдық қатынастар жүйесі өзгеріске ұшырайды. ІХ-Х ғасырларда қалалардағы тұрмыс орталықтарының аристократтық шах­­ристаннан қолөнер-сауда орындарына (рабад) ауысқандығын, дихандар шенін түріктік әскери-көшпенді шеннің ығыстырып шығуы, сонымен қатар мүліктік жер иеленуден әскериленген жер меншігіне көшу (ихта), т.б. процестердің болғанын сипаттап жазады. Мұнда өз дәуірі үшін жаңаша әрі толық – Шыңғыс хан дәуіріндегі көшпенді моңғолдардың қоғамдық құрылымы, олардың әскери тәртібінің жүйесі мен мемлекеттерінің саяси негізі туралы мағлұмат берілген. Ең бастысы В.В.Бартольд моңғол империясының саяси жүйесінің ұйымдастырылу шеберлігіне және Шыңғыс ханның Орталық Азияға және Иранға жасалған жорықтарына ғылыми жағынан сипаттама берді. Осы тұрғыда, оның еңбегі тарих ғылымында өз мәнін жоғалтпай келеді.

Академиктің өмірі мен қызметін зерттеген ғалым Б.В.Лунин: «Барша әлемдік шығыстануда мазмұндық жағынан бай, жарқын мәліметтерге толы, жоғары деңгейдегі талдауларға ие және тарих ғылымында баға жетпес орны бар, уақыт сынынан сүрінбей өткен В.В.Бартольдтің зерттеулері секілді еңбектер көп емес десек артық айтқандық болмас», – деп бағалады [2,58-б.]. Сондай-ақ 1928 жылы «Түркістан моң­ ғол шапқыншылығы дәуірінде» еңбегінің ағылшын тіліндегі басылымына жазған алғысөзінде Э.Д. Росс: «Біздің алдымызда Орталық Азияны зерттеуде жаңа кезеңді ашқан еңбек тұр», – деп жазған-ды [3,5-б.]. Ғалым ерте және орта ғасырларда Қазақстан жерін мекендеген тайпалар – кимектер, қыпшақтар, қарлұқтар, оғыздар туралы жазылған ортағасырлық аса құнды деректеме – Гардизидің «Зайн әл-ахбар» еңбегінің аудармасын жариялауға көп еңбек сіңірді және алдыңғы ортағасырлық Қазақстанның тарихы үшін ерекше орын алатын «Худуд әл-алам» сияқты деректемені талдап берді. Сонымен қатар өзінің «Ор­ та Азиядағы түркі халықтарының тарихы туралы он екі дәріс» атты еңбегінде орта ғасырдағы Орталық Азия тарихы жөніндегі аса бағалы деректеме – Махмұд Қашғари шығармасының географиялық, этнографиялық және тарихи жағынан құнды деректерін шебер пайдалана білді [9, 49-б.].

В.В.Бартольд Қазақстан тарихы үшін маңызды ескерткіш – оғыздардың «Китаб дәдәм Коркуд» атты батырлық эпосының төрт тарауын орыс тіліне аударып, бастырып шығарды. Ол 1922 жылы тарихи ескерткішті толық аударуды аяқтады. Ғалым Сырдарияның алдыңғы ортағасырлық түркі тілдес халқынан мұраға қалған Қорқыт туралы оғыз (түрікмен) эпосын тарихи және фольклорлық тұрғыдан түсіндіру барысында оның қазақ аңыздарымен ұқсастығы туралы тұжырым жасады [10]. Орыс ғалымы А.Ю.Якубовский: «В.В.Бартольдтың аудармасы тек ғылыми тұрғыдан емес, сондай-ақ деректік жағынан да бағалы. Оның түркі халықтарының шығармасын аударуда тамаша нәтижеге қол жеткізгені сондай, тіпті қарапайым оқырманның өзі ескерткіштің дәл түпнұсқасын оқығандай көшпенділердің тұрмыстық өмірі мен шаруашылығынан мол әсер алады», – деп жоғары баға берді [11,6-б.]. Демек, А.Ю.Якубовскийдің пікірінше, В.В.Бартольдтің аудармашылық қабілетінің жоғары болғандығын әрі тілді өте жақсы меңгере білгенін байқаймыз.

1926 жылы В.В.Бартольд түркі тілдес халықтардың тарихын күрделі процесс ретінде қорытуға, тілі бойынша туыс, экономикалық тұрмысы жөнінен әр түрлі халықтардың кем дегенде екі мың жылдық дербес, әлеуметтік, саяси және мәдени даму жолын көрсетуге тұңғыш рет ғылыми негізделген әрекет жасайды. Зерттеулерінің бұл бағыты ең алдымен оның «Орта Азияның түркі халықтарының тарихы жөніндегі он екі дәріс» деген еңбегінде көрініс тапты. Бұл еңбегінде ол өзінің «Шығыс тарихын Еуропаның тарихы сияқты ғылыми әдістерді қолдану жолымен ғана түсіндіруге бола­ ды» деген тезисін мейлінше дәл, әрі айқын ұстанады. В.В.Бартольдтің орта ғасырлардағы Қазақстан мен Орта Азия тарихын бір жүйеге келтіріп, белгілеген кезеңдері тарих ғылымына қосқан қомақты үлесі болып табылады, ол негізгі белгілері жағынан Шығыстың та­рихнамасынан берік орын алды. В.В.Бартольдтің тарихи құнды еңбектері Қазақстан тарихын зерттеуде негізге алынып келеді [9, 50-б.].

«Қазақстан тарихы (көне заманнан бүгінге дейін)» еңбегінде: «Қазақтың жоғары педагогикалық инсти­ тутында болған кезінде В.В.Бартольд «Түрік-моңғол халықтарының тарихы» деген лекциясын оқыды. Ол Махмұд Қашғаридің материалдары негізінде халық­ тар мен тайпалардың Қазақстан жерінде орналасу көрінісін жеткілікті дәрежеде егжей-тегжейлі жазып көрсетіп, кейіннен қазақ халқының қалыптасуында негізгі компонент болған қыпшақтар тілінің линг­ вистикалық ерекшеліктерін сипаттап берді», – деп көрсетілген. Махмұд Қашқаридің «Диуани лұғат ат- түрік» шығармасы – ежелгі және орта ғасырлардағы түрік халықтарының рухани және материалдық мәдениеті, математика, медицина, география, астрономия саласындағы білімдері жайында көптеген мәліметтер беретін туынды. Бұл ежелгі түрік филологиясы бойынша бізге жеткен жалғыз шығарма екендігін баршамыз білеміз, демек ғалымның төл туындыны зерттеп, оған деректанулық талдау жасауы назар аударарлық жағдай.

Қазіргі кезде өткен тарихымызды саралау барысында В.В.Бартольдтің еңбектері жаңаша зерделене бастады. Мәселен, тарих ғылымдарының докторы, профессор Талас Омарбеков: «Бүгінде еліміз тәуел­ сіздік алған заманда өзіміздің қандастарымыздың кейбіреулері В.Бартольдтің таптаурын жолына тү­ сіп, тарихымызды жауапсыздықпен бұрмалауға бет бұрғандарын аңғара алмай отыр… Өткенімізді шұқ­ шия зерттеу, В.Бартольд тәрізді наймандарды, керейлерді, дулаттарды «олар түркілер емес, моң­ ғолдар болатын» деп, мәселеге үстірт қараудан да сақтанғанымыз жөн», – деген пікірін білдіреді [12, 2-7-б.]. Соған қарамастан ғалымның қазақ тарихынан аса құнды деректер беретін еңбектерінің ғылыми маңызы зор. Өйткені, оның зерттеулеріндегі ежелгі қытай, парсы, араб деректемелері, сол кезде өмір сүрген зерттеушілердің еңбектері біз үшін әрқашанда өз құндылығын жоймайды. Оларды саралап, жаңаша пайымдау бүгінгі зерттеушілердің міндеті болмақ.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Тарих – адамзат ақыл-ойының қазынасы. Он томдық. – Ас — тана: Фолиант, 2006. – Т.6: Әлемдік тарихи ой.– 2006. – 448 б.
  2. Лунин Б.В. Жизнь и деятельность академика В.В.Бартольда. – Ташкент, 1981.
  3. Байпаков К.М., Кумеков Б.Е. В.В.Бартольд как историк и археолог средневекового Казахстана //Известия АН КазССР. Серия общественных наук, 1974, №6.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *