Батыс Рим империясындағы дағдарыс. IV ғасырдың аяғында Батыс Рим империясының аумағы ұлан-ғайыр еді. Оның құрамына Еуропаның батыс бөлігі, Дунайдың оңтүстік жағалауындағы жерлер, Балқан түбегі, Жерорта теңізіндегі аралдар, Солтүстік Африка және Мысыр, Қара теңіздің шығыс жағалаулары, Кіші Азия, Сирия, Палестина, Месопотамияның бір бөлігі кірді. III ғасырдың соңынан бастап, Батыс Рим империясы дағдарысқа ұшырай бастады. IV ғасырда Батыс Рим империясы бәсеңдеді. Оның бірнеше себептері айқындалды. Алғашқы себебі — құлдар еңбегінің өнімсіздігі еді. Құлдар өнімді көп өндіруге мүдделі болмады. Еңбегіне ақы алмай, тек ауқаты үшін ғана ауыр жұмыс істеуге мәжбүр болған құлдар қасақана еңбек құралдарын бүлдіріп, зиянкестік жасады, жұмыстан жиі бас тартты.

Император Диоклетиан (284-305) кезінде Батыс Рим империясының мемлекеттік құрылысы өзгеріске ұшырады. Сенат іс жүзінде маңызынан айырылып, өз орнын императорлық кеңеске берді.

Салық заттай және ақшалай төленетін. Заттай алынатын салыққа: нан, ет, тұз, шарап, зәйтүн майы, сірке суы жатқызылды. Бүкіл империяда халық санағы жүргізілді. Империядағы жердің көлемі есепке алынып, 5 жылда бір тексеріліп тұратын болды. Жұмыс күштеріне қарай салық салынды. Қолөнершілер мен саудагерлер ақшалай салық төледі. Империя тұрғындары мемлекеттің пайдасы үшін әртүрлі жұмыстар атқарып отырды. Мәселен, көпір, жол, сарайлар т.б. салды.

Император Константин империя аумағында христиан дінін уағыздауға еркіндік берді. Балалар, естеріңе түсіріңдер, бұрын христиан дінін ұстанғандар қудаланатын еді. Себебі Рим империясында ресми дін пұтқа табыну болатын. Константиннің анасы христиандыққа бүйрегі бұрғандықтан, ол да христиан дініне өтеді. Константин христиан ілімі империя тұтастығын сақтауға мүмкіндік береді деп сенді. Алайда христиан діні мемлекеттік дін болып тек 381 жылы император Константин қайтыс болғаннан кейін ғана жарияланды. Бұл оқиғаның Рим тарихында зор маңызы бар еді.

Империяның құрамында жаңа қуатты қоғамдық ұйым қалыптасты. Бұл ұйымның басқару жүйесі сатылы түрде құрылып, иеліктерінде көп жерлері болды. Христиан шіркеуінің басшысын «папа» деп атады. Шіркеу мемлекеттік діни ұйым ретінде бүкіл империя аумағында үстемдік етті. Оған бағынбаған әртүрлі топтар күпірлер (еретиктер) аталып, шіркеу тарапынан қудалауға түсті. Сөйтіп құлдар мен қарапайым еңбекші халық шіркеуге де сый-сияпат, алым-салық төлеп тұрды. Тойымсыз дінбасыларға деген наразылық қалың бұқара арасында күпірлер қозғалысын туғызды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *