Экономикалық дағдарыстар теориясы және олардан шығудың шетелдік тәжірибесін талдау. Дағдарыстан шығудың жолдарын қарастырудан бұрын, дағдарыс әрекетінің өзін түсініп алу қажет. Шетелдік те, отандық та авторлардың пікірінше, қазіргі заманғы қаржы дағдарысы — ол нарықтық экономика заңының әрекеті. Дағдарыс — ол әлеуметтік-экономикалық жүйедегі (ұйымдағы) қарама-қайшылықтардың оның қоршаған ортадағы өміршең табандылығына қауіп төндіретін өзгеше ушығуы. Дағдарыстың себептері әртүрлі болуы мүмкін. Олар жаңарту мен қайта құрылымдаудың қажеттіліктеріне байланысты объективтік себептер және басқарудағы қателіктер мен асырасілтеушілікті білдіретін субъективтік, сондай-ақ табиғи себептер деп бөлінеді. Экономикалық дағдарыстар ел экономикасындағы немесе жекелеген кәсіпорынның, фирманың экономикалық ахуалындағы өткір қарама-қайшылықтарды көрсетеді. Бұл — тауар өндіру мен сатудың, экономика агенттерінің өзара қарым-қатынастарының дағдарыстары, төленбеген төлемдердің дағдарыстары, бәсекелестік артықшылықтар мен банкроттықтың және басқаларының дағдарыстары.

Дағдарыстардың бастапқы себебі — ол тауарларды өндіру мен тұтыну арасындағы алшақтық. Табиғи шаруашылық шектерінде өндіру мен тұтыну арасында тікелей байланыс орнайтын, әрі сондықтан экономикалық дағдарыстар тудыратын жағдайлар болмайтын. Оларды тудыратын мүмкіндіктер тауар өндірісі мен айналыстың дамуы шамасына қарай пайда болды және ұлғайды. Тауар өндіру өндірісті ұйымдастырудың үстем түріне, ал нарық оны бейберекет реттеушіге айналғаннан кейін, өндіру мен тұтыну арасындағы уақыт ішінде де, кеңістікте де пайда болған алшақтық шапшаң үдеді. Өндірістің күтпеген апаты мен бейберекеттігі жағдайында экономикалық дағдарыстар сөзсіз заңдылыққа айналды.

Өндірісті кеңейтуге бағытталған жалпы үрдіс өзіне: экономикалық өсу қарқындарының ауытқушылықтары, ұлттық және дүниежүзілік шаруашылықтардың біркелкі жұмыс істемеуі арқылы жол табады. Алғашқы әлемдік дағдарыс 1825 жылы орын алған-ды.

Алғашқы экономикалық дағдарыстан кейін әлемдік экономика бірнеше рет дағдарыс құбылыстарына тап болды. Қоғамдық өндіріс қозғалысында өндірістің жалпы көлемінің артуы жоғары қарқынмен де, сондай-ақ баяу да жүрген жылдар бар, кейде өндірісті мүлдем қысқарту орын алатын, яғни экономика көтерілу немесе құлдырау жағдайларына тап болып отырады. Уақыттың белгілі бір аралықтарында қоғамдық өндіріс қозғалысында тұрақты түрде қайталанып отыратын ауытқулар оның дамуының «кезеңдік» сипатын білдіреді. Кезеңділікке тән сипат — ол шеңбер бойынша айналатын емес, шиыршық бойынша жүретін қозғалыс, сондықтан кезеңдік — ол үдемелі даму түрі.

Экономикалық кезең — ол экономикалық белсенділіктің әртүрлі көрсеткіштерінің: жалпы ұлттық өнімнің (ЖҰӨ) өсуі қарқыны, сатылымдардың жалпы көлемі, бағалардың жалпы деңгейі, жұмыссыздық деңгейі, өндірістік қуаттарды жүктеу, инвестициялардың мөлшері іспетті бірнеше жыл бойы қайталанып отыратын ауытқушылықтары. Даму кезеңділігінің негізгі дәлелі болып ЖҰӨ өсуі қарқынының ауытқушылықтары саналады. Әдетте, экономика бірізділікпен: көтерілу, құлдырау (дағдарыс), тоқырау, жандану секілді төрт сатыдан өтеді.

Қоғамдық ұдайы өндірістің айқын кезеңі төрт сатыдан тұрады. Біріншісі — дағдарыс (құлдырау). Өндіру көлемі және іскерлік белсенділік азаяды, бағалардың төмендеуі, тауар молшылығы (артып кетуі) орын алады, жұмыссыздық көбейеді және банкроттық саны шапшаң артады. Оның үстіне, экономикалық дағдарыстардың жекелеген салаларға да теріс әсерінің дәрежесі әртүрлі болатынын айтқан жөн. Күнделікті тұтыну заттарын шығаратын салаларда өндіру салыстырмалы шағын ауқымдарда қысқарады. Сонымен бірге қолайсыз экономикалық жағдайда тұтынушылар жақсы уақыттар келетініне үміт артып, құрал-жабдықтар мен тұрмыстық техника сатып алуды мүлдем дерлік тоқтатуы мүмкін. Тиісінше, металлургия мен ауыр машина жасау, тоңазытқыштар, көліктер шығаратын салаларда өндірістің тоқырауы, әдетте, жеңіл және тамақ өнеркәсібіне қарағанда, анағұрлым үлкен болады. Экономиканың дара иелікке өткен (монополияланған) және дара иелікке өтпеген секторларындағы дағдарысқа көзқарас та әртүрлі. Жоғары дара иеліктегі салаларда өндіріс көлемі күрт қысқарғанда да бағалар мүлдем дерлік төмендемеген кезде, капитал аз шоғырландырылатын салаларда өнім шығару көлемі салыстырмалы түрде аздап қана төмендеген уақытта бағалар айтарлықтай түсіп кетеді. Басқаша айтқанда, монополиялар өздерінің экономикалық артықшылығына сүйеніп, әлдеқайда аз шығындармен-ақ дағдарыстан өтіп шығады.

Екіншісі — тоқырау. Ол шаруашылық өмірдің жаңа жағдайлар мен қажеттіліктерге бейімделу сатысын (азды-көпті ұзақтау — жарты жылдан үш жылға дейін) білдіреді. Оған өз күшіне сенбеушілік, бейберекет әрекеттер тән. Кәсіпкердің конъюнктураға сенімі қиындықпен қалпына келеді: шаруашылық жүргізудің бағалары мен шарттары орнықса да, ол қомақты қаражатын бизнеске салуға тәуекел ете алмай, тартыншақтайды. Бұл саты көптеген жағдайларда процент нормасының құлдырауымен сипатталады.

Үшіншісі — жандану. Бұл — қалпына келу сатысы. Ірі қаржы салу басталады, бағалар өседі, өндіріс, жұмыспен қамту, проценттік мөлшерлемелер артады. Жандану, бәрінен бұрын, өндіріс құралдарын шығаратын салаларды қамтиды. Басқалардың табысынан жігерленіп, жаңа кәсіпорындар құрылады. Басқаша айтқанда, жандану макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша дағдарыс алдындағы деңгейге қол жеткізумен аяқталады. Содан кейін жаңа, бұрынғыға қарағанда биігірек өрлеу басталады.

Төртіншісі — көтерілу (секіріс). Бұл — экономикалық дамудың жедел үдеуі, жаңа енгізілімдердің, жаңа тауарлар мен жаңа кәсіпорындардың жаппай пайда болуы, ірі қаржы салымдарының, акциялар және басқа бағалы қағаздар бағамдарының, проценттік мөлшерлемелердің, бағалар мен жалақының кенет артуы орын алатын саты. Сонымен қатар осы кезде банк теңгерімдерінің ширығуы артады, тауар қорлары көбейеді. Экономиканы өзінің үдемелі дамуында жаңа деңгейге жеткізетін көтерілу жаңа дағдарыстың негізін даярлайды.

Жаңа дағдарыстың бастапқы түрткісі (себебі) жиынтық сұраныстың қысқаруы болып саналады, әрі қайтадан өндірістің тоқырауы, жұмыспен қамтудың күрт түсуі, табыстардың азаюы, шығыстар мен сұраныстардың қысқаруы басталады. Жиынтық сұраныстың бастапқы қысқаруын тудыратын факторларға келсек, онда олар әртүрлі болуы мүмкін: тозған құрал-жабдықтар ауыстырылады (шикізат, материалдар және қосалқы бөлшектерді бұрынғыдай сатып алу азаяды); өнімнің жекелеген түрлеріне сұраныс күрт төмендейді, салықтар мен кредит проценттері өседі, ақша айналысы заңы бұзылады, соғыстар, әртүрлі саяси оқиғалар, төтенше жағдайлар және басқалары орын алады. Осының бәрі қалыптасқан нарықтық тепе-теңдікті бұзып, кезекті экономикалық дағдарысқа түрткі бола алады. Кезеңдік ұдайы өндірістің және дәстүрлі сатылардың жиі бұзылуының көптеген себептерін (қоздырғыштарын) ескере келе, әртүрлі бағыттардағы ғалымдар кезеңдердің төмендегідей түрлерін ұсынады:

— Кондратьев кезеңдері немесе 40-60 жылға созылатын ұзақ толқынды кезеңдер; олардың басты қозғаушы күші деп қоғамдық өндірістің технологиялық негізіндегі түбегейлі өзгерістерді, оның құрылымдық қайта құрылуын айтуға болады [52, 189-6.];

— Кузнец кезеңдері. Олардың ұзақтығы шамамен жиырма жылмен шектеледі, ал қозгаушы күштері болып өндірістің ұдайы өндіру құрылымындағы алға ілгерілеушіліктер саналады (көбінесе бұл кезеңдер ұдайы өндіргіш немесе құрылыстық деп аталады);

— Джаглер кезеңдерінің кезеңділігі алуан түрлі ақша-кредит факторларының өзара эрекеттестігінің қорытындысы болып есептелетін 7-11 жылды қамтиды;

— Китчин кезеңдерінің ұзақтығы — 3-5 жыл; ол кәсіпорындардағы тауар-материалдық құндылықтардың салыстырмалы көлемінің серпінінен туады;

— жеке шаруашылық кезеңдері бір жылдан он екі жылға дейінгі кезеңді қамтиды және инвестициялық белсенділіктің ауытқушылықтарына байланысты өмір сүреді.

Қазіргі заманғы жағдайларда ғалымдар Н.Д.Кондратьевтің (1892-1938 жж.) «ұзын толқындарына» үлкен назар аударады. Өткен ғасырдың 20 жылдарында-ақ КСРО-дағы шаруашылық конъюнктурасы серпіні мәселелерін зерттей келе, Н.Д.Кондратьев біздің экономикамыздың дамуын сипаттайтын бірқатар экономикалық көрсеткіштерді әлемдік капиталистік шаруашылық серпінімен салыстыруды іске асырған. Зерттеулер оны капиталистік ұдайы өндірістің «ұзын толқындарына» алып келген. Орасан көп статистикалық материалдарды қорыта келе, Кондратьев капиталистік ұдайы өндірістің белгілі шағын (8-10 жылға созылатын) кезеңдерімен қатар, орташа ұзақтықтағы (48-55 жылға жететін), үлкен ұдайы өндіру кезеңдері де бар екенін дәлелдеген [51, 89-6.].

Кәсіпорын өмірінде дағдарыстар немесе дағдарыстар қаупі -тұрақты құбылыс. Экономикалық дағдарыстардың бастапқы себебі, яғни пайда болуы мүмкіндігі деп тауар өндіру мен тұтыну арасындағы алшақтықты айтуға болады.

Экономикалық дағдарыстың мәні төлем қабілеті бар жиынтық сұранысқа қатысты қайта өндіруден, қоғамдық капиталдың ұдайы өндірісі талаптарының бұзылуынан, фирмалардың жаппай банкроттығынан, жұмыссыздықтың, сондай-ақ басқа да әлеуметтік-экономикалық күйзелістердің көбеюінен көрінеді.

Алғашқы экономикалық дағдарыс ол кезде капитализм үстемдік құрып тұрған Англияда 1825 жылы орын алды. Келесі 1836 жылғы дағдарыс Ұлыбритания мен АҚШ-ты қамтыды. 1847 жылдың дағдарысы Еуропаның бүкіл дерлік елдерін шарпыды. Алғашқы дүниежүзілік экономикалық дағдарыс 1857 жылға жатады және капиталистік даму басталғаннан бергі ең терең дағдарыс саналады. 1873-1878 жылдардағы дағдарыс көпшілік еуропалық елдерді және АҚШ-ты қамтып, ұзақтығы жағынан барлық бұрынғы дағдарыстардан асып түсті. Әлемдік экономикалық дағдарыстар: 1900-1903 жж., 1907 ж., 1920 ж. болды, бірақ олардың барлығы да 1929-1933 жылдарда орын алған дүниежүзілік дағдарыспен ешбір салыстыруға келмейді. Ол төрт жылдам астам уақытқа созылды, әрі барша капиталистік әлемді және экономиканың барлық салаларын шарпыды. Капиталистік елдердің өнеркәсіптік өндірісінің жиынтық көлемі сол кезде 46% қысқарды, болат қорыту — 62%, көмір өндіру — 31%, кеме жасау өндірісі — 83%, сыртқы сауда айналысы — 67% қысқарса, жұмыссыздардың саны 26 млн. адамға немесе өндірісте жұмыс істейтіндердің 25%-іне жетті, халықтың нақты табыстары орташа алғанда 58% азайды. Дағдарыс орасан көп банкроттықтарға ұшыратты. АҚШ-тың өзінде ғана 109 мың фирма жабылып қалды [54].

Осы дағдарыстан кейінгі тоқырау ұзаққа созылды. 1937 жылғы біршама жанданудан кейін, көтерілу сатысының болмағанымен сипатталатын жаңа дағдарыс орын алды. Алдыңғыдан әлсіздеу болса да, жаңа дағдарыс тым ауыр өтті. Капиталистік әлемдегі өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі — 11%, ал АҚШ-та 21% қысқарды, автомобиль шығару 40% азайды. Бұл дағдарыстың ары қарай өрлеуіне және ушығуына 1939-1945 жж. екінші дүниежүзілік соғыс кедергі болды.

Соғыстан кейінгі 1948-1949 жылдарда АҚШ пен Канаданы қамтыған жергілікті дағдарыс бұрқ етті. АҚШ-та өнеркэсіптік өнім көлемі сол кезде 18,2%), Канадада 12% төмендеді, ал дамыған капиталистік елдердің өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлемі 6% қысқарды. Капиталистік елдердегі экономикалық дағдарыстар 1953-1954 жэне 1957-1958 жылдары да орын алған-ды. Бірақ соғыстан кейінгі кезеңдегі ең терең дағдарыс деп 1973-1975 жылдардағы дағдарысты айтқан жөн. Ол барша капиталистік елдерді шарпыды және инфляцияның жоғары деңгейімен ерекшеленді. Бұл дағдарысқа тән ерекшелік — оның өндірістің аса маңызды салалары: энергетика, шикізат (ауыл шаруашылығын, сондай-ақ валюта жүйесін қоса алганда) салаларын тұралатқан терең құрылымдық дағдарысқа ұласқаны болды.

Пайдаланылған әдебиеттер: Аманбаев Ү.А., «Кәсіпорын экономикасы». Оқу құралы, Алматы: «Бастау» баспасы, 2012 — 432 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *