Ислам діні Арабия түбегінде пайда болды. VI ғасырда арабтар көшпелі мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысты. Көшпелілерді бедуиндер деп атады. Малдан жылқы, қой, ешкі, түйе өсірілетін. Тайпалар руларға бөлінді. Тайпа басшысы — шейх, ал ру басы саид деп аталды.
Қызыл теңіздің жағалауында Византиядан Африкаға және Үндістанға баратын сауда жолдары болды. Осы жолдардың бойында арабтардың сауда тұрақтары орналасты. Оның ірісі Мекке қаласы еді. Көпестер көрші елдерге жылына бірнеше рет үлкен керуендер жіберіп отырды. Меккенің орталық алаңында Қағба, оның төрінде қасиетті «қара тас» тұрды. Ал айналасында араб тайпалары құдайларының мүсіндері қойылған еді. Әр тайпа өз құдайына құлшылық етті. Бұл арабтар арасында алауыздықты күшейте түсті. Араб тайпаларының бірігуіне жаңа дін — ислам діні жәрдемін тигізді. Ислам дінінің негізін қалаушы — Мекке қаласынан шыққан Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбар. Ол 570-632 жылдары өмір сүрген.
Мұхаммед бір ғана құдіретті Алладан басқа құдай жоқ деп пайымдады, ал өзін «құдайдың өкілі — пайғамбармын» деп атады. Ол 610 жылдан бастап арабтарды өзара жауласуды қойып, бір дінді қабылдап, ислам дініне енуге уағыздады.
Мұхаммедтің діни уағыздарына қарсы болған Мекке қаласының билеушілері қасиетті Қағбаны басып алып, пайғамбардың қаладан кетуін талап етті. Мекке қаласында өзіне қолдау таппағаннан кейін, Мұхаммед пайғамбар 622 жылы Арабияның екінші қаласы Ясрибке (қазіргі Медине) барып паналауға мәжбүр болады. Мұсылмандардың тарихында осы жыл «хижра» (қоныс аудару) мұсылмандық жыл санаудың басы болып есептеледі. Ясриб қаласы бұдан кейін «пайғамбар қаласы» «Медине» деп аталды. Сол жерде Медине халқынан қолдау тауып, Меккеге қарсы жорыққа дайындалады. Осы жорықта жеңіске жеткен Мұхаммед Меккені ислам дінінің орталығы деп жариялайды. Қағба — әрбір мұсылман жылына бір рет барып, Алла алдында өз парызын өтеуге тиісті қасиетті орынға айналады.
630 жылы араб тайпаларының көпшілігі ислам дінін қабылдап, Мұхаммед билігін мойындады. Халықтың көбі Меккені ислам дінінің орталығы деп таныды. Қағба тасы тұрған жер исламның қасиетті орнына айналды. Сауд Арабиясы еліндегі ислам дінінің орталығы Мекке қаласына барып қайтқандар Алланың құлы «қажы» атанады. Ислам деген сөз құдайға бағыну дегенді білдіреді. Мұсылмандардың қасиетті кітабы — Құран (арабшадан аударғанда «оқу» деген сөз).
Исламның бес негізгі қағидасы бар: 1) Аллаға құлшылық ету; 2) бес мезгіл намаз оқу; 3) ораза ұстау; 4) садақа беру; 5) Меккеге қажылыққа бару. Мекке қаласын бағындырған Мұхаммед тек ислам дінін уағыздап қоймай, мемлекеттің саяси билігін өз қолына алды. Елдің билігі қасиетті Құран шариғаттары арқылы жүргізілді. Ер адам әйел адамнан жоғары бағаланды. Қолға түскен ұрының қолы немесе саусағы кесілді.
Жер мемлекеттік меншік саналып, Аллаға адал қызмет атқарған адамдарға беріліп отырды. Жер алғаны үшін оның иесі «ұшыр» (ушур) салығын төлеуге міндетті еді. Малшылар да белгілі мөлшерде салық төледі. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың билігімен өз мемлекетіне адал қызмет атқарғандарға берілген жер иқта деп аталды. Мұхаммед Арабия түбегін түгелдей бағындырып, Ислам мемлекетін құрды. Пайғамбар қайтыс болғаннан кейін, оның ізбасарларына халиф (пайғамбар ісін жалғастырушы, жолын қуушы деген мағынаны білдіреді) деген атақ берілді. Араб халифатын Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың серіктері Әбу Бәкір, Омар, Осман, Әли басқарды.
Омардың кезінде арабтар 640 жылы Сирияны, Палестинаны, ал 640-642 жылдары Мысырды, одан әрі Солтүстік Африканың батысын, 634-651 жылдары Иранды толығымен өздеріне бағындырды. Омар халиф Иерусалимде әл-Ақса мешітін салдырды. Бір кездегі қуатты Сасанидтік Иран өмір сүруін тоқтатты. Шығыста Араб халифаты Орта Азия жерін жаулап, Мерв (Мары) қаласы халифаттың орталығына айналды. Сөйтіп, Үндістаннан Атлант мұхиты жағалауына дейінгі жер Араб халифаты мемлекетіне бағындырылды. Араб әскерінің ерекшелігі сол, олар негізінен ерікті адамдардан құрылды. Мықты атты әскер жасақталды. VIII ғасырдың басына дейін арабтар жаулап алған жерлерінде жергілікті тәртіптерді қалдырып, христиандардың, иудейлердің, зороастрийліктердің діндеріне төзімділік көрсетіп, тиіспеді. Мұндай саясат арабтардың жеңіске жетуіне мүмкіндік берді.
Араб халифатының басқару жүйесі. Барлық жаулап алынған жер мемлекеттік меншікке айналдырылды. 661-750 жылдары билік басына Омейя әулеті келді. Бұлар сириялық арабтар еді. Халифат астанасы Дамаск қаласы болды.
VIII ғасырдың басында арабтар Солтүстік Африканың жағалауын, 711-718 жылдары Гибралтар бұғазы арқылы Пиреней түбегіндегі Испанияны жаулап алып, Франция жеріне дейін жетті.
705-715 жылдары Орта Азияда Хорезмді, Хиуа мен Бұхараны, Сайрамды өздеріне қаратты. Орта Азияны бағындыру үшін арабтардың түріктер және Қытаймен соғысуларына тура келді. Балалар, сендер Қазақстан тарихынан білесіңдер, 751 жылы Тараз қаласына жақын жерде «Атлах» шайқасы болды. Бұл шайқас қытай әскерлері мен арабтарі арасында өтіп, арабтар жеңіске жетті. Осылайша, Оңтүстік Қазақстанның бір бөлігі де халифаттың қүрамына кірді. Халифаттың жері бес жергілікті басқару аймағына бөлінді.
Халифатқа қарамағындағы аймақты басқарып тұру үшін өте көп әскер керек еді. Бүкіл халифаттағы әскердің басшысы халифтың өзі болып, бас қолбасшы рөлін атқарды. Әрбір әмірлікте жергілікті әскери басқару жүйесі жүргізілді. Әскер бастығы дәрежесі жағынан аймақтағы екінші адам болып саналды. Омейя әулетінің негізгі әлеуметтік тірегі арабтың феодалданған ақсүйектері болды.
Омейя әулеті билік құрған Араб халифатында қоғамдық мекемелер мен мешіттер салуға көп көңіл бөлінді. Сауда және қолөнер айтарлықтай дамыды. Сауда айналымына алтын динар мен күміс дирхем енгізілді. Омейя өулеті кезінде Араб халифаты орта ғасырлардағы ең ірі мемлекеттердің бірі болды. Бірақ ұзақ жылға созылған ішкі бақталастық Араб халифатын әлсіретті. 750 жылы Әбу Мүслім бастаған көтерілістің нәтижесінде Омейя әулеті билік басынан қуылып, оның орнына Аббас әулеті келді. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың немере ағасы Аббастан тарадық дейтін араб халифтары әулеті үстемдік құрған алғашқы жүз жылда халифаттағы феодалдық қатынас күшейіп, сауда өрістеді. Аббасилік халифат әсіресе Һарун ар-Рашид (768-809) пен Мамун (813-833) тұсында кемеліне келді. Халифат Азия, Африка, Еуропа құрлықтарын қамтыған әлемдік державаға айналды. Бұл құрлықтардағы халықтардың өздеріне тән тарихи, мәдени, діни ерекшеліктері болды. Олар әртүрлі тілде сөйлеп, өз салт-дәстүрін ұстанды. Бұл сияқты ала-құлалық түбінде халифаттың күйреуіне әкеліп соғатын. Мұндай тағдырдан Халифат та қашып құтыла алмады. VІІХ-Х ғасырларда Халифат бірнеше тәуелсіз мемлекеттерге ыдырап кетті. Олардың ішіндегі ірілері Бағдад халифаты (750-1258), Фатимилер халифаты (909-1071), Кордова халифаты (756-1031), Саманилер мемлекеті (875-999) т.б. болды.