Қарахан мемлекетінің құрылуы мен жер аумағы. Қарахан мемлекеті жайлы деректер араб және парсы авторларының еңбектерінде көптеп кездеседі. Онда қарлұқтар арасынан түркі тайпаларына билік еткен «қағандардың қағаны» шыққанын айтады.

Қарахан әулетінің шығу тегі Қашғарияда өмір сүрген қарлұқтармен байланысты. 940 жылы Қашғарияның қарлұқ тайпалары Баласағұнды басып алып, Сатұқ Боғра хан басқарған жаңа әулеттің негізін қалады. Осылайша, ғылымда Қарахан мемлекеті аталған жаңа Түркі империясы құрылды. Болжам бойынша Қарахан әулеті атауы осы билеуші ұрпақтың арғы атасы Қараханнан шыққан. 999 жылы қарахандықтар Орта Азиядағы Самани мемлекетін талқандады. Өз билігін Әмударияға дейін жүргізді. Бұл өзен Қарахан мемлекеті мен Газнауилер арасындағы шегара болды.

X ғасырдың соңына қарай қағанаттың жер аумағы қалыптасты. Қарахан мемлекеті мен Қыпшақ хандығы арасындағы солтүстік шегара Балқаш және Алакөл көлдерінің бойымен өтті. Қарахандықтар иеліктері батысында Мауараннахрды (Әмудария мен Сырдария аралығы), Жетісу жерін және шығысында Қашғарды қамтыды.

Саяси-әлеуметтік құрылымы. Қарахан мемлекетіндегі билік екі тайпалық топ — жігіл және яғма ақсүйектері арасында бөлінді. Елді шығыс және батыс бөліктерге бөлінген өз қағандары басқарды. Шығыс бөлігінің қағаны жоғары билеуші саналды. Оның ордасы Баласағұн қаласында орналасты. Батыс кіші қағанның ордасы Бұхарада, кейін Самарқанда болды. Осылайша, Қарахан мемлекетінде биліктің қосарлы немесе тең құқықты қосарлы жүйесі қалыптасты.

Қарахан мемлекетінде жер иеленудің иқталық жүйесі орнықты. Қағандар өз маңайындағыларға қызметтері үшін жер үлестерін бөліп берді. Олар аймақ немесе қала тұрғындарынан салық алу құқығына ие болды. Мұндай жер үлестері иқта, ал иқтаны ұстаушылар иқтадар деп аталды.

Қарахандықтарда иқтадан басқа мынадай жер иелену түрлері болды: дінбасыларының меншігі — вақф, жекеменшік — мүлік, яғни мемлекеттік салық түріндегі жерлер.

Иқта және иқталық жүйе Жетісу мен Оңтүстік Қазақстан өмірінде маңызды рөл атқарды. Феодалдық қатынастардың дамуына ықпал етті. Иқталық жүйе жаңа ақсүйек қауымын қалыптастырды. Олар байып алып, қағандарға бағынбады. Кейбір жеке жер иелері өз теңгесін шығарып, көрші елдермен дипломатиялық қатынас жүргізді. Мұның бәрі келіспеушілікке, өзара қырқысқа алып келді. XI ғасырдың 30-жылдарының соңында мемлекет екіге бөлінді: Мауараннахрдағы батыс бөлігі және құрамына Жетісу мен Қашғар енген шығыс бөлігі. Екі қағанаттың арасындағы шегара Сырдария өзені бойымен өтті.

Исламның қабылдануы. Исламды қабылдау қарахандықтар дәуіріндегі ірі оқиға болды. Шығыстанушы В.В. Бартольд: «X ғасырдағы араб географтары түркілерді исламға мүлдем жат халық ретінде сипаттайды», — деп жазды. Алайда X ғасырда түбегейлі өзгерістер болды. Исламның таралуы Қарахан қағаны Сатұқ Боғра хан есімімен байланыстырылады. Ол түркілердің исламға өтуіне дейін-ақ жаңа дінді қабылдаған болатын. Оның ұлы тақ мұрагері Мұса 960 жылы исламды мемлекеттік дін деп жариялады.

Қарахан мемлекетінің құлауы. Қарахандықтардың екі бөлігі арасындағы өзара қырқыстар мен орталық биліктің әлсіреуін көшпелі қарақытай (қидан) тайпалары пайдаланды. XII ғасырдың бас кезінен бастап Жетісу үнемі қидандардың шапқыншылығына ұшырай бастады. 1141 жылы Жетісудың негізгі аумағындағы саяси билік қарақытайлар қолына өтіп, олар қарахандық билеушілерді өздеріне тәуелді етті. Алайда қарақытайлар тек салық алумен ғана шектелді. Олар өз бодандарының мемлекеттік құрылымына, дініне, мәдениетіне тиіспей, мұрагерлік қаған билігін де сақтады. Соған қарамастан қарақытай үстемдігі қарахандардың саяси құлдырауының бастамасы болды.

1210 жылы наймандармен күресте Шығыс Қарахан әулеті талқандалды. 1212 жылы Самарқанда Хорезм шахы Мұхаммед Батыс Қарахан әулетінің соңғы өкілін тағынан тайдырды. Бір кездегі аса қуатты Қарахан мемлекетінің тарихы осылайша аяқталды.

Пайдаланылған әдебиеттер: Бакина Н.С., Жанақова Н.Т. Қазақстан тарихы. Жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған оқулық. — Алматы: Атамұра, 2017. — 240 бет. Сонымен қатар Қарахан мемлекеті туралы слайд көшіріп алыңыз — Slides.kz

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *