Мемлекеттің өнеркəсіптік саясаты жəне оның Қазақстанның индустриалды-инновациялық стратегиясын жүзеге асырудағы рөлі

Экономикалық өсуге мемлекеттің құрылымдық саясатының ықпалы айтарлықтай болатынын анықтадық. Өнеркəсіп өндірісі ЖІӨ жəне экспорт жəне ішкі пайдалану үшін жасалатын тауар массасын жасаудың негізгі көзі болып табылады.

Нарық экономикасы жетілген елдердің тəжірибесі көрсеткендей, өнеркəсіп құлдырау кезінде ынталандыру шаралары қажет екенін аңғартады. Əлемдік тəжірибеде мемлекеттік өнеркəсіп саясатының екі түрі белгілі, олар: жалпы жүйелік жəне іріктемелі.

Жалпы жүйелік өнеркəсіптік саясат индустрияның дамуына оң ықпал ететін жалпы жағдай жасауға бағытталған, ол деңгейлес жүргізіледі. Оның шаралары нарықтың барлық субъектілеріне бірыңғай əсер етіп, экономикалық, институционалды, ұйымдық жəне құқықтық орталарды құрайды.

Мұндай саясат либералды болады, өйткені ол барлық нарық субъектілері үшін экономикалық жəне құқықтық жағдайлардың теңдігін қамтамасыз етуі керек. Ол қаржылық тұрақтандыру шараларына сүйенеді. Сонымен қатар жалпы жүйелік саясат дирижистік болып саналады, өйткені оның негізінде мемлекет нарық субъектілері үшін қызметтерінің рұқсат етілген жəне көпшілік мақұлданған шаруашылық (салық, ақша, валюта, кеден тəртібі, еңбек заңы, техникалық жəне экологиялық стандарттар жəне т.б.) шектер белгілейтін тəртіп орнатады.

Іріктемелі өнеркəсіптік саясат нарық субъектілерінің белгілі бір топтарына (кəсіпорындар, өндірістің жеке түрлері, жеке бір сала, аймақтар) бағытталған. Ол сатылас іс-əрекет жасайды: орталықтан халық шаруашылығы иерархиясының төменгі сатысына дейін бағытталады. Бұл жағдайда оның микроэкономикалық сипаты басымырақ болады.

Нарық субъектілерінің макроэкономикалық, инфрақұрылымдық жəне құқықтық орталарын құру талаптары толық орындалған жағдайда индустрияның іріктемелі жүйесі тиімді болып табылады. Кері жағдайда іріктемелі өнеркəсіптік саясатты іске асыру мүмкін болмайды. Мысалы, сəтсіз инфляция жағдайында индустрияның бір буынына мемлекеттік қаржылық қолдау көрсету тез құнсызданып кетеді. Мұндай қолдаулар, қазақстандық жəне ресейлік тəжірибе көрсеткендей, аз нəтиже береді. Бұл жағдайда экономиканың нақты саласын қолдауға арналған бюджеттік демеуқаржы немесе несиелік эмиссия қаржы саласына беріліп, сауда-саттық мақсаттарында қолданылады да, нəтижесінде тұрақты валютаға айналды-рылып, шетелге шығарылады.

Өнеркəсіптің нақты саласын қолдауға арналған іріктемелі əдіс экономиканың дағдарыстан шығу кезеңінде, нақты жинақтаудың алғашқы мүмкіндіктері пайда болған жағдайда қолданылады. Өнеркəсіптік саясаттың əдістері алуан түрлі жəне олар көптеген елдер тəжірибесінен өткен. Оларды мазмұнына қарай топтастыруға болады.

Ақпараттық əдіс. Мемлекет өнеркəсіптік саясатты жүзеге асырушы ретінде кəсіпорындар мен басқарудың тиісті органдарын қоршаған əлеуметтік- экономикалық орта туралы ғылыми дəлелденген, жүйеленген мəліметтермен қамтамасыз етуі керек. Бұл жерде сөз елдегі, саладағы, аймақтардағы əлеуметтік-экономикалық жағдайдың дамуының зерттеу нəтижелері мен болашағы туралы мəліметтердің барша мүдделілерге жетімді болатындай туралы болып отыр. Мемлекеттің мұндай болжау-аналитикалық жəне ақпараттық белсенділігі шаруашылық субъектілеріне бағдар ретінде болады.

Макроэкономикалық реттеу əдістері. Олар жалпыэкономикалық ортаның нақты өндірісіне бағытталған, нақтыласақ, қаржылық тұрақтылыққа, мемлекеттік бюджет тапшылығын болдырмауға, инфляцияны төмендетуге, оң төлем балансын қамтамасыз етуге, ұлттық валютаның тұрақтылығына бағытталған. Қысқаша айтқанда, өнеркəсіптік саясатты макроэкономикалық қамтамасыз ету болып табылады. Макроэкономикалық ортаның жағдайы тиімді өнеркəсіптік саясаттың алғышарты да болып табылады.

Ресурстық (шығын) əдістер. Олар ең нəтижелілер қатарына жатады жəне индустриалды объектеріне тура əсер ететін əдіс болып табылады. Олар: мемлекеттік тапсырыс жəне мемлекеттік сатып алу жүйелері, нақты демеуқаржы жəне несиелеу, тəуекелді сақтандыру қорларын құру жəне пайдалану, салық жеңілдіктері. Индустриалды саясат кадрларды даярлау жəне қайта даярлауды, еңбек ресурстарының иммиграциясын, іргелі зерттеулерді жəне ҒЗТКЖ қаржыландыруларын біріктіреді.

Институционалды əдістер. Бұл қажетті құқықтық жəне ұйымдық- экономикалық ортаны қалыптастыру жəне барлық шаруашылық субъектілері үшін ортақ тəртіпті бекіту əдістері. Олар жеке–дара əрекет етпейді, олар барлық институционалды жүйеге бірдей əрекет етеді. Бұл əдістің əсер ету тəсілі – реттегіштік жəне ынталандыру. Бұл əдістерді қолдану өнеркəсіп саясатының объекттеріне (салалар, өндіріс түрлері, кəсіпорындар, аймақтар) шығындалуды талап етпейді. Шығындар тек ұйымдық-шаруашылық өзгерістер жасау жұмысымен ғана байланысты. Бұл əдістерге əр түрлі əкімшілік тəсілдер жатады: квота, лицензия, стандарттар, экологиялық нормативтер.

Сонымен қатар, оларға шаруашылық заңдарының тұтқалары жатады. Сонымен, өнеркəсіптік саясат экономикалық өсуді жəне құрылымдық өзгерістерді ынталандырады. Ғылыми-техникалық прогрестің үнемі алға дамуы жағдайында мемлекеттің экономиканы реттеуінің тиімді жəне нəтижелі болуы оның инновациялық үдерістерге ықпал ете алуымен анықталады. Индустриалды дамыған елдер соңғы он бес-жиырма жылда инновация мен ғылымның дамуына аса назар аударуларының нəтижесінде қомақты нəтижелерге жетті.

Мұнда əңгіме ғылымды қажет ететін өнімді өндірудің мемлекеттік бағдарламаларын жасау мен жүзеге асыру туралы болып отыр. Кез келген елдің экономикалық жағдайы оның өнеркəсібін дамыту деңгейіне тəуелді болады. Елдің өнеркəсіп кешенін дамыту жағдайы мен серпіні экономикалық тəуелсіздікті нығайту бойынша, ұлттық қауіпсіздікті, халықтың жоғары деңгейде өмір сүруін қамтамасыз ету, экономикалық сауықтыру, өзара тиімді жəне тең жағдайда əлемдік экономикаға интеграциялау бойынша стратегиялық жəне тактикалық міндеттерді жетістікпен шешу мүмкіндіктерін анықтайды.

Өнеркəсіп өндірісі ЖІӨ құруда негізгі көзі болып табылады. Тұрақты дамушы экономикада өнеркəсіп үлесі ЖІӨ-нің 40 пайызын құрайды. Бұрынғы СССР кезінде 90-шы жылдардың басында ол ЖІӨ-нің 60 %-ын құраған. Тұрақты экономиканың даму кезеңінде өнеркəсіптік кəсіпорындарда халықтың 40 %-ы еңбекпен қамтылған.

Экономикалық өсудің материалдық-заттық факторларын тиімді пайдалану — оны қамтамасыз етуде негізгі рөлді атқарады. Бірақ, ол факторларды тиімді пайдалану ең алдымен өнеркəсіп өндірісін ұйымдастыру жəне оның материалдық-техникалық базасының қалыптасқан жағдайына байланысты. Өйткені өнеркəсіп салаларында жалпыұлттық, өнімнің жартысына жуығы құрылады. Өнеркəсіптің материалдық өндіріс саласы ретіндегі басты рөл — оның халық шаруашылығының басқа салаларын индустрияландырудың шешуші факторы екендігіне де байланысты.

Қазақстан өнеркəсібін дамытуда мынадай кемшіліктер орын алған. Біріншіден, өнеркəсіптің дамуында бұрын қалыптасқан шикізаттық бағыттан арыла алмауы. Экономикамыз өндеуші салалардың нашар дамығандығынан көп жағдайларда ұтылып отырдық. Осыған байланысты өнеркəсіп саласы сыртқы жəне ішкі нарықтарға бəсекелестікті көтере алатын өнім түрлерін ұсына алмады. Соның салдарынан, осы уақытқа дейін өнеркəсіп салаларының арасында қалыптасқан үйлесімдік сақталып келеді. Екіншіден, өнеркəсіптің негізгі қорларының физикалық тозу деңгейі өте жоғары болды. Үшіншіден, иңдустриалды еңбекті ұйымдастыруда жіберілген қателіктерге, оның қолайсыздығы мен жағымсыздығына байланысты өнеркəсіптік еңбектің мəртебесі төмендеді. Төртіншіден, өнеркəсіп кəсіпорындарын жекешелендіру шараларының кемшіліктері.

Кезінде дағдарыстық жылдардың қиыншылыктарын бастан өткізген алдыңғы катарлы елдердің тəжірибесі өкіметтің дағдарыстық жағдайларда белсенді түрде ықпал еткендігін көруге болады. Құрылымдык-инвести-циялық, фискалдық, монетарлық, монополияға қарсы жəне баға саясаттарын жүргізу арқылы жалпы экономикалық үрдістерді басқаруды өз қолына алатынын көрсетеді.

Өнеркəсіп орындарын мемлекет меншігінен алуды жəне жекешелен-діруді жасанды жеделдету мақсатында жүргізілген əкімшілік шаралар, күтілгендей, бағалы жəне орны толмайтын табиғи-шикізат қорларын шетелге шығарудың жаңа жолдарын ашты. Егер, бұрын Одақ кезінде орталықтандырылған жоспар бойынша Қазақстаннан мұнайдың 70%, фосфор мен қара металдардың 45%-ға жуығы, темір рудасының жартысынан жоғары бөлігі, синтетикалық каучуктың 90% жəне түрлі-түсті металдардың 40%-ға жуығы сыртқа шығарылған болса, қазіргі кезде республикаға тиімсіз көптеген бірлескен кəсіпорындардың əрекетіне, жекешелендірілген кəсіпорындардың «коммерциялық құпиясын» сақтауға байланысты ол өнімдердің сыртқа шығарылған көлемдерін дұрыс анықтау қиын болып отыр.

Экономиканың маңызды саласы ретінде өнеркəсіптің жетекші рөлі барлық қалған салалар мен қоғамдық өндіріс саласын индустрияландырудың шешуші факторы ретінде жүреді, сондай-ақ оның техника-технологиялық деңгейін, ғылыми-техникалық базаның жағдайы мен ішкі салалық жəне салааралық кешенді анықтайды. Сонымен қатар, өнеркəсіп бұл сферадағы өндіріс көлеміне белсенді ықпал етеді, ұлттың ЖІӨ құруды анықтауда, мемлекет бюджетін қалыптастыруда, жұмыс күшін еңбекпен қамту деңгейін, халықтың сапалы өмір сүру деңгейін қалыптастыруды анықтайды. Демек, мемлекеттің ең басты міндеті отандық өнеркəсіпті сақтау, дамыту жəне қолдау көрсету. Осыған орай ұлтымыздың экономикалық өмірінде мемлекеттік экономикалық саясатта өнеркəсіпті дамыту ең басымды саланың бірі болуы қажет.

Шынында, ұлттық өнеркəсіп мынаны қамтамасыз ету керек: біріншіден, əртүрлі тауарлар мен қызмет көрсету түріне негізгі ішкі қажеттілік; екіншіден, импортпен белсенді түрде бəсекелесу; үшіншіден, экспортқа бəсекеге қабілетті өнім шығару. Ол үшін келешектегі сұранысқа сəйкес өнеркəсіпті дамытуда тиімді бағыттарды қалыптастыруға қабілетті жəне нарықтық бəсекеге төтеп бере алатын тауарларға деген сұраныс пен ұсынысты мұқият талдау жүргізу қажет. Нарықтық факторлар өнеркəсіпті дамытудың бағыты болып табылады. Демек, келешекте өнеркəсіптің құрылымын анықтауда келесідей факторларды есепке алу қажет:

1. тауар нарығында тауар мен қызмет көрсету түріне қажеттілік;

2. əлемдік нарықта бəсекеге қабілетті тауарлардың шығу мүмкіндігі;

3. өнеркəсіптің технологиялық мамандануы;

4. бəсекеге қабілетті өнім өндірісі үшін өнеркəсіпті дамытуда кəсіпорындардың, мемлекеттің, коммерциялық құрылымның инвестициялық мүмкіндіктері.

Өнеркəсіп саясатының мəні өнеркəсіпті реформалауда мемлекеттің жəне оның басқарушылық органдарының мақсатты бағыттағы жұмысы үшін жағдай жасау жəне қолайлы режимді құру, бəсекеге қабілетті өнім өндірісі мақсатында оның салалық құрылымын оптимизациялау жəне еліміздің ұлттық мүддесін есепке ала отырып, оның əлемдік экономикаға интеграциясы болып табылады.

Өнеркəсіптік саясат бұл мемлекеттік сектордағы өндірістің дамуын, оның өз бетінше жұмыс істеуін анықтайды, сонымен қатар ұлттық экономиканың ұзақ мерзімдік мүддесін бейнелейтін бағыттағы басқалай меншік формадағы өнеркəсіптің негізгі секторларын дамытуға қабілетті. Ол əртүрлі мемлекеттік реттеудің қаржы-экономикалық, заңды-құқықтық жəне ұйымдық формасы арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Əлемдік тəжірибеде өнеркəсіп саясатының негізгі қағдаларын атап өтетін болсақ, олар: ұлттық экономиканың сапалы өзгеріске жету мақсаттылығы; өнеркəсіп өндірісінің əлемнің критерияларға бағытталуы; өнеркəсіп өндірісінің басымды салалары мен сфераларын анықтау; өндірілген өнеркəсіп өніміне сұраныс көлемі мен рентабельділігі; өнеркəсіп саясатының барлық құраушы элементтерінің өзара байланыстылығы; сыртқы экономикалық қызметпен байланысы; өнеркəсіп əлеуетіна арқа сүйеу; билік буындары, ведомтсволар, кəсіпорындар арасында өнеркəсіп саясатын жүзеге асыруда атқаратын қызметін бөлу.

Өнеркəсіп саясатының мақсаты стратегиялық, орта мерзімді жəне ағымдағы деп бөліп қарастырылады. Өнеркəсіп саясатының стратегиялық мақсаты — бұл Қазақстан Республикасында аграрлы-шикізаттық бағытқа мамандануы жəне жоғары техника-технологиялық кəсіпорындардың тиімді олигополиялық нарықтық құрылымын қалыптастыру мен өндірушілер арасында бəсекелік тетігінің болуы.

Өнеркəсіп саясатының орта мерзімді мақсаты – бұл экономиканың индустриалды базасын құрылымдық жəне технологиялық қайта құру мен кеңейтілген ұдайы өндірісін қайта қалпына келтіру. Оның негізгі бағыттары: өндірістік аппаратты жаңалау жəне қайта жасау; технологиялық циклді аяқтайтын жəне соңғы тұтыну өнімін шығарушы өндірісті құру; экономикалық қауіпсіздік көзқарасы бойынша импорттық тиімсіздігіне импортты айырбастайтын өнім мен технологияны меңгере білу; өнеркəсіптің тиімді экспорттық əлеуетін дамыту.

Тактикалық мақсат – бұл экономиканы тұрақтандыру мен дағдарысты болдырмау болып табылады. Ол үшін ішкі өндіріспен қанған тұтынушылық нарыққа жағдай құру қажет, кəсіпкерлік белсенділікті кеңейту үшін стимулын құру; шағын орта бизнесті қолдау; еліміздің қаржылық мəселесін бірлесе шешу.

Қазақстанда 2004 жылы өнеркəсіптік саясатты жүзеге асыру аясында Қазақстан Республикасының 2011-2014, жəне 2015-2019 жылдарға дейінгі индустриалды-инновациялық даму Бағдарламасы іске асырылып келеді. Онда индустриалды саясат бəсекеге қабілетті жəне тиімді ұлттық өнеркəсіпті құру үшін мемлекеттің кəсіпкерлерге жағдай жасап, қолдау беретін шаралар кешені түрінде белгіленеді.

Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуының түпті мақсаты ретінде елдің тұрақты дамуы анықталған. Бұл экономиканың шикізаттық бағыттан ауытқуына жəне сервистік- технологиялық экономикаға ауысуына жағдай жасауына ықпал етеді.

Индустриалды-инновациялық даму Стратегиясын жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшін салалық жəне салааралық он бағдарлама бекітілді, олар: ұлттық инновациялық жүйені құру жəне дамыту бағдарламасы, құрылыс индустриясын дамыту бағдарламасы жəне т.б. Қазақстан Республикасының 20- дан астам заңы қабылданды, олар: «Техникалық реттеу туралы», «Инвестициялық қорлар туралы», «Инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы». Сонымен қатар Салық кодексіне, «Инвестиция туралы», «Арнайы экономикалық аймақтар туралы» заңдарға түзетулер енгізілді.

Қазақстанда дамудың қаржы жəне сервис институттары құрылған: «Қазақстанның даму банкі» АҚ, «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Ұлттық инновациялық қор» АҚ, «Шағын кəсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру бойынша мемлекеттік сақтандыру корпорациясы» АҚ, «Технологиялардың инжинирингі жəне трансферті орталығы» АҚ.

Инновация мемлекеттік өнеркəсіптік саясаттың құрамдас бөлігі ретінде белгіленеді. Бағдарламада екі негізгі бағыт анықталған: инновациялық инфрақұрылымды құру жəне дамыту, инновациялық іс-əрекет субъектілері арасында қатынастардың тиімді жүйесін құру.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *