Қазақ этносының көп тараған тайпалардың бірі керейлер болып табылады. Әбілғазының айтуы бойынша керейлер барлық тайпалардың ішінен ең мықты тайпа болған. Тайпаның билеушілері айрықша даналығымен ерекшеленді. Керейлердің ең көрнекті қолбасшысы «онсан-хан», қытай дереккөздерінде -Ван-хан титулы бар Тоғырыл болды. Ван-хан туралы аңыздарды профессор Г.Ф.Миллер Ван-ханның үлкен ұлы Тайбұға ұрпақтары сөздерінен Солтүстік Қазақстан мен Барабин даласында 1733 ж. келген кезде жазып алған.

Г.Н.Потаниннің жазған керей тайпасының шежіресі: XIX ғасырда Керей, Ашамайлы (керей), Абақ (керей), Балта (керей), Тарақты, Уақ (керей), одан 12 ұрпақ: Шимойын, Шеруші, Молқы, Көнсадақ, Меркіт, Жәдік, Жәнтекей, Жастабан, Ителі, Шұбар-айғыр, Қырық-Мылтық, Қарақас, Жанат. Онсан-ханның (Ван-ханның) үлкен ұлы Тайбұға моңғолдармен шайқаста қаза тапты, оның жерленген жері Алтайда, Балғын өзені бойындағы асуда, Нарым үстіртіне қарама-қарсы жерде орналасқан. Керейлер және олардың туыстары уақтар Шыңғыс ханнан олардың жайлаулары орналасқан төменгі Ертіс пен Барабин даласына қашты. Мұнда Ван-ханның ұрпақтары өздеріне жаңа отанды тапты.

Рашид ад-Дин керей (керейіт) сөзін «қара» түркі-моңғол сөзімен байланыстырады. Басқа да түркі тілдес халықтар сияқты қазақтар қара торы түсті жылқыны кер ат деп атайды.

Шато және шүйе түркі тайпалары Батыс-Түрік қағанаты дәуірінде жоңғар даласын мекендеген керейлермен генетикалық жағынан байланысты. Аңыз бойынша шүйе ата-бабалары — шато Тұйғын мен Жолақай (б.д. IV ғ.) қайда, яғни Қытаймен шекараға жақын ба немесе батысқа қарай ма тұрақтануы жөнінде өзара дауласты. Үлкен ағасы Тұйғын «осы дауды біздің атымыз шешсін» деп ұсынды. Бірнеше жүз қадамға апарылып, жіберілген ат аянышты кісінеді де, кенеттен батысқа ұмтылды. Аттың соңынан абақтың ата-бабасы Гэлэ (абақ керей) және олардың ұрпақтары шимын (шимойын) және ашамайлы ілесті. Олар Алтайдың оңтүстік-батысында және Жоғарғы Ертісте тұрақтанды. Сондай-ақ олардың ұрпақтары Ұлы және Кіші жүз тайпаларында кездеседі. Керейлердің ата-бабалары Тұйғын, Тұян және Шимын V ғасырда өмір сүрді.

Батыс-Түрік қағанаты ыдырағаннан кейін керейлер, оғыздар, қарлұқтар, наймандар, қыпшақтар ерте феодалдық мемлекеттік құрылым деңгейіне жетті, жекелеген ұлыстар пайда болды. Керейлердің бір бөлігі үйсіндерге қосылды.

Керейлердің негізін қалаушы Абақ Түрік қағанаты заманында өмір сүрді. Аңыздардан Абақтың өлімінен соң оның әйелі ру басы болғаны мәлім. Осы уақытта керей тайпасы Орта жүз құрамына, ал кішкене бөлігі Кіші жүзге (керейіттер) қосылды. Г.Н.Потанин «Ш.Уәлиханов және Орта жүз керейлерінің (керейіттерінің) шығу тегі ежелгі үйсіндерден бастау алады» деген осы аңыз әңгімелерді жазып алған. (Потанин. Солтүстік-Батыс Моңғолия очерктері). Шежірелік аңыздарды жақсы білген қазақ ақсақалдары Үйсінде екі ұл болған деп айтқан: Абақ — керейлердің бабасы және Тарақ -жалайырлардың бабасы. Басқа ұрпақтардан ұлы жүз керейлеріне албаттар (албандар), төбеуіттер (төбе), түнқайыттар, жарықшақтар жатады. Дереккөздерге сәйкес керейлерге абақ, тарақ, тоян, суан, шимойын, ашамайлы, уақ кіретіні белгілі. Рашид ад-Дин керейлер оғыз бен қарлұқтардың тармағы болып табылады деп жазды.

X ғасырға қарай керейлердің үш ұрпағы болды: + крест түрінде таңбасы бар абақ-керей, X формасында таңбасы бар (керейлердің көне таңбасы) ашамайлы-керей, + крест түрінде таңбасы бар уақ-керей, сіргелі мен төртқара — таңбасы + түрінде болған Ұлы жүз ұрпағы. Крест түріндегі таңба керейлер Византиядан және Сириядан дін таратушылармен таралған несториандықты ұстаушылар болғанына куәлік етеді. Керейлер, наймандар мен ұйғырлар мекендеген жерлерде түркі, армян және сирия тілдеріндегі жазбалары бар ескерткіштер табылды (Ховорс, Коковцев, Марр, Пигулевская және басқалары). Жәнібек өз шығармасында абақ-керей бабалары Ұлы жүздің уақ тайпасынан шыққан деп жазды. Абақ-керей құрамына 12 тайпа кірді: жастабан, жәдік, жәнтекей, ителі, меркіт, шеруші-қарақас, молқы, көнсадақ, қырық-мылтық (барқын), ашамайлы (ашам), шимойын (шимуюн) (қытайша чумугун) және уақ-керей (Потанин. Солтүстік-Батыс Моңғолия очерктері). Керейлерді қытайлықтар хэлей, хэйлей, гэлэ (абака гэлэ) деп атады. Бейжің тарихи мұражайында ХVII-ХVIII ғғ. керейлердің заттары қойылды.

Г.Н.Потанин Алашанда және Цинхайда өздерін үйсіндерден шыққан ихи хиреита (эке керейіт), соның ішінде бога хиреит (абака керейіт), хархотан, хажирут, бугас деп атаған тайпалармен кездесті (Потанин. Тангут-тиб. окр. Т.І, 113). Олар түркі тілінде сөйлейтініне танданған Н.М.Пржевальский де олармен таныс еді.

Дереккөздерден абақ, ашамайлы, көнсадақ, шимугун (шимойын) тайпалары түркі тілділердің ішінде ең көнесі екені мәлім. Рашид ад-Дин керейлерді байырғы моңғолдармен араластырмайды және оларды наймандар, онгуттар (уақ керей), бекрендер (алмалық), қырғыздар сияқты бөлектейді. Ол керейлерге Ұлы жүздің мына ұрпақтарын жатқызады: жарқыншақ, тобсын, түнқаит, абақ, албат (албан). Керейлердің абақ, ашамай, шимойын (чумугун) ежелгі тайпалары туралы мәліметтерді Томсон орхон жазбаларынан тапты.

Шүйе және шато түркі тайпалары керей тайпаларымен генетикалық жағынан байланысты, олар ежелгі үйсіндерден шыққан. Қытай хроникасынан шато — бұл шүйе (шүйе, қызыл қасқыр) түркі тайпасынан бөлініп шыққан батыс түркілердің ерекше ұрпағы екені белгілі. Шүйе Батыс Түрік қағанаты құрамындағы  «он оқ»  шу тайпаларының конфедерациясына кірді. Шато мен шүйе Шато шөлінде (жоңғар даласында) өмір сүрді, осыдан тайпаның шато атауы пайда болған. IX ғасырда шато тайпасы тибеттіктердің шабуылына ұшырады. Тибеттіктер қысым жасаған, 30 000 киіз үйі болған шато тайпасы өзінің шимын тайпаластарына Алтайға қоныс аударды. Шато және шүйе муюн және агайлу (қазақ транскрипциясында шимойын және ашамайлы) тайпаларымен бірге Шығай түркі қағаны иелігінде өмір сүрді. Дереккөздерде керейлер құрамында шимойын және ашамайлы деген атаумен сақталған екі Муюн мен Агаулу (Кюнер. Кит. известия, 152) тайпалары болғаны мәлім. Қытай дереккөздерінде сипатталған осы тайпа өкілдерінің физикалық типі мен тұрмысы Жоғарғы Ертіс керейлеріне жақын. Осы тайпалардың керейлері ұзын бойымен ерекшеленді, таңғаларлық күшімен барлық солтүстік-батыс тайпалар өкілдерінен басым болды (Кюнер. Кит. известия, 152).

Керейлердің құрамында Шыңғыс хан әскеріне қарсы тұрған керейлер және наймандармен бірге ежелгі меркіт тайпасы сақталды.

Көптеген ірі шығыстанушылар Рашид ад-Диннің көзқарасына сүйене отырып, түркітілдес наймандар мен керейлерді зерттеді. Наймандар мен керейлердің түркіленуін Дегин, Клапрот, Ховорс, Аристов, Ивановский, жапон ғалымы Мураяма, кеңес ғалымдары С.Аманжолов пен Г.Кузеев негіздеді. Олар керей мен наймандар моңғолдар емес деген шешімге келді. Олардың шығу тегінің түркі тамырларынан пайда болғаны жөніндегі ең сенімді дереккөзі моңғол тайпалары тізбесінде керейлер де, наймандар да жоқ «асыл аңыз» болды. Рашид ад-Дин наймандарды, керейлерді, онгуттарды (уақ керей), бекірендерді (алмалық) және қырғыздарды тайпалардың ерекше моңғолға ұқсас топқа жатқызады.

Халық аңыздарына сәйкес керейлер ағашқа оюлап мәнерлеп салушылар болған. Халық есінде «Керейден ұл туса, ағашқа күн туады» деген ежелгі мәтел сақталған. Ұйғырлар, наймандар мен керейлер жазбасы бар халықтарға жатқызылады. Бартольд және Пельо көне ұйғыр жазбасы моңғолдарға наймандар мен керейлер арқылы өтті деп жазды. Ғалымдардың пайымдауынша, Батыс Алтай, Саур және Тарбағатай тауларында кездесетін және Х-ХІІ ғғ. жататын тасқа қашалған жазбаларды қарлұқтар, наймандар және керейлер қалдырған. Осы жазба ескерткіштері — Орталық Азияда ерте жазба мәдениеті болғанының куәлігі.

Керейлер мен оларға туысқан уақтардың батырлық эпостарының ішінде ең кереметі «Қарақасқа атты Қамбар», «Ер Көкше» және «Ер Қосай». Ежелгі дәуірде керейлердің негізгі бөлігі Алтайдың оңтүстік-батысында және Ертіс алқабында, батысқа Саур, Тарбағатай мен Жоңғар даласына дейін таралып өмір сүрді. Біздің заманымызда керейлер Алтайдың оңтүстік-батысын, Ертістің жоғарғы жағын, Павлодар облысының Баянауыл ауданын мекендейді. Керейлер бірқатар түркітілдес халықтарда, сондай-ақ Моңғолияда кездеседі. Тувалықтар арасында оларды убур-керей деп атайды.

Пайдаланылған әдебиеттер: Марғұлан Ә.Х., Ежелгі қазақтың тайпалары және қазақ хандығының құрылуы, Алматы: «Көне Тараз» қоғамдық қоры, 2015. — 275 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *