Шапағаты мол пайғамбарларымыздың өмірде атқаратын қызметі бір болғанымен, құдіреті күшті Құдайдың бұйрығымен олардың даңқ-дәрежесі, адамзат қоғамында алатын орыны күні бұрын белгіленіп қойылса керек. Содан Пайғамбарлардың қай-қайсы да жеке халық, қауымдарға қызмет атқарса, Мұхаммед (с.ғ.с.) Аллаһ Тағаланың қалауымен бүкіл дүние жүзі халықтары үшін жіберілген.

Ислам теологиясы мен моралін тұтастай жасап шығарған әрі Ислам дінінің негізін қалаушы, әрі саяси көсем Мұхаммед пайғамбар жаңа күнтізбе бойынша 570 жылы Мекке қаласында дүниеге келіп, 632 жылы 8 маусымда, дүйсенбі күні Мединеде фәниден бақиға көшкен. Ұлық пайғамбарымыздың шыққан тегі батыр да, атақты Құрайыш тайпасы. Теологтар мен шығыстанушыларға жақсы мәлім, бұл тайпаның екі рудан, яғни, Хашим және Әбді-Шамис деген екі бұтақтан тұратыны. Мұхаммедтің арғы атасы Хашим — Меккенің ұлы жарылқаушысы болған белгілі адам.

Сол бір ерте заманда Мекке-Мединені мекендеген арабтардың көпшілігі пұтқа табынып, мәжуси дінін ұстаған-ды. Жасыратыны жоқ бұл жақта иудейлер мен христиандар да өмір сүретін. Мекке қаласы шөлейтті де тастақ жерде салынғандықтан оның халқы азық-түліктен қатты тапшылық тартады. Халқының мұндай ауыр жағдайы рубасыларды қалай толғандырмасын. Сол себепті өз руының жақсы-жайсандарымен ақылдаса келіп, Хашим алтыншы ғасырдың басында жыл сайын Иемен мен Сирияға екі керуен жіберіп, азық-түлік алдыртып отырады. Әубаста күн көрістің қамы үшін ұйымдастырылған бұл шара кейін үлкен сауда-саттық қарым-қатынасына ұласып, құрайыш тайпасының дәулеті артады. Мұхаммедтің атасы Хашимның атақ-даңқын шығарған тағы бір ісі оның сол кезде бүкіл араб халқы табынып, құлшылық ететін қасиетті Қағбаның қорғаушысы болғандығы еді. Тарихтан бізге белгілі ақиқат, ол кезде Қағбаны қорғау айрықша құрметті рулар мен әулеттерге ғана сеніп тапсырылатын. Жарықтық Хашим қайтыс болғаннан кейін оның мұрагері, сүйікті ұлы Абд әл-Мутталіп әкесінің ісін жалғастырып, Мекке қаласын Абиссинияның христиан княздері жіберген әскерлер мен пілдер шабуылынан қорғайды. Абд әл-Мутталіптің кіндігінен тараған балалары: Әбутәліп, Әбулақаһ, Аббас, Хамза және Абдолла. Кенже ұл қашан да қара шаңырақтың иесі. Абдолла Құрайыш тайпасынан шыққан Веһб Бин Абдн Менафтың қызы Әминаға үйленеді. Жалпы Абдолла көркіне көз тоймайтын, ақыл-парасаты мол, ерлерге тән мәрт мінезді жан болса керек.

Қарапайымдылық — халық құрметтеген қасиет қой. Тарихшы теологтардың пайымдауынша Абдолла мен Әминаның тойы өте жұпыны өткен. Ешқандай ысырап болмаған.

Тағдырдың тасбауырлығына шара бар ма? Абдолла өз әулетін асырау үшін Медине қаласына барған жерінде ауырып, қайтыс болады. Ол кезде Мұхаммед ана құрсағында еді. Өмірге ұлы адамдар келгенінде ол сезілмей қалмақ емес. Құдайдың құдіретімен Піл жылындағы Рабиғ әл-әууәл айының он екісінде таң ағарып ататын кезде ғалам ғажайып бір күйге бөленіп, он сегіз мың әлем аппақ нұрға толады. Бұл түннің керемет айырмашылығы ол ешбір түнге ұқсамайтын. Аспанда бір жарық пайда болып, төңірекке шуағын төгіп тұрса керек. Әмина титтей де қиналмай босанып, өмірге пайғамбар келеді. Мінеки сол сәтте Әминаның құлағына «Құдай ұлы! Құдайдан басқа Тәңірі жоқ! Мен оның пайғамбарымын» деген үн естілген көрінеді. Ең ғажабы, пайғамбар туған күні Иранның отқа сенетін патшасының сарайы қирап, оттары сөніп қалады. Суға сенгендердің «Сава» көлі тартылып, құрғап кетеді. Тигр өзені арнасынан аса тасып, жағалауын шайып жібереді.

Ұрпағының дені сау болып өсуін қалаған мұсылман халқының бір ізгі салты баласының өз анасымен бірге сүт анасының да болуы. Меккенің ауасы ауыр және ыстық еді. Мұның үстіне күйеуі қайтыс болып, жан-дүниесі күйзелгеннен кейін Әминаның кеудесі суалып қалады. Сонан соң ол перзенті Мұхаммедті емізуге сүт анасы — Халимаға береді. Араб аңыздарына сенсек, Мұхаммед үш айлығында тәй-тәй тұрып, жеті айлығында жүреді, он айлығында садақ тартып, сегіз айлығында тілі шығады.

«Ол үш жасқа толған шақта өзінің емшектес бауыры Мәсрудпен ойнап жүрді, — деп жазады В. Ирвинг өзінің «Мұхаммед Пайғамбардың өмірі» деген кітабында. — Кенет әппақ киім киген, айналасына жарық сәуле шашыратқан екі періште келіп қонады да, асқан мейіріммен қарап, өз әрекеттеріне кіріседі. Бір періште ақырын ғана Мұхаммедті жерге жатқызады, екіншісі Жебірейіл түк те ауыртпай, ешқандай қинамай-ақ кеудесін сөгіп жіберіп, жүрегін алады. Жүректі барлық кір-қоқысты нәрселерден тазарта бастайды, сығып-сығып, о бастағы күнәлі, ащы тамшыларды кетіреді. Ол тамшылар баяғы біздің арғы атамыз Адам Ата жасап қойған кейбір күнәлардан қалған, тіпті ең мейірімді деген ұрпақтардың жүректерінде де қалып қоя беретін және жамандыққа, қылмысқа қарай итермелейтін ібілісті нәрселер екен. Сөйтіп, Мұхаммедтің жүрегі барлық кір-қоқыстардан әбден тазартылғаннан кейін періште Сенім, Білім және Пайғамбарлық парасат қасиеттермен толтырады да, қайтадан баланың кеудесіне салады».

Әкесін көрмей жатып, шешесінен алты жасында жетім қалған Мұхаммед атасы Абд әл-Мутталіптің үйінде тәрбиеленеді. Арғы атасы Хашимнан бастап әулеттерінде кіре тарту ісі жалғасып келе жатқандықтан, Мұхаммед онымен жастайынан жақсы таныс болып? өзі де кей кездері кіре тарту сапарларына қатысып қайтады.

Пайғамбарлардың өн бойында өзгелердің жан-дүниесін титтей де тітіркендіретіндей еш нәрсе болмаған. Олардың қай-қайсы да күнәдан пәк, адамзатқа Аллаһ тағаланың ақ жолын көрсетуші ұлы дәрежедегі адамдар еді. Мінеки, сол себепті Құран Кәрімнің Әнбия сүресі, 73 аятта олар туралы былай деп жазылады: «Өз әміріміз бойынша оларды жетекші (пайғамбарлар) еттік. Біз оларға ізгілік жасау, намаз оқу, зекет беру туралы аян бердік. Бізге олар ақ ниетпен ғибадат ететін еді». Құдіреті күшті Қүдайдың шарапатымен ұлық пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с. ғ. с.) керемет кемеңгерлігіне аяулы көрік-келбеті сай болған деседі. Оның заманында жазылып, кейінгі ұрпаққа мирас болып қалған кітаптардағы сөздерге арқа сүйесек, пайғамбардың сымбаты кәдімгі аспандағы толған айға ұқсаған көрінеді. Көздері мойылдай қап-қара, әрі өткір, кірпіктері ұзын, майда біткен қастары қиылып, аққұба жүзіндегі екі бетінен қан тамып тұрған. Қыр мұрыны, маржандай тізілген тістері, кере қарыс кең маңдайы, торсықтай қос шекесі, толқындай қою шаштары ажарын айшықтап, аша түскен.

Аллаһ Тағаланың Мұхаммедке берген ең ғажайып қасиеті -мейірімділік пен әділеттік, рухани тазалық. Егерде жаулары қателіктерін мойындап, алдына келетін болса, пайғамбар оларды кешіріп, адалдықтың жолына түсуіне оң ықпал жасаған. Сол себепті ғой, Құран Кәрімдегі Ғимран сүресі, 159 аятта: «Ей, Мұхаммед! Өзіңе Алла берген мейірімге орай сен де адамдарға сыпайы, жұмсақ қарым-қатынаста болдың. Егер сен анайы болсаң, жүрегің қатігез болса? онда олар Сенің маңыңнан безіп кеткен болар еді. Сен оларды ғафу ет, олар үшін Жаратқаннан жарылқау тіле, әр істе олармен ақылдасып отыр. Ал, енді бір іске бел байласаң, онда Аллаға сүйен. Анығында Алла өзіне сүйенгенге сүйеніш болады» — деп жазылғаны.

Алғашқысында меккелік бай әйел Хадиша бинт Хууайлидтің сауда ісін жүргізуге жалданған Мұхаммед оған 25 жасында үйленді. Мұхаммедтің Қасым, Руқайа, Умм Күнсүм, Зейнеп, Фатима, есімді балалары болған. Тек оның ұлдары жастайынан шетінеген көрінеді. Пайғамбардың өзімен Аллаһ Тағаланың Жебірейіл періште арқылы тілдесетініне, сол бойынша адамдар арасында дін таратушы болып таңдалып отырғандығына жүрегінде нық сенімнің орнаған шағы жасының қырыққа толған тұсы. Ол айналасындағы адамдардың пұтқа табынып, тас мүсіндерге құлшылық жасап жүргеніне көңілі толмай, Жабалул Нур (Нұр тауы) тауындағы Хира үңгірінде жалғыз жатқанында түнде уәхи арқылы Жебірейіл періште Алланың сөзін жеткізеді. Осынау қасиетті түн 610 жылғы рамазан айының жиырма жетісі екен. Содан Аллаһ Тағаланың адамзатқа жолдаған сөзі — Құран Кәрімнің сүрелері мен аяттары Мұхаммедтің 40 жасынан бастап, 23 жыл бойы (13 жыл Меккеде, 10 жыл Мединеде) пайғамбарға жетіп отырады.

Мұхаммед пайғамбар ең әуелі Ислам дінін үш жыл бойы туған-туыстары мен дос-жолдастарының арасында уағыздайды. Ал, енді 613 жылдан бастап ол бұл дін туралы халық алдында айта бастайды Мұхаммедтің әлгі уағызын меккеліктер күмәндана қарсы алғанымен, көп ұзамай оның төңірегіне біраз халық топтасады. Жалпы, бұлардың бір бөлігі ауқатты адамдар болса, екінші бір тобы жарлы-жақыбайлар еді. Сол кезде Мұхаммед Әбу Тәліптің қамқорлығында болады. Бірақта Ислам дініне енген мұсылмандарды қудалау бәсеңсімей, олардың бірқатары Меккеден Эфиопияға үдере көшеді Мұхаммед пайғамбар болса 622 жылы кудалаудан бас сауғалап, Медине қаласына қашып барып, сол жерде меккеліктерден де көп жақтастар табады. Кейін бұл сапардың Ислам әлемінде «Хижра» деген атқа ие болғаны ақиқат. Яғни мұсылмандардың жаңа дәуір жылдарының басталуын есептеуі Мұхаммедтің Меккеден Мединеге көшіп барған осы жылынан басталады.

Медине қаласында Мұхаммед діни уағыздаушыдан мұсылмандар қауымының саяси басшысына айналып, халықтың ыстық махаббатына бөленді. Ол намаз күнін сенбіден жұмаға ауыстырып, Әл-Қағбаны қасиетті орын деп жариялады. Сол күннен бастап намаз құбылаға қарап оқылатын болып, мұсылмандықтың дәстүрлі парыздарының негізі — намаз, дәрет алу, ораза ұстау, азан шақыру, қаріп-қасірлерге садақа беру тәрізді шариғат шарттары белгіленді, Медине қаласында Мұхаммедтің үйі, тұңғыш Мешіт салынды.

623 жылдан бастап Мекке мен Медине арасындағы қақтығыстар 630 жылы Мұхаммед пайғамбардың жеңімпаз ретінде Мекке қаласына келіп кіруімен аяқталды. Ол 632 жылы бүкіл Оңтүстік Арабияның әміршісіне айналды. Мұхаммед пайғамбар Ислам дінінің бүкіл дүние жүзіне кеңінен тарауы үшін Византия (грек), Парсы, Қабажстан (Эфиопия) патшаларына өз атынан хат жаздыртып, оларды Ислам дінін қабылдауға шақырды. Ақиқатын айтар болсақ, кезінде Құран Кәрімді Мұхаммедтің өзі жазды деп, дәлелдеуге тырысқандар болған. Алайда ол яһудилердің ғалымдарынан, насарлардың монархтарынан оқып, білім алмаған, тіпті әріп танымаған кісі Құранды кітап етіп шығарған араб халифатының тұңғыш басшысы Әбу Бәкір.

Хадиша қайтыс болғаннан кейін Мұхаммед көп әйел алған. Бұл некелердің саяси мәні болған. Яғни, Мұхаммед әр түрлі тайпа, рулардан әйел алып, олармен туыстық жақындастық жасап, ол ру, тайпалардың басын біріктіріп отырған. Аңыздарға қарағанда пайғамбардың 11 әйелі болса, ол қайтыс боларда 9 әйелі тірі болған көрінеді.

Мұхаммед — Аллаһ Тағаланың жер бетіне жіберген ең соңғы пайғамбары. Ол ақыл-ойы, сана-сезімі дамудың ең жоғарғы шегіне жеткен, ең ұлы тұлға. Естеріңізде болар, американдық ғалым Майкл Харттың «Тарихтағы 100 ұлы адам» атты кітабының кезінде дүниені дүр сілкіндіргені. Өйткені мұнда әлемдегі 100 ұлы адам таңдап алынып, олар компьютердің көмегімен зерттеліп, іріктелінген-ді. Мінеки, сонда экранда тарихтағы № 1-ші ең ұлы адам деп Мұхаммед пайғамбардың есімі жазылды. Иә, Ислам діні де, Мұхаммед пайғамбардың өсиеттері мен есімі де -мәңгілік. Бұл өмірде Исламға тең келетін дін де, Мұхаммедке тең келетін ұлы тұлға да жоқ.

Мақсұтбек Сүлеймен

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *