Өсімдіктер де кез келген тірі организмдер сияқты тіршілік ету үшін қоректенеді. Қоректену — бұл өсімдіктерідің қоршаған ортадан неорганикалық заттарды сіңіруі, оларды өзгертуі және тыныс алу, өсу, көбею процестерінде пайдалануы. Өсімдіктердің басым көпшілігіне топырақтық (минералды) және ауалық (фотосинтез) қоректену тән.

Топырақтық қоректену — тамырлардың суды және онда еріген минералды заттарды сіңіруі. Топырағында минералды қоректік заттары аз алқаптарда органикалық заттардың түзілу процесі бұзылады, өсімдіктердің өсуі және дамуы баяулайды, сәйкесінше өнім азаяды. Өсімдіктердің қорегіндегі ең басты элементтер азот, фосфор және калий болып табылады.

Азот жерүсті өркендердің өсуін күшейтеді, калий тамырлардың, түйнектердің, пиязшықтардың өсуіне жағдай жасайды; фосфор жемістердің салмағына, мөлшеріне әсер етеді, олардың пісіп-жетілуін жылдамдатады; калий мен фосфор өсімдіктердің суыққа төзімділігін арттырады (52-сурет).

Маңызды химиялық элементтер

Топырақта минералдық қоректің белгілі бір элементінің жетіспеушілігі өсімдіктерге қалай әсер етеді? Байқампаз және білетін адам өсімдіктің түсіне, жапырақтарының пішініне көз жүгіртсе болды, ол сол өсімдікке қай заттың жетпейтіндігін айта алады.

Азот жетіспеген жағдайда жапырақтар өңсіз жасыл болады, тіпті сарғайып, уақытынан бұрын түсіп қалады. Өсімдіктердің өсуі баяулайды, бүйір өркендері нашар түзіледі, тамырлардың тарамдануы азаяды. Өсімдіктердің азоттық ашығуын болдырмау керек, себебі азотсыз жаңа нәруыздар түзілмейді. Мысалы, жүгеріде жапырақтың ортаңғы жүйкесінің ұлпалары өлі ұлпаларға айналады, жапырақтың шеттері ширатылады. Орамжапыраққа азот жетпеген жағдайда төменгі жапырақтары ал қызыл және ашық сары ерекше түске ие болады.

Фосфорлық ашығу жапырақтарда көкшіл жасыл, сирек жағдайда қола тәрізді түстің пайда болуына әкеледі. Өсімдіктің өсуі, гүлдеуі, содан кейін жеміс және тұқым беруі тоқтайды.

Топырақта калий жетіспеген жағдайда тамырлар нашар өседі, түйнектер мен пиязшықтар баяу дамиды. Жапырақтары су жетіспегендей солыңқы көрінеді, ал олардың жиегінде күйік тәрізді қоңыр дақтар пайда болады. Өсімдіктердің өнімділігін арттыру үшін топыраққа тыңайтқыштар түрінде қоректік заттарды енгізу қажет. Тыңайтқыштар органикалық және минералдық болып екіге бөлінеді.

Органикалық тыңайтқыштар — организмдердің тіршілік әрекеттерінің қалдықтары (көң, құс саңғырығы, шымтезек, қарашірік) немесе өлі дене бөліктері. Оларда өсімдіктің қоректенуі үшін қажетті заттардың барлығы болады, бірақ органикалық тыңайтқыштар толықтай шіріп, микроорганизмдер әсерінен минералды заттарға айналғаннан кейін ғана өсімдіктер сіңіреді. Сондықтан органикалық тыңайтқыштарды топыраққа олар көктемге дейін ыдырап (шіріп) үлгерулері үшін күзде енгізеді.

Минералдық (химиялық) тыңайтқыштардың құрамында топырақта жетіспейтін азот, фосфор, калий элементтері болады. Оларға суперфосфат, калий хлориді, мочевина (несепнәр), аммоний сульфаты, селитра жатады.

Топырақта қандай да бір жетіспейтін элементтердің орнын толтыра отырып, тыңайтқышты мөлшерден артық енгізуге болмайтындығын есте ұстаған дұрыс. Өйтпесе артық мөлшердегі тыңайтқыш өсімдіктердің өзіне зиян келтіруі мүмкін. Топыраққа минералды тыңайтқыштарды олардың құрамындағы тұздардың мөлшері топырақта болуы керек мөлшерден көп болатындай етіп енгізеді. Сонда ғана суда еріген минералды тұздар топырақтан өтіп, өсімдік жасушаларына дейін жетеді.

Осыны есте ұстай отырып, ауылшаруашылығы практикасында минералдық тыңайтқыштарды өсірілетін мәдени өсімдіктердің қажеттілігіне, нормаға сәйкес енгізеді. Өсімдіктерді үстеме қоректендіру кезінде жаңбырдан кейін немесе мол етіп суарғаннан кейін енгізген дұрыс. Топырақтағы тыңайтқыштардың артық мөлшері қоршаған ортаға зиян келтіреді немесе өсімдік адам үшін зиянды заттарды, мысалы, нитраттарды барлық мүшелеріне жинайды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *