Саясат өнер ретінде

Саяси басқару өнерінің принциптері. «Саясат сөзі көне грек тілінен («politike») аударғанда мемлекетті басқару өнері дегенді білдіреді екен, яғни бұл сөздің этимологиясының өзі «саясат» ұғымының мағынасын тамаша білдіріп тұр деп мойындауға тиіспіз. Расында, мемлекет өміріндегі саяси мәселелердің дұрыс шешілуі дұрыс саяси шешімдердің қабылдануына, яғни саяси басқару өнеріне тікелей тәуелді.

Саяси басқару өнерінің мазмұнына мынадай ұстанымдарды жатқызуға болады:

  • адамдармен жұмыс істей білу, бұқара халықтың үніне құлақ асу;
  • саясаттың субъектісі мен объектісінің қиюласу мүмкіндіктерін көре білу қабілеті;
  • алыс-жақын болашақты анықтайтын ғылыми негізделген саясат жасақтап, оны шығармашылықпен іске асыра білу;
  • саяси-қызметтің белгіленген мақсаттарға ұтымды қол жеткізуге жарамды формаларын, әдістерін, құрал-жабдықтарын анықтай білу;
  • адамдардың мінез-құлқына тән күрделі ерекшеліктерді тап баса білу;
  • мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар мен институттардың қызметін реттеп әрі бағыттап отыру;
  • көздеген мақсаттар мен міндеттерді іске асыруға қабілетті мамандарды таңдауға, тәрбиелеуге және орын-орнына тағайындауға деген іскерлік, шығармашылық іс-әрекеттер;
  • табыстар мен жеңістерден ғана емес, сәтсіздіктер мен жеңілістерден де дұрыс қорытындылар жасай білу.

Саясат дегеніміз мемлекет басқару ісіндегі нәзік өнер болып табылады. Ал дәл солай болуы үшін ол ғылымның жетістіктеріне сүйенумен бірге адамгершіліктің ең жоғары критерийлеріне үйлесімді болуы тиіс, өйткені әлеуметтік қызметтердің ішінде саяси қызмет ең жауапкершілігі басымы болып табылады. Саясат, сонымен бірге саяси шешім қабылдау өнері: көптеген мүмкіндіктерден таңдап дұрыс жол таба білу керек. Ал бұл болса, саясаткердің біліміне, тәжірибесіне, интуициясына дүниетанымына және т.б. байланысты іске асатын үлкен өнер. Сондықтан кейде саясатты «мүмкіндік өнері» деп те атайды, өйткені толған мүмкіндіктер ішінен ең қолайлысын, ең сәттісін тап баса білу керек, — ал мұны өнер демеске лаж жоқ. Бұдан әрі осы параграфта саяси басқару өнерінің қоғамның саяси жүйесін қалыптастырудағы әрекетімен танысамыз.

Қоғамдық қатынастарды саяси реттеудің ерекшеліктері. Саясат ұғымының қоғам өміріне тікелей қатынасы бар, ал қоғамда санасы мен ерік күші бар адамдар әрекет етеді және әр жеке адамның өз мүддесін құптайтыны белгілі. Адамзат тарихының жаңа басталған шағындағы қарабайыр қоғамдарда, жалпы алғанда, саясат болған жоқ. Өйткені ол кезде адамдардың мүдделері өзара сай келетін, бастысы физикалық түрде аман-есен болуға саятын, ал бұны қамтамасыз ету өз кезегінде қауымдық өмір сүрудің негізгі міндеті болды. Қауым ішіндегі қарым-қатынастар қандастық-туысқандық байланыстарға негізделіп, әртүрлі әдет-ғұрыптармен, салт-дәстүрлермен және наным-сенімдермен реттелетін.

Адам мұқтаждықтарының дамуына орай өндіріс құрал-жабдықтары жетілді, еңбектің қоғамдық бөлінуі дами түсті, оның жаңа түрлері пайда болды: мысалы, дене еңбегімен қатар ой еңбегінің мәртебесі өсті. Қоғам дамуымен бірге кейбір басы артық өндіріс өнімдері (тамақ өнімдері, еңбек құралдары, әртүрлі басқа да нәрселер) пайда болып, олар жекелеген адамдардың (ру ақсақалдарының, көсемдердің, әскер басшыларының) және отбасылардың қолында шоғырландды. Бұл үдеріс біртіндеп мүлік теңсіздігінің пайда болуына, жекеменшіктің тууына әкелді, бұл өз кезегінде қоғам өміріне көптеген жаңалықтар ала келді.

Қоғам дами келе әлеуметтік қатынастар күрделенеді, оларды реттеудің қиыншылықтары түптің түбінде саясаттың пайда болуына әкеледі, ал саясат өз табиғатына сай тарихи өрбіп, қоғамның ерекше бір өз мәні мен маңызы, атқаратын қызметтері, күрделі құрылымы бар дербес саласына айналады. Қоғамдық өмірді саяси реттеудің басты ерекшеліктеріне мыналарды жатқызуға болады: біріншіден, саясат әртүрлі әлеуметтік мүдделерді үйлестіріп, қоғамның тұтастығын қамтамасыз етеді, ал бұл оның негізгі мәндік қасиетіне жататыны белгілі; екіншіден, саясат өз мәніне, атқаратын қызметтеріне сай саяси институттар, үдерістер, құбылыстар, қатынастар және т.б. түрінде қоғам өміріне тікелей араласып, ағзасына сіңіп, қоғамның саяси жүйесін құрайды; үшіншіден, саяси өмірдің тең ортасында мемлекет, биліктік қатынастар тұрады, ал бұл өз ретінде кімнің билеп-төстейтіні, үстемдік жүргізуі және мойынсұнуы, басқару құрал-жабдықтары және т.б. сұрақтарды туғызады. Демек, қандай саяси шешімдердің қабылданатыны; мәселенің кімнің пайдасына шешілетіні тікелей тәуелді; төртіншіден, саяси билік міндетті түрде қоғамда пайда болатын шиеленістерді (конфликттерді) шешуге қабілетті болуы тиіс, өйткені қоғамдық өмірде неше түрлі саяси-әлеуметтік күштердің (таптардың, топтардың, партиялардың және т.б.) соған сай қарама-қарсы мүдделер мен мақсаттардың орын алатыны белгілі.

Саяси жүйе және оның құрылымы. Қоғам әртүрлі ішкі және сыртқы жағдайларға байланысты әрқашан өзгеріп, дамып отырады. Ішкі жағдайларды адамдар арасындағы құбылмалы әлеуметтік байланыстар, өзгеріп отыратын мүдделер мен адам іс-әрекеттерінің түрлері қалыптастырады. Ал сыртқысына қоғам өмір сүруінің табиғи-географиялық, энергетикалық, халықаралық жағдайлары жатады. Қоғам өз жағдайларының өзгерулеріне қалай бейімделеді? Оның орнықты түрде өмір сүруінің тетігі неде деген сұрақтардың тууы әбден заңды. Қоғамның осындай тұтасып, ішкі және сыртқы жағдайлардағы өзгерістерге төтеп беріп, оларды өзінше қорытуға деген қабілеті оның саяси жүйесіне тікелей қатысты. «Саяси жүйе» ұғымын ХХ ғасырдың ортасынан бастап, Американың алғашқы әлеуметтанушылары Т.Парсонс (1902-1979) пен Д.Истон қолданысқа енгізген. Т.Парсонс қоғамды зерделеуде «жүйе» ұғымын қоданып, оны төрт жүйешелердің (экономикалық, саяси, әлеуметтік, рухани) өзара әрекеттесуінен тұратын жүйе деп қарастырған еді. Әрбір жүйешенің атқаратын белгілі бір қызметі болуға тиіс, ал олардың барлығы біріге келе, қоғамның тұтас өмір сүруін қамтамасыз етеді деп есептеген. Алайда саясат саласын жүйелі түрде қарастыруды алғаш бастаған Д.Истон болды. Ол саясатты қоғамда «ерік күшін қолдану жолымен құндылықтарды бөлісу» деп атап, оны саяси жүйе арқылы іске асады деп есептеген. Сонда саясат жүйелі құбылыс есебінде қарастырылып, саяси жүйе қоғамда билікті қалыптастыру мен жүргізудің күрделі тетігі ретінде алынады.

Саяси жүйе бір-бірімен тығыз байланыстағы өз жүйшелерінен, яғни элементтерінен құралады. Атқаратын қызметтеріне орай оның құрылымдық элементтеріне мыналар жатады: институционалдық, нормативтік, функционалдық, мәдени және коомуникативтік жүйешелер.

Институционалдық жүйшеге мемлекет, саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар және олардың қатынастары кіреді. Бұлардың бәрі жинақтала келе қоғамның саяси ұйымын құрайды. Бұл жүйешеде орталық орынға мемлекет орналасады. Сонымен бірге мемлекеттік билікке саяси партиялар мен мүдделі топтардың тигізетін әсері айтарлықтай. Діни мекемелер (мешіт, шіркеу, және т.б.) мен бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдық пікір туғызуға, сол арқылы үкіметке, саяси жетекшілерге қысым жасап, ықпал етуге мүмкіндігі бар.

Нормативтік жүйеше құықтық, саяси, этикалық-моральдық нормалар мен құндылықтарды, салт-дәстүрдерді қамтиды. Бұладың көмегімен саяси институттардың қызметіне, азаматтардың мінез-құлқына реттеуші ықпалын тигізеді.

Коммуникативтік жүйеше саяси жүйенің өз ішіндегі (мысалы, мемлекеттің институттары мен саяси партиялар арасындағы) және де басқа мемлекеттердің саяси жүйелері мен саяси өзара әрекеттесудің (яғни, билікке қатынасты, саясатты қалыптастыру мен жүргізуге байланысты) барлық формаларын қамтиды. Мәдени жүйеше қоғамда қалыптасқан саяси түсініктердің, құнды бағдарлардың, саяси мінез-құлықтың, ділдің, діни көзқарастардың, наным-сенімдердің жиынтығын қамтиды. Функционалдық жүйеше өзіне саяси іс-әрекеттің әдістерін, билікті жүргізудің тәсілдерін енгізіп, қоғамда билік жүргізу тетіктерінің орнықты қызмет жасап тұруын қамтамасыз ететін саяси режимнің негізін құрайды.

Қорыта айтқанда, саяси жүйе деп қоғамда саяси билікті ұйымдастыру мен жүргізу принциптерінің, құқықтық және саяси нормалардың, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың, бірлестіктердің жиынтығын түгелдей қамтитын құрылғыны айтамыз. «Саяси жүйе» ұғымы қоғамдағы саяси өмірді, саяси үдерісті белгілі бір тұтастықта және орнықтылықта түсінуге мүмкіндік береді.

Саяси жүйенің өміршеңдігі оның жекелеген элементтерінің (жүйешіктерінің) арасындағы өзара келісімді іс-әрекеттерге, ынтымақтастыққа тәуелді.

Саяси жүйенің қызметтері. Саяси жүйенің қоғамда атқаратын қызметтерін әртүрлі жіктеуге болады. Соның бірі – ішкі (қоғамның экономикалық және әлеуметтік жүйесін, шаруашылық кешенін басқару, саяси-әлеуметтік қатынастарды реттеу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, мәдени-тәрбиелік іс-әрекет және т.б.) және сыртқы (елдің егемендігін қорғау, басқа елдермен екі жаққа тиімді қарым-қатынасты дамыту және т.б.) болып бөлінеді. Жүйелі қарастыру тұрғысынан алғанда саяси жүйенің қажеттерін өтейтін, сөйтіп оның сақталуын қамтамасыз ететін қызметтеріне мыналар жатады:

Саяси әлеуметтану – жеке адамдардың қоғамдағы саяси құндылықтарды, білімдерді, наным-сенімдерді өзіне дарыту үдерісі. Бұл арқылы адамдардың билік институттарына деген дұрыс қатынасы қалыптасып, саяси жүйені қолдауға, сөйтіп оның орнықтылығын арттыруға мүмкіндік туады.

Саяси жүйенің өміршеңдігі сыртқы ортаға бейімделу қабілетімен анықталады. Оның бұл қызметінің іске асуы қоғам алдындағы өзекті мәселелерді шешудің ұтымды жолдарын тауып, дер кезінде ұсынып, ұйымдасқан түрде қолға алатын билік субъектілерін (жетекшілерді, элиталарды) дайынддау мен іріктеуге байланысты.

Саяси жүйе қызметтерінің негізгі салалпрының біріне реттеу және бақылау қызметі жатады. Өйткені қоғамдағы тәртіптің басқарусыз, топтардың, жеке-дара адамдардың іс-қимылдарын үйлестірусіз орнығуы мүмкін болмас еді. Реттеу және бақылау қызметі әртүрлі нормалар (заңдар, актілер, және т.б.) мен ережелер енгізу, заң бұзушыларға қарсы әкімшілік шаралар қолдану арқылы іске асырылады.

Реакция беру қызметі арқылы саяси жүйе оған іштен не сырттан келетін әсерлерге жауап ретінде кері әсер көрсетеді. Сөйтіп, ол үнемі өзгеріп отыратын жағдайларға тез арада бейімделуге мүмкіндік береді. Айталық, егер әлеуметтік топтар мен саяси партиялар жаңа талаптар қойып жатса, оларды ескеру, соларға сай әрекет ету, шаралар қабылдау қажеттілігі пайда болады. Қоғамда онсыз сенімсіздік ұлғайып, ыдырау қаупі туындайды.

Саяси жүйенің дистрибутивтік қызметі қоғамдағы ресурстар мен құндылықтарды (игіліктерді, қызметтерді және т.б.) әртүрлі әлеуметтік топтар мүдделерін ескере отырып бөлісуге, сөйтіп олардың өзара қатынасын келісімді қамтамасыз етуге бағытталады. Ал экстрактивтік қызметі оның ішкі және сыртқы ортадан ресурстарды өндіртіп алуына байланысты, өйткені ресурстарсыз саяси жүйе ештеңе де тындыра алмайды.

Саяси жүйе типтері. Ғылыми жіктеу саяси жүйелерді треңірек тану, олардың бір-бірінен айырмашылығын білу, әрқайсысының қызмет етуінің идеалдық жағдайларын анықтау арқылы нақтылы жағдайдағы мүмкіндіктерін, қаншалықты табысты болар-болмасын, болашағын бағалауға жол ашады. Саяси жүйелерді жіктеу белгілі бір негіздер (белгілер) бойынша жүргізілетінін ескерсек, мұндай жіктеулер әртүрлі болуы тиіс.

Сыртқы ортамен қарым-қатынасының сипатына орай саяси жүйелер ашық және жабық болып бөлінеді. Ашық саяси жүйелер (мысалы, дамыған демократиялық мемлекеттер – АҚШ, Жапония, Франция және т.б.) сыртқы дүниемен белсенді байланыса отырып, даму ресурстарымен алмасып, алдыңғы қатарлы құндылықтарды игеріп, қозғалмалы болып келеді. Жабық жүйелердің (мысал ретінде социалистік лагерьдің бұрынғы еледерін – КСРО, Болгария, Венгрия және т.б. атауға болады) сыртқы ортамен байланысы шектеулі, олар өзді-өздеріне тұйықталып, басқа жүйелердің құндылықтарына бейқам келеді, сондықтан оларға динамика тән емес.

Саяси режимнің сипаты бойынша, яғни биліктің, тұлғаның және қоғамның өзара әсерлесуінің тәсіліне орай, саяси жүйелер тоталитарлық, авторитарлық және демократиялық болып үшке бөлінеді. Тоталитарлық жүйеде мемлекет адамдардың қоғамдық және жеке өмірінің барлық салаларын қадағалап, тұлға мен қоғам билікке бағынышты күй кешеді. Авторитарлық жүйе бір адамның шексіз билігіне негізделеді. Демократиялық саяси жүйе тұлға құқықтарының басымдылығын және қоғам тарапынан билікті қадағалауды жария етеді.

Басқарудың қай формасында болмасын мемлекет өз өмір сүруінің негзделуін және ақталуын, яғни өзінің құқыққа сай екендігін, басқаша айтқанда, легитимділігінің дәлелді болуын қалайды. Легитимділік үстемдік құрып билеп-төстеп отырған саяси режимінің заңдылығын қамтамасыз етуге тиесілі. Бұл өз ретінде азаматтардың келісімі мен құрметін, билік басындағыларға олардың сенімділігін, режімнің заңдылығы мен оның заңдарының әділділігіне деген сенімін қажет етеді. Бүкіл халық немесе оның көбірек бөлігі мойындайтын және қолдайтын билік заңды болып табылады. Басқарудың әділдігі халық тарапынан басты талап деп есептеледі. Қазіргі жағдайларда легитимділеу жүйесі әлдеқайда күрделеніп, суверенитет, конституционализм, парламентаризм, биліктің құқыққа бағынуы, биліктердің бөлінуі, сайланушылық, плюрализм сияқты және т.б. принциптерді өзіне таратады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *