Түрік қағанатының құрылуы. Қытай деректері бойынша түркілер алғашында Қытай шегарасының батысында, Алтай тауларының етегінде өмір сүрді. Кейін түрік тайпаларының көсемі Бумынның басшылығымен иеліктерін Хуанхэ жағалауларына дейін кеңейтті. Батыс Қытай билеушісі жақын қоныстанған түркілер жайлы дерек жинай бастайды. Бұл деректер түрік тарихының ерте кезеңі туралы негізгі білім көзіне айналды. Қытай деректерінде түркілерге қатысты алғашқы мәліметтер 542 жылдан бастап кездеседі. Түркілер жужан қағанына салықты темір түрінде төлеген.

«Түрік» сөзі «мықты, күшті» деген мағынаны білдіріп, билік етуші ашина әулетіне байланысты айтылды. Кейін олардың қарамағындағы барлық тайпалардың ортақ атауына айналды. Бұл тайпалардың біраз бөлігі теле деп аталды. Түркілер Алтайдан Хуанхэ жағалауларына дейін жеткен кезде Бумын ордасына 545 жылы Қытай елшілігі келеді. Осы сәттен бастап түркілер сол замандағы ірі мемлекеттердің бірі ретінде танылып, тарих сахнасына шығады.

Қытай елімен бейбіт қарым-қатынас орнатқаннан кейін жужандардың тепкісін көрген түркілер оларға қарсы бас көтере бастайды. Бумын қалың қолмен жужандарға шабуыл жасайды. 552 жылы жужандар әскері талқандалады. Бумын түркі елінің қағаны болып жарияланады. Орталық Азиядағы жаңа мемлекет — Түрік қағанаты осылай пайда болды.

Түрік қағанатының негізін қалаушы Бумын қайтыс болғаннан кейін билікке келген Мұқан қаған (553-572 жылдар) жужандарды талқандауды аяқтайды.

Түрік қағанатының нығаюы. Мұқан қаған түркілердің Орталық Азия мен Оңтүстік Сібірдегі үстемдігін бекітті. Иштеми (Істеми) қаған қазіргі Қазақстан, Орта Азия аумағын бағындырып, Еділ мен Солтүстік Кавказға шықты. Қытай жылнамаларындағы деректер бойынша Мұқан қаған «шегара (Ұлы қорған) сыртындағы барлық иеліктердің зәресін ұшырды». VI ғасырдың 60-жылдары Түрік қағанаты сол кездегі ірі мемлекеттер — Византия, Иран, Қытаймен өзара қарым-қатынас жасады. Түрік қағанаты нығайған кезінде (VI ғасырдың 70-жылдары) Маньчжуриядан Босфорға дейінгі жерді алып жатты. Иштеми қаған тұсында түркілер әскери жағынан қуатты империяға айналды.

Карта
Батыс және шығыс Түрік қағанатының картасы

Түркілердің батысқа жылжуы тек жаулап алушылық қана емес, түркі тайпаларының ірі көші-қонына ұласты. Жергілікті тайпалар түркілерден құралған мемлекетке қосылды немесе Шығыс Еуропаға қарай жылжыды.

VI ғасырдың 80-жылдарының соңында түркілер Парсы елімен одақтасты. Оңтүстік Қазақстан мен Орта Азиядағы қуатты эфталиттер мемлекетін талқандады. Эфталиттер мұрасын бөлуге байланысты одақтастар арасында жанжал шығып, ол тез арада шешілді. Түркілердің өз әскерін кері алып кеткені үшін Парсы жағы оларға үлкен көлемде алым төлеуге міндеттенді.

Түркілер Орта Азияны жаулап алғаннан кейін Қытайдан Жерорта теңізі елдеріне баратын Ұлы Жібек жолының едәуір бөлігіне ие болды. Жібек саудасы түркі қағандарына орасан зор кіріс әкелді. Жібек матасын сатып алушы негізінен Византия еді. 568 жылы түркі елшісі Маниах Византияға қағанаттың елшілігін басқарып барды. Император сарайы түркі елшілігін аса жоғары құрметпен қабылдады. Түркілер мен Византия арасында парсыларға қарсы әскери-сауда келісімі жасалды. Кері қайтқанда Маниахпен бірге Византия елшісі Земарх қаған ордасына келді. Дереккөздерде Византия елшілігінің түркілерге бірнеше рет барғандығы жайында айтылады. Византиямен тұрақты сауда және дипломатиялық байланыстар орнағандығын VI ғасырдағы византиялық теңгелер растайды.

Мемлекеттің ыдырауы. VI ғасырдың 60-90-жылдарында Түрік қағанаты іштей қуатты және көршілер үшін қаһарлы еді. Түркілер Қытайды өздерінің кіріс көзі деп білді. Қытайлар мұнымен келісе алмады. Түркілерге қарсы күрес олардың басты міндетіне айналды.

VI ғасырдың соңы — VII ғасырдың басында Қытайдың күшеюі билік басындағы түркі әулетінің өз ішінде қырқыстың басталуымен және даладағы сұрапыл жұтпен тұспа-тұс келді. Мұның бәрі қағанатты дағдарысқа ұрындырды. Түркілердің қарсылығын әскери күшпен жеңе алмаған Қытай 603 жылы дипломатиялық жолмен қағанаттың ыдырауына қол жеткізді. Біртұтас мемлекет Батыс Түрік және Шығыс Түрік қағанаттарына бөлінді. Қағанат ыдырағанмен қуатты мемлекет болып қала берді.

Әкімшілік және әлеуметтік құрылымы. Түрік қағанаты Маньчжуриядан Босфорға және Сібірден Парсыға (Иран) дейінгі жерді алып жатты. Осындай орасан зор аумақты бағындырып қана қоймай, оған иелік ету қажет еді. Қағандар тек қолбасшы ғана емес, аса көрнекті билеушілер болды. Түрік қағанатында егіншілік пен қолөнер дамыды, түрлі діндер бір-бірімен үйлесім тапты. Қытайдан Византияға апарылатын жібектің бір бөлігі қалаларда қалдырылды. Түркілер мемлекетте тәртіп орнатты. Жаулап алынған халықтардың дербестігі сақталды, олар қағандарға алым-салық төлеп отырды.

Қаған мемлекетті басқарды, жоғарғы сот міндетін атқарды, әскерге басшылық етті. Мемлекетті басқаруда тайпаның ақсүйек қауымына сүйенді. Әскери және азаматтық қызметтерді басқаратын шенеуніктер аппараты — ябғу, шад т.б. құрылды. Билеуші әулеттің жасы жағынан ең үлкені қаған сайланды. Мұның өзі кәмелетке жетпеген ханзаданы таққа отырғызудан сақтап, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Билік үнемі тәжірибелі адамдардың қолында болды. Ұлы қаған ордасы түркілердің байырғы қонысы — Алтайда орналасты.

Түрік мемлекетінде қарапайым халық бұдун (мемлекеттің қатардағы құрамы) аталды. Үстем тап, яғни «бектер» ақсүйектер билік тобын құрады. Қаған ашина руынан шыққан түркі еліндегі ақсүйек қауымының ең таңдаулы өкілі саналды. Зерттеушілер «ашина» терминін әрқилы саралайды, біреулері бұл сөзді «текті қасқыр», ал басқалары «аспаннан жаратылған» деп түсіндіреді.

Түркілердің шыққан тегі бір болғандықтан, олардың жерге және соғыстан түскен олжаға құқықтары бірдей еді. Қауым ішіндегі бірлік таптық қарама-қайшылықтарды болдырмады. Ғалымдар түркілер тарихын зерттей келе, қатардағы бүдундардың қаған билігіне қарсы көтерілген бірде-бір оқиғасын кездестіре алмаған. Түркі қоғамының бірлігі берік еді. Соғыста ерлік көрсеткендерге қатардағы жауынгер немесе ақсүйек тобынан болсын «ер» (жауынгер) атағы берілді. Бектің ерлерден тұратын тұрақты жасағы құрылды. Тіпті ең кедей ердің өзі бектің алдында еркіндігін сақтап қалды. Түркі тайпалары өз мемлекетінің шегарасында бірігіп, жаңа түркі халықтарының қалыптасу ошағына айналды.

Жаулап алғанға дейін бөлек жүрген тайпалар бейбіт өмірге көшіп, шаруашылығын дамытуға мүмкіндік алды. Түрік қағанатында дала тайпалары мен қала тұрғындары, будда, христиан дінін ұстанғандар және Тәңірге табынушылар бейбіт өмір сүрді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *