Сабақта жапырақтар бүйір жағында орналасады. Жапырақтың құрылысы күрделі және ол жапырақ тақтасынан, сағағынан, негізінен және бөбешік жапырақтан тұрады. Жапырақ тақтасы -жапырақтың кеңейген бөлігі. Оның төменгі қысқа сабақ тәрізді бөлігі сағаққа жалғасады. Сағақ кеңістікте өзінің орнын өзгерте алады. Соған байланысты жапырақ тақтасы жарыққа қарай орнын өзгертеді.

Сағақтың төменгі жағы жапырақ негізіне жалғасады. Ол жапырақты сабақта ұстап тұрады. Жапырақ негізінде көбінесе өскіндер — бөбешік жапырақтар түзіледі. Олар, әдетте, екеу болады. Сағақтары бар жапырақтарды сағақты жапырақтар деп атайды. Мұндай жапырақтар еменде, теректе, қайыңда, үйеңкіде және т.б. болады.

Сағақты және сағақсыз жапырақтар
Сағақты және сағақсыз жапырақтар

Жапырақтарында сағақтары болмайтын өсімдіктер де бар. Бұл жағдайда жапырақ тақтасы бірден негізге жалғасады. Мұндай жапырақтар сағақсыз деп аталады. Олардың негізін жапырақ қынабы деп атайды. Сағақсыз жапырақтар қалампыр, зығыр және т.б. өсімдіктерде болады.

Жапырақтар құрылысына қарай жай және күрделі болып екіге бөлінеді. Бір сағақта бір жапырақ тақтасы бар жапырақ жай жапырақ деп аталады. Мысалы: бөртегүл, емен, алма, алхоры жапырақтары. Бір сағақта бірнеше жапырақ тақтасы (3-тен жоғары) болса, күрделі жапырақ деп аталады. Мысалы: акация, шетен, итмұрын және т.б.

Күрделі жапырақтар: — үшқұлақты күрделі жапырақ (сағақта бір жерде үш жапырақ тақтасы бекиді, мысалы: беде, бүлдірген т.б.); — саусақсалалы күрделі жапырақ (сағақта бір жерде бес немесе одан да көп жапырақ тақтасы бекінеді, мысалы, талшын т.б.); — таққауырсынды күрделі жапырақ (сағақтың ұзына бойы екі жағынан жапырақ тақталары бекінеді және ұшында тақ жапырақ тақтасы болады, мысалы: итмұрын, шаған т.б.); — жұпқауырсынды күрделі жапырақ (сағақтың ұзына бойына екі-екіден жапырақ тақталары бекінеді және ұшында жұп жапырақ тақтасы немесе мұртшалар болады, мысалы: бұршақ, акация т.б.).

Жапырақ тақталары пішіні және жиегі бойынша әртүрлі болып келеді. Мысалы, қалақайда пішіні жұмыртқа тәрізді жапырақ (85-сурет), ал бидайда ұзын таспа тәрізді жапырақ болады. Жолжелкен жапырағы бүтін жиекті, қайың жапырағы тісті жиекті, қалақай жапырағы аратісті жиекті болады.

Жапырақ тақтасында жүйкелердің белгілі бір ретпен орналасуы жүйкелену деп аталады. Қосжарнақты өсімдіктерге қауырсынды, саусақсалалы, ал даражарнақты өсімдіктерге доға тәрізді және параллелъ жүйкелену тән. Жапырақтың негізгі қызметі — фотосинтез, тыныс алу (газ алмасу), судың булануы (транспирация) процестеріне қатысу.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *