Жел өрнегі. Сендер ауа райының бақылау кітабын жүргізгенде жергілікті жердегі желдің бағытын, соғу жылдамдығын күнде бақылап, жазып жүрдіңдер. Бақылау нәтижесі бойынша желдің соғу бағыты мен жылдамдығы әртүрлі екеніне көз жеткізіп, сараптама жасадыңдар.

Желдің жылдамдығы мен бағытын бақылау нәтижелерінің  орташа айлық және жылдық мөлшерін қорыту нәтижесінде күн саны немесе қайталану пайызы көрсетіледі және жел өрнегі сызылады.

Жел өрнегі – желдің көкжиек тұстары бойынша қайталануын және басым бағытын көрнекі түрде көрсететін сызба.

Жел өрнегін салу үшін өздерің тұрған жердегі желдің белгілі бір уақыт ішінде (ай, маусым, жыл) түрлі бағыт бойынша қайталану көрінісі берілген кестені пайдаланады. Кестеде желдің әр бағыттан соққан күн саны немесе қайталану пайызы көрсетіледі.

Бір айдың жел өрнегін сызу қажет болды делік. Ол үшін алдымен 1 ай ішінде желдің қандай бағыттардан және неше күн соққанын есептейміз. Қағазға көкжиектің негізгі және аралық тұстары сызылады. Осы сызықтардың әрқайсысының бойына таңдап алынған масштаб бойынша (1 күн – 0,5 см) күн саны белгіленеді. Белгіленген нүктелер бір-бірімен біріктіріле отырып, жел өрнегі құрылады.

Мысалы, қазан айының жел өрнегін сызу үшін, бақылау нәтижесі бойынша желдің соғу бағытын есептеп алып, қағаз бетіне түсіріп корейік. Қазан айы 31 күнге толады, осы күндердегі желдің соғу бағытын есептегенде төмендегі мәліметін көрсетті. Осы мәліметтерді пайдаланып, жел өрнегін сызып, талдау жасап көріңдер.

С-3, СШ-3, Ш-2, ОШ-4, О-5, ОБ-4, Б-6, СБ-3

Талдау барысында қазан айында желдің шығыстан батысқа көбірек соққанын көруге болады. Желдің соғу бағытына қарап, ауа райындағы болатын өзгерістерді болжай аламыз.

Климаттық картаны оқу. Климаттық карталар зерттеу саласына қарай климат түзуші факторлардың, жылу режимінің, ылғалдылық жағдайларының, ауа қысымының, атмосфералық құбылыстардың және климаттық аудандардың карталары деп бөлінеді.

Климаттық карталар – ауа райының жеке элменттері мен кеңістік заңдылықтарын бейнелейтін карталар.

Климаттық карталарды көпжылдық деректер бойынша айларға, жыл маусымдарына, тұтас жылға, ауаның жер беті қабатына және бос атмосфераға арнап жасайды. Оларды ауылшаруашылығында, туристік таным-жорыққа шығу, ұшақтар мен тікұшақтарды ұшыру үшін қолданады. Климаттық карталарды оқи білу маңызды. Мысалы, өзіміз тұрып жатқан Еуразия материгінің картасын оқып, талдау жасап көрейік.

Кез келген климаттық карталарда ауа райы құбылыстары шартты белгілермен беріледі. Шартты белгілердің атқаратын қызметі бар. Орташа жылдық жауын-шашын мөлшері миллиметрмен өлшенеді, ол картада түрлі түсті бояумен беріледі. Жауын-шашын аз, 100 мм-ден төмен түсетін болса, қою қоңыр бояумен боялады да, бірте-бірте жауын-шашын түсу мөлшері көбейген сайын бояудың түсі ақшыл қоңыр бояуға дейін өзгереді. Ал жауын-шашын мөлшері 500-3000 мм-ден артса, ақшыл жасыл бояудан қою жасыл бояуға дейін өзгереді. Мысалы, Гималай тауының оңтүстік-шығыс беткейіндегі Черапунджиде жылына 12000 мм жауын түседі, картадан қарасаңдар, қою жасыл бояумен, ал Такла-Макан шөлінде 100 мм-ден аз жауын жауатындықтан қою қоңыр бояумен көрсетілген.

Ауа температурасы Цельсий градусы бойынша беріледі. Картада температуралары бірдей аймақтарды изотерма сызықтарымен қосып шығады. Мысалы, -8˚қаңтар айының изотермалары (қара сызықпен), +8˚ шілде айының изотермалары (қызыл сызықпен) сызылады.

Аймақтардағы ең төменгі абсолюттік температура  -36˚С (қара түспен), ал ең жоғары абсолюттік температура +40˚С (қызыл түспен) деп жазылады.

Қара сызықпен қаңтардағы басым желдер бағыты, қызылмен шілдедегі басым желдер бағыты көрсетіледі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *