Ғабиден Мұстафин өмірі мен шығармашылығы

Ғабиден Мұстафин Қарағанды облысының қазіргі Теміртау қаласына жақын жердегі Жауыртау — Нұра өзені бойындағы Сартөбе деген жерде 1902 жылы қараша айында туған. Жасында ауыл молдасынан оқып хат таниды. Болашақ жазушының адамшылық, имандылық тәрбиесіне отбасынан, әсіресе әкесі Мұстафадан алған тағылымы айрықша ықпал еткен. Мұстафа қажы әділдігімен, шариғат жолдарын таза ұстайтындығымен аулында ғана емес, аймағында да беделді кісілердің бірі болған. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл Ғабиден Мұстафиннің өмір тәжірибесінен анық көрінеді. Оның кейіннен атақты қаламгер болып, Қазақстанның Жазушылар одағын басқарғанда да, әдеби талқылаулар мен пікір таластарында да қара қылды қақ жарғандай турашыл мінезден айнымай өтуінің, көркем сөз шеберлерінің арасында биік құрметке бөленуінің түп негізінде бала кезінен санасына сіңірген мұсылмандық парыздарына беріктігі әсер еткені кәміл.

Жазушының орысша оқуы 1916 жылы Спасск зауытындағы орыс-қазақ мектебінде бірер жыл сабақ алуымен шектелген. Бірақ оқуынан «тоқуы» көп зерек, алғыр, ақылды Ғабиден Мұстафин нағыз білімді өмір «университетінен» алған. Ол 1918 — 1925 жылдарда ауылда кеңес және әкімшілік қызметтер атқарды. 1925 жылы Қызылордада қызмет істей жүріп, әдебиетпен айналыса бастайды. Алғашқы әңгімесі «Сәрсен мен Боқаш» 1927 жылы «Жыл құсы» альманағында жарық көреді. 1927 жылы «Ер Шойын және басқа әңгімелер» деген атпен тұңғыш жинағы жарияланады. 1932 жылы «Қарағанды пролетариаты» газетіне жұмысқа тұрады. Новосибирскіде ашылған «Қызыл ту» газеті редакциясында қызмет істеген жылдарында (1933 — 1938) әңгіме, очерк, мақалалар жазып, қаламын ұштайды. 1938 жылы Алматыға келгеннен кейін әдебиет ісіне біржолата беріледі.

Әдеби-қоғамдық қызметте зор беделге ие болған Ғабиден Мұстафин бірнеше рет КСРО және Қазақстан Жоғарғы Кеңестеріне депутат болып сайланды; Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы, Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болды. Оның романдары орыс тіліне аударылып, бүкілодақтық оқушылар игілігіне айналды.

Кеңестік дәуірдегі әдебиетіміздің жетістіктерін сөз еткенде, бәйгенің үлкені прозаға тиесілі болса, сол көркем қарасөздің ауыр жүгін көтеріскен суреткерлердің бірі -Ғабиден Мұстафин.

Біздің дәуірімізде проза, соның ішінде, роман, өмір шындығын ашудың, күрестердің, байланыстардың, қайшылықтардың, ықыластардың түп-тереңіне дейін көрсетудің, үлкен заманалық үрдістерді, объективтік ақиқаттарды адамдардың мінез ерекшеліктерімен, жекебастың аңсарымен тығыз тұтастықта алып суреттеудің сенімді құралына айналды.

Әуелден ауыз әдебиеті дәстүрінің басым болып келгендігі себепті, бізде жазба проза кешеңдеу қалыптасқаны белгілі. Сондықтан да Еуропа әдебиеттері, бірінші кезекте, орыс әдебиеті меңгерген шептерге көтерілу өте қиын нысана болатын. Біздің роман дегендеріміздің көп жағдайда бұл атаққа көлемі ғана сәйкес келіп, ішкі үйлесімдері табылмай қала беретіндігі де осындай қиындық салдарынан туатын. Өмірдің объективтік ағысын, оқиғалар тарихын айтуды қаһармандардың субъективтік аңсарымен қабыстыру ғана көркемдік шындыққа апаратын жол еді. Алғашқы қазақ романдарында бірыңғай баяндаудың молырақ орын тебуі тарихи аңыздарды әңгімелеп, тізіп айтатын ауызша дәстүрден көп ұзап кете қоймағандықты байқататын. Дегенмен кеңестік дәуірде, бірнеше он жыл ішінде ғана прозамыздың бүкілодақтық оқушы назарына ілінерліктей жол кешуі сүйсінерлік.

Міне, осы серпіліс өрлеу үдерісін Ғабиден Мұстафин шығармашылығынан бөліп алып қарау мүмкін емес. «Шығанақ», «Миллионер», «Қарағанды», «Дауылдан кейін», «Көзкөрген» секілді романдар — жазушының өз шығармашылығындағы шоқылар ғана емес, бүкіл қазақ әдебиетінің даму үрдісін белгілеген туындылар.

Ғабиден Мұстафин үлкен прозаға бірден, төтеден жол тартқан автор емес. Ол мұндай биікке іштей әзірлікпен, үздіксіз ізденіспен, ыждағатты еңбекпен шыққан. Мектептен алған ресми білімі үш-төрт класс көлемінен аспайтын жазушының Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі санатына көтерілуі рухани кемелдену белгісі.

Ғабиден Мұстафин әуелде өзінің қалам қайратын әңгіме жанрында сынап көреді. Ол алғашқы романы «Өмір не өлім» (1941) туғанға дейін дәуір шындығын қысқа жанр көлемінде айтып отырған. 1929 жылы жарияланған «Ер Шойын» атты жинағында қаламгердің бұл жанрдағы ізденістері мен табыстары топталған еді. Сол әңгімелер мен кейінгі романдар арасында, сөз жоқ, ішкі байланыс жатыр. Мұның өзі — жазушының шығармашылық лабораториясын танытуға мүмкіндік беретін жайлардың бірі. Кеңестік Қазақстанда жүргізілген жаңарулардың белсенді араласушысы болған, сол үдерістерге өз басы қатысқан, ыстығына күйіп, суығына тоңған Ғабиден Мұстафиннің замана жыршысы боп қалыптасуы табиғи.

Жазушының шығармаларына қорғасындай салмақтылық дарытатын қасиет — оның өмірді терең білуі. Қаламгер болып танылғанға дейін ол әр салада ұзақ жылдар жұмыс атқарған. Ауыл адамдарының, Қарағанды кендері мен цехтарында істеген сан ұлт өкілдерінің іс-әрекетін, мінез-құлқын, үміті мен арманын ол сөз жүзінде емес, қатарласа еңбектеніп жүріп іс жүзінде көрген, танып-білген. Ғабиден Мұстафиннің жастың шағы бүкіл елімізде, Қазақстанда жаңа қоғамның негіздерін қалау жолында екпінді жұмыстар жүзеге асқан дәуірмен тұстас келуі оның шығармашылығына тікелей әсер еткен. Жазушы шығармаларының пафосы өмірді жаңартып жатқан, мақсатты, ірі ойлайтын, кедергіден тосылмайтын, сенімі күшті жасампаз жандар болып келеді. Оның «Шығанақ», «Миллионер» романдары колхоз өмірінің бетбұрыс кезеңдерін көрсетуге, ұжымдастыру оқиғаларын бейнелеуге арналса, «Қарағанды» романы Қазақстан келбетін жаңартып жіберген өндірістік өрлеу дәуірінің шындығына қанықтырады. «Дауылдан кейін» кеңестік болмыстың ең алғашқы қадамдарын, ол тұстағы сана мен салттағы шытырман өзгерістерді, қайшылықтарды шежірелейді.

Осы шығармалардың әрқайсысының көтерген идеялық-көркемдік жүгі бөлек-бөлек болғанымен, солардың жасалуындағы кейбір ортаң заңдылықтар да бар.

Жазушының кеңінен танымал алғашқы қомақты туындысы «Шығанақ» романы (1945) болды. Бұл — нақтылы өмір кешкен, кезінде тары өсіруден бірнеше рет дүниежүзілік рекорд жасаған диқан ата Шығанақ Берсиев өміріне негізделген шығарма. Көркемдік жинақтау заңдылықтарына берік сүйенген қаламгер бұл туындысында тарихи адамның бастан кешкендерін нанымды ашып, елеулі тұлға етіп шығарған. Шығанақ — қазақ әдебиетінде неғұрлым сенімді, толыққанды жасалған замандас бейнесінің бірі. Өмір материалын жан-жақты зерттеу, қаһарман мінезінің сырларына бойлау еңбегімен, табандылығымен, мақсаттылығымен дегеніне жетіп, диқаншылықтың құдіретін танытқан қарапайым адамның ұлылығын, рухани әлемін ашуға мүмкіндік берген. Шығанақ — мінез-құлық, психика, өмір сүру жақтарынан ұлттың дәстүрді бойына сіңірген өнегелі бейне. Жоспарды орындау үшін елді қысып ұстау, қамшылау керек деген өзінің жақын серіктерінің бірі — Амантайдың ағат әрекетіне Шығанақ былайша жауап береді: «.. .Торыны айтамын деп торыңңан көңілді ңозғадың-ау. Арқасын ер тессе, борбайын қамшы тілсе, тұлпар да ыңыршақ. Торының көзіне көк шыбын үймелеген кезін көріпсің. Қоң бітіп, құлағы селтеңдеген кезін неге көрмейсің? Айтпа, қазақтың өткенін айтпа. Не көрмеді ол сорлы? Басы байлауда, малы талауда, ойлап тұрсаң, ылғи бір «аңтабан шұбырынды» заманды кешіп келіп, осы күнге жетті, әйтеуір, көп кедей. Үйірме қамшыңды. Қамшы дағы жаңа кетіп келеді. Тіліңмен жала, жаз соны. Жас бала деп біл, ая, үйрет. Баулысаң, бәрін алады, көрмейсің бе, аянып жатыр ма осылар? Тек аңыл-айла ғана керек. Басқардым деп тұрған сен де, аңсаңалмын деп тұрған мен де — сыртымыз қампиғанмен, ішіміз олқы, ілім-білімге кедей. Мен кетермін осымен. Сен жассың, қармансаң, қолың жетіп тұр. Байыппен істеп, бабын тап, шырағым. Әпербақан шадыр болма, сабырлы бол, ел мінезіне көнтерілі бол, шырағым. Ақылмен мыңды, аңырумен бірді ғана көндіресің». Бұл сөздер көпті көрген кемеңгер қарттың бір адамға ғана емес, жалпы елмен істес болатын барша қауымға арнаған өсиет сөзі секілді.

Ғабиден Мұстафиннің шығармашылық тәжірибесіндегі биік туынды — оның «Дауылдан кейін» романы (1959). Қазақстанда елді кеңестендіру кезеңі бұл шығармада көркем әдіптелген. Бір кезде Б.Майлин, С.Мұқанов шығармаларында көтерілген тақырыпқа сол кезеңді көзімен көрген, көптеген ой түйген, дәуірдің шытырман шындығын саралап білуге мүмкіндігі болған, суреткерлігі кемелденген Ғабиден Мұстафиннің қалам тартуы игі нәтижеге жеткізді. Бұл дәуір шындығына бұрылуын автор «Ой толғауында» былайша түсіндіреді: «…Өміріміздің бір қызықты шағы жөнді көрсетілмей қалыпты. Оны жазатын жасамыс адамдар азайып барады. Жастар білмейді. Борыш арқалап кету лайық па? Сондықтан азырақ шегінуге тура келді». Ал шығарма алдына қойған көркемдік шарттарын да автор ескерткен: «Дауылдан кейін» романы біраз тәжірибені бастан кешіріп, ой байсалды, жас мосқал тартқан кезде жазылғандықтан, бастапңы кітаптарда ескере алмағанымды ескерсем, жеткізе алмағанымды жеткізсем деген талап қатты қойылды. Көркем әдебиеттің де үлкен қасиеті — адам таныту. Таныту үшін әуелі өзің танып алу керек. Бұл өте қиын. Сол қиындықтан қашып, шығармаға адамдарды аз енгізетінмін. Бұл жолы көбірек енді. Бірақ біріне-бірі ұқсамау жағын қадағаладым».

Өзінің тақырыбы, қамтыған дәуірі жағынан ғана емес, көркемдік жинақтау әдісі жағынан да «Дауылдан кейін» жазушының бұрынғы шығармаларынан өзгеше. Ол өзгешеліктің ең негізгісі — мұнда реалистік суреттер мен байланыстардың анағұрлым кең берілгендігінде. Қазір тарихқа айналған сонау жиырмасыншы жылдар оқиғасын суреттегенде, жазушы типтік жағдайда типтік характерлер сомдалуын талап ететін реализм тәсіліне ден қойған. Сондықтан да кейіпкерлердің іс-әрекеті дәлелді, әрбір жағдайдың себебі анық, шешімі сенімді болып отырады.

Жазушы Қазаңстанда жаңа экономикалық саясат басталғаннан байлардың мал-мүлкін кәмпескелеуге дейінгі кезеңнің басты оқиғаларын қамтыған. Шығармада байлардың шабындық, егіндік жерін бөліске салу («Ауыл ат үстінде»), болыстыққа таласу («Сайлау»), ел ішіндегі дау-жанжалды шешу, кедей кегін әперу («Атылған оң»), байлардың өз мүдделерін қорғау үшін жасаған әрекеті («Қараөткелде») тәрізді саяси мәні үлкен істердің сырына қанықтыратын эпизодтар көрініс береді. Әрқайсысы қиян-кескі тартыс туғызарлық оқиғалар желі тартқан. Қазақ әдебиетінде бұрын көрінбеген тұрмыс-салт суреттері келтірілген. Ескі қазақ ауылы шындығының көп құбылыстары білгір, дәл бейнеленген. Мұны мал өсірген елдің кәсібіне тән көріністің бірі — қашағанды құрықтап ұстау суреттерінен де көруге болады: «…Жылқы су ішіп болған соң, құдық қасындағылар желі басына келді. Сауын бие төрт үйір. Айгыр мінген екі жылқышы бірін шашау шығармай тығыз иіріп тұр. Жалаңаяқ, дамбалшаң, ышқырын түрінген құрықшылар мысықша басып тұс-тұстан тақалып келеді… Кеш байланған қарақұлақ құлындардың, қулық биелердің қытығы әлі басыла қойған жоқ. Асау, тарпаң. Құрықшылар таңалған сайын қашағандар секем алып, зыта жөнелуге дайын: құрықшылардың аңдығаны да сол. Қашағандар үйірінен сырдаңдап, үйездемей, үйездей қалса, тұрақтамай, топты қозғай берді. Қозғала берген үйірді жылқышылар тықсыра иіріп қалған кезде, құрықшылар балтыры ағараңдап, ор қоянша орғи барып-аң қалды. Бірі қалмақша — жаба, бірі қазақша — серпе тастады құрықтарын».

«Дауылдан кейінге» шыншылдың дарытатын негіздің бірі — тартыстың желінің екшеліп, кейіпкерлердің жүйелі шоғырлануы, қаһармандар арасындағы күрестің табиғи өрбіп, шарықтау шегіне жетіп таратылуы. Бір жағы -ІПәкен бай бастаған үстем тап өкілдері мен екінші тарапта — Аман төңірегіне топталған кедейлер қауымының күресі, қаһармандар әрекеттері өзіндік даралығымен нақтылы жағдайда көрініп отырған. Әлеуметтік тартыстың осылайша толыққанды болуы шығарманың күллі сюжеттік-тартыстың жүйесіне әсер еткен, характерді түрлі жағдайда көрсетуге мүмкіндікті молайтқан. Қаламгер өмірдің ағыстарын өз қалпында, уақыт пен ортаға, мінезге сәйкес етіп бейнелеуге ұмтылған.

Ең үлкен табыс — ауыл адамдарының өздеріне тән қайталанбас саналық, салттың мінез өзгешеліктерінің көрінуі. Суреткер бір-біріне ұқсамайтын алуан адам тізбегін шебер бейнелеген. Қазақ ауылында ұшырайтын мінездер мұнда көп және олар қысқа да болса қызғылықты елес берген. Мәселен, романдағы Тәуке, Таймас, Әбен, Танакөз, Нүрғали, Сыздың сияқты кейіпкерлер — жанды бейнелер.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *