Өте ежелгі заманда Шығыста (Үндістан мен Қытайда) алғашқы философтар әлеуметтік құрылымның шектері жағында орналасқан адамдар – кезбе даналар, тақуалар, көпшіліктен қол үзгендер болды. Қоғамдық тәртіптен, дәстүрлер мен таптаурын ойлардан тәуелсіз болу оларға дүние мен адам туралы еркін және сыни тұрғыдан пайымдаулар жасауға мүмкіндік берді.

Шығыста философияның қарқынды дамуы б.з.б. VII ғасырдан басталады. Мұнда философияның пайда болуына шығыстың бай мәдени дәстүрі әсер етті. Ежелгі Үндістанда философиялық ілімдер мифология, эпикалық дастандар («Махабхарата», «Рамаяна»), діни әдебиет (Веда, Брахман, Упанишад) және брахманшылдық деп аталған ежелгі діннің негізінде қалыптасты.

Ежелгі Үндістандағы философиялық мектептерді олардың Веда беделін мойындау сипатына қарай ортодоксальды (астика) және ортодоксальды емес (настика) деп бөлу қабылданған. Үндістанның ерте философиялық ілімдерінің (2-сызба) барлығы дерлік кейінірек өзінің философиялық жалғасын тапқан (Миманса және Веданта философиялық мектептері) ведалық (Ведалар) діни дүниетанымға сүйенеді.

Ведалар мен брахманшылдық дүние мен адамды қалай түсінеді? Дүниетүзілімнің құрылу себебі – Абсолютті тұлға ретінде қабылданатын Брахман құдай. Дүниетүзілім үш әлемнен (трилока) – жердегі және екі құдайылық әлемнен құралады. Оларды толып жатқан тіршілік иелері: құдайлар, адамдар, жануаралар, шайтандар және т.б. мекендейді. Адамды құдайлар жаратқан, сонымен бірге адам – табиғаттың бір бөлігі. Ол Атманды – оның өлмейтін жанының негізі болып табылатын жеке рухани бастаманы иеленген. Жан тұрақты қайта айналулар шеңберлік айналысына (сансара дөңгелегі) қосылған, оны Карма – Дәру заңы реттеп отырады. Жер дүниесіндегі болмыс үнемі үздіксіз азаптарға бастайтын жағымсыз Кармаға қарай ойысады. Оған адамның жаңадан тууы мен оның өмірі байланысты болады. Жағымсыз карманы жеңу, сансараның тұйық шеңберін үзу және азаттыққа қол жеткізу (мокша) адам өмірі мен діни іс-тәжірибесінің жоғары мақсаттары  болып есептеледі.

Ежелгі Үндістан философиясының негізгі идеялары:

  • Абсолют немесе алғашқы бастама идеясы.
  • Құдай немесе құдайлар идеясы.
  • Өмірдің үздіксіздігі (шеңбер айналысы).
  • Атманның түлеуі және қайта түлеуі (сансара дөңгелегі) идеясы.
  • Жеке жанның – Атманның өлмейтіндігі идеясы.
  • Карма идеясы.
  • Карма заңы бойынша адам ие болатын материалдық және рухани мекенделетін дүниелердің көптігі идеясы.
  • Азаттыққа (мокшаға) бастайтын ақиық жол (йога) идеясы.

Үндістандық философия пікірлерінің саналуандығы мен ерекшеленеді. Солай болғанымен де көптеген мектептер мен бағыттар үшін ортақ сипатты бірқатар ерекше сәттерді бөліп көрсетуге болады.

Ежелгі үнді философиясының сипатты белгілері:

  • Мектептердің көпшілігі діни-идеалистік мектептер болды. Үнді философиясына материализм тән емес.
  • Руханилық проблемалардың (спиритизм) басым болуы. Көптеген философиялық ілімдер ерекше мистикалық тәжірибеге негізделеді, оны дана ойшылдар рационалдық жабдықтармен білдіруге тырысты.
  • Философияның практикалық сипаты. Ол адамның күнделікті өмірін үздік түрде ұйымдастыруға және басқаруға арналған деп есептеледі.
  • Адам өмірінің жоғары іс-тәжірибелік және рухани мақсатын жердегі дүниенің азаптары мен материалдық матауларынан азат болуға (мокша, мукти немесе нирвана) қол жеткізуде деп тусіну.
  • Тіршілік иелерінің тәуелділігі мен қайғы-қасіреттерін білместікпен (авидья) түсіндіру. Азаттық алу ақиқат (жоғары) реалдылық туралы рухани білімге ие болмай мүмкін емес.
  • Ғылыми пәндердің (математика, механика, астрономия, химия, медицина және басқалар) айтарлықтай дамуына қарамастан, көптеген философиялық ілімдердің дін мен көрсоқырлыққа қарай ойысуы.
  • Дәстүр ұстанушылық (философияға ғана емес, сондай-ақ бүкіл үнді мәдениетіне тән).

Ежелгі үнді философиясында ақиқатты тану және практикалық әрекеттер арқылы қайғы-қасіреттен азат болуға қол жеткізуге болатыны туралы ұйғарым жасалған. Ақиқатты тану үшін өзін-өзі бақылаудың көмегімен жинақтаудың ерекше техникасын қолдану қажет. Өзін-өзі бақылау жинақталуды қиындататын және жақсы мінез-құлыққа бөгет жасайтын құштарлықты жою үшін қажет.Өзін-өзі бақылау – бұл «ең төменгі Мен-ге», жануарлық бейімділікке бақылау жасау. Үнділік этика тақуалыққа телінбейді, бірақ «төмен жоғарыға бағынуы тиіс» екендігін растайды. Барлық тіршілік иесіне зиян келтіруден, өтіріктен, ұрлықтан, анкөздіктен қалыс қалған жөн. Өмірдің жоғары мақсаты – әлемді қайғы-қасіреттен құтқару және гүлдену мен рақатқа қол жеткізу.

Ежелгі философияның буддизм мен йога сияқты қызықты мектептерінің неге үйреткенін қысқаша қарастырайық.

Буддизм. Гаутама Будда әбден дерлік реалды тұлға (Будда «сәулеленген» дегенді білдіреді). Бекзада Гаутама өзі сәулеленгеннен кейін адамдарға төрт ізгі ақиқатты айтты: 1) Қайғы-қасірет бар, ол кездейсоқ емес, тәжірибе мен өмір сүрудің барлық формаларында кез-келген жерде бар болады. Тіпті ләззат алу көзі болып көрінген нәрсенің өзі де іс жүзінде келгенде қайғы-қасірет көзі болып табылады; 2) қайғы-қасіреттің себебі бар – біздің дүниеге келуіміз және жер бетіндегі барлық пендешілік жайттарға тартылуымыз. Соңғы есепте, қайғы-қасіреттің себебі – біздің білместігіміз; 3) біз өзіміздегі барлық пендешілік ниеттерімізді жойған кезде, қайғы-қасіреттің тоқтатылуы мүмкін; 4) қайғы-қасіретті тоқтату жолы бар, ол сегіз баспалдақтан құралады: дұрыс көзқарас, дұрыс сөйлеу, батылдықтың, мінез-құлықтың, күш-жігердің, ойлау бағытының дұрыстығы және дұрыс жинақталуы.

Будда философиялық сипаты бар бірқатар ережелер ұсынды:

  • Барлық заттар шарттастырылған, еш нәрсе де өзінен-өзі өмір сүрмейді.
  • Барлығы өзгереді, ешқандай тұрақты нәрсе жоқ.
  • Ешқандай перманетті субстанция жоқ, құдай да жоқ.
  • Бір өмір Карма заңы бойынша басқа өмірді тудырды және де бұл үдеріс үздіксіз.

Йога мектебі. Оның негізін кемеңгер Патанджали салған. Бұл мектеп іс-тәжірибелік жетілудің сегіз баспалдағын бөліп көрсетеді:

  • «Ауыздықтау». Бастысы – кімнің де болмасын өміріне зиян келтірмеу. Бұл жерде адам өтіріктен, ұрлықтан, ашкөздіктен және т.б. бас тартады.
  • «Әдеп мәдениеті». Бұл баспалдақта жақсы дағдылар тәрбиеленеді, «Веданың» мәтіндері зерделенеді, адам құдай туралы ойланады.
  • «Жағдайлар» — бұл дененің ойлану кезінде орнықты және қолайлы жағдайларға бейімделуі.
  • «Тыныс алуды бақылау» — физиологиялық қалыпты тыныс алуды баяулату және қысқа мерзімге тоқтату.
  • «Сезімдерді бақылау». Бұл сатыда сезімдер объектілерден бөлінгендей болады.
  • «Назар аудару». Бұл жерде назар жеке объектіге шоғырландырылады.
  • «Аңдау» — ойлау объектіге үздіксіз және бұлжымастан жинақталған кезде назар аударудың ұзаруы.
  • «Жинақталғандық» — аңдаушы сана затқа жай сеніп қана қоймай, онымен қосылып кетіп өзін-өзі сезінуден қалатын жай-күй.

Йогтардың мектебінде сана мен ойлануға арналған жоғары нәрсе – құдай деп ұйғарылады. Бұл жерде, құдайға «жинақталғандық» пен құдайды «аңдау» адамды құдайылық қасиеттерге ортақтастырады, оны «көзі ашық»етеді деп есептеледі.

Ежелгі Үндістан философиялық жүйелерінің адам өміріне қарай іс-тәжірибелік бағытқа ие болғандығы туралы қорытынды жасауға болады. Мұнда философиялық даналық теория ғана емес, сондай-ақ өмір салты, өмірге басшылық ретінде де әрекет етеді. Мұндай философия адамға қайырымдылық пен зұлымдық табиғатын, ғалам бейнесін түсінуге мүмкіндік берді, өмірдің мағынасын анықтады.

Ежелгі Қытайда Ежелгі Үндістаннан бір айырмашылығы мифология нашар дамыған еді. Алайда мұның орны болжамдау іс-тәжірибесінің және онымен қатар жүрген алғы философияның кең тарауымен толықтырылды, ондағы негізгі орынды «Бес кітап» (У-цзин) иеленді. Оған: «Әндер кітабы»,  «Тарих кітабы», «Өзгерістер кітабы», «Әдет-ғұрыптар кітабы» мен жылнама кірді.

Экономикалық көтерілу, ақшаның, жекеменшіктің пайда болуы дәстүрлі рулық-қауымдық қатынастардың ыдырауын тездетті, бұл өмірдің бүкілқоғамдық тәртібін өзгертті. Мұнымен қатарласа ғылымның – математика, медицина, астрологияның және т.б. дамуы жүзеге асты. Бұл үдерістердің бәрі дүниені түсінудің жаңа үлгілерін жасап шығаруды, жаңа бағадарлар мен құндылықтарды талап етті. Бұл әрекетті алғашқы философтар дәстүрлерді ой елегінен қайта өткізу аясында істей бастады.

Қытайлық діни және алғашқы философиялық әдебиетте кейініректе өздерінің философиялық шешімі мен негіздемелеріне ие болған көптеген проблемалар көтерілді.

Б.з.д. VI –V ғасырларда қытайлық философия мектептерінің белсенді қалыптасуы болып өтті. Негізгі мектептер қатарына мыналар жатады:

  • натурфилософиялық мектеп («Инь және Янь туралы ілімнің жақтастары»);
  • даосизм (негізін салушы – Лао-цзы);
  • конфуцийшілік – қызметкер адамдардың мектебі, негізін қалаушы Кун Фу-цзы (Конфуций) болды;
  • моизм, негізін салушы – Мо-цзы;
  • есімдер мектебі (логиктер мектебі), көрнекті өкілі – Гунсунь Лун;
  • заң мектебі (легизм).

Натур философтар (Инь және Янь туралы ілімнің жақтастары) қарама-қарсы бастамалар Инь мен Яньнің өзара әрекеттестігі идеясын білдірді.

Бұл рәміздердің эволюциясын былайша ұсынуға болады: Горизонталь Жердің немесе жер дүниесінің (Аспанастылықтың) иероглифтік белгісі (рәмізі) болып табылады.

Шеңберді (яғни, қандай да бір аяқталған бүтінді) екі жарттыға бөлетін горизонталь Ғалам құрылысының жалпы жоспарын береді, ол екі бөлімнен: жоғарғысы – Аспан (Янь) және төменгісі Аспанастылықтан (Инь) құралады. Қарама-қарсы бастамалардың арасындағы гармонияны, келісімді табу Ежелгі Қытай натурфилософиясының басты міндеттерінің бірі болды.

Даосизм – жоғары Дао, жалпыға ортақ заң, Абсолют туралы ілім. Дао барлығына үстемдік етеді: бәріне форма, есім береді. Адам табиғаты Даоға сәйкес келеді, ол бос, танып білінбейді делінеді. Өмірдің мағынасы – табиғилық пен әрекетсіздікті (бей әрекетті) ұстануда. Қоршаған қоғам адам үшін қатерлі. Даошылардың этикалық мұраты – «жетілген дана» адам. Ол Даоның табиғи заңын басшылыққа алады және оны өз ішінде – өз жанында жетілдіреді, ол «күреспейді, бірақ жеңе біледі».

Конфуцийшілік көбінесе әлеуметтік-философиялық және этикалық проблемаларға ден қойды. Бұл ілім ежелгі заманды мұрат тұтынумен, ата-бабаларға табынуымен, сяо (ұлдың ата-аналарына қамқорлығы мен құрметі) нормаларын орындауымен сипатталады. Идеалды мемлекеттік құрылыс отбасы ұйымдастырылуының ұстанымына сәйкес келуі тиіс. Әмірші Аспанның (құдайылық бастаманың) өкілі және «ұлы» болып есептеледі. Ол өзіне бағынатындар үшін «әке» және «ана» болып табылады. Олардың бәрі әміршінің еркін орындауға міндетті, өйткені Аспанның өзі сол арқылы сөйлейді. Бірақ әмірші де бағыныштыларына өз баллары сияқты қамқорлық жасауы тиіс.

Барлық азаматтар діни және зайырлық ғұрып нормаларын орындауға міндетті. Жай адамдар үшін мұрат қызметін «ізгі еркек», яғни бес қасиетті – адамгершілікті, әділеттілікті, дұрыс әдет-ғұрыптарды, даналықты, құрметтеуді игерген, кемеліне келген адам атқаруы тиіс.

Ежелгі замнадағы Қытай философиясының сипатты белгілері:

  • елеулі антропоцентршілдік:
  • қытайлық философияның қайнар көзі және орталық ұғым –Дао;
  • көбінесе қоғамдық басқару, адамгершілік нормалары мен мінез-құлық ережелерінің проблемаларын шешу;
  • идеализмнің материализмнен басымдығы;
  • логиканың дамуы мен ғылыммен байланысының нашарлығы;
  • әртүрлі ғұрыптар арқылы дәстүрдің көп ықпал етуі.

Ежелгі Грекия мен Ежелгі Рим философиясы антикалық философия деп аталады. Ол б.з.д. VI ғасырда Жерорта теңізі қалаларында пайда болды.

Антикалық философия өз дамуында шартты түрде 4 негізгі кезеңге бөлінеді:

  • ерте антикалық философия (б.з.д. VI ғғ.). алғашқы кең көлемді философиялық ілімдер пайда болды. Бұл кезеңге Милет мектебі (Фалес, Анаксимандр, Анаксимен), Пифагор, Гераклит, Парменид және басқалар жатады;
  • антикалық философияның гүлденуі (б.з.д. V-Ivғғ.). бірегей философиялық ілімдер қалыптасты. Әртүрлі философиялық мектептер белсенді дамып, Парменид, Зенон, Левкипп, Демокрит, Протагор (софистер), Сократ, Платон, Аристотель және басқа атақты философтар өмір сүрді;
  • антикалық философияның тоқырауы (б.з.д. IV ғ. екінші жартысы – б.з.д. І ғ).

Бұл ғасырларда іс жүзінде бірегей философиялық ілімдер пайда болған жоқ. Бұған Эпикур (эпикуршылар) мен Сенека (римдік стоиктер) қосылмайды. Б.з.д. ІІ ғасырда римдік философия пайда болды;

  • антикалық философияның құлдырауы және христиандық философияның тууы (І – IV ғғ.).

Грек философиясындағы негізгі сұрақтардың бірі: Барлық заттардың бастамасы не болып табылады? Алғашқы бастаманы немесе архэні (грек.) іздестірген кейбір философтар оны материалдық заттық субстанциядан тапты. Фалес барлық бастамалардың бастамасы –су, Анаксимен – ауа, Ксенофан – жер, Гераклит – от деп есептеді. Біртіндеп бастапқы бастаманы неғұрлым абстрактілі түсіну күшейе түсті. Пифагор оны сандармен, Платон идеялармен, Левкипп пен Демокрит атомдармен түсіндірді. Философтар өте маңызды ақиқатты білді, яғни толып жатқан заттар өмір сүреді, олар пайда болады және опат болады, яғни өтпелі. Бірақ барлық заттардың бірыңғай, жойылмайтын, мәңгі негізі бар, заттар солардан пайда болады және соларға қайтып оралады. Ежелгі заманның данасы Фалес: «Барлығы да судан шықты, барлығы да суға кетеді» деп мәлімдеді.

Антикалық философияға космоцентризм тән. Бұл философиялық ойлаудың орталығы ретінде ғарыштың (космос) алынатындығын білдіреді. Гректер «ғарыш» («космос») ұғымымен ретке келтірілген, ұйымдастырылған, формаланған болмысты білдірген. Ол ретке келтірілмеген жай-күй ретіндегі хаосқа қарама-қарсы қойылды.

Антикалық философтар қоғамға елеулі назар аударды. Платон мен Аристотель идеалды мемлекеттің қандай болуы тиіс екендігін айқындауға тырысты. Платон демократия – мемлекеттік басқарудың жетілмеген тәсілі деген қорытындыға келді. Ол демостың (халықтың) билігіне негізделген, ал бұқара халық игіліктің не екенін білмейді, осыған орай, саяси шешімдер қабылдау құқығын иелене алмайды. Платон мемлекетті билеуші-философтар басқаруы тиіс дегенді айтты. Олар зерденің биік шыңы игілік болып табылатын идеялар әлемін қабылдауға қабілетті. Басқа екі әлеуметтік топ – жауынгерлер мен жұмыскерлер тиісінше мемлекетті қорғауға және оның материалдық әл-ауқатын нығайтуға тиіс. Олар өз жандарының табиғаты бойынша осы қызметке бейімделіп тұрады.

Аристотель болса, бастысы мемлекетті басқаратын адамдардың саны емес, олардың басқару сапасы, яғни олардың өз билігін қалай және не үшін пайдаланатыны деп есептеді. Мемлекеттің мәні мен мақсатын Аристотель адамдардың бақытты өміріне игілікпен қызмет етуден көрді. Сондықтан, оның пікірінше, мемлекеттік құрылыстың дұрыс формалары (жалпы игілік іске асырылады) – монархия, аристократия мен полития, ал дұрыс емес (таңдаулылардың игілігі іске асырылады) формалары – тирания, олигархия, демократия.

Өзіңді-өзің таны

Ежелгі грек ойшылдары адам өзін-өзі танудан бастап қана философиямен айналыса бастайтынын түсінді. Дельфыдағы Аполлон храмында жазылған «Өзіңді-өзің таны» нақылын Сократ өзінің философиялық ұраны мен басшылық ұстанымы дәрежесіне көтерді. Ол адам философияның көмегімен өз жанын білместіктен құтқара алады деп мәлімдеді. Осылайша ол өзін зұлымдықтан да азат етеді.

Мыңдаған жылдар өтті, ал адам өзі үшін жұмбақ болып қала берді. Адам дегеніміз не? Үлесіне сана тиген жаратылыс иесі ме? Әлеуметтік жаратылыс иесі ме? Мүмкін, тіпті адамның жалпы алғандағы табиғаты жоқ та шығар және де әрбір индивид «өзінен-өзі не істесе сол» болатыны, сөзбен айтып жеткізуге келмейтін ерекшелік болар.

Бұл сұрақтар бүгінгі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ, тек ғылым мен әлеуметтік практика оларды жаңа деңгейге көтеріп қоюда. Сондықтан «Өзіңді-өзің таны» философиялық тезисі бүкіл адамзаттың оны одан әрі іске асыруын күтеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *