Шығыс Еуропа мен Орталық Азия, Ібір-Сібір мен Қазылық тау (Кавказ) арасындағы ұлан-ғайыр өлкеде ХIII ғасырда ту тіккен, өз кезеңінде Жошы ұлысы, Ұлығ ұлыс, Бату ұлысы, т.с.с. деп әрқилы аталған, орыс жылнамаларында «Великая Орда Златая», «Ұлы Алтын Орда» деп дәріптелген. («Қазан жылнамасы». XVI ғ.), әлемдік тарихнамада «Алтын Орда» деген атпен қалған ұлы мемлекеттің мәдениет тарихындағы орны туралы жаңсақ тұжырымдар, дәйексіз, ұшқары бағалар ұзақ уақытқа дейін үстем болып келді. «Еуропа тылдық пен орысшылдық елесімен ауырған», «адамзат мәдениеті Еуропадан бастау алады, ал Ресей — Үшінші Рим» деген сыңаржақ, даурықпа қағидалармен қаруланған көптеген тарихшылар «Алтын Орданы монғол-татарлардың жабайы хандығы» деп жариялады, көшпелілер «алтын мұнаралы Киевті, биік мұнаралы Мәскеуді», орыстың басқа да ғажап қалаларын өртеп, қиратты, бай кітапханаларын күлге айналдырды деп ғайбаттаудан танбады. Нәтижесінде, ұзақ жылдар бойы тек Ресей ғана емес, Кеңестер Одағы делінген алып елдің оқу орындарында Алтын Орда туралы жартылай тағы, бүлдіруші, қиратушы, басқыншы, мәдениеттің қас жауы деген тұрғыдағы түсінік қалыптастырылды. Бұл — тарихи шындыққа қиянат еді. Егер тарихта Алтын Орда болмағанда Ұлы Ресей аталған империяның да дүниеге келуі неғайбыл екенін ілгеріде айттық, ендігі айтарымыз: Алтын Орда кезеңіндегі мәдениет, тұтастай алғанда, жасампаздық сипатта болды, көптеген халықтар мен елдердің, соның ішінде Ресейдің мәдени дамуына игі ықпал етті. Тағы бір еске тұтатын жәйт Алтын Ордадағы үстем ұлт тіпті де монғолдар емес, біздің балаларымыз -қыпшақ , қаңлы, қоңырат, найман т.б. еді. Жошы ұлысын аралаған араб жиһанкезі Әл Омари: «Азғана монғол қыпшақтарға мүлде сіңісіп, олардың бәрі қыпшақпен бір туысқандай, бір рудан шыққандай болып кетті», — деп жазды, Сондықтан Алтын Орданың мемлекеттік, әкімшілік, әлеуметтік құрылыс институттары, қала тұрғызу мәдениеті, өнері, әдебиеті дегенде, ойымызда түркі-қыпшақ мәдениеті тұруы керек.

Әрине, шапқыншылық кезінде қалалардың қирауы, мәдени ескерткіштердің жойылып кетуі, халықтың қырылуы — болмай қалмайтын зардаптар. Тіпті, жаугершілік заманның бұлжымас заңы да. Батудың жорығы кезінде орыс елінің бірқатар қалалары өртенгені, тоналғаны — тарихи шындық. Әйткенмен, белгілі орыс ғалымдары мұқият зерттеулерден соң, «Бату жорығы кезінде орыс қалаларының көпшілігі-ақ аман қалған еді», — деп тұжырым жасайды. Тарихшы-археологтар М.Покровский, Б.Грековтер «Киев монғол шапқыншылығынан 200 жылдай уақыт бұрын құлдырай бастаған еді, монғолдар жорығы кезінде қала өзінің бұрынғы маңызынан, сән-салтанатынан айырылып біткен болатын», — деген қорытындыға келеді. Яғни, бай да бақытты шаһар, ұлы Киевтің тозғынға ұшырауын «жабайы монғолдарға» жабудың ешқандай реті жоқ екен. «Бату жорығының зардаптары князьдықтар арасындағы сол кез үшін әдепкі құбылыс болып саналатын қақтығыстар зардабынан артық емес еді». — дейді орыс тарихшысы Л.Гумилев. Алайда, орыс князьдары өз елдерін кей кездерде жат жерлік шапқыншылардан бетер тұралатқаны тарихтан белгілі. Мәселен, князь Д.Галицкийдің 1256 жылғы жорығында славян жерлері қаңырап бос қалып, көптеген қалалар мен қисапсыз қоныстар жермен-жексен етілген.

Енді, кітапханалар жайына келсек, орыс елінің тарихы, негізінен, ежелгі жылнамаларға дәйектеліп жазылды, Бұл жылнамалар шіркеулерде, ғибадатханаларда сақталған болатын. Ал Алтын Орда әміршілершің шіркеулерге, қайсыбір жағдайларда болмаса, мүлде дерлік тиіспегендігі — белгілі жәйт. Ендеше, көшпелілер «орыс кітап мәдениетіне өлшеусіз нұқсан келтірді» деген пікір де қисынға жанаспайды. Шындығына сүйенсек, орыс кітап мәдениеті қорлықтың зорын XVIII ғасырдың аяғынан XIX ғасырдың ортасына дейін «білімдар» орыс монахтарынан көрген еді. Дүмше дін қызметшілері өздері қажетсіз деп тапқан қисапсыз қазына — көне қолжазбаларды жыртып, өртеп, суға ағызып құртқан болатын.

Алтын Орда мемлекеті өмір сүрген уақытта Еділдің бойы мен Донның сағасы, Днепр мен Днестр арасы, Каспий мен Қара теңіз, Азау теңізі жағасы, Қазылық (Кавказ) тау бөктерлері орасан өзгерістерге ұшырады. Құс қанаты талатын байтақ өңірде маржандай тізіліп, батыс пен шығыстың келбетін бірдей бойына сіңірген қала-кермендер орнай бастады. Әзірге қолда бар деректерге қарағанда Алтын Орда тұсында қайта қалпына келтірілген немесе жаңадан салынған шаһар-кенттердің ұзын саны 150-ге жетіп жығылады. Азғана уақыттың ішінде Жошы ұлысы бір орталыққа бағынған күшті көшпелілік және отырықшылық мәдениеттер үйлесім тапқан жарасымды мемлекетке айналады. Бұған хандардың белгілі дәрежедегі бейбіт сыртқы саясаты да аз әсер етпесе керек. Құлағу ұрпақтарымен жүргізілген нәтижесіз соғыстарды санамасақ, Алтын Орда ұзақ жылдар бойы сауда-саттыққа, алым-салыққа негізделген тыныш саясат ұстанды.

Орда жеріндегі бұзылған, ескі қалаларды қалпына келтіру ісі XIII ғасырдың 40-жылдарынан жүргізілсе, жаңа кенттер тұрғызу Сайын хан — Батудың тұсында басталды. Батудан кейін орда тізгінін қолына алған Берке хан да қала құрылысына ерекше мән беріп, көптеген шаһарлар салдырды. Дегенмен, шаһар мәдениетінің шын мәнінде өркендеуі Өзбек пен Әз-Жәнібек хандар билік құрған, XIV ғасырдың 20-60-жылдарына тұспа-тұс келеді. Бұл кездерде Алтын Орданың Сарай, Сарай әл-Жәдид, Гүлстан, Болгар, Білар, Азақ (Азаулы), Қырым, Қафа, Қажы-Тархан, Орда-Базар, Бек-Базар, Үкек, Сарайшық, Түмен, Ақкермен, Шаһар әл-Жәдид, Мажар, Мамай-Сарай, Бел-Жәмен, Қопа, Хорезм, т.с.с. сынды қалаларының даңқы шартарапқа жайылып, ірі әкімшілік, мәдениет орталықтарына айналған еді. Бүгінде белгілі болған құжаттарға қарағанда, Алтын Ордадағы қала салу мәдениеті өз заманы үшін ең жоғарғы деңгейде болғанына көз жеткіземіз. Алтын Орда шаһарларынан Азияны, Еуропаны жайлаған көптеген ұлттар мен ұлыстар мәдениетінщ іздері, жетістіктері байқалатын. Бұл кенттерді тұрғызуда Шығыс сәулет өнерінің ең үздік дәстүрлері уақыт сынынан өткен құрылыс материалдары, оларды жасау технологиясы, қала жобалаудағы жаңашыл бағыттар пайдаланылған еді. Орыстың белгілі тарихшы-археологтары Г.Федоров-Давыдов, В.Егоров Алтын Орда қалаларының әлемдік мәдениеттегі орнын жан-жақты дәлелдеп көрсетеді. Ұлығ-ұлыс кенттерінің сәулеті, салтанаты жайлы ортағасырлық жиһанкездер Плано Карпини, Әл-Омари, Ибн-Батута, Ибн-Арабшахтар көптеген деректер қалдырған, Мысалы, Ибн-Батута Сарай әл-Жәдидті «Көшелері кең, сарайлары биік, адамы көп, базары мол, бай, көркем қала» деп суреттесе, «Сарай шаһарының бір шетінен екшші шетіне салт атпен жүріп отырып жету үшін бір күн керек» деп жазады.

Алтын Орда қалалары тіршілік етуге өте қолайлы болды. Оның су құбырлары, жуынды, лас суды ағызу жүйесі, ылғалдың деңгейін сақтап отыратын күрделі су техникалық қондырғылары әлі күнге дейін зерттеушілерді таң қалдырады.

Оның үстіне бұл қалаларды басып халықаралық керуен жолдары өтетіндігі себепті, олар әлемге әйгілі сауда орталықтары дәрежесіне жеткен еді. Мәселен, тек Азақтық (Донның Азау теңізіне құяр сағасындағы қала) бір өзінен Шығыс пен Батыстан ағылған тең-тең тауарларды күн сайын бүйірлі алты-жеті кеме тиеп әкетіп тұрған екен.

Сонымен қатар, Алтын Орда шаһарлары орта ғасырлардағы ірі өндіріс, қолөнер орталықтары да болып табылады. Орданың 38 кентінде алтын, күміс теңгелер соғылған. Әр қалада дерлік қару-жарақ жасайтын ұсталардың, зергерлердің, тас қалаушылардың, мата тоқушылардың, тігіншілердің, құмырашы шеберлердің, т.б, махаллалары (кварталдары) болған. Және де қаланы қоныстанған отырықшы қауым мен даланы жайлаған көшпелі жұрт бірінің қажетін бірі өтеп отырған.

Тарихшылар Алтын Орда кезеңіндегі қала мәдениетінің ерекше өркендеуінің себебін бір орталыққа бағынған күшті мемлекеттің болуынан деп түсіндіреді. Расында да, орталықтандырылған қуатты мемлекет болмаса, ұшан өңірде бірыңғай ақша айналымы, сан салалы сыртқы, ішкі сауданың өндірістің дамуы жүзеге аспас еді. Алтын Орданың әкімшілік құрылысы ұлыстық жүйеге негізделген-ді. Ұлыстарды ұлыс бектері басқаратын, ұлыс бектері өз кезегінде бектер бегіне бағынатын. Бәрінің үстінен Шыңғыс хан әулеті билік жүргізетін еді. Ал мемлекеттің күнделікті мәселелері уәзір құзырындағы диуанда (кеңесте) шешілетін. Бұл жүйе (ұлыстық жүйе) ғасырлар бойы Ресей әкімшілігінің де негізгі басқару жүйесі ретінде (облыстарға бөліп басқару) қолданылып келді, Әрине, Алтын Орданың мемлекеттік құрылысы, әкімшілік жүйесі, мәдениеті тек Ресейге ғана емес, басқа да көптеген мұрагер мемлекеттерге ықпалын тигізді. (Айталық, Қазақ Ордасы. Алайда, бұл — өз алдына бөлек әңгіме.)

Дамудың осыншама биік сатысына көтерілген Алтын Орда шаһарлары XIV ғасырдың аяғында Орта Азиялық әмірші Ақсақ Темірдің кесапатты соғыстары кезінде жойылып кетті. Әсіресе, Темірдің 1395 — 1396 жылдарға екінші жорығынан кейін өртелмеген, талқандалмаған екі-ақ қала — Сарай мен Сарайшық қана қалыпты. Осындай лаңды шапқыншы иесі Ұлы Алтын Орда да қайтып оңала алмады.

Алтын Орда тұсындағы түркі әдебиеті ортағасырлық Шығыс әдебиеті үрдісінде дамыды. Бұл кезеңдегі әдеби ескерткіштерден ең белгілілері — Әл-Бинайдың -«Шайбанинама», М.Хорезмидің «Махаббатнамасы», Бұрһанетдин Рабғұзидің «Қисса-су-л әнбия», Ұсман Кухастанидің «Тарихи Әбілхайыр-хатниы», Құтбының «Хусрау уа Шырыны». Ал көне қыпшақтардың жыраулық дәстүрінен хабар беретіндей жәдігерліктер, өкінішке орай, сақталмапты. Бізге олардың Кетбұға, Сыпыра жырау деген есімдер еміс-еміс ғана жетті. Тек қазақ әдебиетінің көш басшысы саналатын, ұлы жырау, Алтын Орданың күні еңгейген кезін көзімен көрген кемеңгер Асан Қайғының шығармалары ғана қазақ әдебиеті тарихынан қасиетті орнын алып, оқырман қолына тиді.

Әйткенмен, Алтын Орда тұсында түркінің ежелгі қаһармандық эпосы жаңаша тыныс түзеп, өріс тапқаны және өзінен кейін тарих сахнасына келген берісі қазақ, ноғай, т.б, елдердің қаһармандық дастандарына, арысы орыс былиналарына (батырлар жыры) нәр бергендігі — даусыз ақиқат.

Түркі тілдес халықтардың көпшілігі ісләм дінін ұстап, араб жазуымен, араб мәдениетімен жақын таныс болған. Алтын Орда мемлекетінде өз тарихнамасы, әсіресе ауызша тарихнама жете дамыған,

Көшпелілер арасында ауыз әдебиеті, жыр дәстүрі қалыптасқан. Сол кезден мұра болып келе жатқан қазіргі татар, ноғай, қазақ халық тарихында «Едіге батыр», «Қобыланды», «Қамбар», «Ер Көкше» сияқты батырлар жыры кеңінен тараған. Алтын Орда, Ноғайлы заманындағы көшпелілер мәдениеті әлі де болса аз зерттеліп, өзінің әділ бағасын ала алмай отыр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *