Бүгінде тәуелсіз Қазақстанның ақпарат құралдары дүниежүзілік деңгейді нысанаға көшіп, әлемдегі орнын анықтауға бағытталып келеді. Өйткені журналистика жер жүзі бойынша шекараны білмейтін сала. Бірақ бұл орайда әлі де талай ізденістер мен тер төгуге тура келетіні өзінен-өзі белгілі. Себебі кешегі қызыл империя идеологиясының уысынан шыққан баспасөз, радио, телевидение жүздеген жылдар бойы еркіндікте қалыптасып қалған әлгі айтқан «әлемдік деңгейге» жету үшін уақытты да, мазмұндық, рухани сапаны да қажет етеді. БАҚ-тың мұндай құрылымдық жүйесінің енді басқаша өрістеуі де бір күннің ісі емес.

Сондықтан да қазір бір ақпарат құралы жаңалық жасағысы келіп, онысы діттеген жерден шықпай тауы шағылып жатса, ал келесі бірі бәз баяғы ескі сүрлеуден шыға алмай малтығуда. Сонымен бірге әжептәуір көзге түсіп жүргендері де аз емес. Бұл ретте мынаны еске алуымыз керек. Жалпы журналистік шығармашылық пен БАҚ-тың жұмыс істеу процесі шетелде де ортақ жаратылыстан қол үзіп кете алмайды.

Бұрынғыдай цензура жоқ кезде қайсыбір БАҚ түрлері көптеген өмірлік проблемалар хақында ауа жайылып кетпей ме? Бұл жұртшылықты ойландырмай қоймайды. Әрине, бұқаралық ақпарат құралдарының бостандығы туралы көп айтамыз. Олар ақпаратты объективті әрі жан-жақты беруі керек дейміз. Оқырман, көрермен, тыңдаушы өзінің қалаған ақпаратын алып, қаламағанын патша көңілі білсін дейміз. Өйткені, кеңес заманындағыдай, белгілі бір пікірге зорлықпен таңып қоюға қазіргі демократия, плюрализм заманында ешкімнің хақысы жоқ.

Бірақ БАҚ қашанда халық мүддесін, мақсатын ұмытпауы тиіс. Стихиялы өмірдің қайда апарып соқтырары белгілі. Демократияның өзі — заңды бұзу деген сөз емес. Әлемнің дамыған алпауыт елдерінде де солай. Ендеше салауатты өмірді, өркениетті көздесек, БАҚ та соған қызмет етпек.

Дәуір сыры, замана шежіресі таусылмайтын тақырып. Оны көрсету, оны суреттеу публицист ретіндегі парасат иесінің игі мақсаты, ардақты борышы. Ол мейлі адамды жазып отыр ма немесе соған орай уақыт тынысын сездіріп отыр ма — айналып келгенде, қаламгер еңбегі болып шығады.

Өзінің 80 жылдығын атап өткен Қазақ радиосы елімізбен бірге есейіп, толысып, тарих толқынында жарқын ізін қалдырып келеді. Осындай үлкен жолдан өткен аталмыш радио өз саласы бойынша Қазақстандағы бірден-бір көшбасшылық рөлі мен орнын абыроймен иемденіп, оны лайықты түрде одан эрі жалғастыру үстінде. Радионың ғасырға тән уақытын сондықтан мемлекетіміздің, халқымыздың болмысынан еш бөліп қарау мүмкін емес. Осы орайда әсіресе эфирдегі ұлттық рухтың шынайы нышанын, айнымас қалпын, беріліп жүрген сан алуан хабарлардың өн бойынан айқын аңғарамыз.

Өзінің ақпарат құралы ретіндегі бастау жолын алғаш қазақша хабар таратқан күннен бері, осынау радио жылдар өте келе бар күш-қуатын жинап, тәжірибесін арттырып, республика тыныс-тіршілігінің нағыз үніне айналды. Сөйтіп, ақпарат қабылдайтын, өңдейтін, тарататын айтулы ұйым болды, үлкен шығармашылық ұжым құрды. Газеттен бөлек әуе толқынында бұқараны ақпаратпен қамтамасыз ететін арна болды. Халық жүріп өткен кезеңдердің шежіресін үзбей баяндап отырды.

Хабарларда еліміздің әр кездегі саяси, әлеуметтік, экономикалық, мәдени өмірі жан-жақты қамтылып отырды. Соған орай хабар ұйымдастырудың құрылымдық жүйесі қалыптасты. Қоғамдық-саяси, әдеби-драмалық, балалар мен жастар, музыкалық және жаңалық хабарлар түрлері болып жүйеленді. Радио жанрлар мен пішіндер шығармашылық тұрғыда одан әрі дамытылып, соны публицистикалық әдіс-тәсілдерге бастады. Ізденістер аясы кеңейіп, қызықты да мазмұнды аналитикалық хабарлар туындады. Радиожурналистердің шеберлігі шыңдала түсті.

Әсіресе тәуелсіздік жылдары ішінде бұрынғы кеңестік кезеңде өгейсітіле бастаған ұлттық рух қайтадан асқақ пафоспен берілді. Сондай-ақ «Хабар» телеарнасы соңғы жылдары жаңадан бірнеше бағдарламаны жұртшылық назарына ұсынғаны белгілі. Атап айтсақ, «Ұят болмасын», «Еркектің аты — еркек», «Әйелдер-ай, әйелдер» секілді хабарлар негізінен Серік Аббас-шахтың продюсерлігімен шығып жүр.

Аталмыш бағдарламалар қазіргі кезде телевидение саласында өріс алып отырған «ток-шоулар» бағдарламаларын көптеп әзірлеген ресейлік Владислав Листьев секілді жаңашыл тележурналист ТМД елдеріне үлгі болғандай еді. Бірақ әр нәрсе бір-біріне ұқсап, қайталауларға ұрынса, одан келер пайда шамалы екені түсінікті.

Біздің ойымызша, «Хабар» арнасында осы заманғы тақырыптарға бағдарламалар арнауға деген құлшыныс пен талап бар. Бұл жағынан қолдап, қуаттауға да болады. Алайда шығармашылық ізденістер тұрғысында әлі де болса шеберліктің жетіспей жатқандығын ашып айтуымыз керек.

Сонымен «Хабар» арнасы бүгінде техникасы мен технологиясы дамыған арна екені белгілі. Енді аталмыш арна тележурналистері шығармашылық, публицистикалық ізденістерін тереңдетсе деген пікір білдіреміз. Арнаның жаңалықтар беруі мен саясатты, экономиканы, әлеуметтік мәселелерді беруі көрермендерді қанағаттандырады. Бұл жағынан «Хабар» арнасына тең келер арнаны республикада табу қиын.

Қазір жаңалық хабарлар беруде жер жүзі телерадио компаниялары бір-бірімен бәсекеге түсуі заңды. Кім тапқыр, кім жедел қимылдайды, кім ерекше назар аударатын жаңалықтарды таба біледі, сол ұтады.

Мысалы, әлемге белгілі АҚШ-тың жер жүзі жаңалықтарын беріп тұратын «Си-Эн-Эн» компаниясын сол елдің телевизия қайраткері Тед Тернер ұйымдастырған болатын. Расын айтқанда, алғашында бұл арнаға ешкім мән бермей, басқа телекомпаниялар оны тіпті банкротқа ұшырайды деп ойлады. Бірақ, өмір көрсеткеніндей, олай болған жоқ, керісінше, осы «Си-Эн-Эн» тек соңғы жаңалықтар берумен ғана ең күшті телекомпанияға айналды. Демек, кейде осындай батыл ізденістер жасау табысқа жеткізбек. «Си-Эн-Эннің» хабарлары тұрақты түрде күн сайын толассыз беріліп тұрады. Оның тілшілері планетаның кез келген жерінен хабарлар береді. Оперативті түрде жұмыс істейді. Ол басқа елдердің жаңалықтар беруіне қарағанда анағұрлым алда жүреді. Оның тақырыптары да әр алуан. Сондықтан ол беретін жаңалықтарды жұрт қызыға тыңдайды. Ең ақырында жер жүзінің бүкіл ауа райы туралы күн құрғатпай баяндап тұрады.

Әрине, мұндай жұмыс атқару оңай емес, ол үшін көп еңбек, журналистік тапқырлық, техника жетістіктерін пайдалану қажет. Көптеген телекомпаниялар мұндай жұмысты орындай алмайтыны белгілі. Ал «Си-Эн-Эн» болса бэріне де үлгереді, соған байланысты табысы да жетерлік, бай компания болып саналады.

«Си-Эн-Эннің» хабарлары кейде біздің Қазақстанда да беріліп жүр. Хабар, әрине, спутниктік жүйе бойынша қабылданады. Бұл да болса техника жетістігін пайдалану деген сөз. Си-Эн-Эннің эсіресе хабар ұйымдастыру тәсілдері кез келген елдің телевидениесі үшін тәжірибе бола алады.

Ал Ұлыбританияда «Би-Би-Сидің» үлкен орны бар екені, оның сапалы бағдарламалар беріп, әсіресе жаңалықтар мен қоғамдық-саяси және деректі хабарлар ұйымдастырып тұратын, оған жаңадан бастық болып келген Джон Берттің де қалаган нэрсесі еді. Келген бойда ол өзінің жаңа жұмыс жоспарын жариялады. Онда, әдеттегідей, бұрынғы эфир арқылы берілетін телевидениенің орнына енді кабельдік және спутниктік телевидениеге мән берілетіні айтылды әрі жаңалықтар мен драмалық хабарлар, яғни телефильмдер мен телеспектакльдер көбірек берілетінін алға тартты.

Бүгінде телевидениенің алдына үлкен міндеттер тұр. Ол жаңа жүйе — «жоғары айқындық» жүйесі болып табылады. Бұл жөнінде қазір көп айтылып жүр. Соңғы 15 жылдың көлемінде Жапонияның кейбір фирмалары осы «жоғары айқындық» жүйесіне зерттеулер жасады. Мұнда 1125 жолдық, 60 өріс қолданылып, экрандағы көріністің сапасы артты. Бұл 35 миллиметрлік планетадағы кинокөрініске қарағанда анағұрлым жақсы. Осы жүйені жасау үшін Жапония фирмалары 500 миллион доллар қаржы жұмсаған. Әсіресе «Сони», «Тошива» фирмалары «жоғары айқындық» телевидениесі үшін аппараттар үлгісін жасаған. Мысалы, кинокамералар, кинескоптар, бейнемагнитофондар, дискілер және т.б.

Жаңа жүйе қай елдің телевидениесі болса да тиімді болатынына сөз жоқ. Себебі халықаралық қатынаста «жоғары айқындық» жүйесін қолдануда бірлесу жағдайы туады. Және әр түрлі телевизиялық жүйеден гөрі, бірыңғай бейнекөріністердің сапасы артып, бұрынғыдан да анық бола түседі.

Сол үшін бүған қазір Америка Құрама Штаттары мен Еуропаның дамыған елдері де кірісіп отыр. Тіпті ТМД елдері бұл істі ойластыруда. Әрине, болашақта Қазақстан да бұл жүйені қолға алатын болады.

Енді әлемдік баспасөз демократия жағдайында қалай жұмыс істеуде дегенге келсек, мұнда да айтылар сөз аз емес. Олардың ізденісі, жаңалығы қандай, мұның бәрі БАҚ үшін, журналистер үшін қажет-ақ.

Мысалы, демократияның өзі қазіргі заманда жиі-жиі сөз болып, бүкіл әлемде қызу әңгімеге арқау етілсе де, оны оңтайлы қолдану мәселесінде түсінбестіктер орын алып жататыны да бар. Тоталитарлық әлем елдерінде мұның өзі құр сөз ретінде ғана айтылып қойып, іс жүзінде бэрі де басқаша болатынын өмір көрсетуде. Оларда демократияға күрделі адамгершіл идеялардың, институттардың, міндеттердің, құқықтар мен іс-әрекеттердің өзара қарым-қатынасы деп қарамай, жеңіл еркіндіктің нышаны ретінде қарайды. Негізінде демократия өзін-өзі басқару жүйесі болып табылады. Мұнда барлық азаматтар тең. Саяси шешімдер көпшіліктің ұйғарымымен қабылданады да, азшылықтың да мүддесі ескеріліп отырады. Демократия өзінің айқын түрінде азаматтардың шешім қабылдауға қатысуына мүмкіндік береді. Сайлау кездерінде азаматтар өз өкілдерін сайлап алады да, сол арқылы өз талап-тілектерін орындап отырады. Бұл арада еркін де әділ сайлау болуы керек екені түсінікті. Соған орай халық алдында есеп беретін үкімет пайда болады. Бұл халық сенген депутаттарға байланысты. Мұндай конституциялық демократиялық жүйеде барлық азаматтардың құқығы бірдей болмақ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *