1726 жылы Ордабасы — деген жерде (қазіргі Шымкенттің оңтүстік батысында) қазақ жүздері басшыларының тарихи жиналысы болды. Оны шақыру және қазақтардың біртұтас жасағын ұйымдастыру жөнінде маңызы зор шешім қабылдауды халық асқан ілтипатпен қадірлейтін үш жүздің әйгілі билері — Төле, Қазыбек, Айтеке шешуші рөл атқарды.

Хандар мен билердің бір ауыздан қабылдаған шешімі бойынша барлық қазақ жасақтарының бас қолбасшысы болып Кіші жүздің ханы, батыр Әбілқайыр сайланды.

Торғай даласының оңтүстік-шығыс жағында, Бұланты мен Белеуіт жағасында, кейін «Қалмақ қырылған» атанған Қара сиыр дейтін жерде қазақ жасақтары қалмақтармен шайқасып, оларды женді. Жауға тойтарыс берген бұл алғашқы ірі жеңістің маңызы зор, ол халықтың еңсесін көтеріп, болашақ күреске жігерлендірді. Соғыс инициативасы қазақтардың қолына көшті, халық пен оның жауынгерлерінің өз жерін жаудан азат ете алатынына сенімі арта түсті.

Қазақстанның Түстігі мен Шығысы әлі Жоңғарияның қоластында болатын. Мысалы, ойраттар Ташкентті 1725 жылы жаулап алған. Сонда Тәукеден кейін әкім болып тұрған Төле би Ұлы жүздің халқын түгелдей жойылып кетуден сақтап қалу үшін өзінің жақын серігі Өтеген батырды жаңа қоныс іздестіруге жібереді. Сөйтіп елін мал-мүлкімен Қарақалпақстанның Жиделібайсын жеріне бастап барады.

Қазақ жасақтарының қолбасшылары Жоңғар әскерлеріне қарсы соққыны үш жақтан бірдей берді: Ұлы жүздің әскери күштері Шыршық өзенінің Сырдарияға құйылатын жерінен өтіп, Келес асуын басып, Қазығұрт тауының батысындағы Бадам жотасының үстімен, Орта жүз жасақтарымен солтүстікке қарай, ал Кіші жүздің жауынгерлері Қаратаудың батыс баурайынан шабуылға шықты.

1729 жылы Қордай жотасы сілемдерінің солтүстігінде (Жамбыл облысы), Балқаштың оңтүстігінен 120 шақырым қашықтықтағы Итішпес көлінің жағалауында қарама-қарсы тұрған екі әскери күш — қазақтар мен қалмақтардың тағы бір бірнеше күнге созылған қиян-кескі соғысы болды. Ол басқыншылардың толық жеңілуімен аяқталды. Қазақтар бұл жерді «Аңырақай» деп атады: жау әскерлерінің қырылып, аңыраған жері деген мағына береді.

Осы тұста Тәукенің баласы Үлкен Орданың басында отырған Болат хан қайтыс болып (1730 ж.), оның орнын Орта жүзден Сәмеке, Кіші жүзден Әбілқайыр аламыз деп дәмеленді, бірақ оларға билік тимеді. Көпшіліктің қалағаны Болат ханның ұлы Әбілмәмбет болды.

Аңырақайдағы шайқаста жеңіліске ұшырағынына қарамай, Жоңғар мемлекеті Қазақ хандығына қатерлі қауіпті одан әрі жалғастыра берді. Олар 1734 жылы қазақ жеріне өзінің екінші жорығын жасады. Жауға қарсы тұра алмайтын болғандықтан Орта жүз 1735 жылы Ресейдің қоластына өтуге тілек білдірді. Ойраттардың жойқын шабуылы өте-мөте оңтүстіктегі қазақтарға ауыр тиді. Өйткені Ұлы жүз қаһарлы жауға жалғыз өзі тойтарые бере алмайтын еді.

Ойраттар бар күш-қуатын топтастырып алып, 1740 жылы күзде Орта жүз жеріне басып кірді. Бұл жолы олар қуатты қарсылыққа тап болды, қазақ жасақтары ойланбаған жерден бірнеше соққы берді. Осында қыстап шыққан 30 мың ойрат қолы 1741 жылы ақпанда қазақ ауылдарына қайтадан шабуыл жасады. Ұрысты үдете отырып батысқа қарай ілгері жылжиды, сөйтіл Тобыл мен Есілге дейін барады. Жаздағы шайқастардың бірінде сұлтан Абылай өзінің жақын серіктерімен бірге қапылыста тұтқынға түседі. Оларды қарулы күшпен босату әрекеттеріне Барақ сұлтан басшылық етеді. Бірақ күш тең емес еді, ол жеңіліске ұшырайды, тұтқындарды Жоңғарияға айдайды. Бітім жасасу және тұтқындарды босату үшін келіссөз жүргізуге қазақ елшілігі жіберіледі. Келіссөз табысты аяқталып, Абылай тұтқыннан босатылады.

Тұтқыннан қайтқаннан кейін Абылай мен Жоңғарияның билеушісі Ғалден Серен арасында формалды түрде достық қатынастар орнайды. Бірақ бұл ұзаққа бармайды. Ғалден Серен өлгеннен кейін әр түрлі себепті сылтау еткен ойраттар 1752 жылы қыркүйекте 20 мың қолмен қазақтардың қонысына басып кіреді. Абылай осыны ести салысымен жан-жаққа ат шаптыртып, Баян ауылы маңына жиналсын дейді. Қазақтардың күші басым түскенін көрген ойрат билеушісі Абылайдың әскери қимылдарды тоқтату туралы келіссөзді бастау жөніндегі ұсынысын амалсыз қабылдады.

Міне осылайша Абылайдың көрегендігі, оның үнемі келіссөз жүргізуге бейімділік саясаты үстемдікке жетеді.

Көршілерінде болып жатқан оқиғаларға мұқият зор салып отырған Манчжуриялық Цин әулетінің Қытайдағы билеуші тобы 1755 жылы ерте көктемде Жоңғарияға орасан зор армиясын жібереді, жазға қарай ол оны жаулауын аяқтайды, билеушісі Дауатты қолға түсіреді де Пекинге алып келеді. Осыдан кейін Жоңғария бір-біріне бағынбайтын әрі өшпенді, басында өздерінің жеке иеленушілері бар бірнеше ұлысқа бөлініп кетеді. Азия құрлығындағы бір кезде орталықтанған қуатты мемлекет іс жүзінде осылай өмір сүруін доғарады.

1758 жылы қытайлар оның жерін, қазіргі Синьзянді басып алады, ал Цин империясының батыстағы шекарасы осы провинциадан әрі қарай созылып жатты.

Жоңғарлық әскерлердің 1740-1741 жылдары Қазақ жеріне басып кіруіне байланысты оқиғалар мынаны көрсетті: Кіші жүз бен Орта жүздің Ресей империясының құрамында болғанына қарамастан орыс үкіметі қазақтарға жәрдемге келмеді. Осындай қиын жағдайда Абылай ханның бірден-бір дұрыс сыртқы саясат жүргізуіне тура келді. Қуатты көршісі — Ресей империясымен және Циндік Қытаймен әдеттегі мемлекетаралық қатынас орнату керек болды. Осындай орынды да көрегендік саясаттың арқасында әскери жанжалдар болмады, Сібір қалаларының рыногіне шығуға және Синьцзянмен сауда жасауға, кезінде жонғарлар жаулап алған жерлерді қайтаруға қол жетті. Бұл арада мына бір жәйтті атап көрсетіп өткен жөн. Орыс дипломатиясының мақсаты мен міндеттерінің мәні — Абылайды Цин ықпалынан оқшаулау, оның Қытайға бодан болуына жол бермеу, осылайша циндіктердің Қазақстандағы тіміскілеуін бейтараптандыру. Ал Қытай дипломатиясының мақсаты Абылайды өз жағына тартып, өзі Ресеймен соғыса қалған жағдайда оны жақтайтыны жөнінде уәдесін алу, әрине, Боғдоханның боданы болуына қол жеткізу.

Абылайдың мемлекет қайраткері ретінде дипломатиялық қабілеттілігі мен таланты дәл осы тұста айқындала түсті, ол нақты жағдайды, елінің алпауыт екі империяның қыспағында болуын ескеріп осындай жағдайда оған тек тату көршілік саясатқа жүгініп, екеуімен де жанжалдасуға бармай, достық қатынас орнатуға күш салды.

Сонымен қазақ халқының 135 жылға (1623-1758 жж.) созылған Ұлы азаттық соғысы аяқталып, Жоңғария жаулаушылары қазақ жерінен біржолата қуылды. Жоңғарлармен, одан кейін маньчжуриялық-қытайлық жаулаушылармен күресте ержүрек саңлақ батырлар көзге түсті, олардың қолбасшылық таланттары шешуші шайқастарда айқын көрінді, бұлар: Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары, Райымбек, Шапырашты Наурызбай, Баян, Есет, Қойгелді, Жантай, Саурық, Сәмен және көптеген басқалар.

Ойраттарды жеңгеннен кейін — қазақ қоғамында біршама саяси тұрақтылық орнықты, хандықтардың беделі арта түсті, олардың Орталық Азия және Ресей халықтарымен экономикалық, саяси байланыстары ұлғайды.

Пайдаланылған әдебиеттер: Рысбай К., Қазақстан Республикасының тарихы. – Алматы, 2005. – 368 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *