Азық-түліктердегі көмірсулардың, нәруыздардың және майлардың маңызы

Адам организмінде қарапайым заттардан күрделі заттардың түзілу процесі, сонымен қатар күрделі заттардың ыдырауы, тотығуы үздіксіз жүріп жатады. Мүшелердің жұмысы олардың үздіксіз жаңаруымен қатар жүріп отырады — жасушалардың біреуі тіршілігін жойса, басқалары оны алмастырады.

Организм жасушалары, егер организмге оттек және қоректік заттар үздіксіз түсіп отырса ғана өсіп, жаңарып отырады. Қоректік заттар бұл — организмді құрайтын құрылыс материалдары. Жаңа жасушалардың, мүшелердің түзілуі үшін, адам еңбек етуі үшін энергия қажет. Бұл энергияны организм органикалық заттардың ыдырауы барысында алады.

Адам денесі орташа алғанда 15 — 20% нәруыздан, 0,6% көмірсудан, 19% майдан, 60 — 65% судан, 5,8% тұздан тұрады. Толыққанды азық құрамында организмге қажетті заттардың барлығы, ең алдымен, көмірсулар, нәруыздар, майлар болуы қажет (51-сурет).

51-сурет

Азық-түлік құрамындағы нәруыздар, көмірсулар, майлар

Азық адам денсаулығын сақтау үшін және оның жұмыс қабілеттілігі үшін маңызды фактор болып табылады. Адам кейде азықтүлікті оның қаншалықты пайдалы немесе зиянды екендігіне қарамай өзі таңдайды. Асқорыту жүйесінде ас қорытылып, жасуша мембранасынан жеңіл өтетін органикалық заттар түзіледі (оларды қоректік, нәр заттар деп атайды).

Асқорыту жолдары арқылы өткен қоректегі нәруыздық заттар амин қышқылдарына дейін ыдырайды. Олар организмге оңай сіңіріледі және алмастырылатын, алмастырылмайтын болып екіге бөлінеді. Жасқа, жынысқа, істейтін жұмысына байланысты организмге қажет нәруыз мөлшері ауысады. Ересек адам үшін тәуліктік рационында орташа есеппен 100 — 118 г нәруыз болуы керек. Ауыр дене еңбегінде азықтағы нәруыз мөлшері 130 -140 г-ға дейін артады. Өсіп келе жатқан организм үшін, яғни дененің толық қалыптасуы үшін қосымша нәруыз мөлшері қажет. Құрамында организмдегі нәруыздың қалыпты синтезі үшін қажетті амин қышқылдарының барлығы бар азық толыққанды деп аталады. Жұмыртқа, ет, сүт, балық және өсімдік тектес нәруыздардың биологиялық құндылығы жоғары болады. Азықта қандай да бір амин қышқылының болмауы немесе жетіспеуі өсудің тоқталуына әкеліп соқтырады. Қаңқаның қалыптасуы бұзылады, психомоторлық даму баяулайды, тез шаршайтын болады, жұмысқа қабілеттілік төмендейді, суық тиіп ауруға бейімділік пайда болады.

Әсіресе дене еңбегімен айналысатын адамдар үшін көмірсулар негізгі энергия көзі болып табылады. Адамға тәулігіне 400 — 500 г көмірсу қажет.

Көмірсуларға әсіресе жеміс-жидектер, көгөністер, жармалар, нан сияқты өсімдік тектес азықтар бай. Сүттен басқа жануар тектес азықтар құрамында көмірсулар аз. Асқорыту жолында көмірсулар глюкозаға дейін ыдырайды, қанмен бірге жасушаларға сіңіріледі. Глюкоза әсіресе өсу кезінде жаңа жасушалардың түзілуі үшін қажет. Көмірсулар орталық жүйке жүйесіндегі зат алмасу үшін қажет. Адамның қанында қанттың мөлшері төмендеген кезде жүйке жүйесінің бұзылуы байқалады, ол қалшылдау, ақыл-есінен танудың басталуынан көрінеді. Бірнеше түйір қантты қабылдау организмнің жағдайын жақсартады.

Адам организміндегі майдың жалпы мөлшері дене салмағының орташа есеппен 10 — 12%-ын құрайды. Тәуліктік қажеттілігі -80 — 100 г. Асқорыту жолында қоректің құрамындағы майлар глицеринге және май қышқылдарына дейін ыдырайды. Ішек эпителийінің жасушаларында сол организмге тән майлар түзіледі. Майлардың бір бөлігі жасуша қабықшаларын, ядроларды түзуге жұмсалады. Майлар май өнімдерінде, майлы ет пен балықта, жаңғақта кез келген басқа азықтармен салыстырғанда екі есе калориялы, сондықтан олар біздің басты энергетикалық қорымыз. Азықтардағы майдың жетіспеушілігі орталық жүйке жүйесінің, көбею мүшелерінің жұмысын бұзады, адамның түрлі ауруларға төзімділігін төмендетеді. Құрамында майы аз азықпен тамақтану сыртқы ортаның зиянды әсерлеріне организмнің төзімділігін төмендетеді. Мысалы, радиоактивті және ультракүлгін сәулелерде.

Нәруыздардың, көмірсулардың, майлардың биологиялық құндылығы олардың құрамындағы тіршілік үшін маңызды дәрумендер мен минералды заттардың болуымен де анықталады.

Пайдаланылған әдебиеттер: Очкур Е.А., Құрманғалиева Ж.Ж. Биология. Жалпы білім беретін мектептің 7-сыныбына арналған оқулық. — Алматы: Мектеп, 2017. — 256 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *