1886 жылы Д.Брюс мальтия қызбасынан өлген адамның көкбауырынан таза дақылда майда коккобактерияны анықтаған, оны Micrococcus — деп атаған. 1896 жылы Б.Банг сиырдың түсігі кезінде жолдасының сұйықтығынан коккобактерия анықтаған. 1914 жылы Ж.Траум осыған ұқсас таяқшаны ауру шошқада анықтаған. 1916 жылы Ивенс барлық анықталған микроағзаларды зерттеп, олардың ұқсастығын анықтап, ғалым Брюстың құрметіне бруцелла деп атаған. Кейіннен (1953, 1957, 1966 жылдары) бруцеллалардың басқа түрлері ашылған. Олардың бәрі Brucella туыстығына біріктірілген.

Қазіргі кезде бруцеллаларды негізгі қожайынының белгілерінің түрлеріне қарап былай жіктейді: В. melitensis — майда үй жануарлары (қой, ешкі) ауырады; В. abortus — ірі қара мал ауырады; В. suis -шошқалар ауырады және т.б.

Бруцелланың әр түрі биоварларға бөлінеді: В. melitensis — те 3 биовар, В. abortus — та 9 биовар, В. suis — те 5 биовар бар. Адам үшін патогенді болып В. melitensis саналады. В. abortus — адамдарда аурудың клиникалық белгілерін оте сирек туындатады.

Морфологиясы

Бруцеллез қоздырғыштары майда 0,6 — 0,8 х 0,3 -0,5 мкм. Бактериялардың пішіні таяқша тәріздес немесе сопақ болады. Жылжымайтын. Спора түзбейді. Нәзік қабықша түзеді. Грамм теріс. Жұғындыда тәртіпсіз орналасады.

Дақылдануы

Бруцеллалар — аэробтар. Қоректік ортаға талабы үлкен. Қоректік ортада жәй өседі (2 — 3 апта). Оларды арнайы қоректік ортада: сарыуызды — декстрозды агарда, сарысу және қан агары қосылған картоп тұрындысында (5% қой қанынан дайындалған), «Д» ортада, ЕПА және ЕПС, бауыр агарында өсіреді. Олар 37°С температурада, рН 6,8 — 7,2 өседі. Кейбір штамдардың өсуі үшін 5 — 10% С02 қажет, әсіресе алғашқыларын анықтау үшін.

Қатты қоректік ортада нәзік, майда, түссіз, томпақ, перламутр тәрізді жылтырақ S — пішінді колониялар түзеді. Кейбір факторлардың әсерінен олар диссоцирленіп, R — пішінге өтуі мүмкін. Антибиотиктердің әсерінен олар L — пішінге өтуі мүмкін. Сұйық қоректік ортада бруцеллалар біркелкі лайлылық туындатады. Бруцелланы тауық эмбрионының сарыуызды қапшығында дақылдауға болады. Бруцелланың түрлерін күкірт сутек түзуіне және бояйтын, негізінен фуксинді және тионинді орталарда өсіру арқылы нақтылауға болады.

Ферментативтік қасиеті

Бруцеллалар Д — рибозаны, Д-галактозаны, аланин және аспаргинді ыдыратады. Кейбір штаммалары аминқышқылын гидролиздеу арқылы аммиак түзеді. Бруцеллалардан гиалуронидаза, каталаза, пероксидаза, липаза, фосфатаза және басқа да заттар түзіледі. Бруцеллалардың айқын инвазивтік қасиеті бар.

Токсинтүзгіштігі

Бруцеллалардың патогендік қасиеті эндотоксинге байланысты анықталады. Сонымен қатар олардың аллергендік қасиеті де бар.

Антигендік құрылысы

Бруцеллалар құрамында екі соматикалық антиген бар: А және М. Бүл антигендер түріне байланысты спецификалық болып саналады. Олар үнемі микроб ұлпасының құрамына кіреді, бірақ әр түрлі ара қатынаста. В. melitensis құрамында М — антиген көбірек, В. abortus және В. suis құрамында A — антиген көбірек, сонымен қатар соңғыларының құрамында термолабильді Vi — антиген анықталған.

Қоршаған орта факторларына төзімділігі

100°С темнературада бруцеллалар тез өледі. 80-85°С температурада — 5 минуттан кейін, 60°С температурада 30 минуттан кейін өледі. Төменгі температураға олар төзімді. Күн сәулесінің әсерінен олар тез жойылады. Ылғалды жерде бруцеллалар 3-4 айға дейін сақталады. Сүт тағамдарында 40 — 45 күнге дейін, қатырылған етте 5 айға дейін, топырақта және суда 3-5 айға дейін сақталады.

Жануарлардың қабылдағыштығы

Бруцеллезбен негізінен үй жануарлары: ірі қара мал, ұсақ мал, шошқалар, бұғылар және т.б ауырады. Бруцелланың әр түрі жануарлардың белгілі бір түрін зақымдайды, бірақ бруцеллалар орын алмастыруы да мүмкін, яғни бір жануардан екінші бір жануарға өтуі мүмкін. Мысалы, В. abortus ұсақ малды зақымдауы мүмкін.

Аурудың негізгі белгісіне: ұрғашыларында — түсік, ал еркектерінде — орхиттің болуы жатады. Сонымен қатар буындарының зақымдануы, малдың азуы, жүндерінің түсуі және т.б жатады. Кейде жануарларда бруцеллез жасырын түрде өтуі мүмкін, ол жапуарлар арасында жұқпаның кең таралуына ықпалын тигізеді. Тәжірибелік жануарлардан бруцеллаға теңіз шошқасы, ақ тышқандар сезімтал болады. Ауруды жұқтырғаннан кейін олар түсік тастайды, тез азады, жүндері түсе бастайды. Тышқандарда кейде септицемия пайда болады.

Инфекция көзі

Адамдардың бруцеллезбен ауыруының негізгі көзі ұсақ және ірі қара мал болып табылады. Адамдардың бруцеллез жұқпасын тасымалдауда эпидемиологиялық маңызы жоқ.

Берілу жолдары

Тағамдық, қарым — қатынас, тұрмыстық, ауа -тамшы арқылы беріледі. Қарым-қатынас арқылы малдармен жұмыс жасағанда: жануарларды күткенде, жануарлар өнімдерін өндіретін, шикізат өңдейтін өндірістерде, жануарлардың шығындыларымен, туғызу кезінде, сойған кезде, еттерін бөлшектеген кезде жанасу арқылы жұқтырады. Аэрогенді жолмен бруцеллалар тері және шырышты қабат арқылы ағзаға енеді. Тағамдық жолмен — адам тағам ретінде бруцеллалармен ластанған тағамды қоданған кезде жұқтырады. Әсіресе қауіпті болып сүт және сүт тағамдары саналады.

Патогенезі

Ағзаға түскеннен кейін бруцеллалар лимфа жолда-рымен лимфа түйіндеріне, қанға, сүйек майына, паренхиматозды мүшелерге жетіп, ұлпалардың ішіне орналасады. Процесс асқынған кезде бруцеллалар ұлпалардан қанға өтеді де аурудың қайтадан өршуі байқалады. Ауру буындардың ісінуімен, невралгиямен және табиғи түсікпен сипатталады.

Иммунитеті

Иммунитет ұлпалық (фагоцитоз) және гуморальді факторлармен — агглютининдермен, комплимент жалғастырушы антиденелермен және т.б. іске асады. Иммунитет аллергиялық жағдаймен қатарласа жүреді. Теңіз шошқаларына жүргізілген тәжірибеде олардың ағзасына екінші рет қоздырғышты еккенде төзімділік бруцеллезге оң реакциямен қатарласа жүрген.

Алдын алу

Жоспарлы түрде мал шаруашылықтарын, мал жайылымын, мал соятын жерді, ет және сүт өндіретін өндірістерді тексеріп тұру.

Спецификалық алдын алу

Тірі вакцинамен вакцинациялау В. abortus (іитамм 19-ВА). Егуді бір рет тері үстіне жүргізеді, ревакцинация 8-12 айдан кейін жасалады.

Емі

Левомицетин, эритромицин антибиотиктерімен. Ауру қайталануының алдын алу үшін бруцеллезді иммуноглобулин қолданылады.

Тақырып бойынша сұрақтар

  1. Бруцеллезді зерттеуге үлесін қосқан ғалымдар
  2. Бруцеллез қоздырғышының морфологиясы және оның түрлері
  3. Бруцеллалардың дақылдануы
  4. Бруцеллездің патогенезі
  5. Инфекция көзі мен берілу жолдары
  6. Ауруды алдын алу шаралары және емі

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *