Кейінірек көптеген зерттеушілер өсімдіктер мен мал тұқымының әр түрлерінде көп белгілердің толық доминанттық қасиет көрсетпейтінін дәлелдеді. Бірінші ұрпақта екі белгінің де байқалатыны анықталды. Олар аралық доминанттылық, кодоминанттылық және асыра доминанттылық түрлерінде кездеседі.

Аралық доминанттылық деп бірінші ұрпақтың ата-аналарының біріне де ұқсамайтын біркелкілігін айтады. Мұнда ата-анасының қасиетінің аралығы байқалады. Мысалы, бірсыпыра қой тұқымдарының ішінде шұнақ құлақ қойлар кездеседі. Егерде ұзын құлақтылармен (салпаң құлақ) шұнақ құлақты қойларды шағылыстырса құлағының ұзындығы орташа қойлар туады. Құлақ ұзындығы орташа қойларды бір-бірімен шағылыстырған уақытта орта есеппен әрбір төрт қозының біреуі ұзын құлақты, екеуінің құлағы орташа ұзындықта, ал біреуінің құлағы шұнақ болады. Бұл нәтижелер әр түрлі құлақ формаларының бір жұп аллельдердің басқаруымен тұқым қуалайтындығын және олардың арасында толық басымдылықтың жоқтығын дәлелдейді. Осыған орай гомозиготалық аллельдің біреуі, мысалы «АА» — ұзын құлақты, екіншісі — «аа» шұнақ құлақты басқарады, ал ол екеуінің гетерозиготалық жағдайында («Аа») кездескен қойлардың құлағы орташа ұзындықта болады.

Бұл құбылыс (аралық тұқым қуалаушылық) ауыл шаруашылық малдарының бәрінде де жиі кездеседі. Кейбір кезде белгілер аралық жағдайдан ауытқып әкесінің не анасының доминантты белгісіне қарай ығысады. Мұндай жағдай орталау немесе толымсыз доминанттылық деп аталады. Мысалы, кеудесі, бауыры және аяқтары ақ сиырды бір түсті бұқамен шағылыстырса олардан туған бұзаудың түсі біркелкі болғанмен аяғында немесе денесінің басқа жерлерінде ақ теңбілдер болады.

Аса доминанттылық жағдайында бірінші ұрпақта гетерозис (грек тілінде гетеройозис — өзгерту) құбылысы пайда болады. Бұл өсімдік пен малдың бірінші ұрпағының өсу қарқыны мен өнімін арттыратын организмдегі күшті құбылыс. Қазір тұқым аралық гетерозис алу үшін ірі қара, шошқа, қой әсіресе құс шаруашылықтарында өндірісітік будандастыру әдісі кең қолданылады.

Кодоминантты тұқым қуушылық (соңғы кезде ашылды) бірінші ұрпаққа ата-аналары белгілерінің бірдей берілуі. Белгілер бір-бірінен тәуелсіз және бірдей дәрежеде көрінеді. Мысал ретінде ірі қара малдың шортгорн тұқымының түсін алуға болады. Егер таза қанды қызыл түсті малдарды бір-бірімен шағылыстырса қызыл бұзау, ақ түсті малдарды шағылыстырса ақ бұзау туады. Ал ақ бұқа мен қызыл сиырды немесе қызыл бұқа мен ақ сиырды шағылыстырса әр уақытта бурыл түсті бұзау туады. Кодоминанттық түрмен адам және жануарлар қанының топтары, белоктары құрамының өзгешіліктері, мысалы, гемоглобин, трансферрин, ферменттер т.б. тұқым қуады.

Қазіргі уақытта қанның тобы және қан сарысуындағы белоктардың түрлерін басқаратын гендердің көп аллельдігі дәлелденді. Осы гендерге тән басты бір қасиет, олардың әр аллелі өз ерекшеліктерін гомозиготалық гетерозиготалық жағдайда білдіре беретіндігі. Аллельдердің бұл сияқты ара қатынасы кодоминанттық қатынасқа жатады. Осыған орай арнаулы әдістер арқылы кез келген малдың қан тобы (фенотипін), ол арқылы генотипін білуге болады. Бұл қажет болған жағдайда тұқымдық есеп құжатындағы малдың ата-тегі туралы жазулардың дұрыстығын толық тексеруге мүмкіндік береді. Организмде қан тобының тұрақтылығы, оны басқаратын гендердің Мендельдің заңдылықтарына сәйкес тұқым қуалауы қазіргі уақытта талассыз ақиқат деп есептелінеді. Кез келген организмде тек ата-енесінде ғана бар қан топтарының гендері кездеседі. Мысалы, егер бір қошқарда аталық-аналықтарында жоқ қан тобы бар болса, ол қошқардың ата-енесі туралы мәліметтің жалғандығының талассыз дәлелі. Ата-тегі туралы нақтылы мәліметтің мал тұқымын асылдандыру жұмысындағы маңыздылығына байланысты, мал шаруашылығы жетік дамыған, селекция жұмысы жоғары дәрежеде жүргізілетін мемлекеттерде асыл тұқымды малдардың қан ерешеліктері туралы паспорты болады. Ондай малдың ұрпағын сатып алушылар қолма-қол қан топтарын тексеру арқылы ата-тегі туралы мәліметтің шындығын тексере алады.

Біздің елде де бүл мәселеге үлкен мән беріле бастады. Қан топтары мен қан сарысуының белок түрлері арқылы тек иата-тегін» тексеру ғана емес, малдың өнім ерекшеліктері, өлшем шамасын атлық және аналық жұптардың тиімді байланыстарын болжауға болатындығы дәлелденуде.
Белгілердің тұқым қуудағы әр түрлі доминанттық құбылыстары ашылуына байланысты Мендельдің бірінші заңы -бірінші ұрпақтың біркелкілік заңы — деп айтылып жүр.

Сонымен, генотиптің екі түрі болады — гомозиготалық және гетерозиготалық. Бұлардың бір-бірінен селекция үшін үлкен айырмашылығы бар. Гомозиготалық генотитерді өзара шағылыстырса ұрпақтары әрдайым біркелкі болады, белгілер ажырамайды. Гетерозиготалық генотипті организмдерді өзара будандастырса алынатын ұрпақта міндетті түрде белгілер ажырасады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *