Экологиялық тәуекел тұжырымдамасы экологиялық дағдарыс түсінігімен тығыз байланысты. Оны жасау экологияның дағдарысты жағдайының себептерін ашу, белгілерін тауып, алдын алу, оны жеңудің жолдарын қарастыру қажеттілігімен байланысты.

Биосфера эволюциясы негізгі келесі этаптардан тұрады: — биотикалық айналыммен алғашқы биосфераның пайда болуы; — биогенез периоды — нағыз биологиялық заңдылықтар бойынша көпжасушалы ағзалар құрылымының күрделенуі; — ноогенез периоды — биосфераның ноосфераға айналуына септігін тигізетін адамзат қоғамының пайда болуы.

Осылайша биосфераның дамуындағы сапалы жаңа кезең адамзат қоғамының дамуымен басталды. Антропогенездің алғашқы кезеңінде адамдардың қоршаған ортаға әсер етуі басқа ағзалардың әсерінен ерекшеленбейтін. Адамдар басқа ағзалардан тіршілік үшін қолданылатын қажетті заттарды қоршаған ортадан табиғи биотикалық айналым нәтижесінде толық қалпына келетін мөлшерде алатын және қайтаратын. Микроағзалардың органикалық заттарды ыдырату қасиеті, ал өсімдіктердің минералдық заттарды органикалыққа айналдыру қасиеті адамдардың шаруашылық қызметінің өнімдерін биологиялық айналымға кіруін қамтамасыз етеді.

Қазіргі кезде адамдар биосферада үлкен мөлшерде шикізат өндіруде, ал қазіргі заманғы өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы кейде басқа ағзалар қолданбайтын улы заттарды өндіреді немесе қолданады. Осының нәтижесінде биологиялық айналым жабық болмайды. Су, атмосфера, топырақ өндіріс қалдықтарымен ластанады, ормандар кесіліп, жабайы аңдар азайып, табиғи биогеоценоз бұзылады.

Қазіргі кезде адамзат экологиялық дағдарыс проблемасының алдында тұр, яғни қоршаған орта да болып жатқан өзгерістер салдарынан адамның өмір сүруіне жарамайтындай халге келе жатыр. Күтіліп отырған дағдарыс өзінің пайда болуы жағынан антропогендік болып саналады, себебі, оны Жердің табиғатындағы адамның әсерінен болған өзгерістер алып келді.

Басқаша айтқанда, экологиялық дағдарыс — бұл адамзат қоғамындағы өндірістік қатынастар мен өндірістік күштің дамуының биосфераның ресурстық-экологиялық мүмкіндіктеріне сәйкес келмеу ін сипаттайтын адамзат пен табиғаттың арасындағы өзара шиеленіскен қарым-қатынас.

Адамдардың табиғатқа әсерінің негізгі жолдары табиғи байлықтар — су ресурстарын, топырақ, минералдық шикізатты шығындау, ортаны ластау, түрлерді және биогеоценозды жою болып отыр.

Планетамыздың табиғи байлықтары қалпына келетін және қалпына келмейтін болып бөлінеді. Алғашқысына, мысалы, қоры шектеулі және дұрыс өндірмеу және қолданбаудың нәтижесі анық пайдалы қазбалар жатады.

Қалпына келетін ресурстарды қолдану да барлық жағынан объективті түрде негізделген болуы керек, өйткені қалпына келетін табиғи ресурстарды жыртқыштықпен қолдану биосферада қалпына келмейтін өзгерістерге алып келеді. Мысалы, ормандарды кесу ең алдымен, планетамыздың су режимін бұзады.

Өзендер азайып, оларға тұнба жиналады, ал ол өсімдіктердің жойылуына алып келеді, нәтижесінде балықтардың уылдырық шашатын орны жойылып, саны азаяды. Топырақ суларының қоры азайып, топырақта ылғалдың жетіспеушілігі пайда болады. Жауынның ағынды суы, еріген су топырақты шайып, оған кедергі жасайтын орман болмағандықтан жел топырақтың беткі қабатын ұшырып кетеді. Нәтижесінде топырақ эрозиясы пайда болады. Ағаштардың діңі, бұтақтары, тамыры өсімдіктердің қоректенуіне минералды элементтердің жинақталуына септігін тигізеді. Ормандардың жойылуы осы элементтердің топырақтан шайылып, олардың құнарлығының азаюына алып келеді.

Ормандардың кесілуімен оларда тіршілік ететін құстар, жануарлар, жәндіктер де жойылады. Нэтижесінде ауыл шаруашылығы зиянкестері кедергісіз көбейе бастайды. Орман ауаны улы ластанудан тазалайды, ол радиоактивтік жауын-шашынға және оның таралуына кедергі жасайды, яғни ормандарды кесу басқа ағзалардың тіршілігі үшін қажетті ауаның өзін тазалайтын маңызды қасиетін жояды. Тау беткейлеріндегі ормандарды жою жар және селдік ағындарының пайда болуының себебі болып табылады.

Адамдардың жерді дұрыс қолданбауы нәтижесінде, топырақ эрозиясы салдарынан өте үлкен көлемдегі территориялар қолданысқа жарамсыз болып қалды.

Өнеркәсіптік қалдықтар, ауыл шаруашылығында қолданылатын пестицидтер, ядролық қаруды жасауда және сынауда түзілетін радиоактивтік заттар табиғи ортаны ластайды. Атмосфераға түсіп жатқан автокөлік газдары биосферадағы көмір қышқыл газының, қорғасын және басқа зиянды заттардың мөлшерін ұлғайтуда.

Адамдар көптеген жануарлар мен өсімдіктердің түрлерін жойып жіберген. Белгілі бір түрлері (600-ге жуық) қазіргі кезде толық жойылып кету қаупінде тұр. Түрлердің жойылып кетуі тікелей оларды жоюмен ғана байланысты емес. Табиғи және жасанды биоценоздың арасында территорияға деген күрес жүреді, бірақ адам еңбегі күшті және тұрақты фактор болып табылады, сондықтан жасанды биоценоздар тұрақтылығы әлсіз болып келгенімен, сонда да табиғи биоценозды ығыстырады.

Адамның қызметі жер бетінің құрылымын өзгертеді, табиғи биоценоздардың орнын ауыл шаруашылығы қызметіне, елді мекендердің құрылысына, коммуникацияға, су қоймаларына арналған территориялар алып жатады.

Биосфераға кері әсердің қатарына балық, сүтқоректілерді, омыртқасыз жануарларды аулауды қадағаламау, өнеркәсіп, транспорт, ауыл шаруашылығы, өндірістік қалдықтарды тастаудың нәтижесінде су, ауа, топырақтың химиялық құрамының өзгеруі жатады.

Сарапшылардың пікірінше, Жерде қалыптасып жатқан экологиялық жағдай «экологиялық дағдарыс» түсінігіне кіретін биосфераның қауіпті өзгерісін білдіреді. Егер адамзат жоспарлы түрде биосфераның даму заңдылықтарына сәйкес келетін және оны ескеретін әрекет жасауды қарастырмаса, осындай нәтижеге келетініміз сөзсіз.

Пайдаланылған әдебиеттер: Рыскиева Г.Ә., Өнеркісіп экологиясы – Алматы: Экономика, 2011. -262 бет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *