Болжаулар негізінде экономиканы мемлекеттік реттеу кезінде болашақ даму стратегиясын таңдау мүмкіндігі туады. Əлеуметтік-экономикалық серпінге экономикалық ықпал етудің стратегиялық басым бағдарлары анықталады. Таңдап алынған стратегиялар мен басымдықтар бағдарламалар негізінде жүзеге асады.

Мемлекеттік экономикалық бағдарлама – ресурстармен қамтамасыз етілген жəне белгіленген мақсаттарды барынша қысқа мерзімде жəне өте аз шығындар жасай отырып жүзеге асыруға мүмкіндік беретін өзара бір-бірімен байланысқан іс-шаралар.

Мұндай бағдарламаларды əзірлеу мен жүзеге асыруды мемлекеттік экономикалық бағдарламау деп атайды.

Мемлекеттік экономикалық бағдарламалаудың артықшылықтары мыналар:

  1. Бағдарламалар əлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық, аймақтық дамуды жүзеге асырудың тиімді тəсілі болып табылады. Дамудың болашағы бар бағыттарына ресурстардың жинақталуын қамтамасыз етеді, міндетті түрде болатын дағдарыстар мен қайшылықтарды жеңіп шығуға көмек береді, экономиканың жаңа, жоғары деңгейге көтерілуіне ықпал етеді.
  2. Бағдарламалар нарықтық экономиканың өзіндік реттелуінде, мемлекет қолдауымен кəсіпкерлердің инновацияны игерудегі стратегиялық мəселелерді шешуде дербес шешім қабылдаудың жəне əлеуметтік жəне экономикалық ірі мəселелерді шешудің нағыз əсерлі тəсілі болып табылады.
  3. Бағдарламалау стратегиялық арнада ең жақсы ресурстардың жинақталуынан жəне бағдарламалар жобаларын қабылдау мен олардың өзара байланыста болуынан қосымша жүйелік нəтиже алынуын қамтамасыз етеді. Ал ол жалпы экономиканың бəсекеге қабілеттілігін арттыра түседі.

Аталған ерекшеліктерді ескере келе, бағдарламалау көптеген мемлекеттерде, ірі кəсіпорындарда, трансұлттық корпорацияларда кеңінен қолданыс тауып, стратегиялық басқарудың маңызды құралына айналды. Мемлекеттік бағдарламалар əрқашан мақсатты болады жəне белгілеріне қарай келесі түрлерге бөлінеді.

Бағдарламалау объектері бойынша: — Елдің, ірі экономикалық аудандардың, əкімшілік-аумақтық бірліктердің негізгі көрсеткіштері бойынша əлеуметтік-экономикалық дамуының келешегі мен стратегиясын анықтайтын жиынтық макроэконо-микалық бағдарламалар (мысалы, үкімет əзірлейтін Қазақстан Республикасының əлеуметтік- экономикалық даму бағдарламасы); — Қызметтің бір түрі бойынша мемлекеттік бағдарламалар (мемлекеттік инвестициялық бағдарлама, ғарыш бағдарла-масы жəне т.б.); — Жеке мəселелер бойынша мақсатты бағдарламалар — əлеуметтік, инновациялық, экологиялық, аймақтық, салалық жəне т.б.; — Министрліктер мен ведомстволардың өз құзыры аясында немесе орталық мемлекеттік бағдарламалар құрамында қабылданатын салалық жəне проблемалық бағдарламалар; — Ірі əкімшілік-аумақтық бірліктің заң жəне басқару органдары немесе жергілікті билік органдары қабылдайтын аймақтық мақсатты бағдарламалар; — ТМД аясында немесе Еуразиялық экономикалық қауымдастық аясында қабылданатын мемлекетаралық бағдарламалар; — Халықаралық бағдарламалар, мұнда ел бағдарламаның бастамашысы не оны орындаушылардың бірі ретінде қатысады; — Жоғары деңгейдегі бағдарламларды орындау үшін немесе өз бастауымен жəне өз қаражаты негізінде мемлекеттік жəне мемлекеттік емес кəсіпорындардың, холдингтердің, банктердің жəне т.б. өздері əзірлейтін жəне жүзеге асыратын мақсатты бағдарламалар.

Қорыта келе, экономикалық болжау мемлекеттік реттеудің бағыттары мен қызметінің барлық деңгейін қамтиды. Бағдарламаларды жиынтық, əлеуметтік, экономикалық, ғылыми- техникалық, инновациялық, экологиялық, аумақтық, сыртқы экономикалық, қорғаныс сипатындағы деп бөлуге болады. Мерзіміне қарай бағдарламаларды қысқа мерзімді (1-2 жыл), орта мерзімді (3-5 жыл), ұзақ мерзімді (8-10 жəне одан да көп) деп бөледі. Аумақтық ауқымына қарай жергілікті, аймақтық, мемлекеттік жəне халықаралық деп бөледі.

Экономиканы мемлекеттік реттеуге қатысты 2010-2014 жылдары мынадай бағдарламалық құжаттар қабылданды:

1. Қазақстан Республикасының үдемелі индустриялық-инновациялық дамуының 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. Бағдарлама мақсаты – экономиканы əртараптандыру жəне бəсекеге қабілет- тілігін арттыру арқылы оның тұрақты жəне теңгерімді өсімін қамтамасыз ету.

Бағдарламаның негізгі міндеттері:

  • экономиканы əртараптандыру жəне оның бəсекеге қабілеттілігінің артуын қамтамасыз ететін басымдықтағы секторларын дамыту;
  • индустрияландыру үшін қолайлы орта қалыптастыру; экономикалық əлеуетті өңірлік ұтымды ұйымдастыру негізінде экономикалық өсім орталықтарын құру;
  • экономиканың басымдықтағы секторларын дамыту барысында мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын қамтамасыз ету. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама нəтижеді аяқталғанын, Президент Н.Назарбаев 2014 жылы 24 желтоқсанда бүкілқазақстандық телекөпір ақпараттық хабарында жария етті.

2. «Қазақстан Республикасын индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2015–2019 жылдарға арналған мемлекеттікбағдарламасы. Бұл бағдарлама «Қазақстан-2050» стратегиясының ұзақ мерзімді басымдық-тарына сəйкес Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарының «Экономиканы əртараптандыруды жеделдету» деген түйінді бағытын іске асыру үшін, Қазақстанның əлемнің дамыған 30 ел қатарына кіру жөніндегі тұжырымдамасын, «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру шеңберінде əзірленген.

Бағдарлама Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі 2010 – 2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның қисынды жалғасы болып табылады. Бағдарлама Қазақстанның өнеркəсіптік саясатының бір бөлігі болып табылады əрі күш-жігер мен ресурстарды секторлардың шектеулі аясына, өңірлік мамандануға шоғырландыра отырып, кластерлік тəсілді қолдану арқылы өңдеуші өнеркəсіпті дамытуға жəне тиімді салалық реттеуге бағытталған.

Бағдарламаның негізгі мақсаты өңдеуші өнеркəсіпті əртараптандыруды жəне оның бəсекеге қабілеттілігін арттыруды ынталандыру болып табылады. Бұл мақсатқа жету үшін мынадай міндеттер белгіленген: 1) өңдеуші өнеркəсіпті озыңқы дамыту; 2) басым секторларда тиімділікті арттыру жəне қосылған құнды ұлғайту; 3) шикізат емес тауарларды өткізуге арналған нарықтарды кеңейту; 4) өнімді жұмыспен қамтуды ұлғайту; 5) өңдеуші өнеркəсіптің басым секторларын технологияландыруды жаңа деңгейге көтеру жəне инновациялық кластерлер қалыптастыру арқылы болашақтың секторларын дамыту үшін негіз жасау; 6) өңдеуші өнеркəсіптегі кəсіпкерлікті ынталандырып, шағын жəне орта бизнесті дамыту.

2012 жылдың деңгейіне қатысты 2019 жылы мына экономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу: 1) өңдеуші өнеркəсіп өндірген өнім көлемін нақты мəнде 43 %-ға ұлғайту; 2) өңдеуші өнеркəсіпте жалпы қосылған құнды нақты мəнде кемінде 1,4 есе ұлғайту; 3) өңдеуші өнеркəсіпте еңбек өнімділігін нақты мəнде 1,4 есе ұлғайту; 4) шикізаттық емес (өңделген) экспорт құнының көлемін кемінде 1,1 есе ұлғайту; 5) өңдеуші өнеркəсіптің энергия сыйымдылығын 2012 жылдың деңгейіне қатысты кемінде 15 %-ға азайту;өңдеуші өнеркəсіпте жұмыспен қамтуды 29,2 мың адамға ұлғайту көзделген.

Инновациялық секторлар тұжырымдамалық жəне бағдарламалық құжаттарда, Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген басымдықтарға сəйкес айқындалған. Бұл секторларға келесілер жатады: мультимедиалық технологиялар, нано- жəне ғарыш технологиялары, робототехника, гендік инженерия, болашақтың энергиясын іздеу жəне ашу салалары.

Сондай-ақ, бағдарламада кластерлік саясат белгіленді, ол ел экономикасын жаңа технологиялық деңгейге көшіруге, өнімділік деңгейі, қосылған құны жəне өнімдер мен көрсетілетін қызметтердіңбөлініс дəрежесі жоғары салаларды қалыптастыруға бағытталатын болады.

Бағдарламаны іске асыру кезеңінде мемлекет: — мұнай мен газ өндіруге жəне өңдеуге байланысты базалық ресурстық секторлардың, мұнай-газ химиясының, мұнай-газ химиялық машина жасаудың жəне мұнай-газ өнеркəсібіне арналған сервистік көрсетілетін қызметтердің ішінен бір ұлттық кластерді; — өңдеуші өнеркəсіптің нарықтық бағдарланған секторларында конкурстық рəсімді жүргізу нəтижелері бойынша айқындалатын аумақтық үш кластерді; — Астана қаласында («Назарбаев Университеті» кластері), Алматы қаласында («Ақпараттық технологиялар паркі» кластері) «жаңа экономика» секторларында инновациялық екі кластерді дамытуға жəне теңгерімді түрде қолдауға назар аударады. Жалпы, бағдарламаның іс-шаралары түйінді тосқауылдарды еңсеру жөніндегі міндеттерді шешуге жəне өңдеуші өнеркəсіптің басым секторларындағы жобаларды іске асыруға бағытталған.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *