Калий қоректік минералды элементтердің ішіндегі негізгілерінің бірінен саналады. Топырақтың қүрамында кездесетін калийдің көп бөлігін өсімдіктер сіңіре алмайды. Өсімдіктер алмаса алатын және суда еритін калийді ғана сіңіре алады. Калий тамыр клеткаларына катион түрінде өтеді. Бұл элементтің көп бөлігі клеткада ион түрінде жиналады, ал басқа бөлігі клетка белоктарымен адсорбциялық байланыс арқылы қосылған. Клетка шырынында калий күкірт қышқыл, тұз қышқыл, фосфор қышқыл түздары түрінде, сондай-ақ лимон қышқыл және қымыздық қышқыл калий түрінде кездеседі. Жас өсімдіктер бұл элементті көп мөлшерде сіңіреді. Өсімдіктердің жас бөліктері мен өсу нүктелерінде калий көп, ал кэрі органдарда аз кездеседі.

Калий бір органнан екінші органға оңай өтеді, оның осы қабілеті клеткадағы негізгі бөлігі бос күйде болатындығына байланысты. Осындай себептерге байланысты калий өсімдіктерден оңай шайылып, қайтадан топыраққа өтеді. Нөсерлі жаңбыр кезінде калийдің едәуір мөлшері жапырақтардан шайылып кетеді.

Таңбаланған атом әдісін қолдану калийдің 30%-ға жуық мөлшері белоктармен байланысты екенін көрсетеді, ал оның қалған бөлігі цитоплазмада бос иондар түрінде жиналады. Калий бір валентті болғандықтан протоплазманың гидрофильдік қасиетін жоғарылатады. Бұл элементтің әсер етуімен цитоплазма барынша гидрофильді және тұтқырлығы шамалы болады да, оның су ұстаушылық қасиеті арта түседі. Коллоидтардың гидрофильділігін арттыру цитоплазма структурасын ретке келтіріп, белоктар мен көмірсулар сияқты көптеген органикалық заттардың синтезделу процесінің өтуіне қолайлы әсер етеді. Сөйтіп, су мол протоплазмада синтетикалық процестер де жылдам жүреді. Қант қызылшасы, картоп, күнбағыс және темекі сияқты өсімдіктердің калийді көп қажет ететіндігі де осыған байланысты болу керек.

Калий жетіспегенде клеткаларда белоктардың орнына аралық өнімдер жиналады. Калийдің ондай әсерін, оның белоктарды реттейтін ферменттердің активтілігіне қатысымен түсіндіруге болады. Сонымен қатар, белок синтезі өтетін орын рибосомалар калийдің эсер етуі нәтижесінде активті күйге көшеді жэне бір-бірімен қосылыса отырып, полисома түзеді. Өсімдіктерді калиймен қоректендіру ісін жақсарту хлорофиллдің мөлшерін ғана арттырып қоймай, сондай-ақ фотосинтез қарқынын да күшейтеді.

Калийдің әсер етуі нәтижесінде фотосинтездік фосфорлау процесі реттеледі, хлоропластардағы тиллакоидтар мембраналарының өткізгіштігі жақсарады. Калий өсімдіктің темір элементін қабылдауына да жайлы әсер етеді. Мысалы, өсімдік жеңіл қабылдайтын темір жоқ болған кезде калий жеткілікті болса, хлорофилл жақсы синтезделеді. Темірдің аздығынан болған картоптағы хлороз ауруын калий беріп жоюға болады. Калийдің өсімдіктерге әсер етуінің барлық осы жақтары өсімдіктерден алынатын өнімдер мен олардың түсімін айқындай түседі.

Кальцийсіз өсімдіктер өніп-өспейді де, дамымайды да. Табиғатта кальций ізбестас, мрамор, гипс және т.б. қосылыстардың құрамында кездеседі. Ал топырақта кальций көмір қышқылының, фосфор қышқылының, күкірт қышқылының, азот қышқылының және т.б. тұздары түрінде ұшырасады. Өсімдіктер алмасатын және суда еритін кальцийді сіңіреді, мұндай кальций қара топырақтың құрамында көп, ал қоңыр және сүр топырақтың құрамында кем болады. Тамыр клеткаларына кальций катион түрінде өтеді. Мұнда ол әртүрлі минералдық және органикалық қышқылдармен қосылып, күкірт қышқылының, көмір қышқылының, фосфор қышқылының, қымыздық қышқылының тұздарын түзеді. Сонымен бірге кальций пектин заттарының синтезделуіне де әсер етеді. Кальций пектиннің қүрамына кіреді. Өсімдіктердің жас клеткаларында кальций цитоплазмаға шоғырланады, сондықтан ол айтарлықтай қозғалғыш болып келетіндігі анықталған. Сондай-ақ кальций рибосомдарда, хлоропластар мен митохондрияларда да кездеседі.  Ол жетіспеген кезде митохондриялар мен рибосомдар бұзылады. Кальций цитоплазма мембраналарының құрамына кіреді. Цитоплазмада бұл элементтің ион түрінде кездесуі оның коллоидтық -структуралық күйіне эсер етеді. Алайда кальцийдің әсері калий элементінің әсеріне қарама-қарсы болады. Кальций топырақ қышқылдарын да бейтараптандырады, цитоплазманың физико-химиялық қасиетіне үлкен әсер етеді /тұтқырлығы, зат өткізгіштігі/, цитоплазмаға гидрофобты қасиет беріп отырады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *