«Қазақ этносы мен дін», «қазақтар дінге сенгіштігінің бірте-бірте өрістеуі» тақырыптарының XX ғасыр және XXI ғасырдың бас кезімен салыстырғанда аса күрделі, сан қилы және қасіретті тұстары көп екені даусыз. Қазақтардың ұлттық рухының барлық көріністері қатыгездікпен жанышталып, кеңестік жаппай өктемдік құрылыс баспасөзімен тұншықтырылып келді. 1920 жылдардың 2-ші жартысынан бастап күштеп атеистендіру науқаны мақсатты түрде, әдістемелік негізде жүргізілді. Кең-байтақ далада қазақтардың біркелкі орналаспауы, қалалардың көлемінің шағындығы (оларда әдетте қазақтар азырақ тұратын), діни құрылымдардың әркелкілігі (мешіттердің, медреселердің, діни қызметкерлердің болуы) ауқымы жағынан халықтың бүкіл діни-рухани өмірін өктемшіл тәсілдермен жаппай дін ықпалынан арылту әрекеттеріне қарсы тұрып, тосқауыл бола алмады. Кеңестік мемлекеттік саясаттың шын мәнінде қазақ халқын жаныштауға бағытталған кезекті кезеңдері — көшпелі және жартылай көшпелі қазақтарды күштеп седентеризациялау, адамгершілікке жат зардаптарға толы болған индустриализация мен ұжымдастыру, соның кесірінен 1916 жылдан бастап халықтың кезең-кезеңмен шет жерлерге жаппай қоныс аударуы, тыңды көтеру — міне, осының бәрі халықты өзіне тән табиғи сезімдерден айырып, сенім-нанымға және де тіпті дінге деген құлшынысын тежеді.

Қазіргі қоғамда діннің мынадай басты қызметтерді атқаратыны мәлім:

—  дүниетанымдық;

—  мәдени құндылықтарды сакрализациялау. Қоғамның нормалары мен құндылықтарын арттыру арқылы дінге ұмтылыс;

—  компенсаторлық. Қасіретті ауыртпалықтар мен қиыншылықтарды бастан өткеруші адамдарды сендіру мен қолдау (белгілі бір психотерапевтік қызмет);

—  тиістілік немесе идентификация (интегративті) және ұлттық қана емес, сондай-ақ жеке адамның балалық шақтан қартайғанға дейінгі бүкіл ғұмырында дамып жетілуі мен әлеуметтік рөлінің өзгеруі;

—  коммуникативті — дінге нанушылардың сенім бірлігі негізінде олардың арасында өзара байланыстар орнату, осындай жеке адамның өз ортасына теңелуі.

Қатардағы азаматқа діни санаға қызығушылық таныту тән қасиет. Жеке адамның діни санасы белгілі бір мәдени және әлеуметтік құрылымдардың жемісі, адамдардың объективті әлеуметтік-мәдени қатынастарының көрінісі.

Тұрғындардың дінге сенгіштігі деңгейін анықтаған кезде, оның субъективтік және де объективтік белгілерін де ескеру, демек: 1) діни сананың мазмұны мен дәрежесін (діни ұйымдарды, көңіл-күйді, сезімдерді); 2) жеке адамның діни мінез-құлқын (салт-саналарды сақтауы, діни ұйымдардың қызметіне қатысуы) ескеру қажет.

Бұл очеркте авторлар репрезентативті түздік материалдарын пайдаланды. 1984-86 жж. қазақ этнографтары Жетісу тұрғындарының арасында этноәлеуметтік зерттеулер жүргізді. Атап айтқанда, бірқатар елді мекендерде: бұрынғы Талдықорған облысының Киров ауданындағы Амангелді поселкесіиде («Еңбекші» совхозы), Ақтекше ауылында (Куйбышев атындағы колхоз), Алматы облысының Шелек ауданындағы Қызылшарық («Шелек» шарап өндіру совхозы) ауылында, Кеген ауданының Кіші Жалаңаш ауылында тұрғындардың дінге сенгіштігі деңгейі зерттелді. Бұларға қосымша басқа да ауылдарда: Талдықорған облысының Ленин, «Заря коммунизма» (облыстық тәжірибе станциясы) совхоздарында, Алматы облысының Көлбастау, Үлкен Жалаңаш және тағы басқа ауылдарда болдық. Аталған мекендерден алынған деректер С.Е. Әжіғали үшін осы очеркті жазуға негіз болды. Ал мақаланың екінші авторы Е.Ж. Оразбек Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Самсы ауылынан (1991, 1992 жж.), Шығыс Қазақстаи облысының Зайсан ауданындағы Үлкен Қаратал ауылынан (1992, 1993 жж.), Қызылорда облысының Жалағаш ауданындағы Таң ауылынан (1993, 1994 жж.), Қостанай облысындағы Жангелді, Амангелді, Арқалық аудандары мен Қарағанды облысының Ұлытау ауданынан (2001 ж.), Алматы облысының Кербнлақ ауданындағы Сарыбастау ауылынан (2004 ж.), жинаған деректерді пайдаланды.

Осылайша бұл жиналған деректер республикамыздың едәуір бөлігін және ең бастысы 1984 жылдан бастап («кемелденген социализм» дәуірі), 2004 жылға дейінгі айтарлықтай маңызы бар ұзақ кезеңді қамтиды. Соған байланысты мақалада аталған кезеңдегі, соның ішінде кеңестік кезеңнің соңындағы ауыл тұрғындарының дінге сенпштігіне жалпылама сипаттама беріледі.

Бұрынғы Кеңес Одағында ондаған жылдар бойы түбегейлі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер болғанына және ғылыми-атеистік дүниетаным қалыптасқанына қарамастан ауылдық жерлерде діни сарқыншақтардың, сенім-нанымдардың ықпалы негізінен отбасында сақталып қалды. Кеңестік этнографтардың, дінді зерттеушілердің еңбектерінде діни «сарқыншақтардың» өміршеңдігі сол кезеңнің идеологиясына қайшы келетін, өмір талаптарына жауап бермейтін кереғар құбылыстар деп бағаланды. Сөйтіп діни сарқыншақтарға қарсы белсенді күрес жүргізілді. Алайда 1980 жылдың аяқ кезеңінен бастап басқаша үрдіс байқалып, жоғалып кеткен рухани-адамгершілік негіздері, халықтың оңды дәстүрлері, соның ішінде тұрғындардың кейбір бөлігінің дінге деген табиғи ұмтылысы қайта жандана бастады. Сонымен қатар бұл үрдістің жалған көріпкелдер мен әулиесымақтардың көбеюі, бұрынғы белсенді атеистердің, партия қызметкерлерінің екіжүзділікпен діндар атануы секілді зиянды көріністері де байқалды. Соған қарамастан, тұтастай алғанда дінге деген көзқарас жақсы жағына қарай өзгерді. Бұдан сәл бұрын ғана жағдай мүлдем басқаша еді. 1984-86 жылдары, қайта құру қарсаңында, әсіресе оның бастапқы кезінде дін сарқыншақтарын сынапмінеу (тоқырау кезеңінің зардаптары сақталып тұрған кезде) кезінде Қазақстан этнографтары Жетісу тұрғындары арасында этноәлеуметтік зерттеулер жүргізді.

Өткен кезеңдер идеологиясының ең маңыздылығы сол — діннің отбасы тіршілігіне бойлап енуі болды. Бұл құбылыс әлеуметтік алғышарттарға байланысты (тұрмыстық дәстүрлердің кең көлемді ықпалы, қоғамдық өндіріске толықтай тартылмау, білім деңгейінің және қазіргі мәдени жетістіктерді меңгеру дәрежесінің біршама төмен болуы және т.б.) қалаға қарағанда ауылдық жерлерде анағұрлым айқындау аңғарылады. Осының бәрі Қазақстанның ауыл тұрғындарының — бірінші кезекте қазақтардың, сондай-ақ басқа да ұлттар. өкілдерінің дінге сенгіштігін зерттеу нәтижесімен дәлелденіп отыр.

Кеңес дәуірі кезінде Қазақстанның ауыл тұрғындарының дінге сенгіштігі деңгейі мен оның нақтылы көріністеріне ең алдымен атеистік жұмыстың нақтылы міндеттеріне байланысты философтар (дінтанушылар) баса назар аударып отырды. Алайда олардың зерттеулерінде бұл құбылыс әлеуметтік, этнографиялық көзқарас тұрғысынан тым әлсіз зерттелгендіктен ауыл тұрғындарының дінге сенгіштігі тиісті деңгейінде көрсетілген жоқ. Этнографтардың осы мақсаттағы санаулы еңбектерінде дін сарқыншақтары қазіргі тұрмысқа байланыстырылмастан өткен дәуірдің дәстүрлі мәдениетінің белгілері ретінде зерттелді.

«Дінге сенгіштік» ұғымының басты ерекшелігі, Д.М. Угриновичтің пайымдауынша, оның нақтылы әлеуметтік мазмұнға толы болуы, демек, белгілі бір қауымды немесе топты құрайтын жекелеген адамдардың санасы мен мінез-құлқындағы діннің жалпы әлеуметтік табиғатын, көрінісін бейнелеуі тиіс.

Дінге сенгіштікті зерттеу өзара байланысты мына үш бағытта жүргізілуі мүмкін: дінге сенгіштік дәрежесі (діннің жеке адамға ықпалының деңгейі бойынша дінге сенгіштік тербелісі, демек оның сапалық көрінісі); дінге сенгіштік деңгейі (дінге белгілі бір адамдар тобының көзқарасы, демек, сандық айқындау) және оның әр түрлі діндер өкілдері арасындағы көрінісі ретіндегі «дінге сенгіштіктің, сипаты».

Статистикалық көрсеткіштер басқа да деректермен (әңгімелесулер, бақылаулар) бірге ауыл тұрғындары арасында, атап айтқанда, 1980-жылдары Жетісудағы дінге сенгіштік жөнінде кейбір жалпылама және жекелей тұжырымдар жасауға мүмкіндік берді.

Дінге сенгіштік дәрежесі жөнінде (дінге деген көзқарас) сұрау салынған тұрғындар үлкен төрт топқа бөлінді: сенушілер, тұрақсыздар, сенбеушілер, атеистер. Бұл, әрине, біршама жалпылама болып көрінгенімен, жан-жақты этноәлеуметтік зерттеулер үшін қолайлы болып саналды.

Дінге сенушілер тобының жартылай алғанда да (23,7%), жекелеген этникалық топтар бойынша да біршама жоғары болғаны назар аудартады. Демек, 1980 жылдардың орта тұсында әрбір төртінші ауыл тұрғыны белгілі бір дәрежеде діннің ықпалында болды. Бірақ бұл арада «беріле сенушілер» мен «қатардағы сенушілерді» айыра білген жөн. Соңғысында діни қағидалардың әлсіздігі байқалады. Зерттеудің көрсеткеніндей (сүрау салынған парақтарды кешенді зерттеу, ауылдық кеңестердің деректерімен танысу, әңгімелесулер), осы топтағы дінге беріле сенушілердің үлесі оның жартысын ғана құрады. Сенімділердің басым бөлігі қарт адамдар болып, оның едәуір бөлігін «қатардағы сенушілер» құрады.

Жекелеген жағдайларда дінге сенушілер қатарына оның қағидаларын қолданбаса да «Алла Тағала жоқ, бірақ бір жаратушы бар», «тағдырға, жазмышқа сенемін» дейтіндер де өздерін дінге нанушылар қатарына қосатынын атап өткен жөн. Бұл шағын топ өздерін «сенушілер» қатарына қосқанымен, шын мәнінде «тұрақсыздар» қатарына жақын болды.

Дінге қатысты тағы бір топ — «тұрақсыздар» мен «дінге сенбеушілер» біршама көбірек. Мәселен, соңғысы барлық сұрау салынғандардың басым бөлігін (43,3%) құрайды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *