Тараз қаласының атауы хақында көптеген парсы тілінде жазылған деректерде «Тараз», «Талас» не «Банки», яки «Йанги» немесе «Йанки» болып айтылады. Оның мән-жайын анықтау үшін ең әуелі Махмұд Қашқаридың түрік сөздігіне жүгінсек: «Талас», «Тараз» дей келе, Талас екеу болған. Бірі — «Ұлұғ Талас» (Ұлы Талас), екіншісі — мұсылмандар шекарасында орналасқан «Кәми Талас» деп аталады.

Мұхаммед Хайдар Дулат әйгілі «Тарих-и Рашиди» еңбегінде (1544-46 жылы) «Йанки» не «Йанги» сөзін Таразбен балама түрде қолданады: «…Осы кітапта айтылатын бір қаланын аты — Тараз. Онда моғолдар Таразды Ианки» деп атайды делінген. Бұл Иангидің Моғолстанда орналасқаны айкын. Йангидің адамдары Мауороннәһрде көп. Оларды «йангиліктер» деп атайды. Алайда өздері «Йанги» деп атайтын далада бірнеше қалалардың іздері, мұнараларының күмбезі, ханака және медреселердің орны сақталып қалған. Ал, осы ескі қалалардың ішінде дәл қайсысының Йанги деп аталғаны һәм басқа қалалардың калай аталғаны беймәлім».

Елу жыл кейінірек парсы тілінде Әмин Ахмед Рази тарапынан жазылған «һофт-иқлим», қазақша айтканда «Жеті климат» (1602 ж. жазылуы аяқталған) кітабын қарар болсақ, онда Тараз жайында былай деген: «Тараз бұрынғы заманда әйгілі қала болған. Оны «Банки» деп атаған. Алайда өзбектердің таптауынан ойрандалған. Тараздың маңындағы үңгірді сол қаланың есімімен Банки деп атайды екен. Тараз халқының басым көпшілігі мұсылман әрі ол өлкеден қадір тұтуға уәжіб саналатын ғалымдар көптеп шыққан» («һәфт-иқлим», 494-6).

983 жылы парсы тілінде жазылған, бірақ авторы белгісіз мағынасы әлем шекарасы шығыстан батыска дейін деген ұғымды аңдататын кітапта: «Тараз және Меркені басқа қалалардың (Макнкес, Фрункес, Нуикес) қатарында мұсылмандар мен түріктер тұратын әрі саудагерлердің тұрағы ретінде атап өтілетіні бар. Бұл кітапта беріліп отырған жанама деректердің мән-мағынасы бұл аталмыш қаланың тұрғындары түрік халықтары екенін қайырыла көрсетуі мен оның саудагерлердің мекен-жайы болғандығын ескертуінде жатыр.

Тағы бір таулар мен оның кендері жайында жазылған мәтінде былай делінген: «…содан Түсеметке тарта қытай шекараларының ортасынан ең соңғы жазық далаға Чинестанға (қытай жері) барып аяқталады. Мауәроннәһр қалаларын аралап, Түркістан шаһарлары Тараз, Шәлжи маңына дейін барып, одан тікелей жоғарылайды». Мұнда Тараз қаласы Түркістан шаһарлары қатарында аталғаны өте мәнді жайт. Өйткені, «Фәрһәнг-фарси» сөздігінде не себепті, не үшін Тараз қытайдағы сұлулары әйгілі қала деп көрсетілген. Әрі «Борһан-Қатеһ» сөздігінде де Тараз Қытай маңындағы қалаға жатқызылады.

Парсы тіліндегі «Фәрһәнг-фарси» сөздігін XVI ғасырда Хосейн Вәфай Қытайға барып, сол елде парсы тілінде жазылған қолжазбалар негізінде дайындаған көрінеді. Бұл еңбекті 1527 жылы Иранның патшасы Шах Тәһмәсб Сәфәвиге (1520-1576) тарту ретіңде сыйға тартқан. Осы еңбек 1374 хижри жылында (1995) ирантанушы, Пекин университетінің оқытушысы Тен һуй Жоу ханым тарапынан қайта қаралып толықтырылып, Теһран университетінің көмегімен қайта басылып шыққан. Сондықтан бұл аталмыш сөздік Қытайда сақталған қолжазбалар негізінде соңғы рет қытайлық ирантанушы ғалымның араласуымен жарық көруі оның ішіндегі берілген дерек-мағлұматтарды біршама айқындай түскен.

Ал, Таластың қалай Тараз болып тұрақталғанын Бақытяр Әбіддаұлы былай жазған: «…Исмаил Самани (892-908 жылдар аралығында билік құрған) Талас өзенінің жағасындағы осы қаланы басып алған соң, бірде Талас, кейде Тараз атанған шаһар біржола Тараз атанып кетті…» (284-бет, Талас-Тараз).

Он сегізінші ғасырда Тараз қаласының Әулие Ата аталуына қатысты Бақытяр Әбілдаұлы «Талас-Тараз» кітабындағы әңгімесін келтірейік: «Шоқан Уәлиханов демекші, қазақтың сол біртуар ұлы ғалымымен дәмдес-тұздас болған батырбасы Ақмолданың шөбересі, енем Нұрбибі де отыз канал қаздырған бабасы Байзақ датқа туралы, Абылай ханның жорықтас батыры Мәмбеттің 1774 жылы ханмен бірге Талас өзенінің жағасында, қираған ескі Тараз қаласының орнына қарақалпақтарды көшіріп әкеліп, Әулие Ата кентін салғызғанын, басқа да қызықты деректерді жырдай етіп айтатын көкірегі дария тірі — шежіре…» (10-бет, Талас-Тараз). Содан 1936 жылға дейін Әулиеата болып, 1936-38 жылдар аралығында Мирзоян аталса, 1938 жылы Жамбыл есімі берілді. 1997 жылғы 7 қаңтарда Президенттің жарлығы бойынша, мемлекеттік ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде Тараз болып өзгертілді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *