Корпорацияның негізгі капиталының экономикалық тегі, құрамы мен құрылымы. Кәсіпкерліктің негізгі мақсатын іске асыру, яғни авансыланған капиталға пайда алу үшін капиталды инвестициялау, өндіріс, сату (айырбастау) және тұтыну кезеңдерін қамтитын ұдайы жаңғыртуды жоспарлау қажет.

Кәсіпорында қаржылық басқарудың механизмі капиталдың шығынын өтеу, сондай-ақ оны жинақтау мен тұтыну үшін әр түрлі ақша қорларын қалыптастыру және пайдалануына негізделеді. Кәсіпорынның капиталы меншікті, қарыз, негізгі немесе айналым, тұрақты немесе өзгермелі болып бөлінуіне қарамастан, ол ауыспалы айналымның нақты кезеңіне байланысты түрлі нысанға айнала отырып үздіксіз қозғалады. Кәсіпорын капиталының әр түрлі бөліктерінің ауыспалы айналымының жиынтығы толық айналымнан немесе ұдайы өндірістен (жай және ұлғаймалы) құралады.

Негізгі капитал — кәсіпорын (корпорация) капиталының ұзақ мерзімді активіне салынған бөлігі.

«Айналымнан тыс актив» және «негізгі капитал» деген ұғымдар барабар болып табылады. Негізгі капиталға:

  • материалдық емес актив;
  • жаңа ұзақ мерзімді қаржы инвестициясы (салым);
  • негізгі құрал-жабдық, оның ішінде аяқталмаған ұзақ мерзімді инвестиция кіреді.

Субъектілер қаражатты өнеркәсіптік және интеллектуалдыТқ меншік объектілердің, сондай-ақ осындай мүліктік құқықтардың құнын білдіретін материалдық емес активке салуға құқылы.

Материалдық емес (сезілмейтін) актив — жеке заттай нысаны жоқ, алайда «сезілмейтін құндылығы бар» және осыған байланысты субъектіге ұзақ уақыт бойы немесе ұдайы қосымша кіріс әкелетін актив. Сонымен бірге материалдық емес активінің шеттету қабілеті болуы тиіс. Материалдық емес активке тауарлық белгілер (қызмет көрсету белгісі), тауар шыққан тіркелген жер, «фирманың бағасы», «ноу-хау», патент пен өнеркәсіптік үлгі, лицензия, интеллектуалдық меншік, ұйымдастыру шығыны, табиғи ресурспен пайдалану құқығы, өндірістік ақпараттық пайдалану құқығы, ЭЕМ бағдарламалық қамтамасыз ету, сервитут және т.б. жатады.

Нарықтық экономканың даму шамасына орай субъектінің мүлкіндегі материалдық емес активтің мағынасы мен үлесі ұлғая беретін болады, бұл жағдай техниканың және технологияның дамуымен, ақпараттың тарауымен, сондай-ақ экономикалық қатынастардың дамуымен байланысты.

Негізгі капиталдың құрамына негізгі құрал-жабдыққа және жабдық сатып алуға жұмсалған аяқталмаған күрделі салым да кіреді. Бұл — негізгі құрал-жабдыққа айналмаған, негізгі құрал-жабдық сатып алуға және салуға арналған шығынның бөлігі, ол шаруашылық қызмет процесіне қатыса алмайды, сондықтан өтелуі тиіс емес.

Ұзақ мерзімді қаржы инвестициясы — басқа кәсіпорынның жарғылық капиталында үлестік қатысуға, ұзақ мерзімді негізде акция мен облигация сатып алуға арналған шығын ды білдіреді. Қаржы инвестициясына сондай-ақ мыналар жатады:

  • басқа кәсіпорынға борыш міндеттемесімен берілген ұзақ мерзімді қарыз;
  • қаржы лизингі құқығында ұзақ мерзімді жалға берілген мүліктің құны (яғни жалға алған мерзім аяқталғаннан кейін мүлікті сатып алу немесе меншік құқығын беру).

Ұзақ мерзімді қаржы салымына жұмсалған шығын оның сипаты мен түріне байланысты өтеледі.

Негізгі құрал-жабдық — еңбек құралына жатқызылатын материалдық-мүліктік құндылықтың жиынтығына салынған қаражат. Бизнес жүйе ретінде бұрын капиталдың, ең алдымен негізгі құрал-жабдыққа салымының нәтижесінде жұмыс істеп дамиды. Бүгінгі таңда пайда кәсіпорынның операциялық қызметі басталмастан бұрын капиталды негізгі және ағымдағы (айналым) қаражатына салу үйлесімі жөнінде дұрыс шешім қабылдау нәтижесінде алынады. Сондықтан негізгі капиталды тиімді басқару үшін оның жұмыс істеуі мен ұдайы жаңғырту ерекшеліктерін жан-жақты түсіну қажет.

Негізгі құрал-жабдықтың құны олар тиімді пайдаланылатын мерзім бойы ай сайынғы амортизациялық аударым арқылы бірте-бірте өтеледі. Амортизациялық аударым тиісті есепті кезеңдегі өндіріс немесе айналыс шығынына енгізіледі.

Өндіріс процесіне қатысатын негізгі құрал-жабдық бірте-бірте тозады. Тозудың табиғи және сапалық түрі болады.

Табиғи тозу негізгі құрал-жабдық өндіріс процесінде (табиғи тозудың пайдалану нысаны) қатысу, сондай-ақ негізгі құрал-жабдықты пайдаланумен байланысты емес, әр түрлі сыртқы факторлардың: дымқылдың, атмосфералық жауын-шашынның, тот басу, металдың ескіруі және т.б. ықпалынан тозу нәтижесінде (табиғи тозудың табиғи нысаны) орын алады.

Негізгі құрал-жабдықтың сапасының тозуы техникалық прогреспен, өндіріс әдістерінің жетілдіруімен және жаңаруымен байланысты. Техника мен технологияны жетілдіру себебінен осылай жұмыс істейтін негізгі құрал-жабдық өндірісі арзандайды. Осыған байланысты пайдаланыстағы негізгі құрал-жабдық өзінің құнын жоғалтады, яғни құнсызданады. Негізінен жаңа, неғұрлым жетілдірілген және үнемді машинаның, жабдықтың, ғимарат пен құрылыс түрінің, сондай-ақ жануарлардың жаңа немесе жақсартылған өнімді түрлерінің, көпжылғы өсімдіктің түрлері мен сорттарынан жасалып, өндіріске енгізілуіне байланысты қолданыстағы негізгі құрал-жабдықты одан әрі пайдалану экономикалық тиімсіз болады.

Негізгі құрал-жабдықтың сапасының тозуы жалпы алғанда мына факторлармен байланысты:

1) өндірістегі жаңалықтармен немесе жабдықты жаңартумен (ескі машиналарды жаңалармен, неғұрлым өндіргіштермен ауыстыру);

2) технологиялық процесті жетілдірумен, яғни жаңа технологияда қолданыстағы машиналар мен жабдықты пайдалану мүмкін емес;

3) шығарылатын өнімнің номенклатурасын жаңартумен және өзгертумен (мұның өзінде ескі машиналар мен жабдық жаңа өнім шығаруға жарамсыз);

4) жекелегеи тауарға сұраныстың қысқаруына, сол себептен субъект осы тауарды шығаратын машина мен жабдықтың санын қысқартуы тиіс;

5) өндірісті және пайдаланылатын машина мен жабдық санын қысқарту қажеттімен жұмыс күшін жұмыспен қамтудағы, қызметкерлердің біліктілігіндегі, өндірісті орналастыру географиясындағы өзгерістер;

6) жекелеген өнім түрін өндіру үшін қажет өнеркәсіптік өңдеу салаларындағы шикізат құрамдастары жиынтығындағы өзгерістер салдарынан өнеркәсіптік кен өндіру саласында өндіріс көлемінің қысқаруына әкеп соқтыруы мүмкін өзгерістер.

Табиғи тозу мерзімі жеткенге дейін сапа тозу нәтижесінде негізгі құрал-жабдық объектілері жаңамен, неғұрлым үнемділермен алмастырады. Сапа тозуын жою мақсатында негізгі кұрал-жабдық объектілері қайта жаңартылып жаңғыртылады. Сәулет және өнер ескерткіші болып саналатын мұражай және көркем құндылықтарды, іргелі кітапханалардың кітаптарын, фильм қорларын, ғимараттар мен құрылысты қоспағанда барлық негізгі құрал-жабдықтың сапасы тозады.

Меншік нысанына қарамастан барлық субъектілер негізгі құрал-жабдықтың тозуын есептейді, ал сәулет және өнер ескерткіші болып саналатын жер, кітапхана қорлары, фильм қорлары, мұражай және көркем құндылықтары, сахнақойылым құралдары, ғимараттар мен құрылыстар, пайдалану жасына жетпеген өнімді мал, бұқа, енеке мен бұғы, көпжылғы өсімдік, зоопарктердегі және басқа да осындай мекемелердегі жануар әлемінің экспонаттары, сондай-ақ жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін жабдық, экспонат, үлгі, модель, кабинет пен зертханалардағы және ғылыми мақсатта пайдаланылатын басқа да көрнекі құралдарға табиғи тозу есептелмейді.

Объектінің балансына бұрын пайдаланылған негізгі құрал-жабдық объектісі түскенде олар одан әрі тозады, ал негізгі құрал-жабдық объектісі жойылса, сатылса, басқа субъектіге тегін берілсе (сыйланса) тозу азаяды.

Негізгі құрал-жабдықты жөндеу. Негізгі құрал-жабдықты пайдалану процесінде ол табиғи және сапасы жағынан тозады. Негізгі құрал-жабдық объектісімен жалпы салыстырғанда оның жекелеген бөліктері (негізгі тораптары мен бөлшектері, конструкциялық элементтері ) неғұрлым қысқа мерзімде тозады. Негізгі құрал-жабдық мерзімінен бұрын тозбау үшін оларды кезең-кезеңмен жөндейді. Жөндеу ұйымдастыру-техникалық сипаты бойынша күрделі және ұсақ (ағымды) болып бөлінеді.

Күрделі жөндеу деп тұтастай объектімен салыстырғанда тозу мерзімі аз негізгі кұрал-жабдықтың жекелеген бөліктерін қалпына келтіру. Машинаны, жабдық пен көлік құралын күрделі жөндеу деп бір жылдан асатын кезеңділікте жүргізілетін, агрегат толықтай бөлшектенетін, сондай-ақ барлық тозған бөлшек пен торап ауыстырылып немесе қалпына келтірілетін, агрегат жиналатын және сыналатын жөндеу аталады. Ғимарат пен құрылысты күрделі жөндеу кезінде толығымен тозған конструкция мен бөлшек осындай немесе бұдан да неғұрлым берік және үнемді, сондай-ақ жөнделетін объектінің пайдалану мүмкіндігін жақсартатындармен толықтай ауыстырылады. Күрделі жөндеу кезінде, әдетте, жөнделетін объекті қайтадан шамалы жаңартады, ал мүның өзі табиғи тозуды жоюға және сапаның тозуының салдарын барынша жоюға тиіс.

Шамалы қайта жаңарту мен жаңғырту негізгі құрал-жабдықтың бастапқы құнын ұлғайтпайды. Бұл ретте негізгі құрал-жабдыққа кейін салынған күрделі салым (жаңғырту, қайта жаңарту, техникалық қайта жарақтандыру) объектінің бастапқы құнын объектінің пайдалы қызмет мерзімінің басында бағаланғаннан келешекте пайдаланудан түсетін экономикалық пайда артқан жағдайда ғана ұлғайтады. Барлық кейінгі шығын өзі жұмсалған кезеңнің шығысына жатқызылады.

Ағымдағы жөндеуде негізгі құрал-жабдықтың жекелеген тозған бөлшектері жұмыс қалпында сақтау үшін ауыстырылады немесе түзетіледі. Ағымдағы жөндеу негізгі құрал-жабдықты пайдалану процесінде жүргізіледі. Негізгі құрал-жабдықты тексеру мақсатында алдын ала межеленген мерзімдерде жүзеге асырылатын жоспарлық-ескерту арқылы жөндеудің маңызы зор.

Негізгі құрал-жабдықты жөндеу мердігерлік немесе шаруашылық тәсілмен жүргізіледі. Неғұрлым озық әрі үнемді болып саналатын мердігерлік әдісте негізгі құрал-жабдықты арнайы мамандандырылған субъектілер (автокөлік жөндейтін, жөндеу-құрылыс шаруашылық жүргізуші субъектілер); шаруашылық тәсілде жөндеу субъектінің өзінің күшімен және құралдарымен жүзеге асырылады. Негізгі құрал-жабдықты мердігерлік ұйыммен жасалған шарт негізінде мердігерлік тәсілмен күрделі және ағымдағы жөндеу кезінде субъект жөндеу жөніндегі аяқталған жұмысты, сондай-ақ жөнделетін объектіні жөнделетін жерге және кері жеткізу жөніндегі шығынды төлейді. Жабдықты және көлік құралын жөндеу үшін мердігермен есеп айырысу жалпы объект бойынша толықтай аяқталған жұмыс үшін жүргізіледі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *