Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан — қазақ елінің саяси «Алаш» қозғалысының лидері, ұлттық Алашорда үкіметінің төрағасы, ғұлама ғалым ормантанушы, есепші, тарихшы, энциклопедист, этнограф, әдебиеттанудың негізін қалаушы, аудармашы, саясаткер, көсем сөз шебері. XX ғасыр басындағы қазақтың зиялы ортасын жарып шыққан мемлекет қайраткері, ұлт-азаттық қозғалыстың серкесі, әдебиетші Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан — Алаштың саяси элитасының дамуына тікелей әсер еткен тарихи тұлға.

Әлихан Бөкейхан есімі совет кезінде «буржуазиялық ұлтшылдықтың» синонимі ретінде аталмады. Оның қазынасы көптеген жылдар бойы шаңға көміліп жатты. Ә.Бөкейхан — Ресейдің I Мемлекеттік думасының және мұсылман халықтары съезінің депутаты, IV Мемлекеттік думаның мұсылман фракциясының бюро мүшесі, Санкт-Петербор масоны. Ә.Бөкейхан 1866 жылы Қарқаралы уезі, Тоқырауын болысы, Тоқырауын өзені бойындағы 7-ші ауылда дүниеге келген. Бұл қазіргі Қарағанды облысы Шет ауданы, Қаратал ауылы. Тамыры Шыңғыс ханнан келе жатқан төре ұрпағынан. Көкжал Барақ ханның баласы Бөкейхан — қазақтың таққа отырған соңғы хандарының бірі. Ә.Бөкейханның ата-тегі, туған жылы туралы мағлұмат 1995 жылы жарық көрген «Ә.Бөкейхан. Таңдамалы» атты кітаптың алғы сөзінде толық қамтылған.

Алғашқы білімді Ә.Бөкейхан жергілікті молдадан алған: «Жасынан зерек, алғыр өскен Әлиханды әкесі 1879 жылы Қарқаралыға апарып, жергілікті молданың қолына оқуға береді» (2: 5). Бастауыш мектепті бітіргеннен кейін, ол Қарқаралыдағы үш жылдық училищені бітіреді. 1886 жылы ол Омбыдағы 4 жылдық техникалық училищеге қабылданады. Бұдан кейін ол Санкт-Петербордағы императорлық Орман институтына түсуді көздеп, Омбы техникалық училищесінің директорына өтініш хатпен барады. Ә.Бөкейханның псевдонимдері: «Қыр баласы», «Сын степей», «V», «Киргиз степняк», «Туземец», «Қ.Б.», «Ғ.Б.», «А.Б.».

20 жасында Санкт-Петерборға келген Ә.Бөкейхан сол кездегі ресей саяси элитасының студенттік ортасында болған. Ормантану институтында оқып жүріп, Императорлық университеттің құқықтану мамандығын экстерн түрде бітіріп, В.И.Ульяновпен бірге емтиханды үздік тапсырған. Ленинді өз білгірлігімен мойындатқан Ә.Бөкейхан бұл рухани достықты қазақ шекарасын бекіту үшін де пайдаланды.

Ұлыбританияның Оксфорд университетінің «Орта Азияны зерттеу қоғамы» өзінің «Қазақтар 1917 жылға дейінгі орыстар туралы» атты кітабында «Ә.Бөкейхан жас күнінде орнықты революционер, социалист болды және «Зар заман» атты орыстарға қарсы әдеби топтың мүшесі болды», — деп жазылған (2: 10).

Қазақтың тағдыры, білім мен мәдениет қажеттілігі, елі үшін қызмет ету сияқты Ә.Бөкейханның басты ойы студент кезінде басталады. Елін мәдениеті биік, озық елдер қатарынан, оның тұрмысын, әдебиетін, білімін көтеруді мемлекет қайраткері ол өзіне басты мақсат етіп қойған. Сондықтан Ә. Бөкейханның ресей жандармериясының «саяси сенімсіздердің қара тізіміне» алынғаны да тегін емес. Бұл тізімде ол патша өкіметі күйреп, Кеңес өкіметі орнаған жылдары да — 1937 жылдың 27 қыркүйегінде «халық жауы» болып атылып кеткенге дейін болды.

Орман институтын ойдағыдай бітіріп, Ә.Бөкейхан 1834 жылы Омбыға оралады. Осы жерде қоғам, саяси қайраткер, әдебиеттанушы, ғалым ретінде шыныға түседі. Патшалық тәртіптің қуғын-сүргініне де ұшырап, екі рет заңсыз абақтыда отырғаны белгілі.

Советтің саяси репрессиясына ұшыраған ғалымның шығармашылық мұрасына 1988 жылға дейін тыйым салынған. Сондықтан әлихантану Тәуелсіздік кезінде енді ғана басталып жатыр. Алғашқылары: Х.Оралтай, М.Базарбаев, К.Нүрпейіс, М.Қойгелді, Р.Нұрғали, С.Аққұлұлының зерттеулері болып табылады.

Ә.Бөкейхан мұрасы орыс пен қазақ тілінде жазылған зерттеулік мәні басым ғылыми еңбектер. Бұлардың кезінде ең елеулі Мәскеулік баспаларда жариялануы авторға деген құрмет қана емес, зерттеулердің қажеттілігін мойындау екені белгілі. Ғалымның негізгі, басты еңбектері қазақ халқының мемлекеттігіне, ішкі-сыртқы саясатына, тарихына, экономикасына, мәдениетіне, тұрмыс-салтына, шежіресіне, әдебиетіне, қазақ жерінің күшпен отарлану тарихына арналған. Әлихан Бөкейхан — қазақтың ауыл және мал шаруашылығын зерттеуді ғылыми жолға қойған бірегей ғалым. «Ф.А.Щербина экспедициясынан» кейін 1903 жылы ол С.П.Швецов бастаған Сібір темір жолы бойында орналасқан Челябі мен Том (Томск) қалалары аралығын мекендеген қазақтардың мал шаруашылығын зерттеуге бағытталған экономикалық экспедициясының басы-қасында болады. Экспедиция Сібір темір жол басқармасының тапсырмасы мен қаржысына жүргізілген. Ә.Бөкейхан өзіне экспедиция жүктеген мақсатқа сай, қазақтың қой және қой шаруашылығының егжей-тегжейін терең зерттеді. Қазақтың тұрмысы мен қой шаруашылығымен қоса ол бүкіл қазақ даласының, Жетісу, Сырдария бойындағы қазақтардың қой тұқымдарын, шаруашылықтарын түгел қамтып, бір-бірімен салыстыра отырып қарастырады. Соның нэтижесінде Әлихан Бөкейхан — қазақтың қой тұқымы және қазақтың қой шаруашылығы жайындағы тұңғыш ғылыми монография авторы. Кітапта қазақы қойдың түрлі тұқымдары туралы, жем-азығы, жайылымы, малдың түрлі аурулары мен емдеу әдістері жайында ғылыми мағлұматтар бар. Экспедицияның басқа материалдарымен бірге үш бөлімнен тұратын «Материалы по экономическому обследованию районов Сибирской железной дороги» кітап болып 1904 жылы Том қаласында жарыққа шықты. Ал осы монографиямен қатар жазылып, жарық көрген, қазақтың солтүстігі, арқа мен батысындағы ірі қара мал шаруашылығы және қазақтың жылқысы жайындағы ғылыми сараптамалары өкінішке орай әлі күнге дейін ресейдің ғылыми қорында.

Әлихан Бөкейхан ғылыми-зерттеу экспедициясына төңкерістен кейін де 1926 жылы КСРО Ғылым Академиясының одақтас және автономиялы республикаларды зерттеу мақсатында құрылған академиялық комитеттің тұрақты сарапшысы ретінде 1926-1927 жылдары С.П.Швецов басшылық еткен экономикалық, антропологиялық, этнографиялық экспедициясымен Қазақстанның зерттелмей қалған Адай үйезінің (қазіргі Атырау және Маңғыстау облысының кейбір аудандары) табиғатын, экономикалық жағдайын, мекендеген кіші жүз руларының тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын жіктеген ғылыми еңбек жазған.

Геродоттан тартып, қытай, ұйғыр, орыс деректерін меңгерген еңбектері Ә.Бөкейханның ұлттық тарихымыздың тұңғыш зерттеушісі екенін де дәлелдейді. Оның Абайға арналған мүнәһибі, әдеби зерттеулері, хаттарында келтірілген әдеби құнды мағлұматтары оны тарихи негізді ұстанған, мәдениет пен әдебиетке тарихилық тұрғыдан қарауды нұсқаған әдебиетші екенін анық аңғартады.

Осы ретте «Қазақ өлкесінің тарихи тағдыры және мәдени өркені» («Исторические судьбы киргизского края и кулътурные его успехи», 1903) атты зерттеуінің орны ерекше. Мұнда қазақ жерінің мыңжылдық тарихы, мекендеген рулардың, асыл ерлердің қалдырған заттық, рухани ескертқіштері, сәулет өнері зерттелген. Ә.Бөкейхан — қазақ сөзінің қалай шыққандығы жөніндегі аңызды келтіріп, «қырғыз» деп орыстар таңған атаудың қате екенін дәлелдеп берген тұңғыш тарихшы. Сонымен қатар Ә.Бөкейхан Кенесары хан қозғалысы туралы тұңғыш зерттеудің авторы.

Ә.Бөкейханның «Материалы к истории султана Кенесары Касымова» атты зерттеуі аталған көтеріліске: «Ұлт-азаттық қозғалыс» деп тарихи баға берген тұңғыш ғылыми еңбек. Тақырыптың атауы да (Воспоминания кара-киргиза Калигула Алибекова о последних днях Кенесары. Под редакцей профессора Поливанова и доктора Досмухамедова. Ташкент, 1923) тегін емес. Демек, басылым — бір адамның ғана пікірі емес, ғылыми алқалы қауымның қолынан шыққан тарихи негізі бар зерттеу.

К.Степняк (Ә.Б. псевдонимі) атынан берілген өлең жолдары орыс тілді қауымға Кенесарының кім болғанын таныту үшін жазылғаны айқын: За годом год хромали годы, Прошло их много с той поры. Как волъный сын степной свободы, Казнен батыр Кенесары. Но дух его бунтарской воли, Его боръбы кровавый след. Был маяком киргизской голи, До дней свободы, дней побед (2: 79).

Алғы сөзінде автор Кенесарының ұлт-азаттық күресі қазақтың басын біріктіру үшін, Ресей отарлауына қарсы бағытталғанын ашық айтады. Зерттеудегі негізгі ақпарат Әлібеков Қалығұлдың аузынан жазып алынғаны, оның 1845-1846 жылдары соғысқа тікелей қатысқаны, бұл жайды әңгімелеп бергенде, жасы 85-те екені келтірілген. Және бұл оқиғалар туралы Ахмет Кенесарыұлының да мәлім болғаны айтылған. Бұл тарихи қозғалыстың негізін зерттеу тарихшылардың ісі, — деп, автор тарихшыларға үлкен міндет жүктейді. Осы алғы сөзде Кенесары ханның қозғалысына тарихи баға берілген: «Различные труды по истории Туркестана уделили слишком мало внимания такой крупной величине, каким является истинный сын степей Султан Кенесары Касымов. Истории Туркестана только вскольз упоминают о Султане Кенесары Касымове, причем некоторые из них видят в нем стремление добиться ханского достоинства. В личности Кенесары Касымова, по-моему, правильнее было бы видеть просто проявление протеста свободолюбивого степняка, стремящегося всеми средствами достичь объединения для борьбы с захватными действиями русского правительства» (4: 80). Тарихи деректің кімнің аузынан, қашан жазылып алғаны да нақты көрсетілген «15.07.1847 ж. Омск» (2: 83).

Әлібековтің айтуы бойынша, Кенесарының қырғыздармен болған соғысы туралы, Майтөбе шайқасында Кенесарының шегінуге мәжбүр болуы, Ханның мылтығын олжа ретінде манап Қарабековтің иеленуі сынды тарихи нақты оқиғалар қамтылған.

Бұл мылтықтың Ресей әскері Бішкекке келгенге дейін сонда болғаны, кейін тарихи ескерткіш ретінде Колпаковскийге сыйға тартылғаны, бүкілресейлік көрмеде бұл мылтық дала генерал-губернаторының заты ретінде көрсетілгені, Кенесарының қырғыздардың қолына қалай түскені, қырғыздардың тұтқынмен арадағы болған сөздері мен істері толық мазмұндалып берілген (2: 82). Манап Таштамбековтің мәйітке жасаған зұлымдығы тұңғыш рет қырғыздың баяндауы бойынша жария етілген (4: 82). Жантай Қарабековтің үйсін руының жетекшілері Сыпатай мен Рүстемнің ақылын алып, сұлтан Кенесарының басын орыстарға сыйға беру туралы шешім қабылдағаны да осында келтірілген. Генерал Горчаков бүл іс үшін қырғыздарға сый тартқан: Қарабеков басты жүлдеге ие болған. Оның өкілі Қалығұл Әлібеков Ресей өкіметі атынан Горчаков қолынан «Мятежник Кенесары Қасымовқа қарсы шыққаны үшін» күміс медаль алған. Осы дерекпен еңбек тамамдалған.

«Ә.Бөкейхан фольклоршы болған. Ол қазақ эпосы мен фольклорын ғылыми тұрғыдан зерттеген тұңғыш ғалым еді» — деп жазылған Оксфорд университетінің жинағында (2: 16). Әдебиетші Ә.Бөкейханның пайымдауынша, халықтың ауыз әдебиеті мұраларынан үлгі алмай ұлттық әдебиеттің өркендеуі мүмкін емес. Ә.Бөкейханның Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Әбубәкір Диваев, Г.Н.Потанин, А.Байтұрсынұлымен қатар ауыз әдебиеті үлгілерін жинауға кірісуінің де себебі сондықтан. Ә.Бөкейхан жинаған нұсқаларын өңдеп, ғылыми түсініктерін жазып, бірнеше кітап шығарды, олар: В.В.Радлов жазып алған «Қозы Көрпеш — Баян сұлу» (Мәскеу. 1924). «Ер Тарғын» жырының Марабай ақыннан жазып алынған нұсқасы (Мәскеу. 1923). А.Байтұрсынұлымен бірігіп жинап, алғысөзі мен ғылыми түсініктерін өзі дайындаған қазақтың 4 ғасыр тарихы бар «Жиырма үш жоқтауы» (Мәскеу. 1926) мен «Ер Сайын» (Мәскеу. 1925) жырлары.

Әдебиетші Ә.Бөкейхан — халық мұрасын жинаумен шектелмей. оны зерттеген ғалым. Оның осы жұмыстары туралы Сорбонна университетінің ғалымдары былай деген: «Оның «Қыр баласы» деген лақап есіммен жариялаған қазақ эпосы туралы тамаша зерттеулері отандастарының сана-сезімін оятуда зор маңызы болды» (2: 16). Ә.Бөкейханның ең тұңғыш әдеби зерттеуі — «Женщина по киргизской былине «Қобланды» «Түркістан уәлаятында» шыққан (1899. 9-10 мамыр). Бұл зерттеуде негізгі ғылыми түсінік берілген: «Памятники народного творчества киргиз разнообразны по содержанию и форме и значительны по количествуГ Они частью собраны, частью остаются незаписанными. Во главе их стоят эпические и лирические песни. Эта богатая народная поэзия киргизов сохраняется устно, передаваясь от предков к потомкам через певцов-баянов, называемых «жыршы», «өлеңші», «ақын». Отличительную черту киргизской поэзии составляет лиризм» (2: 319). Жырдағы тарихи оқиғалардың, тұлғалардың тектілігі, олардың ғасырлар бойы ауыздан-ауызға көшіп сақталуы, әрбір ақын-жыраудың өз заманының ерекшеліктерін — өзіндік тіл, көркемдік айшықтарын, өзінің көзқарасын сақтану сипаттары болғанын да зерттеуші атап өтеді. Бұл теориялық тұжырымды ғалым былай деп анықтаған: «Каждая эпическая песня носит на себе отпечаток субъективной личности слагателя с его взглядами на жизнь и с его стремлениями и идеалами, и вместе с тем, отличается насколько это возможно, исторической правдивостью» (2: 319). Өлең құрылысы да арнайы сөз болады: «былины более древнего происхождения отличаются и большей содержательностью и красотой стройного стиха». Зерттеуші «Қобыландыдағы» әйел кейіпкерлер — Аналық, Қарлыға, Құртқа, Көклән кемпір туралы өз пікірлерін келтірген. Жыр мәтініне сүйене отырып, әрқайсысының суреттелген оқиғаларға байланысты қызметін жіктеп талдап береді.

XX ғасыр басындағы әдебиеттану үшін тек зерттеушілік емес, сөз өнері үлгілерін жан-жақты насихаттау халыққа жеткізу де қажет еді. 1917 жылдың желтоқсанында жарияланған қазақ автономиясы мәселесін де тұңғыш көтерген — Ә.Бөкейхан. 1919-1920 жылдары жаңа өкімет «найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған үкімет» деп «Жалпы Сібір сиезі» атты мақаласында баға берген Ә.Бөкейхан большевиктерге қызмет етуден бас тартады. Ол үшін абақтыда отырады. 1922 жылы Ә.Бөкейхан Мәскеуге жер аударылады, бірақ өз Алашына қызмет етуді үзбеген. 1923 жылы Мәскеуге келген Ахмет, Мағжан, Міржақыптармен бірігіп «Алқа» ұйымын құрады. Олар арқылы еліндегі мәдени, әдеби процестерге басшылық етеді. Осы кезде КСРО халықтары орталық баспасының қазақ секциясында әдеби қызметкер ретінде жұмыс атқарады (14. XII. 1922-1.X. 1927). Одан 1927 жылы қысқартылады, басқа жұмыс ұсынылмайды. Ә.Бөкейхан 1927 жылдың бірінші қазан күнінен бастап, он жыл бойы 1937 жылдың тамызына дейін пәтерінде қамауда ұсталынған. 1937 жылы тамызда Ә.Бөкейхан тұтқындалып, Бутыр түрмесіне жабылады, қолындағы мол әдеби, көсемсөздік мұрасы кәмпескеленеді, жоғалады. 1937 жылдың 27 қыркүйегінде жалған айыппен қазақтың ұлт-азаттық қозғалысының негізін қалаған мемлекет қайраткері, ғұлама ғалым, әдебиетші Ә.Бөкейхан Мәскеуде өлім жазасына кесіледі. Үкім сол күні, 27.ІХ. 1937 жылы жүзеге асырылады. Әлихан Бөкейханның ғылыми, әдеби мұрасы XX ғасырдың соңында ғана Тәуелсіз қазақ еліне қайта оралды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Ісімақова А., «Алаш әдебиеттануы». – Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2017, — 480 бет.
  2. А.Байтұрсынұлы. Бес томдық шығармалар жинағы. 1-том. А.: Алаш, 2003.
  3. Ә.Бөкейхан. Тандамалы (Бас. ред. Р.Нұрғалиев). А.: Қазақ энциклопедиясы. 1995.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *