Қай халықтың болса да өзіне тəн ұлттық тəрбие жүйесі болады. Олар жалпы адамзатқа ортақ мəдениет құрамына кіреді. Осы ортақтасу, іріктеу тұсында жеке халықтарға тəн тəрбиелік əдіс-амалдар, ой-пікірлердің біразы түсіп қалады да, жалпы адамдық тəрбиенің негізгі қағидалары ғана тəрбие туралы ұғымға қосылады. Сондықтан бүкіл адамзатқа ортақ тəрбие жүйесі жаңа адамды тəрбиелеу, қалыптастырудың басты принциптерін басшылыққа алғанмен, жеке халықтар мен ұлттарға тəн тəрбиені толық бере алмайды. Қазір тəуелсіз Қазақстанда, оның ішінде біздің университетте 126 көтеріліп отырған ұлттық тəрбие проблемасы осындай қажеттіліктен туындап отыр. Кеңес өкіметі тұсында оны мекендеген халықтардың бəріне ортақ мəселелер қозғалды да, таза ұлттық проблемалар сөз болған емес. Еліміздің тəуелсіздік алуы, осындай, бұрын халықтардың ортақ мүддесі тұсында мəн берілмеген ұлттық тіл, діл, əдебиет пен өнер, ұлттық тəрбие мəселелерін көтеруді күн тəртібіне қойды.

Қазір əлемдік дамудың біртұтас үрдісі біртіндеп бой көтеріп келе жатқаны белгілі. Жаһандану деп аталатын мұндай процесс халықтарды біртұтас етіп біріктіріп жібермегенімен, ынтымақтасуға, экономикалық қарым-қатынасқа, мəдени дамуға ықпалдастық жасауды көздейді. Осы процесте əр халық өзінің ұлттық ерекшеліктерін, тұтастығын сақтауға тырысады, əлемдік ынтымақтастыққа өзіндік сипат-белгілерімен келуге ұмтылады. Бұл – сол халықтардың жалпы бірігуде жоғалып, жұтылып кетпеуінің бірден-бір жолы. Қазақтардың ұлттығын, дербестігін сақтау үшін жас ұрпақты жалпы адамгершілік құндылықтармен бірге, ұлттың өзіне тəн сипаттары арқылы тəрбиелеудің маңызы да осында. Осы ынтымақтастыққа қазақтар ешкімге ұқсамайтын дербес, тəуелсіз, өзіндік өмірі, мəдениеті бар халық есебінде кіруге тиіс. Мұхтар Əуезов сияқты əлемдік даңқы бар жазушымыз да ұлт жазушысы есебінде қабылдануы керек. Қазақтың тілі де, өнері де сол қалпында əлемдік мəдениетті өркендетуге өз үлесін қосатын болады.

Осындай мақсатпен Қазақстанның жоғары мектебі мен орта білім жүйесінде оқылуға ұсынылып отырған «Ұлттық тəрбие пəнінің» негізгі мазмұны неден құралуы керектігі қазір талқылану үстінде. Университетте бұл пəннің бағдарламасы жасалды. Адам тəрбиесі жалпыланып бара жатқан жағдайда, ұлт өкілін, жас ұрпақты тəрбиелеуде ұлттық ерекшеліктерді, дəстүрлерді негізге алып, қазақтардың рухани тіршілігін қалыптастырған адамдық, адалдық, кісілік, əдептілік, гуманистік сипаттарын жақсылап ашып беру де осы пəннің міндетіне кіріп отыр.

Шынында, қазақтардың басқа халықтарда жоқ, өзінің ұлттық сипаттарына кіретін қаншама дəстүрлік салт-санасы сақталған. Қазақтарда туыстықтың өзгеше түрі қалыптасқан. Бірге туса да, тумаса да, тегі бір, жақын туыстарын олар аға, іні, қарындас, əпке тұтады. Жеті атасына дейін олардың некелесуіне тыйым салынған (оның адам организмін таза сақтаудағы, дені сау ұрпақ туғызудағы маңызы ғылымда дəлелденген). Қыз тəрбиесіне де қатты көңіл бөлінген. «Қызға қырық жерден тыйым» салып, жер-ошақ аттатпау, жайдақ атқа мінгізбеу сияқты əдет-ғұрыптар олардың адалдықты сақтауы үшін жасалған амал-тəсілдер. Қазақтар басқа халықтар сияқты ер жеткен баласының кəсіп іздеп кетуіне жол бермейді, үлкендерін отау етіп шығарып, кіші баласын мұрагер етіп өз қолында ұстайды. Сөйтіп ұрпақ жалғастығын сақтаған, қартайғанда панасыз қалмаудың жолын шешкен.

Қазақтардың мұрагерлік салты да ойдан шығарылған нəрсе емес. Ол еркегі өлген үйдің əйелін жесір, баласын жетім етпей, туыстық аясында ұстау ниетінен туған. Ағайынды адамдардың бірінің баласын бірі асырап алуы да туыстық қарым-қатынасты жалғастыруды көздейді. Қонақжайлылық, жауынгерлік, намысқойлық, елді сыртқы жаудан қорғау ерлігі халықтың ауызша тудырған əдебиетінен басталып, кейінгі əдебиеттік мұраларында да кең жырланған.

Дəстүрдің озығы да, тозығы да бар. Ұзақ ғасырлар бойы ескірген салт біртіндеп ұмытылып, жаңа əдет-ғұрып туып, қазіргі ұлттық дəстүрді қалыптастырған. Соған лайық халық психологиясы да жаңарып отырған. Халқымыздың осындай дəстүрлерін сақтап, жас ұрпаққа бере алсақ, біз ұлттың жоғалып кетуіне жол бермейтін боламыз. Американдық, канадалық, бразилиялық сияқты құрамды халық болмай, бүгінгі дəуірдің жаңалығын бойына сіңірген, интеллектуалды қазақ ұлты болып жаһандануға кіреміз. Мəселе осында.

Ұлттық тəрбие мəселелеріне қатысты мəліметтер қазақтың фольклорында, əдебиетінде, өнер туындыларында көп сақталған. Ондай деректер əр дəуірде шыққан ғылми еңбектерде зерттелген. Солардың біразы кейінгі жылдары жарық көрген Х.Арғынбаевтың «Отбасы» (1996), А.Сейдімбековтің «Күңгір- күңгір күмбездер» (1981), «Қазақтың ауызша тарихы» (2008) атты зерттеулерінде жинақталып берілген. Соларды тауып, пайдалану да бұл саладағы ізденіске көмектесетіні даусыз.

Қазақ халқының ұзақ ғасырлар бойы ауызша шығарған əдеби мұрасы – фольклор мен тарихи əдебиеті ұлттық тəрбиенің маңызды көзі болып табылады. Халық өмірін, адам табиғатын терең танып, көркем бейнелеуге ұмтылған əдеби шығармада сол адамға, оның өміріне тəн ұлттық сипаттар, ұлттық ерекшеліктер де мол кездеседі. Фольклор мен əдебиет халық санасының балаң кезінен басталған өмірдің ұзақ дамуында ұмытылған кейбір əдет- ғұрыптарды да сақтап жеткізген. Сонымен бірге ол қазақтық мінез-құлықты, ұлттық тілді, салт пен əдет-ғұрыптың түрлерін, адамгершілікті, кішіпейілділікті, қанағатшылдықты, т.б. жақсы қасиеттерді əдебиет арқылы насихаттаған. Əдебиеттің өмір танушылық, тəрбиелік қызметін осы жолмен ақтаған. Мұндай материалдарды бүгін біз қазақтың батырлық эпосынан, ғашықтық дастандарынан, ертегілерінен, тұрмыс-салт жырларынан, айтыс, шешендік сөз, мақал-мəтелдерінен мол табамыз. Тарихи, жазба əдебиетте халық өмірін суреттеу тереңдей қойылды да, əдебиет сол өмірдің шежіресіне айналды.

Əдебиет дегенді біз өмірдің сəулесі дейміз. Бірақ ол сол өмірдің өзі емес, көркем бейнелеу жолымен қайта жасалған жəне əдемілеп жасаған жаңа өмір. Əдебиеттегі адам өмірдегі адамды көшіре салумен жасалмайды. Адам бойындағы жақсы-жаман қасиеттерді өмірде кездесетін, фактыларға негіздеп, содан айнытпай жасау арқылы жаңа кейіпкер туғызады. Белинский сондықтан да əдеби кейіпкерді «таныс – бейтаныс» («знакомый – незнакомец») деп атаған. Оның суреті, мінез-құлқы кəдімгі өзіміз көріп жүрген адамдай таныс. Сонымен бірге ол ешкімге ұқсамайтын өзгеше тип, «таныс бейтаныс».

Міне біздің əдебиетіміздегі «таныс – бейтаныс» та қазақ. Оның мінез- құлқы, жақсы-жаман қылықтары, ойлау жүйесі, əдеті мен дағдысы – бəрі қазақтікі. Əдебиет оқырманы, жас ұрпақ осылармен танысады, соларға еліктейді, ұнамсыз кейіпкер болса, ондай болмауға тырысады.

Өмір болған жерде əдеби шығармаға тақырып көп. Батыр, ер адамдар, ғашықтыққа мас болған жастар, басқа да типтер – қазақ эпосының негізгі қаһармандары. Батырлар елін жаудан қорғап, жалпы халыққа пана болған. Олар жайлы шығармалар негізінен ел қорғау идеясын, патриоттық сезімді, отансүйгіштікті уағыздайды. «Ерді намыс өлтіреді, қоянды қамыс өлтіреді» деген бар. Олардың бейнесі, мінезі, батырлығы, намысқойлығы арқылы ашылады. Сонымен бірге семьялық өмірі, жары, мінетін тұлпары, ата-ана, туған туыстары жайлы мəліметтер де беріледі. Қобыланды мен Құртқаның, Қамбар мен Назымның, Алпамыс пен Гүлбаршынның сүйіспеншілігі, сыйластығы, қыздардың ерге ер болып, серіге сері болып қосылған бейнесін ашуы – ұрпақ үшін зор үлгі.

Сүйіскен жастардың тағдырын бейнелеген «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» дастандарының махаббатты ту еткен ұрпаққа берері тіпті мол. Оның қаһармандары – теңіне қосылуды армандаған, осы жолда жанын қиған романтикалық бейнелер. Олар арманына жете алмайды, бірақ артында олардың адалдығын, сертке беріктігін, махаббатының биіктігін танытатын мінезі, құлқы, сөзі, тілі қалды. «Қыз Жібектегі» көштің суреті халық əдебиетіндегі əдеміліктің, əсемдіктің ғана суреті емес, бір кезде қазақ бастан кешкен көшпелі елдің тұрмысы мен дəстүрінің бейнесі. Ондай көш салтанатын Ж.Аймауытов та, М.Əуезов те жазған. Осындағы Төлеген мен Жібектің ара қатынасын суреттеу, бірін-бірі сөзбен қағытып сынасуы қазақы мінезден туады жəне қандай əдепті. Сол арқылы олар бірін-бірі түсінеді, табысады. Бұл да тіл білудің, қазақ тілінің шешендігін, тіл сырларын терең түсінудің қажеттігін мойындатады. Сөзге түсінбей, қалжың айтсаң ашуланып, көріспей кететін жастар қазір қаншама! Тіл деген ұлттың жаны. Мінезі, əдет-ғұрпы, бүкіл ойы, ісі, философиясы, иманы да сол тілде.

Фольклор мен əдебиет халықтың ғасырлар бойғы арманын жырлайды. Халық өмір бойы жақсы тұрмысты аңсаған. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын» заманды алдан күткен. Қорқыт желмаясымен өлімнен қашқан, Жиделі Байсынды іздеген. Асан қайғы да соның жолын ұстаған. Осылардың негізінде бүгін біздің қолымыз жеткен тəуелсіздік идеясы жатқаны даусыз. Тарихи əдебиет қазақ халқы бастан кешкен дəуірлердің барлығында да жат жұртқа тəуелді болмауды, азаттықты арман тұтып жырлаған. Фольклор мен əдебиет жасаған образдардың барлығы да ерлікті, биік адамгершілікті, тапқырлықты, рухани тазалық пен кішіпейілділікті, қанағатшылдықты үлгі тұтқан. Адам бойындағы қуатты толық пайдаланудың, еңбекшілдіктің, талмай ізденудің арқасында əдебиет қаһармандары ылғи да мақсаттарына жетіп жүреді. Алып қара құс, ұшқыш кілем, тұлпар ат сияқты қиялдағы образдар да өмірде болу мүмкіндігіне сенгендіктің белгісі. Адамның жаманы ретінде хан алдында келген Аяз ақыры өзінің данышпандығын танытып, əділ би болып шығады, халыққа да ұнайды. Өз қолы билікке жеткен кездерде де кешегі жоқшылықтағы күнін ұмытпай, ескі киімін босағасына іліп қоятын болған. «Ой, Аяз, баймын деп таспа, бимін деп аспа, Аяз би əліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дейді екен. Билікке масайрамай өткен Аяз билер кешегі күнін ұмытып, қарапайым халықтан қол үзетін чиновниктерге қарама-қарсы образ ғой. Қазақтың аңыз ертегілерінде де, Қорқыт, Асан қайғы, Алдар көсе, Қожанасыр, Жиренше туралы аңыздарда байлық пен тəкаппарлық шенеліп, адамгершілік, қарапайымдылық, кісілік мінездер уағыздалады.

Қазақтың тұрмыс-салт жырларында тұрмыс пен əдет-ғұрып тудырған өлеңдер көп. Оларда, əсіресе, үйлену тойында айтылатын «Беташар» жырында болашақ жас келінге əйелдің міндеттері, жаңа ортаға бейімделудің ырымдық жағы сөз болады. Оны күйеуінің туыстарымен таныстырады. Жоқтау жырлар адам басына түскен мұң мен шерді бөлісу сияқты гуманистік ойлардан құралады. Қазақ «Қуанышты бөліссең – көбейеді, қайғыны бөліссең – азаяды» дегенді тегін айтпаған.

Тəрбиелік өнегені көркем бейне арқылы танытумен бірге тікелей үгіт түрінде түсіндіруде шешендік сөздердің, мақал-мəтелдердің орны ерекше. Олар ұзақ ойдың, оқиғалы сюжеттік желінің түйіні, қорытындысы сияқты. Ертегілерде, батырлық жырларда жолға шыққан ерлерді суреттегенде «Темір етіктен теңгедей қалғанда, темір таяқтан тебендей қалғанда» деген тіркестер кездеседі. Бұл сол батырлар жол үстінде көрген азапты, бейнетті бейнелейді. Қазақтың шешендері мен билері – Сырым, Төле би, Қазыбек би, Əйтеке би, Абай, т.б. ішкі жəне сыртқы жаулармен тартысты шешендікпен, тапқырлықпен жеңген. Қазыбек бидің қалмақ ханына барғанда айтқан сөзін немесе М. Əуезов «Абай», «Еңлік-Кебек» пьесаларында суреттейтін ел ішінің дауын шешуде айтылатын дəлелді сөздер, тапқыр теңеулер бұған куə.

Қазақ – шындыққа сүйенген, əділет жолына сенген халық. Қазақ ақындары өз шығармашылығында осы жолдан жаңылмаған. «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» дейді халық мəтелі. Шөженің Алшынбай мен Құнанбайға, Сүйінбайдың Тезек төреге, Шернияздың Баймағамбет сұлтанға, Махамбеттің Жəңгір ханға, Жанақтың Рүстем төреге, Бұхар жыраудың Абылай ханға айтқан сөздері – осы шындықтың қазақ əдебиетіндегі көріністері. Ақылды ел басшылары шындықты бетіне айтқаны үшін ешкімді жазаға тартпаған, іштей кек сақтаса да, жұрт көзінше айыптаудан қаймыққан. Абылай Бұхарды кеңесші, ақылшы ретінде ұстаған.

Қазақтың мақал-мəтелдері халық өмірінің барлық саласын қамтиды. Олар – өмірде тəжірибеден өтіп, сыналған, сөйтіп көп сөздің түйіні, қорытындысы болып тараған үлгілік, тəрбиелік сөздер. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей,» – дейді Абай. «Жаманнан жақсы туады, Адам айтса нанғысыз, Жақсыдан жаман туады, бір аяқ асқа алғысыз», – дейді Махамбет. Бұлар халықтық мақал-мəтелдерді осы жолмен дамытқан, байытқан.

«Мал жисаң, қонысын тап, Ас жисаң, ыдысын тап» – не істесең де алды- артыңды ойлап, тұтастай ойлап істе дегенді білдіреді. «Мал арыстанның аузында, түрікпеннің түбінде» – мал, байлық жиюдың қиындығын бейнелейді. «Жаңылмас жақ болмас, сүрінбес тұяқ болмас» – Адам қателеспей тұрмайды деп кешірімге үгіттеу. «Ырыс алды – ынтымақ», «Бірлігі жоқтың тірлігі жоқ», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» – бұлар елді бірлікке, ынтымаққа шақыруды көздейді. «Талапты ерге нұр жауар», «Шебердің қолы ортақ, шешеннің тілі ортақ» – адамның кəсіп меңгеріп, халқына пайда келтіруі туралы. Ел сүю, ерлік жайын қозғайтын «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол», «Елінен безген ер оңбас, көлінен безген қаз оңбас», «Батыр бір өледі, қорқақ мың өледі» сияқты мақал-мəтелдер де тəрбиелік ғибратқа толы. Жастардың жарасымдылығы, қалыңдық таңдау «Ыдысын көріп асын іш, Анасын көріп қызын ал» деген мақалда қалай тапқыр айтылған. «Өнер алды – қызыл тіл», «Сөз тапқанға қолқа жоқ» – сөз өнерін бағалаудан туады. Қазақтың мақал-мəтелдері өмірде болатын қарама-қарсы ұғымдарды салыстыра қарап, солардың пайдалы жағын да, ұнамсыз құбылыстарды да көз алдыңа алып келеді. Жастық пен кəрілік, жақсылық пен жамандық, өтірік пен шындық, ақыл мен ақылсыздық, өмір мен өлім, дау-шар, жарық пен қараңғылық, білімділік пен надандық, тағы басқа шындық суреттері жайлы тəрбиелік мəні бар білім де əдебиетте.

Ыбырай мен Абайдан бастап əдебиетте өнер-білім мəселесі нақты ағартушылық көзқарас деңгейінде қойылады. Ыбырай тəрбие мəселесіне айрықша мəн берді. Оның новеллалары мен өлеңдері түгелдей жас ұрпақты жақсы мінез-құлыққа, еңбекке, қарапайымдылыққа, қайырымдылыққа тəрбиелеуге арналды, оқу білімге үндеді. Абай адамға керекті талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақымшылық сияқты бес пайдалы мінезді үйренуге, өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, бекер мал шашу сияқты бес нəрседен қашық жүруге үгіттеді. Əсемпаз болуға құмартпай, өнерпаз болып, дүниенің кетігіне кірпіш боп қалануды ұсынды. «Военный қызмет іздеме, оқалы киім киюге», – деді. «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат», «Бір дəурен кемді күнге бозбалалық» өлеңдерінде жас ұрпаққа ой салар ақыл-кеңестер берді. «Керек іс бозбалаға талаптылық, əр түрлі өнер, мінез, жақсы қылық», – деді. «Біреуді көркі бар деп жақсы көрме, лапылдап көрсе қызар нəпсіге ерме, əйел жақсы болмайды көркіменен, көз жетпей мінезіне, көңіл бөлме», «Ері ақылды, қатыны мінезді боп, тату болса, рай үстіндегі үй» дейтіні де бар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *