Қазақ халқының азаматтық тарихында жəне бүкіл қоғамдық ой-пікірінде Ыбырай Алтынсариннің алатын орны ерекше. Орыстың революциялық- демократтық қозғалысы туып, дами бастаған тұста аренаға шығып, қоғамдық қызметке араласқан ол өз əріптестерінің алдыңғы қатарлы ой-пікірін қуаттап, қазақ жерінде оқу-білімнің, бүкіл ағарту ісінің, демократтық-педагогтік көзқарастың негізін салды, өз заманының озық ойлы азаматы болды. Феодалдық-патриархалды тұрмыс билеген, екінші жағынан патша өкіметінің отарлау саясаты езген қараңғы ортаға Ыбырай мектебінің қоңырауы тұңғыш сыңғырлап, ұлы ағартушы-педагогтің ой-пікірлері, өлең-жырлары халық санасына жаңалық боп сіңді. Ол қоғамдық əділетсіздікке, надандықпен білімсіздікке қарсы күресті. Бүкіл өз өмірін туған халқын ағарту ісіне, оларды алдыңғы қатарлы білімді елдердің қатарына сүйреуге арнады, болашаққа қарады.

Ыбырайдың өмір сүрген дəуірі – XIX ғасырдың екінші жартысы – қазақ тарихындағы ең бір қайшылықты, əрі өнімді кезең. Бұл кезде Қазақстан Ресейдің отары болып, əбден оның қарамағына кірді. Қазақ қоғамының саяси- əлеуметтік тіршілігіне өзгерістер ене бастады. Патша əкімшілігінің езу, қанау саясатына қоса бұл тұста қазақ халқының біраз бөлігі арасында орыстың оқу- біліміне, мəдениетіне ұмтылушылық, отырықшылыққа, шаруашылықтың пайдалы түрлеріне қарай іш тарту фактілері байқалды. Орыс-қазақ халқының достығы осындай екі жаққа да пайдалы ынтымақ, келісім негізінде туды да, екі елдің еңбекшілері өздеріне ортақ мүдде тапты, əділдік үшін бірігіп күреске шықты. Ыбырай – осы қозғалыстың басында тұрған, дамудан мешеу қалған қазақ қоғамына оқудың, прогресс жолының қажет екенін Шоқан Уəлиханов, Абай Құнанбаевтармен бірге алғаш түсінген адам. Оның ағартушылық, педагогтік көзқарасы, негізінен орыс педагогтарының ықпалымен қалыптасты. Алайда ол тақыр жерге біткен терек емес, қазақ халқының ұлттық тəрбиесіне сүйеніп өсті. Халықтық педагогиканың адамгершілікті, үлкенді сыйлауды, өнерге үйренуді уағыздаған негізгі қағидаларын, қазақ қоғамының өзіндік моральдық кодексін ол жақсы біліп, басқа озат халықтар педагогикалық ой- пікірімен толықтырып дамытты.

Ыбырайдың өз заманында атқарған ісі мен қалдырған мұрасы Қазақстанның ағарту ісі тарихында тұтас бір жүйе болып саналады. Ол қазақ даласында мектеп ұйымдастыру ісін өз қолымен атқарып, оның жас ұрпаққа білім жəне тəрбие берудегі рөлін, міндеттерін тұжырымдады.

Ыбырайдың ағартушылық-педагогтік ой-пікірлері, негізінен қазақ халқының болашағына, қабілетіне деген сенімнен нəр алады. Ол қазақ халқын езіп, надандыққа қамап отырған феодалдық-патриархалдық қоғамның кертартпа жақтары мен отаршылдық саясатты сынай отырып, туған халқының келешегіне сенді, оған үлкен оптимистік көзбен қарады. Ыбырай «Қазақ халқы – ұғымтал, ақылды, дарынды, бірақ оқымаған халық», «Қазақ халқы – қарапайым, өнері жоқ халық, бірақ біз қарапайымдықтың өзінен де көп жақсылық табамыз» 1 , «Қазақ халқы деген оқу білімге сусап отырған халық» (313-б.), – дейді. Сондықтан сондай халықты оқу-білімге баулып, оның дарынын ашуды өзінің басты мақсаты етіп қояды. Қазақ даласында мектеп ашу, оларда оқуды заман талабына лайық ұйымдастыру, оған қажет оқулықтар дайындау, оқу-методикалық құралдар шығару – Ыбырайдың өмір бойғы арманы ғана емес, қажымай-талмай, əр түрлі қиыншылықтарға қарамай еткен еңбегі. Н.И.Ильминскийге жолдаған бір хатында Ыбырай: «Осы жылы қаңтардың 8-і күні (1864 жылы – С.Қ) менің көптен күткен ісім орнына келіп, мектеп ашылды, оған 14 қазақ баласы кірді, бəрі де жақсы, есті балалар. Мен балаларды оқытуға, қойға шапқан аш қасқырдай, өте қызу кірістім. Бұл балалар да менің айызымды қандырып, небəрі үш айдың ішінде оқи білетін жəне орысша, татарша жаза білетін болды» (273-б.), – деп жазады. Одан əрі ол Ильминскийді өзінің оқыту əдісімен таныстырады. Онда ұлы педагог-ұстаз балалардың жазу, оқу үйренуінің жолдарымен қатар, адамгершілігі мол болып шығуына зер салады.

Қазақ халқының дарыны мен келешегіне сенген, өзі оқыта бастаған балалардың ұғымталдығынан үлкен үміт күткен Ыбырай кейбір отаршылдықтың салқынына ұрынған адамдардың қазақ туралы пікірлеріне үзілді-кесілді қарсы шығады. Жоғарыдағы хатта ол орыс досына оны сыпайы түрде: «Кейбір ақылдысымақтардың: қазақ – тентек, қазақ – қанішер халық деулері мəңгі-бақи тек қағаз бетіндегі мағынасыз сөз болып қана қала бермек», – деп ескертеді. Ұлы демократ-ағартушының бұл сөзінде отаршылдардың қазақтар жөніндегі озбыр, жат саясатына деген наразылық жатқан еді.

1880 жылы «Оренбургский листок» газетіне ( № 17) жазған мақаласында Ыбырай патша өкіметінің қазақтардың егіндік, шабындық жерлерін тартып алып, қоныс аударған орыс шаруаларына беру туралы заң жобасына қарсылығын ашық білдірді. В.В.Катаринскийге жазған бір хатында осы мəселеге тағы орала отырып, ол: «Осы мақаламда қазақ еліне орыс переселендерін əкеліп орнатпақ болған пікірлерге қарсы екенімді білдірдім. Бұл пікір, меніңше, ешбір ақылға сыймайтын нəрсе сияқты. Егер істі дұрыс жүргізе білмесе, онда, айттым да қойдым, қазақтар – келешегі жақсы деп үміт етіп отырған осы халық – тез құрып кетеді, содан кейін бұл істі ешқандай түзете алмайсың» (307-б.), – деп жазған. Бұл сөздердің негізінде де елдің бүтіндігі, қазақ халқының тұтастығы үшін күрес идеясы жатыр. Елдің, халықтың мүддесіне қайшы істердің бəрін ол жауыздыққа саяды. «Заман осылай болған соң амалын тауып, мүмкіндігі болған жерде, қазақ халқының елдігін бұзып, болашағын бүлдіріп жатқан жауыздыққа қарсы күресе беру» (сонда) қажеттігін көтереді. «Суға батып бара жатқан кісіні көре тұрып, қол ұшын бермеу – арамдық болар еді, ол осы қол ұшын берудің өзі де хауіпсіз болмағаны ғой… Бұрын қажетті жерінде мені бастықтар қолдайды ғой деп сенуші едім, бірақ бұған да сене беруге болмайды екен. Енді құдай басыма не салса да, күшім жеткенінше туған еліме пайдалы адам болайын деген негізгі ойымнан, талабымнан ешуақытта да қайтпаймын» (сонда), – дейді.

Бұл пікірлер Ыбырайдың ағартушылық, демократтық көзқарасының негізінде халық тағдырына қатысты ірі мақсат жатқанын көрсетеді. Ол – туған халқын, байтақ кең даласын беріле сүйген патриот адам. Елді надандықтан, қараңғылықтан жарық дүниеге, білім өріне алып шығу ісін оны жайлаған зорлыққа, əділетсіздікке, отаршылдыққа қарсы күресе беру идеясымен тұтастықта қарауы Ыбырайдың заманының қысымы мен таршылығына қарамай жүргізген азаматтық ерлігі десе де болады.

Ыбырайдың бүкіл өмірі өзінің ағартушылық-педагогтік ойларын іске асыруға, халық пайдасына жарату жолындағы күреске арналды. Ол, ең алдымен, жас ұрпаққа білім берер мектептер ашуды алға қойды. Бұл жолда Ыбырайдың ұлы жаңалығы қазақ жерінде мектептер ашып қана коймай, олардың əр түрлі жүйесін қалыптастыруы жəне оларды өз кезінің жағдайына, қазақ халқының талап-тілегіне орай ойластыруы еді. Орыстың халықтық мектептерінің тарихын, ұйымдастыру жүйесін жəне педагогикалық негізін толық зерттей келе ол халық ағарту министрі мен қазақ өлкесін билеушілерге жазған хатында: «Қазақ халқы ортасында мəдениеттің тұрақты ошағын құру», «қалай болса солай оқытпау», жастарға «жақсы жүйелі білім беріп, бұл мектептерден сауатты жастарды шығару», «қазақтардың өз ішінен мұғалімдер дайындау» міндеттерін қойды. «Мектеп – қазақтарға білім берудің басты құралы. …Біздің барлық үмітіміз, қазақ халқының келешегі осы, тек қана осы мектептерде» (280-б.), – деп жазды ол.

Ыбырай бастауыш білім жүйесін сол кездің талабына жауап береді деп санады. Елден қаражат жинап, мектеп ашуды жүзеге асырған ол Торғай облысының мектеп инспекторы қызметіне ауысқан соң облыс көлемінде мектептер ашуды жүйелі түрде жүргізді. Əуелгі кезекте əр бір уездік қалаларда бір-бір орталық училище ашуды жоспарлады, содан кейінгі кезекте қол өнер, ауыл шаруашылық училищелерін, болыстық, ауылдық бастауыш мектептер, қазақ қыздарына арналған оқу орындарын ашты. Бұл мектептерді арнаулы оқу жабдықтарымен қамтамасыз ету, əрбір мектеп жанынан кітапханалар ұйымдастыру, мектептерде оқу жəне тəрбие жұмысын жүргізуге қажет дидактикалық, əдістемелік құралдар жасау, оқулықтармен қамтамасыз ету, тағы басқа шаралар бұл салада Ыбырай жүргізген үлкен істердің шама-шарқын айқын байқатады. Осындай практикалық жұмыстар негізінде ол орыстың классикалық педагогикалық ой-пікіріне сүйене отырып, өзінің көзқарасын, теориялық ойларын қалыптастырды.

Ыбырайдың ағартушы-педагогтік көзқарасында балаларға табиғат тануды, орыс жəне қазақ тілдерін үйрету аса көрнекті орын алады. «Қазақтардың жас ұрпағы тіл мен орысша сауат ашу ісіне мəдениет пен білімнің бірден-бір жолы деп қарайды, оған құмарлық танытады жəне орыс жолымен дамуға мүмкіндік алады», – деп жазды ол.

Ыбырай мектептің қазақ ауылында барлық жағынан үлгілі болуын, оның мəдениеттің, тəрбиенің орталығы болу қажеттігін бірінші боп көтерді. «Менің бел байлаған ойым, – деп жазды ол, – қазақ уездерінің өз ортасынан, неғұрлым тезірек, бір-бір екі кластық орталық мектеп ашып, оның негізін берік қалау, оны əдемі, таза мектеп ету, сөйтіп қазақ балаларына тəрбие беру жөніндегі жұмыстарымыз да мектептің лас болуы, пешінен иіс шығуы, балалардың аш болуы, суыққа тоңуы, оқу құралдарының жеткіліксіз болуы жəне халық мектептерінің көпшілігіндегідей, оқытушыларының сауатсыз болуы сияқты кемшіліктерді кездестірмеу, мектептің шаруашылық жағдайлары жаман болса, оның ісі ешуақытта да оңға баспайды, пайдалы ешнəрсе бермейді, оның оқушылары да, оқытушылары да істен күдер үзіп кетеді. Бұған менің əбден көзім жетті. Мұның үстіне мен қазақ балаларын ұқыптылыққа, тазалыққа, отырықшылық тұрмыстың артықшылығына, мысалы, құрғақ, жылы бөлмелерде тұруға үйретудің өзі қазақ даласында тəрбиелік мəні бар жұмыс деп білемін» (311-312 бб.).

«Кейін парақор боп шықпаулары үшін оларға адамгершілік жағынан əсер етуге де бар күшімді салып отырмын», – дейді Ыбырай тағы бір хатында. Ол шəкірттерінің білім алғаннан кейін халыққа пайдалы адам болуы үшін күрескен. Кейбір қазақтардың балаларына алдымен заң үйрет деген талабын сынап, олардың балаларының закончик болып шығуын мақсат тұтатынын, ал «закончик болу – жалақор болу» екенін түсіндіреді. Жастардың халыққа пайдалы, білімді болып өсуі – Ыбырайдың басты мақсаты. Бұл тұрғыда ол еңбек тəжірибесіне аса зор мəн береді. Ол: «байлық қанағат пен адал еңбекте, жерде», – дейді. Оның ұғымынша, «Қай халық болса да дами келе ең ақыр аяғында көшпелі тұрмыстан отырықшылыққа көшуі керек, оқу-ағарту ісі онымен тығыз байланысты» (Оренбургский листок, 1880. – №17). Ыбырай мектептерінде ер балалар ағаш жону, өңдеу ісіне, ұсталыққа, ал қыз балалар киім тігуге, тоқуға үйренген.

Өзінің осындай игі тілегі, мақсатын орындауда Ыбырай мектеп оқытушыларына үлкен сенім артқан. «Халық мектептері үшін ең керектісі – оқытушы. Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, əбден мұқият түрде жүргізілетін инспектор бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды», – дейді ол (322-б.). Ыбырайдың өз мектептерінің озық мұғалімдерімен достығы жайлы оның В.В.Катаринскиймен, Ф.Д.Соколовпен, А.А.Мозохинмен, тағы басқалармен жазысқан хаттары куəлік бере алады. Ыбырай мектеп мұғалімдеріне оқу-тəрбие жұмысының барлық саласынан пайдалы кеңес беріп отырады, тіпті ол мұғалімнің жеке басының шаруасына да араласады, оған ақыл береді, сөйте отырып, олардың ісіне қатал талап қоя білді.

Алтынсариннің педагогикалық қызметі – кезінде Н.Н.Ильминскиймен тығыз қарым-қатынаста өткені белгілі. Бірақ соншама жақын, араласа жүріп Ыбырай Ильминскийдің миссионерлік көзқарасын қабылдамаған. Ол орыс педагогының адамгершілігін, оқу-ағарту жүйесіндегі еңбегін сыйлаған, идеологиясын бойына дарытпаған. Бұл Ыбырайдың бүкіл педагогикалық еңбегінің туған халқын оқу-ағарту ісіне, оның ұлттық дарынын дамытуға арналғанынан бір танылса, екінші жағынан ол жас ұрпаққа мектепте орыс дініне үйренуге, сөйтіп оларды шоқындыруға қарсылығынан тағы байқалады. Қазақ мектептерінің бақылаушы инспекторы В.В.Катаринскийге жазған бір хатында ол: Бессонов деген мұғалімнің 3 – 4 класс оқушыларына Інжіл мен оның парыздарын уағыздағанына реніш білдіреді. Мұның қазақ балаларының орысша оқуына зиянды екенін көрсетеді. Мектеп инспекторы Бессоновтың бұл ісіне қатаң тыйым салады. Сол кісіге жазған тағы бір хатында Ыбырай Красноуфимскідегі ауыл шаруашылығы мектебінде мұсылман дəстүрлерін елемеу, қазақ балаларына шошқа етін асып беріп, оларға шошқа бақтыру, орыс оқушыларымен бірге ғибадат еткізу фактілерінің кездескенін күйініп жазады.

Бұл жайлар Ильминскийдің қазақтарды христиан дініне тарту жөніндегі ойларының Алтынсарин арқылы іске аспағанын, оған бұл жөнінде əсер ете алмағанын көрсетеді. Ыбырай мұсылман дінінің догмаларын да мектептен аулақ ұстауға тырысқан. «Молдалар өздерінің адам басын қатыратын ерекше қасиеттерінің үстіне қазақтың табиғи тілін де бұзып жүр… Молдалар оқытып жүрген татар, араб, парсы кітаптарының бəрі де адам баласын дұрыс ойдан адастырады, кері кетіреді. Ал, басқа халықтар сияқты қазақтарға да олардың өздеріне түсінікті тілде жазылған, оқығанда ақыл беріп, ой түсіретін кітаптар керек» (270-271бб.), – деп жазады ол.

Дін қағидаларын бұрмалап, оны көпшілікке түсініксіз етіп отырған молдаларға қарсы Ыбырай «Шариат-ул Исламды» жазған. Онда ол «бірінші жағынан, халықтың өз дінін білу жөніндегі талабын, …екінші жағынан, …қазақ жастарына өзінің ана тілінде жазылған, мұсылман дінінің рухына толық сай, діни оқытуға құрал бола алатын» (323-б.) кітаптың қажеттігін көрсеткен. Оның үстіне автор «Қазақ жастарының дін жөніндегі түсініктері теріс бағытқа түсіп кетпеуін», «Қазақтың жазба тілінде татар сөздері орынсыз көбеймеуін» ескерген.

Жалпы, қазақ тілінің тазалығы үшін күрес Ыбырайдың ағартушылық, демократтық көзқарасында көрнекті орын алады. Ол қазақтың əдеби тіліне татар, араб, парсы тілдерінен кірген қоспаларды көбейтіп, ұлттык жазба тілді былғаушыларға батыл қарсы шыққан. Қазақтың жазба тілін шұбарлықтан арылтудың бір жолын ол ана тілінде кітаптар басу ісін көркейтуден іздейді. «Мəселенің мəнді жері – қазақтарға татар фанатизмінің ықпалын тигізбеу, қазақтардың білім алуына оның кесірін тигізбеу ғой. Ондай ықпалдан құтқару үшін бірте-бірте, бірақ шын кұтқару үшін мазмұны балалардың білімін көтеретін, тақырыбы оларды қызықтыратын кітаптарды асықпай, бірақ алған бағыттан қайтпай, қазақтың өз тілінде, олардың өздеріне таныс əріппен шығара білу керек» (279-б.) – деп жазады ол.

Алтынсариннің демократтық, ағартушылық жəне əдеби-педагогтік қызметін анықтауда оның «Қазақ хрестоматиясы» (1879) атты кітабы ерекше орын алады. Бұл – өз дəуіріндегі қазақ халқының тарихи-мəдени үлкен ескерткіші. Оны Ыбырай өзі ашқан мектептер үшін ана тіліндегі оқулық етіп ұсынған. Кітапты құрастыруда сол кезде өзі білген, пайдаланған оқулықтардың тəуір үлгілерін басшылыққа алып, оқу материалдарын кіші мектеп жасындағы балалардың ұғым-түсінігіне лайықтап, тəрбиелік мəні бар шығармалардан іріктеген. Бұл тұрғыда «Қазақ хрестоматиясы» – қазақтың ана тілінде оқу кітаптарын шығарудың мүмкін екенін тарихи дəлелдеген, қазақ тілінің тазалығы мен өміршеңдігін қорғаған бірінші еңбек. Оған жазушы өзінің балаларға арнаған өлең, əңгімелері мен халық əдебиеті нұсқаларын молынан кіргізген. Ыбырайдың бұл саладағы еңбегі, əсіресе, балаларға арналған шығармалары, мектеп хрестоматиясы көлемінде болса да, қазақ əдебиетінде демократтық, ағартушылық бағытты бастады, реалистік ұлттық əдебиеттің негізін салды. Сондықтан ол қазақ əдебиеті тарихында да ұлы Абаймен бірге жаңа, прогресшіл бағыттың бастауында тұрады.

Ыбырай шығармалары, негізінен, автордың педагогтік ой-пікірінің көрінісі есебінде туған. Онда жазушы баталарды өнер-білімге, оқуға, жақсы мінез- құлыққа тəрбиелеу мақсатын қояды, шаруашылықтың пайдалы түрлеріне көшуге үгіттейді, үстем тап өкілдерінің жағымсыз істерін сынайды. Оның «Кел, балалар, оқылық!», «Өнер-білім бар жұрттар», «Қыпшақ Сейітқұл», «Асан мен Үсен», «Ағаш үй мен киіз үй», тағы басқа өлең, əңгімелері тек идеясымен ғана емес, көркемдік болмысымен де ерекше тұрған еңбектер.

Хрестоматияға сонымен бірге сол кездегі орыс оқулықтарынан И.Крыловтың, Л.Толстойдың, К.Ушинскийдің шағын мысалдары мен əңгімелері аударылып берілген. Ондағы ауыз əдебиетінің үлгілері тəрбиелік мəніне қоса тіл дамыту құралы есебінде де пайдалы рөл атқарады.

1880 жылы 7-сəуіре В.В.Катаринскийге жазған хатында Ыбырай хрестоматияның екінші кітабын құрастыруға кіріскенін хабарлайды. «Хрестоматияның бұл бөлімінде мен мүмкін болғанынша толық түрде жаратылыс тарихы туралы, география, тарих туралы, аздап химиядан, физикадан, техникалық өндірістен түсінік бергім келеді», – дейді (307-б.). Мұның бəрі автордың ой-пікірінің кеңдігін, жас ұрпаққа ғылым-білімнің əр саласынан хабар берудің қажеттігін ерте түсінгенін байқатады. Ол мектептерге ұсынған орыс оқулықтарын да осы талаптар тұрғысынан іріктеген. «Сізде қол өнерін, бау-бақша, огород істерін, мал шаруашылығын жəне егіншілік кəсібін үйретуге арналған практикалық жеңіл оқу құралдары жоқ па?», – деп сұрайды ол бір хатында Н.И.Ильминскийден (313-б.). Алтынсарин құрастырып бастырған екінші кітап «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» деп аталады. Онда өзінің оқытушылық тəжірибесіне сүйене отырып, автор қазақ балаларына орыс тілін оқытудың əдіс-амалдарын əңгімелейді, жеке сөздермен, грамматикалық ережелермен жұмыс істеу жолын ұсынады. Бұл – өз заманы үшін аса маңызды əдістемелік əрі оқу құралы болды.

Демократ, ағартушы, педагог, ақын, жазушы Ыбырай сонымен бірге этнограф – ғалым да болған. Оның «Орынбор ведомствосы қазақтарының өлген адамды жерлеу жəне оған ас беру дəстүрінің очеркі», «Орынбор ведомоствосы қазақтарының құда түсу, қыз ұзату жəне той жасау дəстүрлерінің очеркі» атты еңбектері көпке мəлім. Кезінде бұл еңбектің екеуі де – орыс география қоғамының Орынбор бөлімінің жазбаларында (1870) жарияланған. 1874 жылы Ыбырай осы қоғамның мүше-қызметкері болып сайланған. Бұл еңбектерде Ыбырай қазақтың ұлттық дəстүрлерінің озық пайдалы жақтарын да, күні өтіп тозған түрлерін де кең талдайды. Əсіресе ол ел ішінде жесір дауын көбейтіп, елдің бірлігін, ынтымағын бұзған əмеңгершілік заңын сынайды.

Осындай жан-жақты өнер иесі Ыбырай Алтынсарин – өзі тұсында да, кейін де қазақ халқына атағы, даңқы кең жайылған адам болған. 1884 жылы «Торғай облысының қазақтары» қол қойып жазған «Оренбургский листок» газетінде ( № 15) басылған бір мақалада: «Ол біз үшін Ломоносов қана емес, қазақтың оқу-ағарту ісінің Апостолы» деп жазылған. Ал, 1889 жылы сол газетте берілген азанамада (№31) «Алтынсарин қазақ ішіне европалық цивилизацияның жəне Россияға деген сүйіспеншіліктің ұрығын сепкен бірінші Апостолы» делінген. Мұндай пікірлерді ол жөнінде естелік қалдырған адамдардың бəрі-ақ қайталайды. «Ибрагим Алтынсарин мұғалімдерге бастық қана емес, əке бола білді, ең жақын, сырласар досы еді», – дейді А.Мозохин.

Ыбырай шығармашылығының біз үшін, кейінгі ұрпақ үшін, маңызы да осы айтылғандардан туындайды. Қазір оның арамыздан кеткеніне жүз жылдан асты, туғанына 150 жыл толуын республика жұртшылығы атап өтті. Ыбырай бастаған іс қазақ даласын кең қамтып, мектеп, оқу ісі қазақтарға етене болып кетті. Қазір мектепсіз ауыл, сауатсыз адам жоқ. Өзі бас болып, алғашқы ұрығын сепкен осы саладағы табыстарымыздың бəріне бүгін Ыбырай да ортақ. Ұлы ағартушы педагогтің осы үлкен істің басында тұруы, есіз далада тұңғыш мектепті ашып, оны тұтас оқу-ағарту жүйесіне айналдыруы, орыстың озық ойлы азаматтық мектептерінің дəрежесіне көтеруі қазақ халқының мəдениеті мен оқу-ағарту тарихында ұмытылмайды. Ыбырай бізге əрқашан кеңеске келеді, ақыл береді.

Қазақ балаларын орысша оқыту ісін ұйымдастырғанмен, Ыбырай мектептері, негізінен, ұлттық мектептердің алғашқы үлгісі болып саналады. Онда қазақ балаларының қабылдануы, ана тілінің пəн есебінде жүруі, ондағы сабақтардың қазақ өмірінің ерекшеліктеріне, ұлттық дəстүріне сүйене оқытылуы мұны анық дəлелдейді. Баланы кішіпейілдікке, достыққа, сабырлылыққа, еңбекшілікке үйретуде Ыбырай халықтық педагогиканың қағидаларына сүйенді, оларға халық əдебиетінің ғибратын үйретті. Сондықтан бүгінгі ұлттық мектепті дамыту туралы ойларымызда Ыбырай тəжірибесін басшылыққа алу, оған сүйену аса қажет.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *