Ойық жараның қатерлі ісікке айналуы

Даму барысы көп мерзімге созылған асқазанның ойық жарасы 10-12%-да қатерлі ісікке айналуы мүмкін (Напалков П.Н. және басқ., 1973). Бұндай өзгеріске (малигнизация), көбінесе, асқазанның кіші иілімінде орналасқан және мүйізделген (каллезді) ойық жаралар түседі, ал он екі елі ішекте орналасқан ойық жаралардың малигнизациялануы өте сирек байқалады (0,1-1,2%).

Ойық жараның қатерлі ісікке айналған сәтін анықтау оңай емес. Дегенмен ауру адамды тұрақты бақылайтын дәрігер оның шағымдарында, жалпы жағдайында ойық жара ауруына тән емес, оған сәйкес келмейтін белгілердің пайда болғанына көңіл аударады. Пациент ауру сезімінің тұйықтанып, тұрақты білінініп мазалайтынына шағымданады, тағамға, әсіресе, етке тәбеті төмендейді, жүрек айну, әлсін-әлсін құсу құбылыстары туады. Солармен қатар ауру адамның мінез-қүлқы өзгеріп, себепсіз көңілсізденіп, арықтап, жүдей бастайды. Бұндай белплерді академик А.И.Савицкий (1964) қатерлі ісіктің «кіші белгілер синдромы» деп атаған, болатын яғни әрбір қатерлі ісіктің клиникалық көріністерінің алғашқы белгілері, көбінесе, осындай болып білінеді.

Ойық жарамен ұзақ уақыт ауыратын пациенттерде аталған белгілер анықталған жағдайларда оларды лабораториялық және аспапты зерттеулерді (ФГДС, рентгенологиялық тәсіл т.б.) қолданып әржақты зерттеу керек. Қажет болған жағдайда (асқазан ойық жарасы күмән тудырса) ФГДС-ы міндетті түрде биопсиямен жалғастырған жөн. Ол ойық жараның малигнизациялануын анықтауда және дәлелдеуде пайдалы ақпаратпен қамтамасыз етеді.

Емдеу. Ойық жараның қатерлі ісікке айналуы жоғарыда аталған зерттеу тесілдерімен дәлелденген жағдайда асқынуды емдеу тек хирургиялық жолмен іске асырылады. Қолданылатын операциялардың түрлері: әр көлемде орындалатын (1/2, 3/4, субтотальді) асқазан ре­зекциясы немесе гастроэктомия (асқазанды толық алу).

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *