Өмірі дегенде Сəбит Дөнентайұлының өмір тарихынан қолымызға керекті мəлімет түспеді. Əйткенмен оны аздап білетін Жаманқұлұлы сықылды жолдастардың берген қысқаша мəліметін жазуды мақұл көрдік. Сəбит Дөнентайұлы əлі тірі кісі болғандықтан оның өмірінде болған істерді кейін толықтырармыз дедік. Дөнентайұлы бұрынғы Кереку уезі, Аққу болысында (қазіргі Павлодар ауданы) 1884 жылы туған. Əкесі Дөнентай молдасымақтау кедей адам дейді. Жас кезінде Дөнентайұлы жартымды оқу оқи алмаған.

Ересектеу болған кезде Павлодар (Кереку) қаласында тұратын Қасым қажы Ертісбаев дегеннің мектебіне түскен. Бұл мектеп бас кезінде ескіше болып, артынан медресе Ғалияның ізімен жəдитшілдікке көшкен. 1914-15 жылдары Дөнентайұлы осы мектепте болуға керек. Оның «Уақ-түйек» дейтін өлеңдерін бастырған Сəния Қасымқажықызы дейтін адам, жоғарғы мектеп иесі Қасымның қызы болу керек. Бұл əйел осы күні Уəлихан Омарұлы дейтін оқыған азаматта əйелдікте дейді.

1915 жылдары Дөнентайұлы Павлодарда бір жылда орыс тілінде ашылған бір школда жабайы тыңдаушы болады. Содан төңкеріске килігіп, төңкерістің бастапқы кезінде мұғалімдер курсынан сабақ тыңдап жүреді де артынан «Сарыарқа» газеті мен «Абай» жорналының қызметіне беріліп кетеді. Бұл кезде ол Алашордашыл ақын болады.

Кеңес үкіметі келген кезде ол аз уақыт елде болады да, 1920 жылдың басынан 1922 жылға шейін елде судьялық қызмет істейді. 1922 жылдан бастап, əйелінің науқастығы арқылы 1924 жылға шейін елінде болады. Бұл екі арада не істегені мəлім емес.

1924 жылы оны «Қазақ тілі» (Семейде) газеті шақырып алып қызметке қосады. Осы қызметте ол 1930 жылға дейін болады. 1930 жылы округ тарардың алдында газеттен шығып, Павлодарға мұғалім болып кетеді. Қазіргі қызметі сонда. Дөнентайұлының əдебиет қызметі қалай басталғанын, əлеумет істеріне қалай қатынасқанын толық білетін адамды таба алмадық. Сондықтан оның пікірлерін, ақындығының өркендеуі желісін өзінің шығармаларынан іздеуге тырысамыз.

Сəбит Дөнентайұлының жарыққа шыға бастаған кезі – ұлтшылдық пікірдің өркендеген кезі. Бұл кездегі ұлтшылдардың мықты араны, бұрынғыдай «Көзіңді аш, көтеріл» деп қазаққа қорқақ сөз айту емес, көзін ашқан ұлтшыл жастарды ұйымдастырып, келешектегі ұлт бостандығына даярлану. Күш даярлау. Сондықтан осы кезде кездескен Дөнентайұлы ұлт ұйымшылдығы дегенді өзге үгіттен көрі ілгері қойды.

Тап жасап тұрған дəуірде əр таптың өз көсемі болады. Тапшылдықты жалпы тап бұқарасы боп қолтықтағанмен, сол тапты тарихи кезендерінен өткізуші серкелері болмай қоймайды. Ұлтшылдық деген қазақ байларының тілегінен туған қозғалыс екендігі жоғарыда айтылды. Осы байшылдық түрін қазақтың байшыл оқығандары басқарғандығы көрсетілді. Солардың ішінде көсемдері де, қатардағылар да болды. Көсемдердің міндеттері жол басшылық істеу болса, қатардағы ұлтшыл оқығандардың міндеті басшыларына көмектесу, солардың беделін көтеру болды.

Дөнентайұлы қатардағы ұлтшылдардың біреуі. Сондықтан ол ұлт ұлтшылдығы деген пікірін, ұлтшылдық туды қолына алғандардың беделін көтерумен бастады. Дөнентайұлының өзге ұлтшыл ақындардан өзгешелігі ол өзімен пікірлес ұлтшылдарға сын көзімен қарады. Кемдігін жасырмай, бетіне басты. Қашанда, қай тапта болса да, ауыз сөзге бай, іске кедей айқайшылдар болмақ қой. Ондай құрғақ сөз иелері пурлтариатта да бар, байларда да бар. Дөнентайұлы ұлт бірлігін айтумен қатар, ұлтшыл көсемдерді дəріптеумен қатар ұлтшылдардың арасындағы кемшілікті, ауыл жастарының кемшіліктерін жасырмай айтып отырды.

«Уақ-түйек» шыққан 1915 жылдары Русия үкіметінің отаршылдық саясаты ең жоғарғы шегіне жеткен кезі еді. 1914 жылғы жиһангерлер соғысына Русияның араласуы, осы жиһангершілік нəпсісінің өспегендігіне мықты дəлел еді. Жиһангерлік неғұрлым күшейсе, соғұрлым ұлт бостандығына да қысым күшейеді. Үйткені жиһангершілік пен ұлтшылдық қасқыр мен қой сықылды, басы бір жерге симайтын тілектер. Ұлтшылдық ұлт «бостандығына» сүйрейді. Қол астында отарланып отырған ұлты босанса, ерік алса, жиһангерлер тіршілік ете алмайды. Сондықтан олар қол астында отырған елдердің ұлт бостандығына қарсы шара қолданады.

Бұны біз іс жүзінде көрдік. 1905 жылғы төңкерістің қарқынымен сөз бостандығы деген атты жамылып қазақ ұлтшылдары баспасөзге, əсіресе, газет, жорнал шығаруға үлкен ынта салды жəне шығарды. Патша үкіметі бастапқы кезде бұл газеттерге рұқсат берді де, артынан ол газеттер ұлт бостандығын кеңейтіп бара жатқасын, газеттерге қуғын жасады. Ол кезде шығатын «Қазақ» газеті əлденеше рет штраф тартты. Патша үкіметі мұнымен ғана қойған жоқ. Ұлтшылдарды қудалап, көрнектілерін абақтыға жауып, тыйюға айналды (Міржақыптың Семейде, Ахметтің Қарқаралыда абақтыға түсуі). Осы қыспақ, осы тартыншылық қазақтың ол кездегі көркем əдебиетіне де əсер етті. Жазушыларды ойға түсірді. Шаршатты. Осындай шаруашылық ойға берілгіштік, ауырлыққа ыңқылдауықтық өзгеден көрі Дөнентайұлының шығармаларында ашық көрінеді.

«Жаңа жыл» деген өлеңінде Сəбит Дөнентайұлы жалпы февральдан шығып ұйымдасып жатқан Алашордаға келді (Мұндағы «Жаңа жыл» əрине 1918 жылдың январы болмауға керек. 1917 жылғы февраль төңкерісінің артынан марттың 22-сінде болатын қазақтың «наурыз» мейрамы болу керек. Өйткені «бостандық» туа салысымен қазақ ұлтшылдары «наурызды» жаңа жыл, қазақ жылы деп жариялаған «Жаңа жылшыл» өлеңінің «Қазақ» газетіне басылу түрі өзі осы «наурызға арналғанын көрсетеді).

Кімде-кім соғыс кəменезімі мен тұрақталу дəуірлерінде кедейшіл боп жүріп, қайта құрылыс дəуірінде тотықса, ол адам пурлтариатшыл бола – алмайды. Ондай адамды ашып айтқанда құлақшыл деуге керек. Үйткені тап тартысы қызғанда не ол жаққа не бұл жаққа шықпай, əрелдікте тұрам десе, ол адамның құлақ табын жойғанға жаны ашығандығы, ашығандығын айта – алмағандығы. Социалдық секторды ұнатпағандығы. Ұнатпаса қарсылығы. Олай болса, тұрақталу дəуірінде кедейшіл болған мен қайта құрылыста үндемей қалған ақынды біз, байшылдығына қайта қайтты дейміз. Дөнентайұлына мұндай баға беруден əзірге қаламды тарта тұрамыз. Оның социалдық қайта құрылыс дəуірінде шабандауын есіне салып, белсенуін күтеміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *