VIII ғасыр ортасынан Орта Азияға ислам тарады. Ғалымдар араб жазбаларына дейін ежелгі түріктерде жазудың болғанын анықтаған. V ғасыр Орта Азияның алфавиттік негізі Орхон жазба ескерткіштері болған. Арабтардың ұлттық сана-сезімінің дамуы, мәдениетінің кең өркен жаюы, жалпы VII ғасырдан басталады.

Араб халифаты мектептерінде ұлдарға жазу, сызу оқудан басқа құдайға сенуді оқытты. Мектептерде міндетті түрде Құран қасиетті кітабы оқытылды. Мұсылман мектептері XIV ғ. екінші жартысынан Қазақстан бойынша зерттеле бастаған, бірақ олар туралы мәліметтер жоқтың қасы.

1892 жылы Торғай облысы Илецк уезінде 7 мұсылман мектебі болған, облыс бойынша 1890 жылы 11 мұсылман медресесі болған кейбір құжаттар бойынша 1885 жылы тек Түркістан уезінде 107 мектеп, 2 медресе болғаны көрсетілген. Т. Тәжібаев өз зерттеулерінде мұсылман мектептерінде болыстықтарда: 2 863 бала оқытылғаны, оның 2067 ұл, 796 қыз балаларының оқығаны туралы мәлімет береді. Мұрағаттық деректерге сүйеніп, Жетісу облысы бойынша (1903 жыл) мұсылман мектептері туралы төмендегідей мәлімет берген.

Өзінің саяси-экономикалық жағынан тәуелсіздігін жоғалтып, Ресей империясының отарына айналған соң Қазақстанда оқу-тәрбие ұйымдарының, негізінен, екі түрлі жүйесі қалыптасқан. Оның бірі ерте заманнан бері өмір сүріп келе жатқан мұсылманның конфессионалдық діни мектептері, ал екіншісі — патша үкіметінің қазақ балаларына арнап ұйымдастырған орыс тілінде оқытатын мектептері болатын.

Мектептердің бұл екі жүйесі мен түрлерінің алдына қойған мақсаттары мен міндеттері, бағдарламалық материалдарының ғылыми-практикалық деңгейі, сабақтарының түрлері мен мазмұндары, шәкірттерді оқыту әдістері мен қолданылатын көрнекті құралдары, мектеп үйлері мен оның жабдықталуы, оқулықтары мен көмекші құралдары, ұстаздарының білім дәрежелері, дүниетанымдары мен көзқарастары бір-бірінен түгелдей өзгеше болатын. Себебі орта ғасырларда қалыптасқан о дүниелік танымдарды уағыздайтын діни мектептер мен осы дүниелік өмір Қажетін өтеуге арналған деректерді оқытатын орыс мектептері, бір-бірінен тым алшақ әрі бір-біріне барынша жат оқу-тәрбие жүйелері еді. Бірі, жастарды Шығыс халықтарының мәдени және рухани мұраларының табыстарымен таныстырса, екіншісі, Батыс халықтарының, оның ішінде орыс мәдениеті мен ғылымының табыстарымен таныстырып тәрбиеледі. Мұсылман мектептерінде, негізінен, діндар адамдардың балалары білім алса, орыс мектептерінде қазақ қауымының қызметке араласып жүрген атқамінерлерінің балалары оқыды.

Қазақ даласындағы мұсылманның дәстүрлі конфессионалдық діни мектептерінің тарихы, тым әріден басталатыны жұртқа мәлім. Еліміздің оңтүстік аймақтарындағы қалаларда VIII-IX ғасырлардан бастап, көптеген діни мектептер, медреселер, мешіттер, кітапханалар болған. Ол оқу орындарында мыңдаған қазақ балалары оқып, білім алған. Алайда араб басқыншылары, жергілікті түркі тілдес халықтар балаларының өз ана тілдерінде оқуына жол бермеді.

Қазақстандағы медреселердің ең ескісі әрі ең үлкені Түркістан қаласының күншығысында Қаратау бөктеріне орналасқан айтулы Қарнақ (қазіргі аты — Атабай) медресесі. (Медресе — араб сөзі, мадрас — мектеп, училище). Оны бітіргендердің білім дәрежесі кезінде Бұхара, Самарқан, Ташкент қалаларындағы медреселердің шәкірттерінен кем болмаған. Сол сияқты Түркістан, Шымкент, Сайрам, Әулие-Ата, Ақмешіт, Мерке, Семей, Ақмола, Қарқаралы қалаларындағы мешіт-медреселермен қабат, XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап, ауылдық жерлерде де көрнекті мешіт-медреселер ашыла бастады. Мешіт-медресе деп қосарлап атап отырған себебіміз, мешіттер тек қана намаз оқитын орын емес, оларды міндетті түрде балалар оқитын мектеп үйі ретінде де пайдаланған. Үлкен әйгілі мешіттердің жанында медреселер де болған.

XIX ғ. аяғында Ресей империясының кейбір отарларының экономикалық жағдайы бірсыпыра дұрысталып, ұлттық буржуазияның саны көбейіп, қоғамдық санасы оянды. Оларға орыстың 1905-1907 жылдардағы буржуазия-демократиялық төңкерісі де зор ықпал жасады. Сөйтіп, Ресейдің шеткі аймақтарындағы бұратана халықтар қазіргі заман мәдениеті мен ғылыми-техникалық өркениетке ұмтылды, жас ұрпақтардың білімі мен тәрбиесін өмір талабына сәйкес қайта құру мәселелерін қолға алды. Бұл салада, әсіресе еуропаша білім, тәрбие алған буржуазия зиялылары зор белсенділік танытты. Олар қадими дін мектептерінің, Еуропа педагогикасының ғылыми-әдістемелік жетістіктері негізінде қайта құруды, мектептерде дін сабақтарын тежеп, оның орнына жас ұрпақтарға өмірге қажетті дүниелік ғылымдардың негізін оқыту, үздіксіз дамып отырған ғылыми-техникалық жаңалықтарды, сауда-саттықтың, экономиканың негіздерін меңгеруге баулу заман талабынан туып отырған басты міндет, маңызды мәселе деп түсінді. Ұлт аймақтарында, ескі халық ағарту ісі, мәдениет мәселелері жиі талқыланып, ескі мүраларға сын көзімен қарайтын әртүрлі бағыттағы ағымдар мен қозғалыстардың саны көбейді.

1906 ж. тамыз айында Нижний новгород қаласында мұсылман халықтарының Бүкілресейлік III съезі шақырылып, онда қабылданған талаптардың негізіне жадидтердің ұсынынсы алынды. Мәселен, съезд мұсылман елдері мектептерінде сабақты оқушылардың өз ана тілінде барлық мұсылман мектептеріне ортақ тұрақты оқу жоспарлары мен оқу бағдарламаларын жасауды және мұсылмандар үшін жалпыға бірдей міндетті бастауыш білімді жүзеге асыруды талап еткен қаулы қабылданды.

1905-1907 жылдардағы орыс революциясы ықпалының арқасында талқыланған келелі әлеуметтік-педагогикалық талаптар еді. Бұл қадими мектептер өкілдерінің қарсылығына қарамастан, жадидтердің заман мүддесінен туған талаптарының жеңісі болатын. Осы талаптар толық орындалмаса да, оның кұн тәртібіне еніп, съезде арнайы талқылауының өзі, кезінде маңызды өте саяси-әлеуметтік күшті педагогикалық мәселе болды.

Қазақстанда алғаш жадид мектептерінің ішіндегі ең тәуірлерінің бірі Жетісу облысы, Қапал уезіне қарасты Қараағаш деген жерде (қазіргі Талдықорған облысы, Ақсу ауданы, Жаңа қоғам ауылы) 1899 жылы ашылған ағайынды Маман мен Тұрысбек қажы Қыдырәлі ұлдарының медресесі болды. Оны жүрт кезінде Мамания медресесі деп атаған. Маманияда оқу мерзімі 5 жыл болып белгіленді. 1913 жылы онда 102 шәкірт оқығаны белгілі. Сол кезде Маманбай бастамасын Қырғызстанда (ол да Жетісу облысына жатады) қолдаған адам белгілі Манап Шабдан Жантаев болды. Ол 1908 жылы Шар-су деген жерде жадид медіресесін ашады. Оны қырғыз бауырлары құрметтеп Шабдания деп атап кетті.

Маманбай медресесінің қажетіне жылына 4 мың сомға дейін қаржы жұмсап отырған. Соның арқасында Маманияда оқу-тәрбие жұмыстарына қажетті кітаптар, оқулықтар, көрнекі құралдар жеткілікті болған. Медресенің көп бөлмелерден түратын зәулім ағаш үйіне ол маңда тең келетін ғимарат болмаған. Өкінішке орай, тәркілеу кезінде шолақ белсенділер медресенің үйін, ондағы аса бай әрі сирек кездесетін кітаптар мен оқулықтарды, көрнекі құралдарды түгелдей жойып жіберген. Тіпті Маман байдың басына қойылған мәрмәр құлпытас та жоқ. Қазіргі кезде Қараағашта осыдан 90 жылға жуық бұрын қанатын кең жайып гүлденген рухани мұрадан көзге ілінетін бір белгі жоқ.

Мамания медресесінде оқушыларға берілетін білім дәрежесімен танысу үшін, оның мұрағатта сақталған оқу жоспарын келтірейік. Мәселен, онда мынандай пәндер оқытылған:

  • Қазақ тілі (оқу, жазу) 1-кластан бастап оқытылды.
  • Есеп (арифметика) 1-кластан бастап оқытылды.
  • Иман-шарт 2-кластан бастап оқытылды.
  • Құран 2-кластан бастап оқытылды.
  • Орыс тілі 3-кластан бастап оқытылды.
  • Пайғамбарлар тарихы тек 3-класта оқытылды.
  • Жағрафия 3-кластан бастан оқытылды.
  • Зоология 4-кластан бастап оқытылды.
  • Ислам діні тарихы 4-кластан бастан оқытылды.
  • Татар тарихы 5-кластан бастап оқытылды.

Хадис (пайғамбардың өсиеті) 5-кластан бастап оқытылды. Орыс тілі мен есеп сабақтарын орыс ұлтының оқытушысы оқытқан. Бұл оқу жоспарына қарағанда, жалпы жадид мектептері, оның ішінде Мамания медресесі, оқытудың ескі қадими тәсілдерінен біржолата құтылып шықты деп айтуға болмайды. Жадид мектептерінде де, ислам дінінің ықпалы өте күшті болған, оған көп орын берілгені анық. Дегенмен өмірге қажетті дүниелік пәндердің оқытылуы шәкірттердің санасына жаңа ұғым, жаңа түсініктердің ұялауына және практикалық дағдыларды меңгеруге көп септігін тигізді.

Ал Мамания медресесінде қазақша оқулықтардың жоқтығына байланысты, қазақ әдебиеті жеке сабақ ретінде оқытылмаған. 1889 жылы миллионер Қүсайыновтың қаржысына ашылған Хусайния медресесінде XX ғасырдың басында қазақтың белгілі ғалымы профессор Құдайберген Жұбанов (1899-1938) т.б. бірталай зиялы азаматтар жоғары білім алып, ағарту мәдениет саласында жемісті еңбек етті.

Орынбор қаласында 1910 жылы Бағыбостан Ұлданқызы Момынова «Бағыбостан ханым» деп аталған қыздар медресесін ашқан. Онда 1920 жылға дейін 1212 қыз бала оқып, олардың арасынан 347 қыз мұғалімдік мамандық алып шыққан.

Жадидтердің тағы бір көтерген маңызды мәселесі, діни мектептерінде баланың өз ана тілінде оқуына тиым салу өте үлкен мәдени кемшілік, әлеуметтік әділетсіздік деп, дұрыс түсінгендігінде. Олар қадми мектептерде ғасырлар бойы түркі тілдес халықтарды балаларын зорлап түсініксіз араб не парсы тілінде оқыту, өте үлкен педагогикалық қараңғылық, ол баланың танымдылық қабілеті мен психологиялық дамуына, ұлтжандылық сезімінің қалыптасуына кедергі жасайтынын айтып дәлелдеді.

Жадидтер, сол сияқты қадими мектептерде дін оқуынан басқа дүниелік пәндердің оқытылмайтынын үлкен педагогикалық қателік екенін де атап көрсетті. Осы кемшіліктерді жою үшін, діни мектептерде бала жоғарыда атап көрсеткендей өз ана тілі мен әдебиетіне қоса, өз халқының тарихы мен жағрафиясын міндетті түрде оқуға тиіс деп талап етті. Бұл ұсыныстар, заман талабынан туған қоғамдық-әлеуметтік маңызы күшті прогресшіл ойлар, талаптар болды. Олардың идеялары мектеп оқытушыларына, медресе шәкірттеріне, зиялылар мен саңлағы бар ата-аналарға кезінде үлкен ой салды. Бірақ ол пәндерді мектепте жеке сабақ ретінде оқыту, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің ешбірінде жүзеге аспады. Сондықтан қазақ тарихы мен жағрафиясының оқулықтары да, оларды оқытқан маман мұғалімдері де ол кезде болған жоқ.

Қорыта келгенде, жадидтердің талаптары қоғамның экономикалық, саяси-әлеуметтік, мәдени және педагогикалық қажеттіліктерінен туған орынды, маңызды мәселелер болғанымен, патша өкіметі мен қадми мектеп өкілдерінің күшті қарсылығының арқасында және ұлттық буржуазияның экономикалық әлсіздігі мен саяси жағының тәжірибесіздігінен кезінде ойдағыдай іске аспады.

Қазақ жеріндегі ең алғашқы орыс мектебін Жәңгірхан 1841 жылы 7 желтоқсанда Омбыда ашты. Алғашқыда онда 14 бала болды; ал кейіннен 60-қа жуық шәкірт оқыған. Олардың көбісі ханның жақындарының балалары еді. Мектептің алғашқы оқытушылары Әминов пен К. Ольдекон болды. Мектепті үздік бітірген 8 бала 1845 жылы Орынбордағы Неплюев кадет корпусына оқуға түсіп білім алды. Жәңгір мектебін 1847 жылы оқу-ағарту министірлігі өз қарамағына алып, оған жылына 1404 сом қаржы бөліп, көмектесіп отырды. 1847 жылы ашылған Омбы кадет корпусында оқыған қазақ жастары аз болған. Бұл кадет корпусында Шоқан Уәлиханов оқыған.

Орынбор қазақ мектебі 19 жыл өмір сүрді. Оның алғашқы түлектері Троицкіде ашылған қазақ мектебінде қызмет еткен. Ы. Алтынсарин Торғай бекінісінде оқытушылық қызметін бастаған. Бұл кезеңде ағартушылықпен айналысқан қазақ зиялылары иедагогика тарихы мен мектептердің дамуына зор үлес қосқан.

Пайдаланылған әдебиеттер: Педагогика, әлеуметтік педагогика, өзін-өзі тану тарихы: оқу құралы. Ж.Р. Баширова, Р.К. Бекмағамбетова, Н.С. Әлқожаева, Н.С. Жұбаназарова, Ұ.Б. Төлешова. – Алматы: Қазақ университеті, 2012. – 248 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *