Экожүйелердің тіршілігіне қажетті энергия өсімдіктердің іс-әрекеттерінің нәтижесінде түзіледі. Әдетте, өсімдіктер жерге түсетін күн энергиясының 1%-ға жуығын ғана пайдаланады. Жердің түрлі зоналарына түсетін жарықтың мөлшері де түрліше болады, соған сәйкес ондағы өсімдіктердің тығыздығы да түрліше. Осыған байланысты экожүйелерге сіңірілетін энергияның мөлшері өте құбылмалы келеді.

Тірі организмдер бір-бірімен өзара байланыста және үнемі қоршаған ортамен әрекетте болады. Белгілі бір аумақты мекендейтін әртүрлі түрлерден тұратын организмдер тобы бірлестік немесе биоценоз түзеді. Биоценоз қоршаған орта факторларымен тығыз байланысты, зат және энергия алмасуы жүретін құрамбөліктермен бірлесіп тұрақты жүйе түзеді. Бұл — биогеоценоз немесе экожүйе. Экожүйеге қылқанжапырақты, жалпақжапырақты орман, көлдер, батпақтар т.б. мысал болады.

Экожүйе организмдері арасындағы байланыстың негізін даралардың қоректену типі және энергияны алу тәсілі анықтайды. Барлық тірі организмдерді бір-бірінен белгілі бір қоректік тәуелділікте болатын бірнеше топтарға бөлуге болады. Олар: өсімдіктер, жануарлар, саңырауқұлақтар мен бактериялар. Бұл қоректік байланыстар басқаша қоректік тізбек деп аталады.

Қоректік тізбекте энергияны алу тәсіліне байланысты организмдер автотрофты және гетеротрофты болып бөлінеді. Автотрофтар — бұл органикалық заттарды өздері түзетін организмдер. Оларға өсімдіктер жатады. Гетеротрофтар — дайын органикалық заттарды энергия көзі ретінде пайдаланатын организмдер. Бұлар: жануарлар, саңырауқұлақтар, бактериялар.

Қоректік тізбек — бұл өзара байланысты организмдер қатары, онда алдыңғы организмдер кейінгі организмдердің қорегі ретінде пайдаланылады (1-сурет). Бірінші топқа өсімдіктер жатады, олар фотосинтез процесі арқылы күн энергиясын пайдалана отырып органикалық заттар түзеді. Мұндай организмдерді өндірушілер деп атайды. Олардың бейорганикалық заттардан органикалық заттарды түзіп жинаған энергия қорын экожүйедегі барлық басқа организмдер тіршілік ету үшін пайдаланады. Өсімдіктерден қоректік тізбек басталады — энергия мен заттар оны түзуші көзінен (өсімдіктерден) басқа организмдерге ауысады. Өсімдіктер бірінші қоректік деңгейді құрайды. Сонымен қатар фотосинтез барысында жиналған энергияның жартысы сол сәтте өсімдіктің тыныс алуы үшін шығындалады. Ал оның қалған бөлігі қоректік тізбек қатарындағы организмдер арқылы өтеді.

1-сурет
1-сурет. Қоректік тізбектегі организмдердің өзара байланысы

Екінші топ организмдері тұтынушылар (жануарлар) деп аталады. Оларға екінші қоректік деңгейдегі шөпқоректілер жатады. Шөпқоректі жануарлармен қоректенетін етқоректі жануарлар -жыртқыштар үшінші деңгейді құрайды. Бактериялар мен микроскопиялық саңырауқұлақтар жануарлар мен өсімдіктердің қалдықтарын ыдыратып, өздерінің тіршілік әрекетіне қажетті энергияны алады, бір мезетте органикалық заттарды бейорганикалық қосылыстарға айналдырады, яғни оларды ыдыратады, минералға айналдырады. Минералды заттарды қайтадан өсімдіктер пайдаланады. Микроорганизмдер қоректік тізбектің үшінші топ организмдері.

Сонымен табиғатта организмдердің: өсімдіктер, жануарлар және микроорганизмдердің тіршілік әрекеті нәтижесінде заттар мен энергияның қозғалысы бір буыннан (звенодан) екіншісіне өтуі арқылы қоректік тізбек жүзеге асады. Құрлықта қоректік тізбек 3 — 5 және одан да көп буындардан түруы мүмкін. Мысалы, өсімдік — сарышұнақ — жылан — жыртқыш құс. Теңіздер мен мұхиттарда қоректік тізбек былай көрсетіледі: балдырлар — шаяндар, қарапайымдар — балықтар, кальмарлар — жыртқыш балықтар — теңіз сүтқоректілері.

Өндірушілер буынынан бастап энергияны пайдаланудың екі негізгі жолын бөліп көрсетуге болады. Біріншіден, өсімдіктермен қоректенетін шөпқоректі жануарлар пайдаланса, екіншіден, бактериялар, саңырауқұлақтар, қоңыздар олардың өлі ұлпаларын пайдалануы мүмкін, мысалы, орман төсенішінің ыдырауы. Осыған сәйкес екі түрлі қоректік тізбек болады: жеу тізбегі (жайылымдық) және ыдырау тізбегі (детриттік). Детрит — бұл микроорганизмдердің әрекеті нәтижесінде жартылай ыдыраған органикалық заттардың қалдық массасы (2-сурет).

2-сурет
2-сурет. Қоректік тізбек: а) жеу тізбегі — жайылымдық; ә) ыдырау тізбегі — детриттік

Экожүйеде жануарлар мен өсімдіктердің саны қалыпты жағдайда салыстырмалы түрде тұрақты болады. Шөпқоректі жануарлардың саны артқанда жыртқыштардың да саны артады, себебі қорек көп болғанда олардың ұрпақтары да жақсы сақталады. Бірақ жыртқыштар көбейіп және шөпқоректі жануарлардың санын азайтқан сайын олардың өздері қауіпті жағдайға ұшырайды. Өйткені қорекке, аумаққа бәсекелестік күрес туындайды. Сондықтан кез келген экожүйе тұрақты күйге ұмтылады, ол өзін-өзі реттеуден көрінеді.

Пайдаланылған әдебиеттер: Очкур Е.А., Құрманғалиева Ж.Ж. — Биология. 7-сыныбына арналған оқулық. — Алматы: Мектеп, 2017.  256 б.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *